Америкалық отбасы асырап алған қазақ қызы туған анасын іздеп жүр

20 қазан 2021, 19:50

АҚШ-тың Юта штатында тұратын 23 жастағы Алисса Петерсон Қазақстандағы туған әке-шешесін іздейді. Оны небары үш жасында америкалық отбасы асырап алған екен, деп хабарлайды Express Qazaqstan.

 

Қайдасың, анашым!?

 

Сәби кезінде мұхит асып кеткен Алиссаның тағдыры туралы Аймира есімді алматылық өзінің Facebook парақшасында жариялаған.

 

Аймира қазір АҚШ-та жүр екен. Ол американың арнайы ДНК сараптама орталықтарының біріне барып, анализ тапсырған. Оған түрткі болған, жәй ғана ДНК арқылы тегі бір өзге де туыстарының бар-жоғын анықтағысы келіпті.

 

ДНК нәтижесіне орай Аймира күтпеген жерден АҚШ-тан туысын тапты. Ол 23 жастағы Алисса Петерсон.

 

Альмира әлеуметтік желі арқылы Алиссаны дереу іздеп тауып, оған ДНК қорытындысын айтады. Ал, Алисса өзінің асыранды, бірақ туған әке-шешесін іздеп, сол үшін алдын ала ол да бұрынырақта ДНК тапсырса керек.

 

Алисса Петерсон

 

Express Qazaqstan Алисса Петерсонға байланысқа шықты.

 

Анықталғандай, ол 1998 жылы Қарағанды облысында дүниеге келген, туған кездегі азан шақырып қойған аты — Ләззат. Анасы Қазақстанға Моңғолиядан оралған. Кейін тағдыр тәлкегімен қызын сәбилер үйіне тастап кетіпті. Сәби Ләззатты Америкадан келген отбасы бауырына басып, асырап алған қыздары Алисса деп есім берген.

 

Алисса Петерсон

 

Қазір Алисса тұрмыста, Бэйлор атты ұлы бар. Біздің тілшімен сұхбаттасқан ол анасын іздейді, қауышқан күні кешіруге дайын.

 

Анам қандай адам екен? Қандай жан? Қайда жүр екен? Осының барлығы сәт сайын мазалайды, — дейді Алиса Петерсон.

 

Бұған дейін жазғанымыздай, Семейлік ару 20 жыл өткен соң туған анасын тапқан еді.