Құрметті оқырмандар назарына! «Алаш айнасы» желілік-басылымы Ақпарат комитетінің 2023 жылғы 01 қарашадағы № 15 бұйрығы негізінде 2023 жылғы 30 қазаннан бастап бұқаралық ақпарат құралы ретінде өз қызметін тоқтатты.

К сведению уважаемых читателей! Сетевое издание «Алаш айнасы» на основании Приказа Комитета информации № 15 от «01» ноября 2023 года прекратил свою деятельность в качестве средства массовой информации с 30 октября 2023 года.

Ауылдықтардың қалаға үдере көшуiн урбанизация үрдiсiне жатқыза аласыз ба?

01 маусым 2011, 16:48

Кеңестiк кезеңдегi ұжымшар, кеңшарлар таратылғалы ауылдан да әр кетiп, қалың халық қала жағалай бастады. Соның салдарынан қазақы елдiмекендер қаңырап қалды. Ауылда кемпiр-шалды ғана қалдырған қазақтың жасы мен жасамысы Алматы мен Астанаға, сондай-ақ облыс орталықтарына ұмтылып жүр. Бiрақ бұл бiз ойлап жүргендей урбанизация үрдiсiне жатпайды екен. Ол үшiн келген елдiң бәрiнде жұмыс, басында баспана болғаны жөн. Бiрақ бұнымен келiспейтiндер де бар. Қалаға әркiм келедi. Қалағанынша кәсiп жасайды. Мейлi жүк тасысын, мейлi әкiм болсын, бәрi қаланың қайнаған өмiрiне араласқан соң, урбанизацияға үлес қоспаушы ма едi...

Камал БҰРХАНОВ, Мәжiлiс депутаты
ИӘ

–    Елiмiз нарықтық экономикаға көшкелi демографиялық процестер басталды. Бiр жерде өндiрiс тоқтаса, келесi бiр жерден шикiзат көзi табылып, зауыт ашылады. Адамдар жұмысқа тұрды. Нарықтық экономика қайнап тұрған орта болғандықтан, халық та соған қарай бейiмделдi. Сондықтан нарықтық экономикадағы көшi-қон үрдiсi – мәңгiлiк процесс. Ауылда жұмыс жоқ болғандықтан, халық қалаға келмегенде, қайда барады? Бұрын ұжымшар, кеңшарларда пәлен мың адам жұмыс iстейтiн. «Жұмыс орны тек қалада ғана ашылу керек» деген сөз де дұрыс емес. Мысалы, Батыс Қазақстан облысында елдiмекендерде ашылған жұмыс орындарында еңбек етiп, бала-шағасын асырап жүрген азаматтар бар. Қала – қай жерде де қала.
Оған бiреу ұрлық жасауға, бiреу тiрлiк жасауға келедi. Бiреулер саудасын жасайды, бiреулер жұмыссыз сандалып жүредi. Париж, Нью-Йорк, Токио, Бейжiң шаһарларының бәрi солай қалыптасқан. Бiздiң қалалар да сол заңдылықпен келе жатыр. Урбанизацияның өзi – қаланың қалыптасу процесi. Оған келген адамның бәрi сол үрдiске қатысады. Бiртiндеп-бiртiндеп жұмыс табады, баспанаға қолы жетедi. Өзiнiң кәсiп көзiн ашып, байи бастайды дегендей... Ол да ешкiм өзгерте алмайтын заңдылық. Егер халық соғыстан қашса, оны босқын деп айтуға болады. Мысалы, 30-жылдардағы аштықта қазақ Иран, Қытай, Өзбекстан елдерiне кеттi ғой. Бұл – босқындық. Ал қазiр ауылдағы халықты ешкiм қуып жатқан жоқ қой. Үй-жайы, малы мен жерi, бау-бақшасы бар. Егер бiр отбасында оншақты бала болса, оған мал мен жер жетпейдi. Ендi не iстеу керек? Оның өзi жұмыс iздей бастайды. Ал оны босқындық деу мүлдем дұрыс емес. Әрбiр адам нарықтың талабына сай қай жерден жақсы жұмыс тапса, қай жерде өзiнiң көңiлiнен шығатындай жалақы алса, сонда iстейдi. Ол қалай босқын болады? Ауылдан бiреу зорлықпен қуып жатса бiр сәрi. Мәселен бiр азамат Алматыға келдi дейiк. Ақырын байқап көрдi де, үш-төрт ай жүрiп жұмыс таппаған соң, Астанаға келдi. Астанадағы құрылысқа келiп орналасты дейiк. Сосын бiртiндеп-бiртiндеп тамыр жая бастайды. Ортаға сiңiседi. Сондықтан босқын, анау-мынау деген мәселелерге бiраз салмақтылау қараған дұрыс шығар.
Жақында ғана Қызылорда облысына бардық. Шиелi мен Қызылорданың арасында 100 мың адамдық қала салынады деген жоспар бар. Өйткенi онда уран көп, уран көп болған соң, жұмыс пен қаржы да жеткiлiктi.
Урбанизация деген терминнiң өзi де ескiрiп барады. Баяғы ХIХ ғасырда қалыптасқан классикалық термин ХХI ғасырда жартылай iске асқанымен, жартылай iске аспай жатады. Қазiр ауылда отырған халық та осыған үлес қосып жатыр. Олар да теледидар, интернет арқылы барлық нәрседен хабардар. Урбанизация – қаланың проблемасы. Сондықтан қала өмiрiне араласқан әрбiр адам қандай жағдайда жүрсе де бұл үрдiске қатысады. Қалада ұры да, жезөкше де болады. Қалада облыс басқарған әкiм мен академик те бар. Өзбектiң жұмыскерлерi мен тәжiктiң күнiн көре алмай қайыр тiлеп жүрген балалары да жүр, мысалға. Бiзде жағдай жаман, жұмыс жоқ болса, олар неғып жүр? Олар Қазақстан аяғынан тұрған, экономикасы бар, беретiн бiрдеңесi бар ел екенiн бiледi.

Нұрғожа ОРАЗ, «Жаңа Сарыарқа» журналының бас редакторы
ЖОҚ

–    Бiздiң қазiргi жағдайымызда урбанизация жоқ. Еуропада ХIХ ғасырдың екiншi жартысы мен ХХ ғасырдың басында бұл үрдiс қатты жүрдi. Фабрика, зауыттардың дамуы қарқынды болғандықтан, қала халқы оны жұмыс күшiмен қамтамасыз ете алмай қалды. Сондықтан олар әдейi ауылдық жердегi халықты қалаға шақырып, өндiрiске пайдаланды. Ал Қазақстанда урбанизацияның белгiсi 1930 жылдары байқалды. Оның алдында Қарағандының әр жерiн шұқылап ағылшындар өндiрiс жүргiзгенi белгiлi. Қазан төңкерiсiнен кейiн олар кеттi де, бiзге көмiр керек болды. Сосын аштықтан шұбырғандары бар, әдейi шақырғаны бар – Қарағандының маңайына жұмысшылар топтасты.  Екiншi дүниежүзiлiк соғыстан кейiн жұмысшы күштерiнiң денi құрбан болып, қалғандары қартайды.
Сосын Үкiмет фабрика мен зауыттың жұмысына мамандандыру курстары дегендi шығарды. Кезiнде ауылдағы бiзден екi-үш жас үлкен аға-әпкелерiмiздi соған ала бастады. Сөйтiп Қазақстандағы жаңа салынған зауыттарға ауылдың көптеген жастары тартылды. Жұмысқа тұрды. Мiне, бұл – нағыз урбанизация. Бiр ғана Петропавлдың өзiнде соғыс кезiнде батыс жақтан көшiп келген оншақты қару-жарақ шығаратын зауыттар болған едi. Ал соғыс бiткен соң ондағы жұмыс күштерiнiң бәрi елдерiне қайтып, орнына ауыл жастары жұмысқа келдi. Астананың өзiнде бiр кезде «Целиноградселмаш», «Қазселмаш» секiлдi үлкен зауыттар болған. Осылардың бәрiне жастар жұмысқа тұрды. Шымкентте де алып қорғасын зауыты салынды. Ал қазiр ондай мүмкiндiк жоқ. Өйткенi мемлекеттiк өндiрiс орны жоқ. Алматы мен Астананың, басқа да орталық қалаларға ағылған ауыл адамдарын урбанизация үрдiсiне үн қосып жатыр деуге келмейдi. Олар – босқындар. Осы қаланың өзiнде қаптап жүрген халықтың денi жұмыссыз. Олардың немен күн көрiп жатқанын кiм бiлсiн?! Тiптi бiлетiн адамдарымның өзi де қала сыртындағы саяжайларды паналап жүр. Тұрақты тiркеуде де жоқ оларды аяғаннан басқа не iстей аласың ендi. Урбанизация деген қаланың өндiрiсi өсiп, жұмысшы күшi жетпей қалған кезде ауылдан мол күш шақырылады. Олар жұмысқа тұрумен қатар баспанамен қамтамасыз етiледi. Қалаға тiркеуге тұрып, тұрғылықты халқына айналады. Арнаулы шағын аудандарға шоғырландырылады. Бiзде ақшасы бар адамдар зауыт-фабрика салуға талпынбайды. Оның себебi, олар шығарған өнiмдi шетелдiң бұйымдары тұншықтырып тастайды. Бiзде тағы «ойбай, шетелдiкi болса алайық» деген түсiнiк қалыптасқан. Бiздiкi олардан артық болса да «пәлендiкi», «түгендiкi» деген атағына жығылады. Бұл отандық өнiмдi тұтынушылардың қатарын сиретiп отыр. Ал тұтынушы жоқ болса, кiм өндiрiс орнын ашуға тәуекел етсiн. Мiне, бiзге үлкен жұмыс орнын ашуға мүмкiндiк әлi жоқ. Сосын урбанизация да жоқ. Ал жемiс-көкөнiс саласына да қазақтарды жұмысқа алмайды. Бiздiң бiр жаман әдетiмiз – тұрақтап жұмыс iстей алмайтынымыз. Бұл бiздiң жалқаулығымыз да емес – генiмiздегi ерекшелiк. Оны өзгерту үшiн көп заман керек. Уақыттың тезi керек. Сондықтан урбанизация деген – жай ұран. Босқын деген сөздi айтқызбаудың амалы.

Бейтарап пiкiр
Әбдiжәлел БӘКIР,
саясаттанушы, доктор:
– Менiңше, урбанизация барлық елде жүрiп жататын құбылыс. Бiрақ оның барысы кейбiр жерлерде жылдам, кейбiр жерлерде баяу жүруi мүмкiн. Ол ендi қоғамдағы жалпы экономикалық-саяси, әлеуметтiк даму қарқынына байланысты. Кеңес үкiметi кезiнде бiздiң экономика баяу дамыды. Қазiр тәуелсiз ел болдық, басқаша үлгiмен үдере тартып келемiз. Жаңа астана салдық. Сондықтан да шығар, жұрттың ықыласы да қалалы жерге ауып алды. Күнi кешеге дейiн елорда мен Алматыға елдiң түкпiр-түкпiрiнен келген халықтың көшi көп болды. Бұл әлi де жалғасады. Бiреуi болашағын Астанамен байланыстырды, бiреуi баласын оқытқысы келедi дегендей. Мәдениет деген сөздiң төркiнiне көз жiберсек, бұл арабша сөздiң мағынасы дiн, этика дегендi бiлдiредi екен. Яғни халық та мәдениет қайда болса, жағдай қай жерде жасалса, сонда барғанды қалайды. Сондықтан мен бұл урбанизация процесiн дұрыс та заңды, күнделiктi өмiрiмiздегi болатын жағдай деп есептеймiн. Рас, қалаларда бұрынғыдай дүрiлдеп тұрған зауыт, фабрика жоғы да жасырын емес. Бiрақ әр облыстан келiп, үлкен кәсiппен айналысып, ауылдастарын қатарына тартып, қалалық тұрғынға айналып жатқандар да аз емес. Сондықтан қалалы жерге жайғасып, бала-шағасын оқытып, кәсiп көзiн ашып жатқан адамдар бар болған соң, олардың бәрiн босқын деп пiкiр айтуға болмайды. Жоғалтып алған тәуелсiздiгiмiздi қайтара иеленiп, етек-жеңiмiздi ендi жинап жатқан ел болғандықтан, бұрынғы құлдыраған өндiрiс орындарын бастапқы қалпына келтiруге мүмкiндiгiмiз жетпей жатқаны да шындық. Бiрақ жүрек қалауымен, тiршiлiк бағытымен ауылдан келген әрбiр қазақ қиналып жүрсе де, қаладан бiр жақсылық iздеп келгенiн заңды құбылыс деп санаймын.