Отбасы - ошақ қасы

Басқа ұлт өкілімен бас қостым

  • www.islam.ru

    www.islam.ru

«Алаш айнасы» порталының оқырмандарына басымнан кешкен жайтты айтып, бір шер тарқатсам деп едім.

Бірінші некеден екі қыз, бір ұлым бар. Тағдырдың жазуы шығар, күйеуім 36 жасында жол апатынан көз жұмды.

Күні-түні жыладым, жоқтадым, қабырғам қайысты, бірақ тірі адам тіршілігін жасайды ғой, өмір жалғасты. Балалар да есейді, өз-өзіне қарайтын, өзіне өзі жауап бере алатын жасқа жетті. Алды жоғары сыныпта оқиды, кейінгілерінің өзі көмекші болуға жарады.

Осыларды асыраймын деп көп қиындық көрдім. Бірнеше жерде жұмыс істеп, тәуліктеп үй көрмей кеткен кездерім де болды. Бір жерде корректорлық жұмыс істесем, енді бір жұмысым баспаханада еді. Үшіншісі - үлкен сауда нүктесінің еденін жудым. Үшеуіне бірдей үлгеру қиынның қиыны. Дегенмен Құдай берген қуаттың арқасында шапқылап жүрдім.

Қала болған соң, балалардың қажеттілігі де көп, қосымша сабағының ақысының өзі не тұрады?! Мектепке жинайтын қаражаттары тағы бар. Қыздар болған соң ұсақ-түйекке дейін түгендеп отыруың керек. Несін айтасың, арқа етім арша, борбай етім борша болып жұмыс істедім.

Арасында үйге қайын енем келіп біраз балалардың қасында болып кететін. Қанша менің жағдайымды біліп тұрғанымен, менің ерте кетіп, кеш қайтатын жұмысымның жайын түсіне алмады. Мен алдымен ертеңгі сағат 11-ге дейін сауда орнында, кешкі 17-ге дейін редакцияда, ал одан кейін түннің бір уағына дейін баспаханада болатынмын. Кейде баспаханадан шығатын басылымдарды түнгі 12-1-лерде бірақ басып боламыз. Ондайда баспахананың көлігі үйді-үйімізге таратып, жеткізіп салады. Сондай күндердің бірініде қайын енем үйде болатын. Түнгі 1-лер шамасында ауланың алдына келіп, көліктен түсіп жатсам, енем далада отыр. «Апа, түн ішінде неге далада отырсыз?» деймін. Сөйтсем, жылап отыр. Алғашында түсінбей қалдым. Сөйтсем: «Сенің жүрісің мынау. Тым құрыса балаларды неге ойламайсың? Түннің бір уағына дейін неғылған жұмыс сенікі?» демесі бар ма? Қапелімде не айтарымды білмей меңірейіп қалдым. Анау-мынау деп ақталып жатқым келген жоқ. Үнсіз үйге кіріп кеттім де, жатып қалдым.

Осы жайт менің жанымды қатты жаралады. Бәрін ашып айтып, енеммен әңгімелескенге менің зауқым соқпады. Менің тіршілік үшін жанталасқан болмысымды соншалықты төмен деңгейге түсіргеніне іштей қатты назаландым. Әйтпесе, бір емес, бірнеше жерде жұмыс істейтінімді білмейді емес, біледі ғой.

Сонымен енем қабағы түсіңкі күйде елге қайтты. Мен де ашылып ештеңе демедім. Ол жақтағылар бірте-бірте үйге келуді доғарды. Тек телефон соғып, балаларды іздеп, елге шақырып тұратын.

Күйеуімнің қазасына 8 жыл толғанда мен өзімді түсінетін бір адамды жолықтырдым. Оның ұлты басқа. Бірақ жан дүниеміздің үйлесетіні сонша, бір-бірімізбен үнсіз ұғысатынбыз.

Ол да мен жұмыс істеген баспаханада еді. Алғашында мен оған мүлде мән бермейтінмін. Бірақ, менің жан қиналысымды, ешқайда мойын бұруға мұрша бермейтін тіршілігімді көзімен көріп жүріп, түсіністік танытып, маған деген жанашырлығын байқатып жүрді.

Қалай екенін өзім де білмеймін, сандаған жылдарым ер азаматтың жылуын сезінбей өткендіктен бе, сол жанның тарапынан байқалған мейірім мен жылылық мені еріксіз өзіне баурап алған шығар деп ойлаймын.

Менің қашанда асығыс, жанталасып жүретін тірлігімді көріп, кейде менің жұмысымды - баспаханадан шыққан басылымдардың санап, таратылу нүктелері бойынша жіктеу жұмысын өз мойнына алып, «сен алаңсыз бара бер, болғанда мен саған хабарласып, істі қалай орындағаным туралы рапорт беремін» деп қалжыңдайтын.

Сонымен осы байланыс бірте-бірте жақындыққа ұласты. Оның үстіне оның да жұбайы қайтыс болған, екеуміздің қайғы-мұңымыздың ортақтығы да бізді біріктіре түсті ғой деймін.

Бірақ балаларым қалай қабылдар екен, қайын жұртым не дейді, маңайымдағылар не ойлайды деп қатты алаңдадым. Дегенмен оның маған деген ақжарма көңіліне, ыстық ықыласына қанша қарсы тұрғым келсе де, қарсы тұра алмадым.

Ұлым, әрине, бірден құптай қойған жоқ. Ал қыздарым онымен танысқан соң жақсы адам екеніне көздері жетіп, қолдайтындарын білдірді.

Сөйтіп, біз бас қостық. Қайын жұртымның төбе шашы тік тұрды. «Ауылдағыларға не бетімізді айтамыз? Даңғарадай қаладан бір қазақ таппаған ба? Ұлымыздың аруағы да назаланып жатқан шығар? Сұмдық-ай, сұмдық» деп, менің ауылда тұратын әпкемнің үйіне барып біраз шулатып кетіпті. Әпкем: «Ештеңе дей алмай жер шұқып үнсіз тұра бердім. Сен де бізді жерге қараттың ғой», - деп өзімді кінәлады. Қойшы, сонымен қыздарымнан басқа мені түсініп, қолдаған бір пенде болған жоқ.

Бірақ, мен қиналғанымда қол ұшын бермеген, тіпті жылы сөзімен қолдау білдірмеген адамдардың табалағанын мен неге көңіліме алуым керек?! Неге бақытты болудың қатып қалған үлгісімен ғана бақытты болуым керек? Мені осындай ойлар батыл болуға жетеледі.

Бүгінде, Құдайға шүкір, ел қатарлы ғұмыр кешіп жатырмыз. Бір-бірімізге сүйеу болып, бірімізді біріміз толықтырып келе жатырмыз. Қазір, бұрынғыдай емес, жаным тынышталғандай, көңілім орнына түскендей. Кейде оның басқа ұлт екенін ойлағанда «Ол да Алланың жаратқан пендесі ғой. Азаматтығы қай қазақтан кем болып тұр?! Бұл да Алланың жазғаны шығар» деп өз-өзіме дем беріп, шүкірлік етемін.

Алғашында жиын-тойларға бірге баруға қысылатынбыз. Қазір бәрі реттеліп келеді. Ол қазақтың салт-дәстүрін, жоралғыларын біраз үйреніп қалды. Біздің ұлттық ерекшелігімізге құрметпен қарайды, мен де оның ұлтында қалыптасқан дәстүрлерді оның орындап жүруіне жағдай жасап, түсіністікпен қараймын. Арамызда әлі күнге дейін екеуміздің екі ұлт болғанымызға қатысты түсінбеушілік болып көрген жоқ, бұдан кейін де болмайтын шығар деп ойлаймын. Өйткені барлығы адамның өзіне байланысты ғой.

Автор: Қарагөз, Қарағанды




Көрілген: 2161    Пікірлер: 0

сәрсенбі, 24.09.2014, 14:20

Достарыңмен бөліс:

2
  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    18 Қыркүйек, 11:18
    Төркініме кетіп барамын
    17 Қыркүйек, 11:48
    Кеш оянған махаббат
    12 Қыркүйек, 10:23
    Бәрінен шаршап кеттім
    8 Қыркүйек, 18:03
    Мен бөлеме ғашықпын...

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    қыркүйек
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1
    2 3 4 5 6 7 8
    9 10 11 12 13 14 15
    16 17 18 19 20 21 22
    23 24 25 26 27 28 29
    30