Құрметті оқырмандар назарына! «Алаш айнасы» желілік-басылымы Ақпарат комитетінің 2023 жылғы 01 қарашадағы № 15 бұйрығы негізінде 2023 жылғы 30 қазаннан бастап бұқаралық ақпарат құралы ретінде өз қызметін тоқтатты.

К сведению уважаемых читателей! Сетевое издание «Алаш айнасы» на основании Приказа Комитета информации № 15 от «01» ноября 2023 года прекратил свою деятельность в качестве средства массовой информации с 30 октября 2023 года.

Шенеуніктердің отбасы табысымен қоса, шығысын да жариялау туралы заң қабылдау керек пе?

27 қараша 2012, 12:27

Қазақстандық ортада шенеуніктерге табыс декларациясын міндеттеу туралы айтылып жүргеніне біраз жылдың жүзі болып қалды. Көлеңкелі экономикаға қарсы тұру және мемлекеттік органдардағы жемқорлық деңгейін төмендету мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі 2013 жылдың 1 қаңтарынан бастап табыс декларациясын жаппай ресми жариялауды енгізбек. Себебі оны еркін түрде жүзеге асыру жөніндегі бастама іске аспай қалды. Шенеуніктер өз еркімен белсенділік танытқан жоқ. Қазақстандықтар осылай «табыс декларациясын міндеттеу керек пе?» деген тақырыпты талқылап жатқанда бірқатар көрші елдер шенеуніктерге табыспен қоса, отбасылық шығысты да жариялауды міндеттеу мәселесін күн тәртібіне қойды. Бұл туралы қазақстандық сарап­шылар­дың пікірі әртүрлі болып шықты.


Есенжол АЛИЯРОВ, Қазақстан гуманитарлық-саяси конъюнктура орталығының президенті, саяси ғылымдар докторы:
иә
– Бұл мәселені қазір Ресей де­пу­тат­тары да талқылап жатыр. Жалпы, Ресей мен Қазақстан қоғамында ұқсас­тықтар өте көп. Екі ел де кеңестік жүйенің қол астынан шыққандықтан, проблемалары ортақ. Ресейде де ең бай адамдар мемлекеттік қыз­мет­кер­лер болып жатыр. Сондықтан бұл мә­се­ле бізде де көтеріліп, бізде де ен­гі­зілуі дұрыс деп ойлаймын. Мысалы, бір кезде Алматының әкімі болған Виктор Храпуновтан «Сіз ақшаны қай­дан алдыңыз, мемлекеттік қызметте бол­дыңыз ғой?» деп сұраған кезде ол «біздің бар табысымыз әйелімнен келіп жатыр»  деп жауап беретін. Бұл сөздің жалған екенін кез келген қазақ­стандық біледі. 
Яғни бүгінгі жүйеде шенеуніктер бар байлығын, жемқорлықпен тапқан табы­сын әйелінің, анасының, баласының атына жазып қояды да, жауапкершіліктен құты­лып кетеді. Алдағы уақытта Қазақстанда табыс декларациясы міндеттелейін деп жатыр. Алайда шенеуніктердің отбасының байлығы қайдан келгені, қайда жұмсалып жатқаны көрсетілмейінше, шындық әш­кере бола алмайды. Жуырда неше түрлі қымбат көліктердің әжелер атына жазылатыны белгілі болды. Оның ар жағында қандай айла жатқанын бәріміз де білеміз. Сон­дық­тан табыс декларациясы жұмыс жасау үшін оны кешенді түрде енгізу керек деп ойлаймын. Әрине, жемқорлыққа бейім адам мұнымен шектеліп қоя салмайды, ол басқа жолдарын іздей бастайды. Дегенмен бұл – негізгі тәсілдерінің бірі ғой, сон­дықтан оның жолын жабу керек. Сонымен қатар жемқорлық және көлең­келі эконо­микаға қарсы тұру үшін бізге тендер тарату мәселесін де жолға қою керек. Зерттей бастасақ, көп тендерлерді шенеунік­тердің әйелінің я болмаса баласының атынан ашылған компа­ния­лар, қорлар ұтып алып жататынын көреміз. Айналып кел­генде, бұл да – жемқорлық. Сон­дық­тан мемлекеттік қызметтегі адам­ның, оның жақын туыстары­ның атын­дағы мүлік, кіріс, шығыс толық көр­сетілуі керек.
Бірнеше жыл бұрын депу­тат­тар­дың бірі қазақстандық азамат­тар­дың барлығы та­бысы туралы ақпарат көрсетуі керек деген бас­тама көтеріп еді. Меніңше, бұл – қате. Табыс дек­лара­ция­сы, негізінен, мемлекеттік қызмет­керлер арасындағы жем­қор­лықты азайту үшін көтеріліп жа­тыр. Ал, жалпы, қазақ­стандықтарды мін­дет­тейтін болсақ, ол тағы да түсініксіз, шы­тырман болып кетеді.
Қазіргі кезде мемлекеттік қызмет абы­рой ғана емес, табыс көзі болып отырғаны бәрімізге белгілі. Жастар жағы бизнеске, кәсіпке, еңбекке, ғылымға емес, жеңіл баю­ға мүмкіндік беретін мемлекеттік қыз­метке ұмтылып жатыр. Бұл дұрыс емес.


Берік БЕКЖАНОВ, заңгер:
жоқ
– Жалпы, әлемдік тәжірибеде от­ба­­сылық шығысты көрсету – бар нәр­се. Қазір көрші Ресей де қарас­ты­рып жатыр. Алайда Қазақстан бірден соны көшіріп алып, қазақстандық ортаға енгізе алмайды. Себебі бұл мәселе әлі жан-жақты зерттелмеген. Отбасылық шығысты былай қой­ған­да, қазір ен­гі­зіліп жатқан табыс дек­ла­рациясының өзінде заңдық тұрғы­дан зерттелмеген мәселелер өте көп. Бір ғана мәселені ай­тайын, ауылдық жерлерде де мем­лекеттік шенеуніктер бар. Ауылдық жер болған соң әкім­дер, олардың орын­басарлары үйінде, ауласында дәнді дақылдар егуі мүмкін. Мал шар­уа­шылығымен айна­лы­сып, қора­сын­да қой мен сиыр ұстауы мүмкін.
Қажеттілік болған кезде әлгі малды сатуы мүмкін. Ауылдық жердің тыныс-тіршілігі үшін бұл – қалыпты нәрсе, оған ешкім таңғалмайды. Енді оны заңдық тұрғыдан қандай табысқа жатқызамыз? Табысқа жата ма әлде күнкөріске жата ма? Заң­дық тұрғыдан мұның қай кате­горияға жататыны да белгісіз ғой. Бұл, бір жағынан, қара­па­йым нәр­се, екінші жағынан, оны заң­дық негізде түсіне алма­сақ, мем­лекеттік деңгейдегі ше­неу­нік­тер­дің қомақты табысын да жіктей алмаймыз. Осыны негіз­демей жатып, табыс дек­ла­ра­циясына отбасы­лық шы­ғыс­ты, ше­неуніктер­дің туған-туыс­та­рының табысы мен шығы­сын анықтаймыз десек, асы­ғыстық болады. Ондай шалалық­пен енгізілген заң ертең орындалмайды. Сәйкесінше қадір-қа­сиеті қал­майды. Табыс туралы айтыл­ғанда нақ­ты қандай табыс көрсетілуі керектігін немесе нақты қандай шығыстар көрсетілуі керектігін анықтап алуымыз керек.
Бұрындары қазақстандықтардың бар­лы­ғы өзінің табысын көрсетуі керек деген бастама да көтерілген. Мұны мүлде шала ұсыныс деуге болады. Шенеунік­тердің ғана табысын әшкерлеуді дұрыс жолға қоя алмай жатқанда, жалпы, қазақ­стандық­тарды  міндеттеу бизнеске кедергі болады. Екінші жағынан, ол азамат­тар­дың құқы мен бостан­дығына шектеу қоюы мүмкін. Конституциямызда адам өмірі мен бостан­дығы негізгі діңгек ретінде көрсетіл­ген. Біз осы талапқа нұқсан келмеуін қада­ға­лауымыз керек. Қысқасы, бұл мәселені заңға енгізу үшін оған кешенді түрде зерттеу жүргізу керек. Бұл механизмның қалай жұмыс жасайтынынан бастап, әрбір деталі қалай жүзеге асатынын анықтап алу қажет.

Түйін
Шенеуніктердің табысын ғана көрсетуді міндеттеу көп мәселені шеше алмайтыны түсінікті. Қазақстандық ортада әжелердің аса қымбат көлік сатып алып, шенеунік баласына «уақытша айдай тұруға» беретіні әзілге айналып кеткені де содан. Ендеше, мемлекеттік қызметкердің, әсіресе жауапты қызметтердегі шенеуніктердің жеке басы туралы ғана ақпарат алу аз. Табыс декларациясы толыққанды жұмыс жасау үшін онда отбасылық табыс және шығыс бірге көрсетілуі керек сияқты.