Құрметті оқырмандар назарына! «Алаш айнасы» желілік-басылымы Ақпарат комитетінің 2023 жылғы 01 қарашадағы № 15 бұйрығы негізінде 2023 жылғы 30 қазаннан бастап бұқаралық ақпарат құралы ретінде өз қызметін тоқтатты.

К сведению уважаемых читателей! Сетевое издание «Алаш айнасы» на основании Приказа Комитета информации № 15 от «01» ноября 2023 года прекратил свою деятельность в качестве средства массовой информации с 30 октября 2023 года.

Ауыз ашар берудің сауабы қандай?

11 маусым 2015, 08:48

Ораза айында ауыз ашар берудің сауабы қандай, оның да өзіндік шарттары бар ма? Мүмкін болса, осы жайлы жаза кетсеңіздер екен.

Аңсар, «Алаш айнасының» сайтына түскен сұрақтан

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мамандарының айтуынша, ауыз ашар берудің сауабы өте мол. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Аузы берік жанды ауызашарға шақырып тамақ берген кісі – ораза ұстаған адамның алатынындай сауап алады. Аузы берік адамның сауабынан да еш нәрсе кемімейді», деген. Рамазан айының келуімен қатар ауызашар беру де көбейе түседі. Жора жолдастарымызбен жақын туыстарымызды ауызашарға шақырған сияқты, біз де олардың қонағы боламыз. Осылайша адамдардың бір-біріне деген бауырмалдық, жомарттық сезімдері арта түседі. Бірақ адамдарды ауызашарға шақырамын деп қатты шығындалмау да керек. Әрине дастарханның сәнді әрі мол болғаны жақсы-ау, бірақ сіздің әлеуметтік жағдайыңызды ойсырата түспеуі керек. Пайғамбарымыздың хадистеріне үңілер болсақ бір жұтым су, сүт немесе құрмамен де ауызашар беруге болатындығын меңзеген. Егер де сіздің жағдайыңыз мол дастархан жасауға келіп жатса онда оған да рұхсат. Яғни Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) ең аз мүлшерде ауызашар берсе де сауапқа кенелетінін айтқысы келген еді. Рамазанда ауыз-ашар беріп сауапқа кенелумен қатар, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүннетін де орындаған болып саналады. Ал ауызашарға келген адамның да дұға жасауы сүннет. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Сағд ибн Муаздың (р.а.) үйінде ауызашарға барады. Сол жерде дастархан басында Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Дастарханыңыздан ораза ұстағандар дәм татсын. Астарыңызды ізгі кісілер жеп, періштелер сіздерге дұға етсін» деп дұға жасаған еді. Әбу Шейх Ибн Хиббанның риуаяты бойынша Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Егер де кімде-кім Рамазан айында адал табысымен ауызашар берсе, періштелер Рамазан айының соңына дейін оған дұға жасайды…» деген. Сонда риуаят етуші: Уа, Расул Алла! Ауызашарға ештеңе таппаса не істейді? деді. – «Бір тілім нан берсін» деді. – «Ол да болмаса ше?» – «Онда қара су берсін» деді. Олай болса ауызашар берудің қатып қалған шарты жоқ екен. Шамаңызға қарай аузы берік жандармен бірге ауыз ашу және жоқ-жітіктерге қарасып, кедейлерге қол ұшын беру – мұстахап.