Әскеріміз саннан сапаға көшті

07 мамыр 2013, 12:48

Әскер де заман талабына сай өзгеріске ұшырап отырады. Бүгінде бұ­рын­ғыдай жасөспірімдерді жаппай әскерге тарту үрдісі жоқ. Жалпы, жаңа технологиялар дамыған сайын адам күшіне деген сұраныс азаятыны белгілі, сол сияқты Отан қорғаушылар саны да кеміп отырмақ. Ал Қарулы Күштер қатарын келісімшарт бойынша кәсіби мамандар толықтыруда.
IISS халықаралық стратегиялық зерт­теу­лер орталығының мәліметінше, Қазақ­стан­ның Қарулы Күштерінде 65 мың адам бар екен. Тәжікстанда 16 мың, Қырғызстан мен Түрікменстанның әрқайсысында 20 мың­нан әскер бар. Әлемдегі Қарулы Күш­тері ең көп мемлекеттердің бірі – Ресей Фе­дерациясы. Дегенмен көрші елде де әскер санын ық­шамдау жұмыстары жүр­гі­зіліп келеді. Мы­салы, 1992 жылы жеке құ­ра­мы 2,8 миллион болса, бүгінде 2 мил­лионның үстінде.
Мемлекеттердің Қарулы Күштерінің қау­қарын қаржыландыруына қарап та аң­ғаруға болады. Орталық Азияда Қазақ­стан мен Өзбекстанның әскери бюджеті тең екен. Әрқайсысы жылына шамамен 1,4 мил­лиард АҚШ долларын бөледі немесе бұл 210 миллиард теңгеге тең. Бұл Тәжік­стан­ның бюджетінен 20 есе көп болса, Қыр­ғыз­станның бюджетін 40 есе орап ала­ды екен. Салыстырмалы түрде алып қа­ра­сақ, осыдан 10 жылдай бұрын еліміздің әскери саласына бөлінетін қаржы бар-жоғы 11,5 миллиард теңге болған.
Бүгінде жасөспірімдерді жаппай әс­кер­ге алу жоқ. Ішінен іріктеп, ең қабілетті де­гендері ғана Қарулы Күштер қатарына өту­де. Бұл барлық әскеріміздің шамамен 30-35 пайызын ғана құрайды. Ал қалған әс­керді кәсіби мамандар құрайды. Әскер де соңғы үлгідегі қару-жарақтармен жаб­дық­талуда. Ал оларды игеру үшін кәсіби ма­ман болу міндетті. Тәуелсіздік алып, жеке әскерімізді құрған 20 жылдан астам уақыт ішінде әскери саланың бет-болмысы түбі­рімен өзгерді. Ішкі, сыртқы қызметі түбе­гей­лі жаңарды. Мерзімдік қызметтегі сар­баздардың санын азайтып, келісімшарт бойынша әскер құру – бұл еліміз әскерінің саннан сапаға көшкенінің белгісі.