Құрметті оқырмандар назарына! «Алаш айнасы» желілік-басылымы Ақпарат комитетінің 2023 жылғы 01 қарашадағы № 15 бұйрығы негізінде 2023 жылғы 30 қазаннан бастап бұқаралық ақпарат құралы ретінде өз қызметін тоқтатты.

К сведению уважаемых читателей! Сетевое издание «Алаш айнасы» на основании Приказа Комитета информации № 15 от «01» ноября 2023 года прекратил свою деятельность в качестве средства массовой информации с 30 октября 2023 года.

Жер сілкінісіне байланысты туындаған дүрбелең тиісті орындардың апатты жағдайға дайын еместігін көрсеткен жоқ па?

04 мамыр 2011, 12:06

Мамыр айының алғашқы күні таңғы сағат сегіз жарымда Алматы қаласының маңында күші 5,5 баллға тең жер сілкінісі тіркелді. Жер сілкінісінің эпицентрі қаладан 76 шақырым қашықтықта, 20 шақырым тереңдікте тіркелсе де, сілкініс дірілі Алматы қаласының тұрғындарына айтарлықтай сезілді. ТЖМ деректері бойынша, 1-2 мамыр күндері Алматы қаласы мен облысы аумағында сегіз рет жер сілкінісі тіркелген. Алғашқы сілкіністен кейін-ақ тұрғындар арасында «түнде 9-10 балдық жер сілкінісі болады екен» деген қауесет тарады. Үрейленген тұрғындар үйлерін тастап, көшеге шықты. Дүрбелең жалпыхалықтық сипат алған соң ғана Сейсмология институтының директоры Таңатқан Абақанов бұл қауесеттің еш негізі жоқ екенін айтып мәлімдеме жасады. Тиісті орындардың ескертуіне сенімсіздікпен қараған халық пәтерлеріне түн ортасы ауғанша оралмады. Халықтың дүрлігуіне жол беріп алған тиісті орындардың қызметіне халық арасында «апатты жағдайға төтеншеліктер дайын емес-ау» деген күдік туды. Осы орайда халық арасындағы күдіктің негізді немесе негізсіз екендігін мамандар талқысына салып көрген едік.

Ақмырза РҮСТЕМБЕКОВ, ҚР Сәулетшілер одағының президенті, Қазақстанның еңбек сіңірген архитекторы, профессор:
Иә
– Иә, тиісті орындардың зілзалаға дайын еместігінің айтылып жүргеніне біршама уақыт болды. Кешегі жер сіл­кінісі тиісті органдардың же­дел жұмыс істей алмай­тын­дығын көрсеткендей. Бұрын­нан да тиісті органдардың жұ­мысына күдікпен қарай­тын халық төтеншеліктердің «үрей­ленетін ештеңе жоқ» деген сөзіне де иланған жоқ. Қала тұрғындары арасында дүрбелең туды.
Дүрлігуге себеп те жоқ емес. Мәселен, еліміздегі тұр­­ғын үйлердің көбісі жер сіл­кінісіне дайын емес. Ал­маты қаласында 1970 жыл­дан кейінгі салынған құры­лыс жұмыстары 9 балдық жер сілкінісі талабына сай тұр­ғызылған. 
 Ал оған дейінгі салынған көпқабат­ты үй­лер мұндай талапқа сай келмейді. Әсі­ре­­се қаламызда 1950 жылдары салын­ған мек­теп, балабақша, мекемелер жетер­лік. Тіпті 1970 жылдардан кейін салынған үй­лердің бәрі бірдей зілзалаға төтеп береді деп те айта алмаймын. Оның үстіне бүгінде көптеген тұрғын үйлердің асты дү­кен­дер мен қызмет көрсету орындарына ай­налып кет­кен. Үй салар алдында бас­тап­қы жо­баға кірмеген, бірақ кейіннен жүр­гізілген мұндай қосымша құрылыс қа­уіп­ті. Мұны көріп-біліп отырған тұрғын­дар­­ға қалайша үрейленбе деп айтуға бо­лады?
Жай күннің өзінде Алматы қаласында көлік тығынынан жүре алмаймыз. Ал алты балл­дық жер сілкінісінен асса, тиісті орын­дар газ бен электр энергиясын автоматты түр­де желіден айырады. Мұндай жағдайда үйін тастап қашқысы келген тұрғындар қаладан шыға да алмай қалады. Мұндай дү­­ниелер алдын ала ойластырылып отыр­ған жоқ. Шыны керек, қазір жойқын жер сіл­кінісі бола қалған жағдайда халық қай­да ба­рып тығыларынан хабарсыз. Мәсе­лен, ке­ш­е халық үйлерінен беталды қаш­ты. Бұл олардың жер сілкінісіне жеткілікті түр­де да­йын емес екендігін көрсетті. Осын­­дайда тиіс­ті орындар алдын ала апат­ты жағдайда қор­ғанатын ашық алаң­қай­­лар мен тиісті орын­дарды айтып ха­лықты хабардар етіп отыр­са, жұрт дүр­лікпес еді. Кеше де алдын ала жер сілкінісі жайлы жеткілікті түрде ха­бар­­ланған жоқ. Халық аяқастынан жер сіл­кі­н­ісін сезді де, өзара бір-бірінен естіген ла­қап хабармен дүрлігіп кетті. Ең болмаса тө­тен­шеліктер 8 рет жер сілкінісі сезіліп жат­қанда бір рет болса да дауыс зорайтқышы­мен тұр­ғын үй­лерді ара­лап, халықты ты­ныш­тан­ды­руға ша­қырса, мұның өзі үлкен көмек болар еді.

Қабиболла ЖАҚЫПОВ, Мәжіліс депутаты:
Жоқ

– Жоқ, мен олай ой­ла­маймын. Жыл сайын ТЖМ-ға төтенше жағдайлардың ал­дын алу үшін мемлекеттен қы­руар қаржы аударылып жа­тыр. Қолдан апатты жағ­дай тудырып, алдын алу жат­тығу жұмыстары да жүр­гізілуде. Апатты жағдай­лар­дың алдын алу үшін жа­са­лынып жатқан мониторингтік жұ­мыстар өз алдына. Сон­дық­тан алаңдауға еш негіз жоқ. Мұны тиісті орындар да айтып жатыр. Ал халық өз бе­тінше дүрлігіп, үрейленіп жүр.
Оның үстіне, кешегі Жа­по­нияда болған жер сілкіні­сінің ізі әлі суи қоймаған соң, халықтың көңілінде қа­лып кеткен үрей алматылық­тарды одан әрі дүрліктіріп жі­берді.
 Шынында, Жапониядағы жер сіл­кі­ні­сінің күші біздікінен әлдеқайда күш­тірек бол­ды. Ал бізде ғалымдар өз­дерінің зерт­теуіне орай, ондай жойқын жер сілкінісі жа­қын уақытта болмайды деп мәлімдеген бо­латын. 1-2 мамыр күндері де арнайы жиын өткізген төтеншеліктер мен сейс­мо­логтер «күші бұдан артық жер сілкінісі болмайды» деп халықты тыныштандыруға тыры­сып жатты. Алдын ала тұрғындарға ха­бар­лайтындай жағдай орын алған жоқ. Ендеше, дүрлігуге негіз жоқ еді. Алайда халық өзара лақап әңгіме та­ратып, дүрлігіп алды. Негізі, бұған жол бермеу керек еді. Бұл жерде тиісті орындардың ешқандай кінәсі жоқ. Олар өз жұмыстарын дұрыс атқара білді. Ал дүрбелеңге тұрғындардың өзі себепші болып отыр.
Жалпы, еліміздегі төтеншеліктердің жер сілкінісі орын ала қалған жағ­дай­дағы да­­йындығы, алдын алу шаралары өз дең­гейінде деп санаймын. Беталды жо­ра­мал айта беруге болмайды. Олар белгілі бір уақыт аралығында төтенше жағдайдың алдын алудағы дайын­дықтары жайлы жоғарыға есеп беріп оты­рады. Тиісті орын­дар оның бәрін қадағалап отырады, сейс­микалық әр­бір әрекетті ба­қылап отырған ма­ман­дар да бар. Ендеше, алаңдаудың реті бар ма? Оның үстіне бүгінгі күні жер сіл­кінісін бақылап оты­ратын заманауи технология­лық жабдықтар да же­тілдірілген. Мұның бә­рі апатты жағдайда алдын ала құлақ­тан­дыруға қауқарлы деп санаймын. Жер сілкінісі – қалыпты жағдай. Оның үстіне Ал­матыдай сейсмикалық қалада жер сіл­кі­нісі таңсық болмауы керек. Сондықтан ма­мандар үнемі ба­қы­лап отырғандықтан, ха­лық дүрлікпей, тиісті қағидаларды орын­дап, түсіністікпен қа­раса дұрыс болар еді.

Бейтарап пікір
Сейдахмет ҚҰТТЫҚАДАМ,
қоғам қайраткері:
– Жер сілкінісі тіркелгеннен кейін сейсмологтер «алаңдауға негіз жоқ» деп халықты жұбата бастады. Шынымен олар алдын ала жер сілкінісі болатынын сезсе неге алдын ала халықты құлақтандырмады? Тіпті апат орын алған жағдайда қандай керек-жарақтар өзімен бірге болуы керектігі жайлы да жер сілкінген соң хабарлауда. Бұдан кейін халық оларға қалай сенім артады? Сондықтан алдағы уақытта тиісті орындар халықтың сеніміне сай жұмыс істеуге ұмтылуы керек. Әсіресе Алматы секілді халық көп шоғырланған, сейсмикалық қалаларда кешенді түрде алдын алу жұмыстары жүргізілуі тиіс. Әрбір алматылық жер сілкінісі жағдайында не істеу керектігін, қай жерге барып қорғануы жайлы хабардар болуы тиіс. Ал дәл қазіргі таңда басқаны айтпағанда, халық қай жерге барып бас сауғалау керек екенін де білмейді. Бұл – тиісті орындардың жұмысының кемшін түсіп жатқанының айғағы.