Отбасы - ошақ қасы

Анам өгей әкемді емес, мені кінәлады

  • http://kvu.su/

    http://kvu.su/

Мен екі жаста болғанда анам әкеммен ажырасқан екен. Содан кейін әкем мені іздеп келген емес. Анам да ештеңе айтпайды. Үйде суреті де қалмаған. Сондықтан өз туған әкем жайлы ештеңе білмеймін. Қайда тұратынынан да хабарым жоқ.

 

Мен төртінші сынып оқып жүргенде анам екінші рет тұрмыс құрды. Өгей әкем анамнан үш жас кіші. Бірақ анам ол кісіден бала көтермеді. Өгей әкемнің аты Мәлік. Негізі Мәлік ағаның бұрынғы әйелінде екі баласы қалған екен. Көңілімнің түкпірінде әкеге деген сағыныш тұнып тұрған ба, Мәлік ағаны алғашқы күннен-ақ жақсы көріп кеттім. Ол да маған әртүрлі ойыншықтар әперіп, үнемі қыдыртатын. Бар еркелігімді көтеріп, туған әкемдей қамқорлық жасап жүретін. Арқасына мініп алсам да ренжімейтін. Тіпті анамнан гөрі Мәлік ағамен көбірек сырласатынмын.

 

Былтыр мектеп бітіріп колледжге түстім. Мен мектеп бітіргеннен бастап, Мәлік ағаның маған деген көзқарасы өзгере бастады.

 

Былтыр мектеп бітіру кешінен кейін Мәлік аға машинасымен мені үйге алып қайтуға келді. Көліктің алдынғы орындығына отырған соң «құттықтаймын» деп иығымнан құшақтап, өзіне тартты. Мен әдеттегідей бетімнен сүйгелі жатыр екен ғой деп бетімді тостым. Бірақ ол күтпеген жерден ернімнен сүйе бастады. Кеудесінен итеріп, босанбақ болып едім, екі қолымен қапсыра құшақтап, жібермей зорлап сүйе берді. Қарулы қолдары қозғалуға шамамды келтірмеді. Әлден уақытта барып өзі босатты. «Мұныңыз не?» деп жылап жібердім. «Кешір, шайтан түртті. Маған не көрінгенін өзім де ұқпай отырмын. Кешір... кешір... Тек жыламашы, құлың болайын, мені қара басты» деп өлердегі сөзін айтып кешірім сұрады. «Мұндай жағдай қайта қайталанбайды, тек Гүлжанға (анамның аты) айтпашы» деп жалынды. Жалынышты сөздері сенімді шықты ма мен «жарайды» деп кешірдім. Бірақ Мәлік ағаның қылығы онымен тоқталмады.

 

Сол жағдайдан кейін ол маған бұрынғыдай қызым деп емес, әйел адам деп көзбен ішіп-жеп қарайтын болды. Соны сезген соң одан бойымды аулақ ұстауға тырыстым. Анам түнгі кезекшілікте болған күні (анам ауруханада медбике болып істейді) бөлмемнің есігін іштен құлаптап алып, шықпай отырам. Мәлік ағамен бұрынғыдай бірге отырып кино көру, оны талқылау деген жоқ.

 

Солай арадан екі айдай уақы өтті. Көңілдегі реніш табы да қайтқан секілді. Бір күні кешкі мезгілде Мәлік аға, анам үшеуміз теледидар қарап отырдық. Комедия жанрындағы кино болып жатты. Сол кезде арамызда қалжыңдасу басталып кетті. Мәлік аға анамды қытықтап күлдірді, анам мені. Бұрынғы әдетіміз бойынша енді мен Мәлік ағаны қытықтауым керек. Мен тосылып қалдым. Ойында ештеңе жоқ анам «Мәлік ағаңды қытықтасайшы» деді. Анам бірдеңені сезіп қалмасын деген ой келді ме жоқ әлде анамның сөзі түрткі болды ма Мәлік ағаны қытықтай бастадым. Сол күні кеш көңілді болды. Содан бастап Мәлік ағадан қорқуды қойдым. Анам кешкі кезекшілікте болғанда бұрынғыдай бөлмеге тығылып алмай, бірге теледидар қарайтын болдық.

 

Арада 15-20 күн өтті. Сол күні анам кешкі кезекшілікте қалған еді. Кешкі уақытта Мәлік ағамен бірге теледидардан махаббат туралы кино қарап отырғанбыз. Бір кезде кейіпкер қыз бен жігіт сүйісті. Киноға беріліп кетіп Мәлік ағаның қасыма қалай келіп қалғанын да байқамай қалыппын. Әй-шәй жоқ, бас салып сүйе бастады. Күтпеген жерден бас салғанда қарсылық та көрсете алмай қалдым. Орынымнан тұрып кетуге шамам жетпеді. Құшақтап астына басып алды. «Қойыңыз мұныңыз не, мен сіздің қызыңызбын ғой» деп жалынғанан басқа амалым қалмады. Бірақ менің сөзімді тыңдап жатқан ол жоқ. Бір кезде киімімді шешуге талпынды. Қатты қорқып кеттім. «Мамама айтам. Қазір шыңғырам» деген кезде барып босатты. Бірақ қолымнан ұстап жібермей, кешірім сұрай бастады. Оның сөзінің бірін естісем бірі құлаққа кіріп жатқан жоқ. «Қолымды жіберіңіз» деп ашуландым. «Кешірдім десең жіберем» деп қолымды қатты қысып ұстап алған. Қазір «көмектесіңдер деп шыңғырам» деген соң ғана қолымды босатты. Босатқан бойда бөлмеме кіріп, есікті құлаптап алып, түннің бір уақытына дейін жылап жатып ұйықтап кетіппін.

 

Ертеңінде анам жұмыстан келмей жатып мен сабаққа кетіп қалдым. Түнімен жылап көзім ісіп кеткен болу керек құрбыларымның бәрі «не болды?» деп сұраумен болды. Оларға «жай» дегеннен өзге ештеңе айтпадым. Не деп айтам? Қалай айтам? Анама айтсам деп ойладым. Бірақ «екеуінің арасына түскендей болмаймын ба?» деген сауал мазалады. Ал мен ол сауалға нақты жауап таба алмадым. «Мәлік аға бұл қылығын қояр. Сондықтан қазірше анама айтпай тұра-тұрайын» деп шештім.

 

Мәлік аға мен екеуміздің бұрынғыдай қалжыңдасып, алысып-жұлысып ойнайтын әдетіміз сап тыйылды. Әрине анам мұны байқады. Бір күні «неге Мәлік ағаңмен қалжыңдасып, алысып ойнауды қойғансың» деп сұрады. Мен шындықты жасырып, «енді бойжеткен қыз болдым, ұят болады ғой» дедім. Менің сөзіме шынымен сенді ме, анам да «оның дұрыс» деді. Одан әрі ол жайлы мен де, анам да сөз қозғамадық. Әңгіме сол жерден аяталды.

 

Одан кейін Мәлік аға ессіз қылығын қойған сияқты еді. Бірақ олай болмай шықты. Осы 8 наурыз мерекесі қарсаңында, нақты айтқанда 6 наурыз күні анам түнгі кезекшілікте болды. Мамам үйде болмаған соң, кешке жұмыстан келген Мәлік ағаға тамағын бердім. Шәй үстінде Мәлік аға «мынау мерекелік сыйлығым, істеген ісімнің кешірімі» деп қалтасынан алтын жүзік алып шығып, ұсынды. Мен «рахмет, бірақ ешқандай сыйлықтың керегі жоқ» деп алмадым. «Алмасаң - кешірмегенің. Алсаң – кешіргенің. Кешірсең енді ондай ақымақтықты қайталамауға анамның ақ сүтімен ант етемін» деді. Анасының ақ сүтімен ант етіп отырған соң «жарайды» деп сыйлығын алдым. Ол бетімнен сүйді. Қорқып тұрғам, бірақ бөтен әрекетке бармады. Сонан соң алтын сырғаны көрсетіп, «мынаны мамаңа алдым ұнай ма?» деп сұрады. Әдемі екен. Ұнайтынын айттым. Анам үшін қуанып қалдым. Бірақ ол кезде ол қуанышты сезімнің түнге дейін ғана ұласатынын қайдан білейін?!

 

Бөлмеме кіріп, ұялы телефонмен ойнап жатып, ұйықтап кетіппін. Шамасы есікті іштен құлыптауды ұмытқан болуым керек. Біреудің омырауымды сипағанын сезіп, шошып ояндым. Қасымда Мәлік аға отыр. «Мында не істеп отырсыз, шығыңыз» дедім. Сөйтсем бағанағы мамаңа алдым деп көрсеткен сырғасын ұсынып «мен сені жақсы көрем, иә десең мына сырғаны да саған тарту етім. Екеуміздің арамыздағы жағдайды ешкім де білмейтін болады» деп бөсіп отыр. Бағанағы жүзігін саусағымнан шешіп, «мынауыңызды да алыңыз, сізден маған ештеңе қажет емес, ертең бәрін мамама айтым» дедім. Ол сәл үнсіз отырды да «мен сені сүйіп қалдым» деп бас салып сүйе бастады. Қанша арпалысқанымызды білмеймін, әйтеуір біраз уақыт аймалап сүюмен болды. Құдай сақтап шешіндіруге талпынбады. Әлден уақытта барып үстімнен түсіп, бөлмеден шығып кетті. Мен жүгіріп барып есікті ішінен құлыптап алдым.

 

Ертеңінде анам кезекшіліктен келгенде, Мәлік аға жұмысқа кеткен еді. Оңаша қалған соң анама Мәлік ағаның қылықтарын айттым. Анам «мүмкін емес» деп менің айтқандарыма сене қоймады. Кешке Мәлік аға келген соң анам әңгіме бастады. Бірақ Мәлік аға мені кінәлап шыға келді. «Анама әкелген алтын сырғаны маған сыйласаң сендік болам деп өзі мойныма асылды. Егер көнбесең анама маған тиісті деп айтам» деп мені арандатпақшы болды дегенде төбемнен жай түскендей болды. Ең сорақысы анам менің емес оның сөзіне сеніп, «қызым-ау, қалай ғана сондайға бардың» деп жылап жіберді. «Анашым ол өтірік айтып отыр, маған сеніңіз» деген сөздеріме илана қоймады. Сол күннен бастап анам екеуміздің арамыз алшақтай бастады. Күннен-күнге жат болып бара жатқан сияқтымыз. Енді не істерге білмей басым қатып жүрмін. Анам оқып, мәселенің ақ-қарасын ажыратып, шындыққа көз жеткізер деген үмітпен болған жайды ашық жазып отырмын. Анам райынан қайтпай, бұдан былай да мені кінәласа, қайтем? Өгей әкем қылығын қайта бастаса не істеймін? Өкінішке ұрынбас үшін үйден кеткенім дұрыс па? Қандай кеңес бересіздер?

 

 

Ғалия

alashainasy.kz




Көрілген: 5154    Пікірлер: 0

сейсенбі, 10.08.2021, 14:41

Достарыңмен бөліс:





  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    16 Қыркүйек, 11:55
    Қайнымнан шаршадым...
    13 Қыркүйек, 14:35
    Тұрмысқа шығуға қорқам...
    9 Қыркүйек, 01:14
    Қайынағам қырындап жүр

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2021
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    2020
    2021
    қазан
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3
    4 5 6 7 8 9 10
    11 12 13 14 15 16 17
    18 19 20 21 22 23 24
    25 26 27 28 29 30 31