Анам неге тас жүрек екенін түсіне алар емеспін...

Анам неге тас жүрек екенін түсіне алар емеспін...

"Отбасы-ошақ қасы" айдарын оқып жүретінімді білетін құрбы қызым тағдыры ауыр жас қызбен кездесіп, әңгімесін тыңдап, халыққа жариялауымды өтінді. Керемет тіл майталманы болмасам да халі мүшкіл бейкүнә жанға осылайша көмек беруді шештім...

 

Жұпыны киінген, өңі солғын тартқан кіп-кішкентай қыз өзін Жанармын деп таныстырды. Сырттай бір-бірімізді білетіндіктен, еш қысылмастан өз әңгімесін бастап кетті.

 

-         Өмірде өз анасына деген жек көрініш сезімі бар адамды көрмеген боларсыз. Іштей ойлап тұрған шығарсыз, анасын жақсы көрмейтін адамның өзінде бір кінә болуы мүмкін деп. Анамның осыншама мені жек көретінін өзім әлі күнге дейін түсінбей келемін. Негізі, мен бөтенге өз сырымды айтып, анамның қылығын айтуға да намыстанамын. Маған жаны ашып "Айтуға оңай" бағдарламасына шақырғандар да болды. Бірақ, мен анамды бүкіл ел табалағанын қаламаймын, жаман болсын жақсы болсын "ана" деген аты бар ғой, туысқандарымды ұятқа қалдырғым келмейді. Менде туыс жоқ емес, мен туысқа бай адаммын. Тек, менің ешкімге керегім жоқ...

 

Менің ата-анам Торғай өңірінің тумалары. Екеуі де оқыған жандар. Бір ауылдың қыз бен жігіті болып қосылған ата-анам оқуларын бітіргеннен соң, өздері туған ауылға кеп тұрыпты. Бір жылдан соң мен өмірге келіппін. Ауылда жұмыс жоқ болғаннан соң екі айлығымда мені әкемнің ата-анасына тастап, екеуі қол ұстасып Арқалық қаласына кетіпті. Анам мектепте физика пәнінен сабақ берген, ал әкем электрик болып қызмет істепті.

 

Алты жасыма дейін мені ата мен әжем бағып қақты. Мектепке баратын кезімде мені ата-анам Арқалыққа алып кетті. Менен кейін інім мен сіңілім дүниеге келген. Атам мен әжемнің бауырында өскен маған басында қиын болса да келе-келе ата-анама үйреніп кеттім. Кәрі атам мен әжем қайтыс болды. Ата-анамның үйіне келген соң өмірім мүлдем өзгерді. Бұрындары атам мен әжемнің қолында болғанда ата -анам бір екі күнге келіп кететін, олар келгенде мен тіпті өзімнің ата-анам екенінде сезінген емеспін. Елдің аналары сияқты анамның маңдайымнан иіскеп, бауырына тартып, еркелеткен де емес. Ол кезде атам мен әжемнің махаббаты жеткілікті болғандықтан, ата-ана мейірімін онша іздеген де емеспін.

 

Әлі есімде, анам күнде мені ұрысып, жұмсап үйінде "құлындай" қылып ұстады. Үйдің барлық жұмысы менің мойнымда еді. Мектепте мұғалім болып істесе де мектепте мені өзіне тартып "балам" деген емес, мүлдем маңайыма жоламайтын еді. Тіпті, мектепте ол кісінің менің анам екенін ешкім білген емес.

 

Екінші сынып оқып жүргенде сіңілімнің киімдерін жуамын деп пештің үстінде тұрған үлкен қазаннан су алмақшы болдым. Бойым кішкентай еді, суды ала бергенде бір қазан су үстіме төгіліп, ауруханадан бірақ шықтым. Бір жақ қолымнан бастап, бүкіл денем күйіп қалды, қазір соның зардабын тартып жүрмін. Екі қолымды көтерсем, бір қолым қысқа, себебі қолтығым жабысып қалған. Мені жай ғана емдетіп, аздап тәуірленгенде үйге алып кетті де сол күйі қараған емес. "Ештеме етпейді, жазылып кетеді" деп қоя салды. Ауруханадан шығар кезде туысқандар сұраса, "кір жуамақшы болдым" деп айтушы болма, пештің ар жағында қорабта тұрған помидорды алмақшы болдым" деп айтарсың деді. Әрине, ананың сөзі-заң, мен туысқандарға солай деп айттым.

 

Осылайша, мен он бірінші сыныпқа да жақындадым. Әкем өз қызметінде, анам әкем асырайды деп үйде болды. Жағдайымыз өте жақсы еді. Бар мейірім екі бауырыма, ал мен сол үйдің барлық жұмысын атқарушы болдым. Үнемі басымнан ұрып, кемсітіп, "сен адам болмайсың, ертең бір шалава болып шығарсың, күніңді еркектерге тәніңді сатып көрерсің" деп айтатын еді. Сөздің мағынасын жетік түсінбесем де анам жоқ жерде жылап алатын едім. Әкем момын адам, анамның ұрысқанына ешқашан мән берген емес. Ол кісінің ойынша анам бізге жақсы болсын деп ұрысады, жақсы тәрбие бермек ниетпен жұмсайды. Жұмыс деген не тәйірі, егер аналық мейіріммен жұмсаса, жүгіріп жүріп істейсің ғой. Ал, анам болса зекіп, ұрысып, басымнан ұрып, нұқып отыратын. Үнемі айтатыны "өз туыстарыңа тартқансың" яғни, әкең жақта өскендіктен "соларға жақынсың" деп айта беретін. Өзі менің ата мен әжеммен жақсы араласқан, әкемнің де туыстарымен былай араласы жақсы, бірақ, мені неге соншама жек көретінін, білмедім. Әкем туысқандары келсе, көзбояушылық жасап, мені "балам", "осы баламды ойлаймын" деген өтірік сөздермен жасанды қылық көрсететін еді. "Жоқ, анам өтірік айтады" деп айтатын емес, өз анасын жамандаған адамға кім сенсін, іштен тынып қоятын едім.

 

Міне, осылайша он бірінші сыныпты бітірдім. "Кәмелеттік жасқа толдың, енді өз күніңді өзің көр" деп мені ата-анам үйден шығарып салды. Оқуға тапсырмадым, жұмыс істеу ниетпен 2005 жылы Астана қаласына тартып отырдым. Қалтамда бар қаражатыммен уақытша пәтер тауып орналастым. Анам айтқандай тәнін сатып күн көрмей, өз еңбегіммен өмір сүріп, ата-анама жақсы азамат болғанымды көрсеткім келді.

 

Бір жақ қолымдағы күйіктің ізін жасыру үшін ұзын жең кофта киіп, базар маңындағы дәмханаларда даяшы болдым. Жаздың ыстығында да ұзын жең кофтаны тастамадым, өйткені қолымды көріп кез келген адам қашар еді және дәмхана иесі жұмысқа да алмаушы еді. Ол кезде Астанада дүңгіршектер көп еді, кейіннен солардың біріне сатушы болып орналастым. Осылайша бір тиынды бір тиынға қосып күнімді көре бастадым. Анда-санда үй -ішіме хабарласып тұрдым, онда да анаммен емес, әкеммен. Ал, әкемнің туысқандары менімен жақын аралсуға анамнан именетін еді, жай ғана жағдайымды сұраудан аспайтын еді, ешқайсысы қастарына шақырып, жұмысқа тұрғызуға ниет білдірген емес.

 

Астанада ешкімім жоқ, не туыс не таныс, өзімше өмірімді сүріп жаттым. Арманым-көп ақша жинап, денемдегі күйіктің терісін ауыстыру еді, бір журналдан оқыдым қазіргі медицина мұндай істі оңай атқарады екен. Осылайша жарты жыл өтті, менің көрерім алда екен. Бір күні аяқ астынан талып құладым. Ауруханаға дәрігерге бардым. Олар маған талма ауруы яғни, эпелепция деген диагноз қойды. Олардың айтуы бойынша, емделмесем бұл ауру меңдей беретін түрі бар. Ендігісі тек дәрісін алып уақтында емделіп тұру.

 

Міне, осылайша 10 жыл өтті. Қазір менің жағдайым күннен күнге нашарлап барады. Ауруым ай сайын емес жетісіне бір рет болып тұрады. Ай сайын пәтер ауыстырамын, өйткені көшіп барған адамдарға өзімнің ауру екенімді айтпаймын, ауру адамды кім пәтерге алсын. Біраздан соң олардың көзінше ауырып қаламын, олар сұрайды бұрын болды ма деп, мен Аллаға күнәлі болсам да жоқ, бұрын болмаған еді деп айтамын. Сөйтіп біраз тұрғаннан соң, үй иелері қорқып, менің кетуімді өтінеді. Осылайша үйден-үйге көшіп жүрген жайым бар. Қазір Көкталда бір времянкада тұрып жатырмын. Айына жиырма мың теңге төлеймін. Сау кезімде анда-барып, мында барып ұсақ-түйек жұмыс істеп, ақшамды жинаймын. Дәрі алатын менде мүмкіндік жоқ, жай асперин немесе парецетомол емес, бақандай бес мың тұратын дәрі. Дәрі ішпегендіктен ауыруым жиілеп барады. Жерге құлап аузымнан ақ көбік атады екен, он минуттан соң, көзімді ашып орнымнан тұрып жүре беремін. Бұрынғыдай емес дүңгіршектер жабылған, ал үлкен сауда орындары мені жұмысқа алмайтыны анық, біреудің баласын да баға алмаймын, кім ауру адамға баласын сеніп тапсырады. Шіркін-ай, маған келетін жұмыс болса, кез келген жұмысты істеуге даярмын, тек маған келетін жұмыс жоқ. Ауыратын кезім жақындағанша анда-мында барып еден жуып, ұсақ-түйектер жасап аламын. Үстімдегі киімдерімде сол осыдан он жыл бұрын ақша жақсы тауып, денсаулығым бар кезде алған киімдер.

 

Кейбіреулер айтады "тұрмысқа шықсаң, талма аурынан жазыласың" деп. Түрім өңді болғандықтан сөз салған жігіттер жоқ емес болды, бірақ қалай "мен талмамен ауырамын, үстімді күйік шалған" деп айтасың, іштей ұнатып тұрсаң да ақырын ғана ұнатпағандай кейіп танытып, теріс айналасың. Шынын айтсам бір жақ омырауым толықтай жоқ десем де болады, күйік шалған, оны мен қалай ер адамға көрсетемін.

 

Сіз мен туралы жазамын дейсіз, осыны оқыған мейірімді адамдар маған жұмыс табуға көмектесе ме екен. Маған мақала шыққан соң, қағазға шығарып оқытарсыз. Менің компьютерім де жоқ, компьютерлік сауатым да жоқ. Интернет дегеннің ауылы мен үшін алыс. Бір аптадан соң маған тұратын времянканы босату керек, үй иесінің талабы. Ол кісіден де ұят болды, екі айының ақшасын толық төлеп біте алмай жатырмын. Қараша айында баратын жерім жоқ болып, бір аптадай вокзалда түнеп жүрдім.

 

Оқырманнан сұраңызшы, талма деген ауру жазыла ма екен? Емі қандай екен. Мен он жыл болды ауруханаға барған емеспін, баратын қаражатым да жоқ. Тек, сөмкемде төрт жүз теңгеге сатып алған құран кітабым бар Алладан сұраймын. Күніне қырық рет оқу керек дейді, ал мен жүз рет оқимын. Кейде өмірден түңіліп өлгім де келіп кетеді. Не үшін, кім үшін өмір сүріп жүргенімді де білмеймін.

 

Мен анамды жек көрмеймін, бірақ анам мені неге жек көретінін түсінбеймін, білмеймін. Әкем былтыр өмірден өтті. Құран оқытып барып-қайттым, анамның үйіне емес туысқандардың үйіне қонып, анама көңіл айттым. "Е, амансың ба?" деген сөзден басқа сөз айтпады...

 

Осылайша, Жанар өзінің басындағы ауыр тағдырын айтып, бір жылап алды. Жанарға ақыл беріп, көмектесемін дейтін жандар болса хабарласса екен деймін. "Денсаулық-зор байлық", "Бала-бауыр етің" деген халық нақылын ұмытпасақ екен...

 

 

 

Сәния, Астана

alashainasy.kz

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста