Құрметті оқырмандар назарына! «Алаш айнасы» желілік-басылымы Ақпарат комитетінің 2023 жылғы 01 қарашадағы № 15 бұйрығы негізінде 2023 жылғы 30 қазаннан бастап бұқаралық ақпарат құралы ретінде өз қызметін тоқтатты.

К сведению уважаемых читателей! Сетевое издание «Алаш айнасы» на основании Приказа Комитета информации № 15 от «01» ноября 2023 года прекратил свою деятельность в качестве средства массовой информации с 30 октября 2023 года.

Зейнетақы жүйесіне отбасылық аннуитет тәсілін енгізу тиімді ме?

10 маусым 2011, 12:15

Егер елімізде 16 миллион халық болса, шамамен оның 8 миллионы әйел затынан тұрады. Статистикалық агенттіктің мәліметінше, бүгінгі таңда еңбекпен қамтылмаған немесе үйде отырған әйелдердің саны осы цифрдың 7 пайызын құрайды екен. Демек, елімізде ресми түрде 700 мыңдай әйел жұмыссыз деген сөз. Бұл цифр – өз-өзін жұмыспен қамтушыларды қоспағандағысы. Қалай дегенмен де таяу болашақта бүгінгі қолданыстағы зейнетақыны тағайындаудың мемлекеттік жүйесі алынып тасталып, оның орнына зейнетақыны жинақтау жүйесі енгізілетіндігі белгілі. Міне, сол кезде елімізде 700 мыңдай әйел зейнетақысыз қалатын түрі бар. Сондықтан аталған әлеуметтік топ мәселесінің шешімі қазірден бастап қарастыруды қажет етеді. Бұл ретте қоғамда күйеуі өзінің зейнетақы жинағын әйелімен бөлісетін отбасылық аннуитет тәсілін енгізу туралы ұсыныс көтеріліп жатыр. Ал ол біз үшін тиімді ме?

Нұржан ӘЛІМҰХАМБЕТОВ, «Мемлекеттік аннуитеттік компаниясы» өмірді сақтандыру жөніндегі компания» АҚ басқармасының төрағасы
Иә

– Бізде күйеуге тигеннен кейін баламен үйде отырып қалатын әйелдер легі көп. Екінші жартысы отбасыны материалдық жағдаймен қамтамасыз ете алатындықтан, олардың көбісі жұмысқа шықпай қалады. Тағы бір жағынан, Азия және мұсылман әлеміне тән менталитетке сай бізде де әйел заты көбіне бірінші кезекте жұмыс және тағы басқасын емес, отбасының берекесі мен ынтымағын қарастыратындығы белгілі. Бұл – біріншіден.
Екіншіден, әйелдер еркектерге қараған­да зейнет жасына ерте шығады. Әрі өмірі­нің басым бөлігін декретті демалыста өткі­зеді, сондықтан олардың зейнетақы жина­ғының мардымсыз болуы әбден мүмкін. Осы жағынан алғанда, еліміздегі мұндай әлеу­меттік топтың зейнеттік құқығы белгілі бір деңгейде шектеліп жатқандығы рас.
Сондықтан бүгіндері бұл мәселеге Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі мән беріп, оны жан-жақты зерттеп жатыр. Біз өз кезегімізде құзырлы ведомствоға аталған мәселені өмірді сақтандыру сала­сындағы отбасылық аннуитет атауындағы жаңа қызмет түрі бойынша шешуге бола­тындығын айтып, осы реттегі жобамызды ұсындық.
Отбасылық немесе өзара аннуитет күйеуіне қарағанда зейнетақы салымы тым мардымсыз әйелдерге көмектесу үшін жасалған құрал деп айтуға болады. Атал­ған тәсіл жұбайлардың зейнетақы жинағын біріктіріп, құралған табысты теңдей немесе әйелінің мүддесіне сай бөлуге мүмкіндік береді. Меніңше, бұл Қазақстандағы әлеуметтік қарым-қаты­настағы ықпалды заң жобасы болады. Халықаралық тә­жірибе көрсетіп отыр­ғандай, ол әйелдер қарттығының қамта­масыз етілу деңгейінің артуына әсер етіп отырған бірден-бір фактор болып табы­лады. Тағы бір жағынан, аталған тәсілдің отбасылық қарым-қатынастың белгілі бір деңгейде нығаюына, тұрақталуына, берік болуына ықпал ететіндігі де анықталып отыр.
Отбасылық аннуитет халықаралық тәжірибеде кеңінен қолданысқа ие. Чили, Мексика және Аргентинада отбасылық аннуитет тіркету міндетті, ал АҚШ пен Ұлы­британияда ол ерікті түрде жүргізіледі.
Міне, жоғарыда аталған осындай артықшылықтары әрі зейнетақы құқығын қорғауды талап ететін елімізде мұндай әлеуметтік топтың барымен санаса отырып, бізге зейнетақы жүйесіне отбасылық ан­нуи­тет тәсілін енгізу қажет деп санаймын.

Құнанбай ТОБАТАЕВ, зейнетақы нарығы бойынша маман
Жоқ

– Бізде аннуитет те, сақтандыру нарығы да қажетті деңгейде дамымаған. Сондықтан бұл арада тәуекелге баруға кеңес бермес едім. Алдымен аннуитет деген не, соны түсі­ніп алалық. Яғни сіз жұмысқа кіріскенде өзі­ңіздің зейнетақы салымыңызды жинақ­таушы зейнетақы қорына немесе сақтандыру компа­ниясына жинақтау бойынша екі түрлі таң­дауыңыз болады. Алдыңғысы өлгеннен кейін мұрагерлікке қалдыра алатын қордағы жи­нақтан зейнетақы төлемін жасайды, кейінгісі ең төменгі деңгейдегі зейнетақыдан сәл жо­ғары зейнет төлемімен өмір бақи қамта­ма­сыз етеді. Яғни аннуитетте егер қос жұбай­дың біреуі алда-жалда о дүниелік болса, екін­шісі аннуитет сатып алуға мәжбүр бо­­лады. Ал сатып алуға мүмкіндігі болмаса, қай­тыс болған зейнеткердің салымы сақтан­дыру ком­пания­сына тиесілі болып қала береді.
  Әрине, бұл сақтандыру нарығындағы арамза пиғылдарды өршітуге түрткі бо­латын фактор деп айтар едім. Бұл – ха­лықаралық тәжірибедегісі. Сол секілді әлемдік тәжі­рибеге сәйкес, егер бастапқыда сіз зейнетақы салымын жинақтау бойынша сақтандыру компаниясын таңдап қой­саңыз, одан кейін жинақтаушы зейнетақы қорына ауыса алмайсыз. Бұл да тұтынушы таңдауына селкеу түсіретін нәрсе екені анық. Міне, мұның бәрі енді бізге заңнама тұрғысында дендеп енгізілейін деп жатыр.
Жалпы, отбасылық аннуитет деген біз­дің еліміздің жағдайында өте тиімсіз. Өйткені біздегі жалақының көлемімен жинақтаған зейнетақы салымы бір бастың қарттығын да қамтамасыз ете алмайды. Ал егер оны күйеуі әйелімен бөлісетін болса, зейнетақы көлемі тиын-тебен болып қалмай ма?
Сондай-ақ, әйтеуір, бір шаңырақтың астына баратын қаражат болғаннан кейін біреуінікін екіншісіне бөліп берудің не қажеттілігі бар? Қалай дегенмен де, бұл арада сақтандыру компаниясы ұтылмайды, ал тұтынушылардың тұтылу тәуекелі бар.
Сондықтан ғұмыр бойы жұмыс істе­меген, ал жұмыс істеп жатқан күнде зей­нет­ақы салымымен қамтамасыз етілмеген әйелдерге Үкіметтің өзі қосымша төлем жасағаны дұрыс. Яғни бұл арада осы топқа жататын әйел адамдардың мәселесін шешетін зейнетақының басқа тетігі қа­растырылуы қажет деп білемін.

Бейтарап пікір
Айдар ӘЛІБАЕВ,
Зейнетақы қорлары қауымдастығының төрағасы:
– Мен бұл қызмет түрі туралы толықтай құлағдар емеспін. Дегенмен егер күйеуі заңды әйеліне зейнетақы салымына ортақтасуға мүмкіндік беретін қандай да бір тетік болса, оны қолдар едім. Әрине, біздің еліміздегі еркектердің басым бөлігі бұл қызметті тұтынуға қаржылық жағынан қабілетсіз екенін жақсы білемін. Бірақ жақсы жалақы алатын, ал әйелдеріне жұмыс істетпейтін біздің қоғамда бақуатты топ өкілдері барын жоққа шығара алмаймыз ғой...
Меніңше, мұндай заң дайындалып, Парламентке ұсынылатын болса, ол депутаттарға қызықты болары сөзсіз. Өйткені халық қалаулыларының көбінің жұбайлары жұмыс істемейтіндігіне күмәнім жоқ. Ал бүкіл уақытын бала-шаға мен күйеуінің тамағының тоқтығына, киімінің бүтіндігіне арнап, шаңырағын мейірім мен қамқорлыққа бөлеп отырған әйеліне ондай еркектер қажетті деңгейде сый-сияпат жасауы қажет. Соның бірі осы отбасылық аннуитет бола алады деп айтар едім.