Алматы облысында келінін қорғамақ болған қария ұлын өлтіріп қойды

12 мамыр 2022, 11:11

Қайғылы оқиғаға ұл мен келіннің арасындағы жанжал түрткі болған.

7 мамырда Алматы облысының Қаратал ауданында қайғылы оқиға орын алды, деп хабарлайды Skifnews.kz.
69 жастағы зейнеткер 42 жастағы ұлын өлтіріп алды. Қайғылы оқиғаға ұл мен келіннің арасындағы жанжал түрткі болған.

«Ұсталған адам кісі өлтіргенін мойындады. Өз түсініктемесінде ер адам отбасылық мәселелерді талқылау үшін ұлының үйіне келгенін жеткізді. Қонақта болған қария кездейсоқ ұлы мен келінінің жанжалына куә болып, келінін қорғауға тырысады. Ішімдік ұрттап алған баласы бұған қатты ашуланып, әкесін жұдырықпен төпештей жөнеледі, сол кезде ер адамның қолына асханалық пышақ түседі», - деді Қаратал аудандық полиция бөлімінің бастығы Рауан Әбдірайымов

Сот сарапшылары оқиға орнынан пышақты тапты. Күдікті зейнеткер кенже ұлының үйінен табылып, ұсталып, қамауға алынды.

«Кісі өлтіру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Қылмыс құралы алынып, заттай дәлел ретінде қылмыстық іс материалдарына тіркелді», -  Алматы облысы ПД баспасөз қызметі.