Отбасы - ошақ қасы

Алаяқтарға сеніп далада қала жаздадым...

  • Алаяқтарға сеніп далада қала жаздадым...

    Алаяқтарға сеніп далада қала жаздадым...

Мен жасым жетпістен асып, сексенге жақындаған еңбек ардагері, “Күмiс алқа” иегерiмін. Осы жасқа келгенде алаяқтардан опық жеп өкініп отырған жайым бар.

Өзім кезінде Алматының медициналық училищесiн бiтiргенмін. Содан бір орында тапжылмастан 30 жыл бойы фельдшер-акушер болып еңбек етiп, 700-ге жуық баланың кiндiгiн кестім. Жетi бала тәрбиелеп өсiрген анамын. Балаларымның бәрі қалада болғандықтан, бірнеше жыл бұрын ауылдағы даңғарадай үйiмдi болмашы бағаға сатып, балаларым тұрады ғой деп қалаға қоныс аударған едім. Мұнда өзiм секiлдi қоныс аударып келген бiздiң елдiң адамдары баршылық, араласып-құраласып тұрамыз. Солардың бiрi – Бақыт атты ауылдасым.

Осыдан дәл жеті жыл бұрын үйге Бақыт келе қалды. Жанында күйеу баласы Саят бар. Бақыт: «Бiзге пәтерiңiздi екi айға бере тұрасыз ба, Астанадан ақша түспек, соған кепiлдiкке қоятын пәтердiң құжаттары керек, өз үйiмiз банк несиесiнде кепiлдiкте тұр», – деп қолқа салды. Бас тарта алмадым. Тiптi кейiн менi тақырға отырғызады деген ойымда болсайшы сонда. Құжаттарды алған соң, Бақыт «бұл жайлы жан адамға тiсiңiзден шығармаңыз, тiптi балаларыңызға да айтпаңыз», – деп қатты ескерттi. Саят келiп құжаттарды әкеттi. Артынан Бақыт телефон шалды: «Құжаттарды нотариуста заңдастыруға өзiңiз баруыңыз керек», – деп. Ескі ауылдастар ғой деп айтөандарына имандай сендім.

Айтқан кеңселеріне барғанымда нотариус келiншек: «Мына бiр қағазды оқып, қол қойыңыз», – деп едi, «Қарағым, көзiлдiрiгiм үйде қалыпты, қалай оқимын?» – дедiм. «Ендеше, қол қойыңыз», – деген соң, астына қолымды қойып бердiм. Маған ол қағазды үйдi кепiлдiкке қоятын құжат деп түсiндiрдi. Сөйтсем, ол үйдi сату-сатып алу келімсімшарты екен. Оның бәрiн артынан бiлдiм. Артынан бiлдiк, олар Сәуле деген бiр әйелден қарызға 17 мың доллар алады. Сәуле олардан кепiлдiкке пәтер сұрайды және жаңағыдай алып-сату құжатын заңдастырып берiңдер дейдi. Сосын менiң пәтерiмдi қойған да жiберген. Сонымен ешқандай бөтен ой жоқ, күндер өтiп жатты. Бiр күнi үйге бейтаныс бiр әйел келдi. Бірден төрге шығып, бөлмелерді шолып шықты да: «Пәтердi босатыңыз, мен оны сатам», – дегенде, есiмнен танып қала жаздадым. Жанұшырып Бақытқа телефон шалдым: «Бұл не сұмдық, бiр әйел келiп, үйдi сатам деп тұр, сендер менi неменеге ұшыратқансыңдар?!». Бақыт жетiп келiп, жаңағы әйелдi алып кеттi. Осыдан соң көңiлге күдiк кiрiп, ара-тұра Бақытқа өзiм телефон соғамын. «Қорықпаңыз, құжаттарыңызды дұрыстап беремiз», – дейдi. Бiр күнi баяғы әйел тағы келдi. «Тез үйдi босатыңыз, сатам», – дедi. Бақытқа телефон шалдым, әлгi әйелдi тағы алып кеттi. Содан бiр күнi соттан шақырту қағаз келдi. Тағы да Бақытқа жүгiрдiм. Келесi күнi екеумiз сотқа бардық, соттың босағасын аттап көрген емеспiн, түгiн бiлмеймiн, жетектеп жүрген сол Бақыт. Сот қазақтың жас келiншегi екен, әлгiге: – Қарағым, осы уақытқа дейiн ешкiмнiң ала жiбiн аттап көрген адам емеспiн, үйiмнен қалай айырмақсың? – деймiн.

Қаржы полициясына, прокуратураға арыз жаздым. Ол жақтарға барғанда да қағаз жазып, қол қойғызып жүрген – Бақыт пен оның қыздары Алма мен Ләззат. Бірақ олардың түрлі қағаздарға қол қойдыртып жүгіріп жүргенде өзімді шаң қаптырып жүргендерінде ісім болсашы. Кейін тағы барғанымда қаржы полициясының қызметкерлерi: «Сiз ешнәрсе дәлелдей алмайсыз, заң мына кiсiлердiң жағында, себебi өзiңiз қол қойып берiпсiз», – дегенді айтты. Сонымен, не керек, өз пәтерiм үшiн соттасуға тура келдi.

Айман деген адвокат келiншектi жалдадық және оның ақысын Бақыт екеумiз бөлiп төлейтiн болып келiстiк.

Ұзын сөздiң қысқасы, судьясы, адвокаты бар – барлығы «сiзге осыдан басқа жол жоқ», – деп, менi жаңағы Сәуле деген әйелмен бейбіт келiсiмге келуге мәжбүрледi. Яғни, соттың шешiмiмен мен өз пәтерiмдi өзiме қалдыру үшiн Сәулеге 2 миллион 40 мың теңге беруiм керек. Амалсыздан осыған қол қойдым. Бiр таңғаларлығы, сонда пәтердiң ақшасын кiм алды деген сұрақты судья да, прокурор да, адвокат та қойған жоқ, ешқайсысы менің аузымды аштырмады.

Кейін кіші қызым мән-жайды біреулерден анықтап: «Шындығында, Саят Сәуледен алған ақшаны Астанада тұратын Балтабек дегенге берген», – деді.

Қысқасы, жоғарыдағы Бақыт және оның қыздары Алма мен Ләззат, ұлы Мұрат, одан соң жаңағы Балтабек, Саят (бәрі де өз ауылымның адамдары ғой әрі бір-бірімен туыс, жолдас) бірігіп бизнес жасаймыз деп Сәуледен ақша алып, екі ортада ақымақ болып мен қалып, кепілге үйімді қойып жібергенмін ғой. Кепілге деймін-ау, өз үйімді өзім «тегін» бере салғанмын ғой. Сотта Балтабек деген жігіт келіп, ақшаны Саяттан өзi алғанын, менiң ол ақшаны көрмегенiмдi, еш кiнәм жоқ екенiн растап айтып, «ақшаны қайтарам» деп қолхат бердi. Бiрақ одан бiрдеңе өндiрiп алатындай не үйі, не күйi жоқ. Осыдан ұялды ма, сот үстiнде Балтабектің бұл iске ешқандай қатысы жоқ ағасы Бауыржан: «Екi айдың iшiнде 1 миллион 200 мың теңге тауып беремiн», – деп маған қолхат жазып бердi. Кейін мұның бәрі жайына қалып, ешкім маған ақша бермей, Сәуле болса үйді босатуымды талап етуін қоймады. Болмаған соң Бауыржандағы ақшаны талап етіп, сотқа арыз бердім. Ұзаққа созылған істің ақыры соттың менің пайдама оң шешім шығаруымен аяқталды. Бірақ Бауыржан ол ақшаны маған әлі қайтара алмай келеді. Пәтерімді Сәуледен босатудың амалымен барлық қыздарым мен күйеу балаларым жабылып несие алып, үйді өз атыма жазып берген. Бауыржанның «төлеп берем» деген уәдесіне сеніп, несие уақытылы төленбей, қарызданып балаларым жүр. Кезінде оларға өзімнің не былықтырып жүргенімді айтпағаныма бармағымды әлі күнге тістеймін. Олар мені ашықтан ашық кінәлай алмай іштен тынуда.

Қиындыққа ұшыраған адамды әркім жем қылады екен. Сот кезінде егер адвокат шын ниетпен маған көмектескісі келсе, біраз дүниені дәлелдеуге болғандай екен. Өкінішке қарай, қарттығымды және заң білмейтіндігімді пайдаланып, адвокаттың өзі мені «мәмілеге келуден басқа жол жоқ» деп алдап соқты емес пе. Ақшамды алып, өзімді орта жолда қалдырған сол адвокаттың өзі оңған жоқ. Көп ұзамай жол апатынан қаза болды. Ал өзімді шешелерімен бірге алдап соққан Бақыттың қыздары Алма мен Ләззат бірі мемлекеттік мекемеде, екіншісі білдей бір білім мекемесін басқарып, беттері былқ етпей жүр. Олардың әлі қанша адамды алдап соғарын кім білсін.

Мен болсам Бауыржандағы ақшаны даулап сот орындаушыларының кеңселерінің табалдырығын тоздырып біттім. Бәрінен де, балаларымнан ұят болды. Негізі балаларыңмен ойласпай тірлік етпеу керек екен...

Дариға Жұмабекқызы, Екібастұз қаласы

 




Көрілген: 1449    Пікірлер: 0

жексенбі, 21.04.2019, 16:43

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    11 Мамыр, 12:42
    Неке неге бұзылады?

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    мамыр
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4 5
    6 7 8 9 10 11 12
    13 14 15 16 17 18 19
    20 21 22 23 24 25 26
    27 28 29 30 31