Отбасы - ошақ қасы

Әттең... Бар қызық соның құшағында тұрғандай құлшындым

  • https://zen.yandex.ru/

    https://zen.yandex.ru/

Бүгінде көп адамдар бай болсам деп жатса тұрса армандайтыны шындық қой. Бірақ дүниенің бар тұтқасы байлықта емес екендігін түсінсе деймін. Мұны өз басымнан өткеннен кейін айтып отырмын. «Отбасы – ошақ қасы» айдарының оқырмандарымен жаныма жай таптырмаған жәйтті бөліссем деп едім...

 

Әйелім екеуміз студент кезімізде бас қостық. Белгілі ғой бірде бар, бірде жоқ, бірде аш, бірде тоқпыз. Менің де, жұбайымның да ата-анасы қарапайым ғана отбасы. Бөліп беретіндей артық дүниелері де жоқ. Олардан қайран жоғын ұғынып екеуміз де тырбанып, тірлік қылып тұрып жаттық.

 

Оқуымызды бітіріп дипломымызды да қолға алдық. Мен әупірімдеп жұмысқа ілігіп кеттім мамандығым бойынша. Ал әйеліме ә дегенде жұмыс табыла қоймады. Тиіп қашып бірде анда, бірде мұнда жұмыс істеп нан айыратындай нәпақа тауып жүрді. Менің де жұмыс істеп жатырмын деген атым ғана. Тапқаным пәтерақыға әзер жетеді. Кейде бір тілім нан мен қара шәйды ғана қанағат тұтып ашқұрсақ жүремін. Үйде де сол, әйелім кеспе кесіп айран қатып кеспе көже жасап қояды. Етті түсімізде ғана көреміз.

 

Арада екі жыл уақыт өткенде әйелім егіз ұл тапты. Жағдайымыз жақсарып кеткені шамалы, қайта бұрынғыдан да қиналып кеттік. Қосымша жұмыс істеуіме тура келді. Бір жоғарғы оқу орнында оқытушымын, екінші жекеменшік оқу орнында қосымша ақы үшін істеп жүрдім. Қара жұмыс та қолымнан келер еді-ау бірақ бес жыл бойы көз майымды тауысып жүріп әзер қол жеткізген дипломыма обал деп ойлап қоямын.

 

Әйелім екі баланы жетілдіріп, бақшаға беріп ол да жұмысқа шықты. Үш жақтан айлық келіп тұрған соң өзімізге жағдай оңалған сияқты, бірақ балалар өскен сайын шығын да арта түседі екен. Келесі айлыққа әзер ілігеміз. Мұндай бітпейтін шаруалардан шаршап та кеткендеймін. Одан қалса әйелімнің анаған жетпейді, мынаған жетпейді деген қиқуы да титықтата бастаған. Өстіп бірсыдырғы өтіп жатқан күндерімді күрт өзгерткен оқиға орын алмағанда, өмірім сол баяғы ағыспен аға берер ме еді?...

 

Жоғарғы оқу орнында өзіммен бірге істейтін әріптестерімнің арасында күйеуден шыққан жалғызбасты әйелдер көп. Солардың арасында Айна есімді келіншек маған үнемі басқаша көзқараспен қарап, еліте берді. Естуімше екі баласымен ажырасып келген. Әкесі лауазымды қызмет атқаратын көрінеді. Бөлім бастығы болып істейтін Айна көп өтпей-ақ декан болып шыға келді. «Жап-жас басымен мынаны қара» деп сыртынан сыпсыңдап өсек айтушылар көп. Бұл да ештеңе емес, Айнаны көп өтпей-ақ жоғары оқу орындарының біріне ректор боп барады екен дегенді есіттік.

 

Жалпақтаушылары көп, жағымпазданушылары одан да көп Айнамыз күннен күнге тым әдеміленіп бара жатты. Ұжымдағы еркек біткеннің аузында сол. Жүрген жүрісі, киген киімі, қылықтарына дейін тамсанып айтып отырғандары.

 

Күйбең тірліктен үнемі шаршап жүретін мен олардың сыпсың сөздеріне қосыла бермеймін. Бірақ еркек емеспін бе бұл өзгерісті де байқап жүремін. Ұжым болған соң кештер, туған күн деген көп болатыны белгілі емес пе? Айнаны биге шақырғысы келіп, бір жанасқысы келіп тұратындардың көп екенін байқаймын. Сондай кештердің бірінде менен түк шықпасын білді ме Айнаның өзі келіп мені биге шақырды. Ұршықша үйіріліп билейтін Айна расында мені бірден баурап алды. Оған күннен күнге бауыр басып бара жатқанымды байқамай да қалдым. Әйелімді де, бала шағамды да ұмыттым.

 

Бір жолы Айна бірнеше әріптесін туған күніне үйіне шақырды. Ата-анасы өте зиялы жандар екен. Аға-әпкелері де оқыған инабатты жандар екен. Ал осы әулеттің қыздарын алған күйеубалалары шетінен шенеунік көрінді. Әрине қайын аталарының арқасында. Өтірік айтпай-ақ қояйын ойым дәп осы жерде бұзылды. Анау жетпейді, мынау жетпейдіден әбден шаршап жүрген басым мынадай ғажайып өмірді көріп қызыққаным да рас. Содан бастап Айна екеуміздің арамыз тіптен жарасым тапты.

 

Дүниені ұмытқам. Бар қызық, бар қуаныш соның құшағында тұрғандай құлшындым. Оның ар жағында байлықтың, биліктің де ауылы алыс еместігін сезетінмін. Қысқасы әйелім мен бала-шағамды тастап Айнаның қолына кіріп алдым.

 

Күшік күйеу деп күлгендерді қаперіме де алмадым. Содан қызық та қуанышты күндерім басталды. Айнаның бұрынғы күйеуінен екі қызы бар. Оларды жатсынбай бауырыма бастым. Не ішем, не киемін демеймін, бәрі дайын. Астыма көлік те алып берді. Айнаның табысы жетіп артылады, әке-шешесінің әрдайым қосымша көмектесіп тұратыны тағы бар.

 

Арада алты ай өткенде қайынатам шақырып жатыр дегенді естіп екі өкпемді қолыма алып жеттім. Қуанышты жаңалық айтатыны бесенеден белгілі еді. Көзді ашып-жұмғанша білдей бір оқу орнының деканы болып шыға келдім. Ал Айна өсекшілердің жаңалығын расқа шығарып бір оқу орнына ректор болып тағайындалды. «Балам әзірге осында тәжірибе жинай тұр, ректорлықтың да ауылы алыс емес» деген қайынатамды тіптен сүйіп ала жаздадым. «Қатын алма қайын ал» деген осы білем.

 

Қуаныштан есім шықты. Айна бай ата-анасының арқасында шалқып өмір сүріп қалған үйде бірде-бір тірлік істемейді, бәрін үй қызметшілері істейді. Бірі тамақ істейді, бірі кір жуады, бір үй жинайды, тіпті киім үтіктейтін қызметшісі де бар. Өзім ұзын бойлы, біркөрім көркім бар, Айна күйеуің қайсы дегенде ұялмай көрсетейін деп әдейі таңдаған-ау деген ойға келдім. Өйткені біздің ұжымда бойдақ жігіттер жетерлік-тін. Айтып айтпай не керек Айнамен үйленгелі жұмақ өмірге күмп еткендей болдым. Ешқандай таршылық жоқ, қалаған уақытымызда шетелге ұшып кетіп демалып қайтамыз. Анау жоқ, мынау жоқ дегенді ұмыттым.

 

Айна енді бала таппаймын деп ашығын айтқан. Оның мұнысынан іш тартып қалсам да қызық өмірдің қызуы біраз ұмытттырғандай да болған. Алға қойған мақсаттарымның бәрі орындалды. Қарапайым адамның түсіне де кірмейтін барлық дүние менде бар. Ештеңе ойламай алаңдамай жүргенде жасым қырықтың бел ортасынан да асып қалыпты. Ал Айнадан әлі күнге балам жоқ. Ол айтқанында тұрып бұл жағына бас қатырып та жүрген жоқ.

 

Ізімді жалғастырар ең болмаса ортақ баламыз болса деп армандап қоямын. Осындайда баяғы егіз ұлдарым есіме түседі. Алимент төлеп тұрғаным болмаса олардың жағдайын бір рет болса да барып көрген емеспін.

 

Қартайғаным ғой оларды қатты сағынып жүрмін бұл күнде. Қанаты қатаймаған шағында тастап кеткеннен кейін олар мені кешірмейтіні анық. Бірақ кім білген әкеміз ғой деп кешірген де болар. Бірақ алдарына баруға бетім жоқ.

 

Бүйткен байлығы бар болсын деп безініп кеткен жайым бар. Қазір жалғыз өзім тұрам. Баланың орнын байлық баса алмайды екен бәрібір. Менің қателігімді кейінгілер қайталамаса екен деймін...

 

 

 

Бекжан

alashainasy.kz




Көрілген: 5316    Пікірлер: 0

сейсенбі, 04.05.2021, 17:16

Достарыңмен бөліс:



  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    25 Шілде, 23:38
    Көгілдір көзді қыз
    18 Шілде, 00:13
    Енем мезі етті
    3 Шілде, 11:52
    Екеуін де сүйемін
    10 Маусым, 09:11
    Байлыққа қызығып,...
    31 Мамыр, 12:57
    Ана сатып аламын...

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2021
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    2020
    2021
    шілде
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4
    5 6 7 8 9 10 11
    12 13 14 15 16 17 18
    19 20 21 22 23 24 25
    26 27 28 29 30 31