Отбасы - ошақ қасы

Әйелдің өлімі...

  • https://alashainasy.kz/

    https://alashainasy.kz/

Әңгімемді бастамас бұрын айтарым, бұл ойдан шығарылған аңыз емес, болған оқиға, сеніңіздер. Әйелдерге сабақ болар деген оймен қолыма алдым.

 

Ол кезде мен 9-шы сыныпты тәмәмдап жатқанмын. Ата-анам міне бірнеше жыл болды, мал бағуды кәсіп етіп жүр. Ал мен аудан орталығындағы екі бөлмелі пәтерде бір туысқан апайыммен тұрып жаттым. Жаз шыға менің де малдағы үйге баратын дағдым бар. Әке-шешемнің көршілері ұзақ тұрақтамайтын, яғни жапсарлас соғылған тоқал тамда тұратын малшылар қателеспесем, жыл да ауысатын. Мен білмесем де, ата-анам оларды танитын. Сол өңірдің адамдары ғой барлығы.

 

Дәстүр бойынша бұл жолы да оқу жылы аяқталысымен малдағы үйге келдім. Үйге кірмей жатып көрші үйдегі адамдарға назар аудару - менің бұрынғы әдетім. Өйткені малшылар жастар болса жақсы, ішің пыспайды. Көршілеріміз 30-35 шамасындағы жандар болып шықты. Қуанып қалдым. Бірақ бекер екен.

 

Көрші келіншектің есімі – Гүлбақыт. Күйеуі – Арман, көк соққан біреу. Төрт балалары бар. Бірден байқадым, Гүлбақыт өте жуас әйел. Тағы бір аңдағаным, жанарын терең мұң жайлаған.

 

Бірде анам ас үстінде отырып, әкеме «Гүлбақыт соңғы кездері бір түрлі болып жүр. Анау жолы күйеуі сабап тастағанда балаларын алып шешесіне барған екен, бір түн де қондырмай қойыпты. «Сенің төрт балаңды асырайтын жайым жоқ» десе керек» деген әңгіменің ұшын тарқатты. «Бәсе» дедім іштей.

 

Осында келгелі бір апта өтпей жатып ұққаным, Арман Гүлбақытты жиі ұрады. Жай ұрса мейлі ғой, аяусыз. Атпен шауып бара жатып, қамшымен неше мәрте салып-салып қалғанын өз көзіммен көрдім. Гүлбақыттың шырылдаған жан дауысын естіп, мен де жүгірдім, қалбалақтап анам да үйден атып шықты. Сол күні кешке қарай әкем Арманға қатты ұрысты.

 

-Мұныңды қоймасам, мен совхоз директорына шағымданамын. Қыста сенің кесіріңінен ауруханада жатып, әрең ес жиғанын ұмыттың ба?! Өлтіресің ғой, сорлы баланы, - деп әкем қаһарын төккен еді, әйеліне ғана дәу әлгі жер шұқыды да қалды.

 

-Ішімдіктің кесірі ғой. Не істеп, не қойғанымды білмей қаламын, - дейді міңгірлеп.

 

-Ондай болса, ішпе! – деді көзі сұстанып кеткен әкем ызғарлы дауыспен.

 

Күндер өтіп жатты. Арман әйелін соғуды тоқтатпады. Әкем шыдай алмай, совхоз директорына айтып берді бәрін. Директор ауылға шақырып алып, Арманды «тәртіпке» салған болды, әрине. Алайда оның момақан күйі ұзаққа бармады. Содан кейін арада екі айдан аса уақыт өтті-ау деймін шамасы. Бірде Гүлбақыт екеуміз шай ішіп отырғанбыз. Арман кіріп келді үйге. Қабағы қатулы. Мен тұрып кетуге оңтайланып едім, Гүлбақыт «отыра бер, шайыңды ішпейсің бе?» деді, қарасам көзінен «кетпеші» деген сөзді оқыдым. Қайтып отырдым. Гүлбақыт күйеуіне тамақ салып берген еді, әлгі қасықты аузына апарды ма, жоқ па білмеймін, «мынауың суып қалған ғой» деп аюдай ақырып, орнынан атып тұрды да, қазанды аяғымен төңкере салды. Ол аздай ділірдеп-қалтырап кеткен Гүлбақытты бүйрінен бір тепті де, сыртқа атып шықты. Гүлбақыт тіпті көзіне жас та алмады. Меңірейген күйі орнынан тұрып, дастарханын жинай бастады. Ал мен көзім бақырайып, тілім байланған бойда үйден шығып кеттім. Береке-бірлік, сыйластық, татулық орнаған үйде өсіп жатқан мұның барлығы маған қорқынышты түстей көрінді.

 

Шешемнен бір күні «Гүлбақыт неге милицияға арыз жазбайды?» деп сұрадым. «Милиция не істей қояр дейсің? Ал ана жексұрын Гүлбақытты өлтіруден тайынбайды сол үшін» деді шешем.

 

Гүлбақытты қатты аядым. Шарасыздақ емей немене бұл? Шешілмейтін түйін жоқ деп жатамыз, бірақ Гүлбақыттың тәлкек болған тағдырының тығырыққа тірелгені анық. Шешесі қол ұшын бермегенде оған кім пана болмақ? Не білімі, не жұмысы жоқ ол қалай күн көрмек? Қазір біліп жүрмін, Гүлбақыт сол кезде қатты күйзелісте жүрген екен ғой.

 

...Тамыз айының орта шені болатын. Сол күні таңертең сағат 9-дар шамасында тұрдым. Гүлбақыттың балалары аулада ойнап жүрді. Үлкен қызы сол кездері қателеспесем 10-12 жас шамасында болатын. Ең кішкентайы әлі бір жасқа да толмаған еді. Шешем ертемен әкеме көмектесіп, малдарды жайылымға айдап кетті. Бірақ күндегідей көп кешікпей келді.
Келген бойда «Гүлбақыт көрінбейді ғой» деді. Мен де алаңдай бастадым, өйткені ол әдетте ерте тұратын. Үлкен қызы «білмеймін, тұрсам үйде жоқ» деді. Бір кезде шешемнің көзі есігі ішінен ілініп тұрған қазақ үйге түсіп, түрі бозарып кетті. Бір сұмдықтың болғанын ішім сезді. Шешем сүріне-қабына киіз үйдің есігіне жармасқан еді, іштен ілініп тұр екен. «Гүлбақыт!» деп ол шар ете қалды.

 

Сөйтсек, марқұм Гүлбақыт киіз үйдің есігін ішінен іліп алып, өзі қабырғаға жақын отырған бойы аңшы мылтығының бір басын кергеге тіреп, аяғының үлкен башпайымен шүріппесін басып қалған. Шешем киіз үйдің есігін жаба қойып, «тоба, тоба» дей береді. Бірақ бізге ештеңе көрсетпеді.

 

Гүлбақыттың өліміне себепші күйеуі екендігі айтпаса да белгілі. Алайда ол жайында ешкім тіс жармады. Оған дәйекті дәлел де жоқ. Әке-шешем көп бөгелместен ол ауылдан көрші совхозға көшіп кетті. Кейін естідік, Арман төрт бірдей баласын жан-жаққа таратып, екінші рет үйленіпті. Ол әйелі бетпақтың нағыз өзі екен, Арман оның алдында құрдай жорғалайды деседі.

 

Күйеуінің тепкісіне шыдап жүре беретін әйелдер әлі де бар. Соларға сабақ болар деген оймен жазып отырмын бұл оқиғаны. «Алаш айнасының» осындай рубрика ашқандары дұрыс болды. Ел ішінде не болмайды? «Отбасы - ошақ қасы» біреуге сырлас болса, біреуге жөн сілтер. Түрлі оқиғаларды оқи отырып, біреудің біреу сабақ алары сөзсіз.
Жамал

 

(Белгілі себептермен өзімнің де, кейіпкерлердің де аты-жөндерін өзгерттім).

 

 alashainasy.kz/




Көрілген: 1208    Пікірлер: 0

бейсенбі, 10.09.2020, 16:15

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    17 Қазан, 22:10
    Баланың киесі ұрады
    10 Қыркүйек, 16:15
    Әйелдің өлімі...

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2020
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    2020
    қазан
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4
    5 6 7 8 9 10 11
    12 13 14 15 16 17 18
    19 20 21 22 23 24 25
    26 27 28 29 30 31