«Мамасының баласы» қайдан шығады?

«Мамасының баласы» қайдан шығады?

Дүниеге тағы бір сәби келді. Ұл. Ертеңгі күні ат жалын тартып мінетін азамат. Елін, жерін қорғаушы. Еңбекқор. Отбасын асыраушы. Кәсіби маман. Бәлкім, тіпті білікті басшы. Батыл да қайсар. Қайырымды да қарымды. Өжет те өнерлі. Әйелді сыйлай һәм сүйе білетін. Қысқасы, сегіз қырлы, бір сырлы. Біз ұлдарымызды осындай етіп тәрбиелей аламыз ба?

Тақиялы періште
Дәуір – Айманның жалғыз ұлы. Әлі кіш­кентай, екінші сыныпта оқиды. Әкесі жұ­мыс бабымен көбіне сыртта жүреді. Сон­дықтан Дәуірдің тәрбиесіне жауапты, әрине, анасы. Әлбетте, ұлы десе ішкен та­ма­ғын тастай салады. Басынан құс тұрмақ, шыбын ұшырмайды. Ол ұйықтап жатқанда кір жуып, ыдыс-аяқ салдыратуға болмай­ды. Оған арнап тамақ әзірлеу – өз алдына бір хикая. Жұмыстан жүгіріп келіп, мака­рон пісіре салатындардың отбасына Ай­ман аянышпен қарайды. Себебі өзі құдды мей­рамхана аспазы секілді арнайы ас мә­зі­рін әзірлейді. Күнде осылай. Ол мәзір­де бәрі бар. Баласы алда-жалда құстың сү­тін та­уып әкел десе, одан тайынатын Ай­ман жоқ.
Бұлардың сабаққа барып келуі де қы­зық. Таңертең Дәуір шырттай киініп, екі қолы қалтада, алдыда кетіп бара жатады. Соңында анасы. Бір қолында қарны қам­пи­ған қара сөмке. Екінші қолында бәтіңке салынған дорба. Мектепке кірген соң Дә­уір етігін шешіп, бәтіңкені өзі киеді дейсіз бе? Жоқ, оған еңкеюге болмайды. Егер мұ­ға­лім рұқсат етсе, баласымен бір пар­тада отырып сабақ оқитын еді. Әттең, оған рұқсат жоқ. Сабақ біткен кезде баласын қақ­паның ар жағынан күтіп алады. Үйге жет­кенше таңертеңгі картина қайталана­ды. Кейде дүкенге кіріп, қалаған нәрсесін әпе­руі мүмкін. Түскі асын ішіп болған соң бала міндетті түрде демалуы керек. Сабақ оқы­ғанда да Айман жанына отырады. Бір­ге есеп шығарады, бірге тақпақ жаттайды. Далаға да бірге шығады. Айманға салса, балаларға қосылып бірге ойнар еді. Бірақ үйтсе тым артық кететінін түсінеді. Сондық­тан анадайдан қарап жүреді.
Дәуір әзірге кішкентай. Ол келешекте тіршіліктің салқын ызғары мен қатты да­уылы болатынын білмейді. Айман да ой­ла­ғысы келмейді. Сабағын жақсы оқыса болды. Өзі-ақ адам болады дейді. Кейін бір жақсы қыз кездесіп, соған тапсырса, бала­сының қамқорлықтан ада болмай­тынына сенімді. Кейін тіпті «Тақиялы пе­ріш­те» фильміндегідей баласына лайық келіншекті өзі іздеуі де ғажап емес.
Айналаға қарасақ, Дәуір секілді ана­сының (немесе әжесінің) шектен тыс қам­қор­лығына бөленгендер көп. Бұл – әсіресе қалаға тән құбылыс.
Психологтар «мамасының баласы қай­дан шығады?» деген сауалға негізінен «жал­ғызбасты әйелдердің тәрбиесінен» деп жауап береді. Әкесі жуас отбасында да көп кездеседі. Ал әкенің беделі күшті отбасында «мамасының баласын» тәрбие­леп шығару мүмкін емес көрінеді. Себебі әкесі ұлының анасына тәуелді болуынан арылтады, яғни ол – екі арадағы тығыз бай­ланыстың кіндігін кесуші. Ұлын өмірдің қатал сынына қаймықпай төтеп беретін, батыл да еңбекқор болып өсуіне ықпал ететін де әкесі. Ал ананың аты – ана. Жүре­гі нәзік әйел баласын қиындықтан қорғаш­таймын деп, сонысымен босбелбеу, әл­жуаз етіп шығарады.
Бәрі бірдей сүмелек емес
Оның үстіне, қазіргі қоғамда «мамасы­ның баласын» тәрбиелеп шығаруға әсер ететін басқа да факторлар бар екенін ес­ке­ру керек. Ол – бала тәрбиесінің тізгіні не­гі­зінен нәзік жандардың қолында болуы.
Басқасы басқа, ұл баланың тәрбиесінде қазіргі әйелдер ешкімге дес бермейді. Ұл бала жарық дүние есігін ашқаннан сақал-мұр­ты шыққанша анасының бауырында. Балабақшада еден жуушыдан меңгерушіге дейінгі орында – әйел азаматтар. Мектепті бұрыннан бері әйелдер «басып алған». Кол­ледж, университет, академия дегеннің бәрінде қыз-келіншектер өріп жүр!
Құдды «МБ» тауар белгісімен заманауи бозбаланы жасап шығаратын инкубатор. Қайта ұл біткеннің бәрі «мамасының бала­сына» айналмай, төтеп беретініне шүкір дей­сің. Соған қарағанда, әлі де иммунитет мық­ты. Әсіресе ауылдың баласында. Қа­ла­да туып-өскендерге қарағанда ауыл баласының шымыр, пысық болатыны бел­гілі. Бұл да болса ауылдағы аналардың бала тәрбиесінде бұрынғы қазақы дәстүрді ұс­та­натыны, ұлын өмірге ерте жастан бе­йім­дейтіні себеп болса керек. Айта кету ке­рек, әскерге баратындар да көбіне ауыл­дан.
Кезінде ағылшын жазушысы Дэвид Гер­берт Лоуренстің шығармалары қоғам­да сан қилы пікір туғызған-тұғын. «Ұлдары мен нақсүйері» деген романын біреулер реа­листік дәстүрдің жалғасы десе, енді біреулер Фрейд бағытына негізделген дей­ді. Шамасы, екіншісі дөп келеді. Ро­ман­да әлдебір себептермен күйеуінен же­рі­ген Гертруда Морел бүкіл сүйіспеншілігін ұлдарына, әсіресе кенже ұлы Полға ар­найды. Оның шексіз махаббаты бала­сы­ның өз бетінше шешім қабылдауына ке­дер­гі келтіретіні, анасы о дүниеге кеткен­нен кейін ұлының сағыныштан азап шеге­тіні романда егжей-тегжейлі суреттеледі. Бұл шығармада фрейдизм ықпалы, әсіре­се жазушының Эдип комплексінің сырына үңілгені анық байқалады. Ерте жаста алған әсер ешқашан құрып кетпейді. Басты ке­йіпкердің анасына деген сүйіспеншілігі есейе келе күшейгені сонша – ұнатқан қыздармен жақындасуына тосқауыл бо­лады.
Мамандар айтқандай, ана мен ұл ба­ла­ның арасындағы байланыс өмір бойы үзілмейтін жіп секілді. Біреу жіпті босаң­сытып ұстаса, енді біреулер айрықша қам­қор­лығымен «тұншықтырады». Лоуренс кейіпкерлерінің бүгін де арамыздан табы­латыны табиғаттың тылсым құпиясы болса керек.
Дегенмен «мамасының баласы» атан­ған­дардың бәрі ынжық, босбелбеу болып шығады деген жаңсақ пікір. Мәселен, Лоуренстің шығармасындағы оқиға өз өмірінен алынған. Романның ақырында кейіпкердің тәуелділік тұсауынан арылуға, келешекке үміт артып, еркіндікке ұмтылуы бекер емес. Демек, тығырықтан шығатын жол бар.
Бүгінгі күннен мысал келтірсек, әйел біткеннің жүрегін жаулаған Леонардо Ди Каприо да – нағыз «мамасының баласы». Бір сұхбатында актер сапарға шыққанда сүйікті анасын жанынан қалдырмай ертіп жүретінін мойындапты. «Анам менің өмі­ріме белсенді араласады. Мені «мама­сы­ның баласы» дейтіндер айта берсін. Әйте­уір, өзіме бұл ұнайды» деп ағынан жары­лады актер. Дегенмен дүйім жұртқа осы­лай деп жар салудың өзі нағыз еркектің қо­лынан келетін шығар.
Бәлкім, «мамасының баласы» біз ойлағандай соншалықты қорқынышты құбылыс болмауы да мүмкін. Дегенмен ер баланы еңбекқор, ең бастысы, елін қорғай алатын ержүрек етіп тәрбиелеуге ұмтыл­сақ, ұтылмайтынымыз анық.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста