Ұлыңыздың әскери қызметкер болуын қалайсыз ба?

07 мамыр 2013, 12:47


Орынғали ЕСЕНҒАЗИЕВ, Алматы қалалық ішкі істер департаменті ардагерлер кеңесінің төрағасы, отставкадағы полковник:
– Мен ұлымның әскери қызметкер болуына ешқандай қарсылығым жоқ. Ме­нің бұл салада жүргеніме 69 жыл болыпты. Кезінде қанды қырғын соғысқа да қатыстым. 10 рет жарақат алған адам­мын. Отан үшін от кешуден біз тайын­бадық. Одан жаман болған жоқ­пын. Ел алдында абыройым асқақ­тап, үнемі жүзім жарқын, еңсем биік. Сон­дықтан өзімнің балаларымның да осын­дай мерейі асқақ болғанын қалаймын. Әрине, бұл басқа қызметтегілердің бе­де­лі төмен дегенді білдірмейді. Бірақ әс­ке­ри қызметтің жөні бөлек. Отан үшін, ха­лық үшін олардың жауапкершілігі мық­ты болуы керек. Осыдан болар, әс­ке­ри қыз­метке араласуға ұрпақтарым тал­пы­нып жатса, мен қарсы болмаймын. Ке­рісінше, демеп, талпыныстарын ұштап отырамын.

Әмірбек ТӨГІСОВ, генерал-майор:
– Менің ұлым да, қызым да әскери қызметте жүр. Олардың бұл жолды таң­да­уына еш қарсылығымды білдірмедім, керісінше, қуандым. Кез келген Қазақ елі­нің азаматы Отанын, жерін, елін қор­ғауды бірінші парызы санауы керек. Сон­дықтан бұл жерде менің тарапымнан ба­лаларыма ешқандай қарсылық біл­діру деген болмады. Ата-бабадан қал­ған жерімізді, елімізді сақтап қалу үшін кез келген елдің баласы отансүйгіш бо­луы керек. Бұл бір ғана әскери міндетті өтеу­мен шектелмеуі керек. Жерді, елді, Отанды сүю қасиеті – балаға ана сүтімен берілетін дүние. Бұл – өте қастерлі қа­сиет. Келешекте еліміз тыныш, жеріміз бе­реке-бірлікке толы мемлекет болуы үшін біз өзіміздің ұрпағымыздың сана­сына мемлекет деген ұғымды сақтауды, қадірлеуді, сол мемлекеттің әрбір жаңа­шылдықтарына, жаңалықтарына мән бере қарауды, қоғамда болып жатқан дүниелерге сауатты түрде үн қата білуді сіңіре білгеніміз абзал. Сонда ғана елі­міздің амандығы нықтала түседі.

Тұрсынбек ӨМІРЗАҚОВ, Мәжіліс депутаты, запастағы офицер:
– Әрине, қалаймын. Отан деген сөз – отбасы, ошақтың қасы, үйдің шаңы­рағы деген мағынаны береді. Отанға қызмет ету отбасынан үйретілуі керек. Егер бала кішкентай күнінен елін ойлай­тын болса, ол ешқашан әскери міндетін өтеуден қашпайды. Жалпы, халыққа қыз­мет ету адамның жасымен өлшен­бейді, адамның жан дүниесімен, адал­ды­ғымен таразыланады. Сондықтан ба­лаға Отан деген қасиетті ұғымды ба­рын­ша түсіндіру керек. Әскери қызметтегі адам­дардың тағдыры үнемі қыл үстінде жүретіндіктен, біздің елімізде баласын әскерге жібергісі келмейтін ата-ана­лар­дың қарасы көбейіп бара жатқаны алаң­датады. Азаматтарымыз Отан алдындағы борышын өтеп, елін, жерін қорғауға құл­шынып тұрмаса, ол елдің болашағы қа­лай болмақ? Сондықтан кез келген от­ба­сында Отан деген ұғымның қастерлі екені ер балалардың санасына сіңіріле беруі керек деп ойлаймын.