Құрметті оқырмандар назарына! «Алаш айнасы» желілік-басылымы Ақпарат комитетінің 2023 жылғы 01 қарашадағы № 15 бұйрығы негізінде 2023 жылғы 30 қазаннан бастап бұқаралық ақпарат құралы ретінде өз қызметін тоқтатты.

К сведению уважаемых читателей! Сетевое издание «Алаш айнасы» на основании Приказа Комитета информации № 15 от «01» ноября 2023 года прекратил свою деятельность в качестве средства массовой информации с 30 октября 2023 года.

Кәсіпкерлерді банктерге борышкер ету арқылы шағын және орта бизнестің көсегесін көгерте аламыз ба?

31 қаңтар 2011, 15:12

«Нарықтық экономиканың басты бағыты – өзіңді-өзің өсіру дегенге саяды. Сондықтан нақ қазіргідей дағдарыс кезінде біз барынша өсіп-өрлеудің тетіктерін қарастыруымыз керек». Бұл – Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов мырзаның қанатты сөздерінің бірі.
... Негізінде, бұл дағдарыс біздің атқамінерлерді сөзімен де, ісімен де сынға алып-ақ тұр. Не керек, құзырлы тараптағылар қазірде дағдарыстың уытынан ұтылмай шығудың тетіктерін қарастырып бағуда. Бұл ретте шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға айрықша мән беру, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін арттыру, ауыл шаруашылығы саласын субсидиялауды қатаң бақылау, өндірісті жетілдіру тәрізді толып жатқан шаралар қайта қолға алынып, инновациялық жобалардың сапы түзіліп келеді. Сондай жаңа бастаманың бір легі – шағын және орта бизнес саласын несиелендіру арқылы несібеге кенелу. Ал бұл бастама арқылы шағын бизнеспен айналысатын кәсіпкерлеріміз жолындағы кедергілердің құрсауын бұзып, бауырын кең жаза ала ма? Бизнесмендерімізді банктерге борышкер ету арқылы кәсіптен нәсіп табуға мүмкіндік бар ма? Міне, осы ретте біз арнаулы мамандардың пікірлерін ой-көкпарға салып көрдік.


Азат ПЕРУАШЕВ, «Атамекен» ұлттық-экономикалық палатасының төрағасы:
Иә

– Жасыратын несі бар, бізде әлі де бол­са экономикаға үстіртін көзқарас, толық нәтиже бермейтін шала-жансар шаралар атқарылып жатыр. Халқымыздың үштен бірі нарықтық экономиканың не екенін әлі де болса түсіне алмай дал болып жүр. Біле білсеңіз, нарықтық экономиканың бір ерек­шелігі – нарықтың дамуына жағдай жасау. Мәселен, біз осы уақытқа дейін ұсақ шаруашылықтардың тиімділігін, ша­ғын және орта бизнестің пайдасын қажетсіз са­нап келдік. Қолда бар қаржы­мыздың де­нін сауда-саттық саласына, мұ­най-газ секторына, құрылыс нысандарын салуға жұмсадық. Уақыт өте келе бұл салалардан мемлекетке түсетін түсім ғана емес, өзін­дік шығын барын да сезініп отыр­мыз. Се­бе­бі қазір әлемдік нарықта ши­кізат баға­сы төмендеді, құрылыс сала­сына инвестиция бөлу шектелді, біздің сыртқы қарызы­мыздың көлемі өсе түсті.
Ал енді осы тұста шағын бизнеске қол­­дау көрсетудің өте тиімді екенін қай­сыбір мемлекеттердің тәжірибесінен бай­қап, бағамдап үлгердік. Бұл тұрғыда мысал ре­тін­де  іргемізде тұрған Қытай Халық Рес­публикасын алуға болады. Қы­тай елі қа­зір­де Қазақстан тәрізді ірі мем­лекеттік хол­дингтерге, алпауыт компания­ларға қол­­дау көрсеткеннен гөрі, алдымен шағын ком­­панияларды қолдап-қол­паш­тау­ды жөн көреді. Себебі шағын кәсіп­орын­ның өнімінен түсетін пайданың бо­ла­шағы мол екендігін Қытай халық үкі­меті сезіп-біліп отыр. Осы тұста Қазақстан Үкі­меті де қарап қалмай, шағын және орта бизнесті арзан несиемен қамтамасыз ету жайын қолға алды. Өз басым бұл үрдіс бизнесімізге береке береді деп ой­лаймын. Әсіресе, сауда-саттық сала­сында жүрген кәсіп­кер­лер  үшін бұл – өте тиімді шара. Әрине, биз­несті қаржы­ландыру – өте өзекті жайт. Ша­ғын кәсіп­кер­­лерге  12 пайыздық өсім­мен несие бе­ру – біздің елімізде осы уақытқа дейін бол­маған құбылыс. «Егер бұл шара өз нә­ти­жесін берсе, несие бағамын 8 пайыз­дық көрсеткішке дейін төмендету ойы­мызда бар. Сауатты түрде іске асыра ала­тын болсақ, болашақта осы үрдіс арқылы шағын бизнесімізді өркендете аламыз» деген ақпараттарды да құлағым шалып қалады. Рас, нақ қазір қарым-қабілеті бар, әйтсе де қолындағы қаржысы мар­дымсыз шағын бизнеспен айналы­сатын кәсіп­керлеріміз  банктерден арзан пайыз­бен несие алатын болса және ол несие­нің көр­сеткіші  болашақта да төмен­дей түссе,  бұл еліміздің қайта өңдеу сала­сына, жеңіл өнер­кәсіппен айналыс­қысы келетін ша­ру­аларға және ауыл шаруа­­шы­лығын­дағы шаруа қожалықтары­на үлкен көмек болар еді. Сондықтан мұндай  баста­маны қолдау керек. Аталмыш бас­тама арқылы шағын кәсіпкерліктің көсегесі көгеруі тиіс деп ойлаймын...

Бейсенбек ЗИЯБЕКОВ, экономика ғылымының докторы, профессор:
Жоқ

– Бірден айтайын, мен бұл баста­маны мүлде қолдамаймын. Нәтижелі болатынына сенбеймін. Тіпті осы арзан несиенің шағын бизнеспен айналы­сатын кәсіпкерлердің қолына тиетініне күмәнім бар. Нақ қазіргі дағдарыс жағ­дайында біздің елдегі банк жүйе­сінің несие саясаты өте сенімсіз. Бұл бас­тама нәтижелі болуы үшін, біз ал­дымен банктердің несие саясатына тұ­рақты­лық енгізіп алуымыз керек. Рас, елдегі үш-төрт банктің акцияларын мем­лекет өз қарамағына алды. Бірақ мәселе тек мұнымен шешілмейді ғой. Біз қалып­тасып отырған түйткілдің бір жа­ғын ғана ойламауымыз керек. Күн­гей­дің көлеңкелі тұсы болатынын да ұмытпа­ғанымыз жөн. Күні ертең ол қа­рыздың қайтарымы болады. Оны ша­ғын кәсіп­керлікпен айналысатын биз­­­­несмен­деріміз қайтара ала ма? Міне, осыны тереңнен ойлауымыз керек.
Меніңше, біз кәсіпкерлерімізді банк­терге борышкер ету арқылы шағын бизнестің көсегесін көгерте алмаймыз.  Қолында онсыз да аз ғана қаржысы бар кәсіпкер банктен несие алды делік,  күні ертең ол кәсіпкер шаруасын дөңгелете алса жақсы. Ал оның шаруасы тұралап, бас­та­ған ісінен түсім түспесе қайтеді? Әсіресе, ауылдағы кәсіпкерлер үшін бұл өте тиімсіз. Өйткені ауыл кәсіпкерлеріне біз банк жүйесі арқылы еш уақытта қаржы жеткізе алмаймыз. Ауылдағы кәсіпкерлер банктер арқылы несие ала алмай­тын­дарына әлдеқашан көздері жеткен. Ауыл кәсіпкерлерін банктерге борышты етсек, онда олардың шаруаларын тіптен тұра­латамыз. Өзіңіз ойлаңызшы, қолында шағын ғана қаржысы бар, шағын ғана кәсіп­­пен айналысатын іскер адамды банк­терге  қарыз етсек, ол адам қолына түскен қаржысын бірінші банктің қарызын өтеуге жұмсайды емес пе? Мен мұны бұрыннан айтып келемін, қазір де айтамын. Қазақ­станда сауатты несие жүйесі әу бастан құрыл­маған. Енді келіп, сол сауатсыз несие жүйесін одан әрі батпаққа батырып, ша­ғын және орта бизнесті арзан несиемен ал­дарқатудың қажеті шамалы. Пайымы бар адам банктерге борышкер болып пайда таппайды. Егер біз шағын өндірісті дамытып, ауылдың кәсіпкерлік қабілетін арттырамыз десек, ауылдағы ұсақ шаруа қожалықтарының басын біріктіріп, қайта өңдеу саласында жүрген кәсіпкерлерге субсидия бөлудің сауатты тетігін ойлас­тыруымыз керек. Сонда ғана біздің бизнестің берекесі енеді...

Ой-түйін:
Сөйтіп, шағын және орта бизнесті несиелендіру төңірегінде де ма­ман­дардың пікірі бір арнаға тоғыспады. Жалпы, осы несие идеясының авторы бангладештік Мұхаммед Юнус бұл жобаның кедейшілік көр­сеткішін төмендетіп, кәсіпкерлікті дамытатынына үлкен сенім артыпты. Пайымдасақ, кезінде несие жүйесін сауатты меңгергендер қазір қалталылардың қатарында жүр. Тіпті олардың арасында «шағын несие – қаржылық жағдайыңды түзеуге бір қадам жақындау, қор жинауға берілген мүмкіндік» деген түсінікпен күн кешетіндер де баршылық. Әйтсе де қазақ кәсіпкерлерінің басым бөлігі несие алып, несібе жинау­ды құп көрмейді. Бұл ретте отандық мамандар мәселенің бұлай қа­лыптасуы қазақтың шаруаға қырсыздығынан емес, әу баста несие жү­йе­сінің іргетасы сауатты құрылмағандықтан екендігін алға тартады...