Отбасы - ошақ қасы

Ата-әженің немерені баурына басуы дұрыс емес екен...

  • https://egemen.kz/

    https://egemen.kz/

Қазақта немеренің үлкенін ата-әжесінің бауырына салатын қалыптасқан дәстүр бар. Осы дәстүрдің жақсы жағы да, жаман жағы да бар екен мен өз басымнан кешірдім. Бәлкім, біреулерге ой салар, біреулерге сабақ болар деп «Алаш айнасының» оқырмандарымен ой бөлісуді жөн деп таптым.

 

Мен үйдегі үлкен немеремін. Ата-анам жоғары оқу орнында студент болып жүрген кездерінде дүниеге келіппін. Анамның сүтін алты ай емгеннен кейін мені ауылдағы ата-әжем бауырына салған екен.

 

Әке-шешем оқуларын аяқтаған соң қалада қалды. Менен кейін сіңлім, бауырларым өмірге келді. Үлкендер мені бергісі келмеді ме, әлде ата-анам олардан батып сұрай алмады ма, ол жағын әлі күнге анық білмеймін, мен сол күйі ауылда ата-әжемнің жанында қалдым. Кіші әкемнің балаларымен бір үйдің баласындай тату-тәтті болып өстік. Кейде тіпті өз туған бауырларымнан гөрі солар маған етене жақын болатын. Ал жеңгемді анамдай көрдім, ол да маған туған қызындай қарады. Оның ұрысқанын мен кек көрмеймін, менің еркелігімді ол да көтерді. Тіпті әлі күнге солай.

 

Әкемді «папа» дегеніммен, анамды «мама» деп батыл түрде айта алмаймын, не атын атамаймын. Неге екенін өзім де білмеймін. Ауылға келгенде ата-анам менің бетімнен сүйіп, менің маңайымда айналсоқтап жүрсе, ата-әжем, әсіресе әжем қатты қызғанатын. «Шешеңді тапқансың ба, ей!» деген сөзінен қатты жасқанатын едім. Сосын ішімнен қалап тұрсам да, анамнан қашқақтайтынмын.

 

Анам ғана емес, нағашыларымның біріне де жоламадым. Нағашы әжемді тіпті «жек көретінмін», шындығында олай болмаса да өз әжеме солай етіп көрсетуге тырысушы едім. «Сенің ана жерің нағашы әжеңе тартып кетіпті, мына жерің ұқсап кетеді» деп өздері жақтырмайтын, ұнамсыз қылықтарым болса, соның бәрін нағашы әжеме ұқсатушы еді. Бара-бара мен расымен нағашыларым ең жаман адамдар секілді ойлайтын болдым.

 

Әжемнің анам туралы талай рет «салдақы қатын, төркіншіл неме, сайқалсыған қатын» дегендей сыртынан айтқан небір жаман былапыт сөздерін еститінмін. Сондайда әжемде деген өкпем қара қазандай болып тұрса да, білдірмеймін. Іштей шешем жайлы олай дегенін мүлде қаламай тұрамын, анамды жаман деп айтпаса екен деп отыратынмын.
Әке-шешем каникулда қалаға барған сайын «Айжан сіңліңмен бір мектепте оқисың, мектепке бірге барып-бірге келесіңдер, қаладан оқысаңшы» деп азғырады, бірақ мен көнбеймін.

 

Әрине, ата-анамды, бауырларымды да сағынамын, бірақ мен үшін бар қызық, бар қуаныш ауылда, ата-әжемнің жанында секілді.

 

Мектепті аяқтап, үлкен қалаға оқуға түскесін, анам жатақханаға артымнан жиі келіп тұрды. Ол кезде атам дүние салған, әжем қартайған, өздігінен көп жүре де алмайтын. Сондықтан маған деген сәлемдемесін беріп жіберіп, телефонмен айналып-толғанғаны болмаса, жиі көріспейтін болғанбыз. Анам байғұс шапқылап, әр келген сайын керек-жарағымды, киім-кешегімді әперіп кетеді. Анамды келгенде құшақтап, сүйгім келеді, кешкілік бауырына тығылып ұйықтасам деймін. Сырымды айтып, ашылып әңгімелессем деуші едім.

 

Бірақ соның бірін де жасай алмаймын, арамызда көзге көрінбейтін бір кедергі тұрады да қояды. Мен оны сол күйі жеңе алмай-ақ кеттім.

 

Кейде шешем туралы «Мені неге әкеліп тастап, алмай қойған? Әлде өзі тасбауыр болды ма екен?» деген де суық ой сумаң ете қалады. Бәлкім, әжемнің анам туралы айтатын сөздері рас па екен деп те күмәнданып қалатынмын. Әйтпесе, әжем бекерден бекер жаман сөз айтпайтын еді ғой дейді жаман ойым. Өз-өзіммен іштей арпалысып шаршадым.
Құрбыларымның өз аналарымен емен-жарқын сөйлесіп, анасына еркелеп отыратындарын көргенде ішімді қызғаныш оты жандырып жібереді, кімді кінәларымды білмей, іштей ыза боламын.

 

Осы есейген шағымда жеңгем «Сен ес кіргелі туғандарыңды тауып алдың-ау, ә? Біз жаққа каникулда келіп, ұзағырақ жатпайсың ба?» деп әжемнің сарынына салып, түйреп өтеді. Алғашында үндемейтінмін, кейін «осы сондай шымшыма сөздеріңізді қойсаңыздаршы» деп ондай сөзді жақтырмайтынымды айтып қалдым. Мүмкін, олар бой жеткен соң мінезі өзгерді деп ойлап жүрген шығар. Бірақ менің өзгеруіме бала күннен бері сезінген жайттарым, ес жиған шақта соның бәрін салмақтап, қорытқан ауыр тиіп жүр.

 

Мен үшін атам мен әжем бәрінен қымбат. Олар да пенде ғой, мені қатты жақсы көргендіктен, қызғанғандықтан солай еткен шығар, нағашыларына үйір болмасын деп олардан алшақтатқан шығар. Сондықтан оларды еш кінәламаймын.
Өзім студент кезде де тұрсы құрған талай құрбыларым оқып жүріп балалы болды. Бірақ сәбиін ауылға апарып тастаған ешқайсысын көрген жоқпын. Бәрі балаларын бауырынан шығарғысы келмейді. Оны кейде үлкендер «жап-жас болып, балажанын қарай гөр бұлардың?!» деп кінәлап жатады. Меніңше, оның еш сөкеттігі жоқ. Қандай қиындық болса да, баласынан алыстамаған ата-ананы қолдаймын. Өзім де тұрмыс құрып, балалы болсам, сәбиімді ешкімге бермеймін деп ойлаймын. Осы тұрғыдан келгенде ата-анама іштей өкпелімін.

 

Әке-шешеме, әсіресе анама туған анамдай қарай алмайтыным, нағашыларды не жақсы көре алмайтыным, не жек көре алмайтыным, сіңлім мен бауырларыммен етене араласа алмайтыным – бәрі – бәрі менің жаныма батады.

 

Мені неге өздеріңнен алыстаттыңдар, әке, ана?

 

Айғаным НҰРЫМБЕТОВА, Талдықорған. 

alashainasy.kz/




Көрілген: 947    Пікірлер: 0

жұма, 18.09.2020, 13:08

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    17 Қазан, 22:10
    Баланың киесі ұрады
    10 Қыркүйек, 16:15
    Әйелдің өлімі...

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2020
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    2020
    қазан
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4
    5 6 7 8 9 10 11
    12 13 14 15 16 17 18
    19 20 21 22 23 24 25
    26 27 28 29 30 31