Құрметті оқырмандар назарына! «Алаш айнасы» желілік-басылымы Ақпарат комитетінің 2023 жылғы 01 қарашадағы № 15 бұйрығы негізінде 2023 жылғы 30 қазаннан бастап бұқаралық ақпарат құралы ретінде өз қызметін тоқтатты.

К сведению уважаемых читателей! Сетевое издание «Алаш айнасы» на основании Приказа Комитета информации № 15 от «01» ноября 2023 года прекратил свою деятельность в качестве средства массовой информации с 30 октября 2023 года.

Қоғамдық тәртіпті күшейту үшін халық жасақшыларына ұқсас құрылым қажет пе?

20 қаңтар 2011, 12:56

Бүгінгі күні қылмыстың алдын алу, оның ішінде қоғамдық тәртіпке баса мән беру аса маңызды һәм өзекті мәселелердің қатарында. Нақтырақ айтсақ, бұл бұрыннан осындай өзекті әрі болашақта да күн тәртібінен еш түспейтін мәселе болатындығы айқын. Кеңестік кезеңде ерікті жасақшылардан құрылған қоғамдық тәртіпті бақылайтын топ болды. Кейінгі кезеңде қайсыбір саясаткерлер дәл осындай топ құрып, оны үкіметтік емес ұйымдардың еншісіне беру керектігін айтады. Бұған қарсылар да жоқ емес. Осы төңіректе оқырманның өзі де ой таразысына салып, пікірін сабақтай жатар деген ниетпен төменде екі қайшы пікірді «көкпарға» тастаған едік.

Марат ДЕМЕУОВ, Астана қалалық ішкі істер департаментінің бастығы:
Иә

– Елбасы Н.Назарбаев құқық қорғау ор­ган­­дарының алдына ел тыныштығын көз қа­ра­­­шы­ғындай сақтап, азаматтардың кон­с­ти­туция­лық құқықтарының бұзыл­мау­ын қа­да­ғалауды, сөйтіп, жалпы, қо­ғам қауіп­сіз­дігін арт­тыруды міндет етіп қой­ғаны белгілі. Ал по­лиция жұмы­сына келе­тін болсақ, оған деген сенімділік көп­теген факторлар ар­қылы құ­ралады. Бұл — азаматтардан түскен арыз-ша­ғым­дарды уақытын­да қарап, шешім қабыл­дау, қыл­мыс бойынша тыңғылықты, сапалы тергеу жұмыстарын жүргізу және сотқа жіберу, дер кезінде процессуалды шешімдер қабылдау, азаматтардың конституциялық құ­қықтарын қам­та­масыз ету. Осы тұрғыдан қыл­мыстың алдын алуға және ашуға халықтың тікелей атсалысуы, қоғамдық көмекшілердің полицейлерге қол­ғабыс беруі  қоғамдық тәр­тіпті қамтамасыз етуде өте тиімді қа­дам екені әлдеқашан дә­лелденген.
Мұны басым бағыт ретінде Мемлекет басшысы да өз Жолдауында қадап айтқан болатын. Қазір, мәселен, елорданың өзінде 500-ден астам консьерж жұмыс істейді. Өткен жылы олардың көмегімен 158 қыл­мыс ашылды. Бұған қоса, қаламыздағы 10-нан астам жоғары оқу орындарында қоғамдық көмекшілер бар. Олар кез келген ұрлық, тонау немесе әлімжеттік оқиғалары кездесе қалса, полицияға жедел хабар беріп, қылмыстық әрекеттің алдын алуға немесе тез арада ашылуына септігін тигі­зіп отырады. Қыл­мыстың салдарымен күрес­пес бұрын, оның алдын алуда әлгіндей кө­мек­ші­лердің тиімділігі көрініп тұр емес пе?! Бұдан бөлек, қазір Астана қалалық ІІД жанынан қоғамдық кеңес жұмыс істеп жатыр. Бұл институт полицейлерге деген қоғам көзқарасын түпкілікті өзгерте түседі. Қоғамдық кеңесте әрбір шағым, әрбір арыз тыңғылықты тексеріледі, пікірлер ай­тылады, қылмыспен күресудің тиімді тә­сіл­дері ойлап табылады. Кеңеске белгілі қо­ғам қайраткерлері, саясаткер ғалымдар және бұқаралық ақпарат құралдарының бас­шылары мүше. Халықтың атынан сөй­лейтін бұл азаматтар қоғамдағы өзекті тақы­рыптарды қозғап, ішкі істер ор­ган­да­ры жұмысын оңтайландыруға көп әсері бар.
Жалпы, қылмыстарды ашу үшін қол­данылып келе жатқан қоғамдық кө­мекшілер институты өз жемісін беріп жатыр деп толық айтуға негіз баршылық. Расында, қоғам болып күрескенде ғана қауіпсіздіктің керегесі мығым бола түседі. Сонымен қатар халық жасақшыларына қатысты пікірге келетін болсам, рас, кеңес­тік кезеңде ерікті халық жасақшылары­нан құрылған қоғамдық тәртіпті бақы­лай­тын топтар болды. Алайда көпшілік жағдай­да олар қызметке өз еріктерімен кірген емес. Бірқатар қызметкерлер, жас­тар жа­сақ­шылар құрамына кіруге міндет­ті болды. Ал ондай жасақшылар құруды қоғамдық ұйымдарға беру мәселесінің дұрыс-бұрыстығын дөп басып айту қиын. Дегенмен қазір де қоғамдық тәртіпті сақтауға септігі тиетін мұндай құры­лым­дардың қажеттігі айқын.

Нұртай САБИЛЬЯНОВ, Мәжіліс депутаты:
Жоқ

– Қоғамдық тәртіпті қадағалау үшін халық жасақшылары құрылымын құрып, соларды құқық қорғау жүйесіне араластыру деген мәселеге еш келіспеймін. Өйткені мұндай жасақшылардың заңдық тұрғыдағы құқы, міндеті, жауапкершілігі де бола бермейді. Сол тұрғыдан келетін болсақ, әлгіндей халық жасақшылары өрескел қимылдарға барса, басқаның құқын бұзса, олардың жауапкершіліктен құтылып кетуі де оңай. Бұл – біріншіден. Екіншіден, «халық жасақшылары» дегеніміз — кезінде кеңестік идеологиядан қалған менталитет. Ондай жасақшылар сол кезеңде болған құқық қорғау қызметкерлеріне көмек беруге мін­детті құрылым еді. Дегенмен ол кездегі қо­ғам да, жүйе де басқа болды. Біздің қа­зіргі жүйемізде азаматтардың құқығы мен бос­тандығын қорғау бірінші орында тұр.
Мұндай құқықты халық жасақшылары керісінше жүзеге асыруы да ғажап емес.
Үшіншіден, Кеңес Одағы тұсында 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы кезінде халық жасақшыларының қандай іс-әрекеттерге барғанын, олардың тәртіпке шақырмақ түгіл, жастарды қалай ұрып-соққанын көзбен көрдік. Желтоқсан оқиғасы барысында жастарды алаңнан тарату үшін арнаулы қызмет отрядтарымен, милиция қызметкерлерімен қатар, халық жасақшылары әбден белсенділік танытты. Мұндай жасақшылар нағыз қатыгездікті де көрсеткен болатын. Кабельден жасалған резеңкелермен қаруланып, ұл-қызға қарамастан сабады. Сол кездегі саясат қой, халық жасақ­шылары көбінесе басқа ұлт өкілдерінен жасақталатын. Тіпті кейбір жағдайда оларды күштеп те міндеттейтін. Ендеше, бұдан алатын сабақ та болуы шарт. Біз демократиялық, әлеуметтік бағыттағы зайырлы, құқықтық мемлекет болып қалыптасып жатырмыз. Сол тұрғыдан қоғамдық тәртіпті күшейтудің басқа тетіктерін қарастырған орынды. Бұл мәселеде кейбір әріптестеріміз қо­ғамдық ұйымдарды қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ететін жасақшылар ретінде тарту туралы пікір білдіреді. Бұның да қажеті шамалы. Негізі, қоғамдық тәртіпті қадағалайтын, соған жауапты органдарымыз бар, сол жетеді. «Жетіс­пейді» деген мәселе көлденеңдесе, оның құрамын кеңейту керек. Қоғамдық тәртіпті қадағалаушының біліміне, тәжі­рибесіне, азаматтық ұста­нымына да қа­рау керек.
Бір сөзбен айтқанда, халық жасақ­шыларының біздің қоғамға қажеті жоқ. Ондай жасақ құрамыз деуге, оған қо­ғамдық ұйымдарды тартамыз деуге де қарсымын. Өйткені әлгіндей қоғамдық ұйымдардың қоғамдық тәртіптің қалай жүзеге асатынынан хабары болмаса ше? Қоғамның тірегі тәртіп болса, тәртіп деген заң әрі бұл — бәріне бірдей. 

Түйін
Әрине, қоғамның араласуынсыз қоғамдық тәртіпті қадағалау еш мүмкін емес. Еліміздегі құқық қорғау реформасы бойынша қылмыстық заңнамалар ізгіленіп, гуманизацияланып жатыр. Біршама заңгерлер ауылдық өңірде қылмыстың алдын алу үшін ақсақалдар кеңесін қайта түлету қажеттігін айтады, құрамында қылмыстық әрекет болмаған заңбұзушылықтарды сондай кеңестерге беру қажеттігін тілге тиек ететіндер де баршылық. Бұл да қылмыстың алдын алу, онымен қоғам болып күресуге қатысты дәстүрлі әрекеттердің бірі болмақ. Десе де тәртіпті күшейту үшін қандай да жаңа құрылым құрудан бұрын, бұл бағытта озық елдердің тәжірибелері, жетістіктері саралана түссе игі.