Отбасы - ошақ қасы

Байдың азабынан да баланың азабы қиын екен...

  • Байдың азабынан да баланың азабы қиын екен...

    Байдың азабынан да баланың азабы қиын екен...

Әйел байғұстың көрмейтіні де, көнбейтіні де жоқ. Өмірдің небір қиындықтарына сынбай, небір дауылдарына қыңбай өткенмен, бәрінен де жасамыс тартқан шағыңда баладан көрген азабың жаныңа қатты батады екен.
Өз басымдағы жайттарды айтып, «Алаш айнасының» оқырмандарымен сыр бөліскім келді. Бәлкім, араларында мен секілді қиналып жүргендері де бар шығар, мүмкін өз ойларын ортаға салып, кеңес берер деген де үмітім бар.
Өзім 18 жасымда сүйдім-күйдім деп, ауылдағы өзімнен бес жас үлкендігі бар жігітке тұрмысқа шықтым. Шашын артқа қайырып тастаған, өзі бір сері жігіттей көрінді. Әке-шешемнің қарсылығына қарамай тұрмысқа шықтым. Үйінің үлкені болған соң көп ұзамай бізді бөлек шығарды.
Алғашында бәрі жақсы еді, бірте-бірте оның үздіксіз арақ ішуі үнемі мені таяққа жығуымен тынатын болды. Балаларды осындай ұрыс-керісті көп көрмесінші деп, ата-енемнің үйіне жіберемін көбінесе. Ертеңінде көгерген көзім де, денемдегі көгала іздер де маған оны кешіруге кедергі жасамайтын. Түк болмағандай бәрін ұмытып кететін едім.
 
Күйеуіммен арпалысып жүріп, мұғалімдік оқуды сырттай бітіріп алып, мектепте жұмыс істедім. Көгала түріммен мектепке қалай барамын деп уайымдайтын кездерім де көп болды. Мұғалімдер мен оқушылар да менің қырық сылтау айтатын өтірігіме үйреніп алған, бетіме қарап сенгендей кейіп танытқанымен, іштерінен бәрін біліп тұрады. Оған менің де етім үйренген, үйренбегенде қайтемін, басқа шарам болмаса.
Шынын айту керек, күйеуімді өзімнің ақ төсегімде өзге әйелмен ұстап алған кезім де болды. Сонда ол өзін кінәлі сезінбей, ескертпей кіріп келген мен кінәлідей, таяққа жығатын, сол бір жолы ашуы бұрынғыдан бетер болды ма, білмеймін, мені тепкілеп салды. Тұруға әл-дәрменім жоқ. Ол сол күйі әлгі әйелмен бірге шығып кеткен. «Осы үйден мен келгенше көзіңді жоғалт. Әйтпесе өлтіремін» деп кетті.
Содан сүйретіліп орнымнан тұрып, түнделетіп, сол ауылдағы әпкемнің есігін қақтым. Менің мына түрімді көрген әпке-жездем ашудан қалтырап кетті. Мені ішке кіргізіп, «оны соттатамын, кімді басынып жүр» деп әпкем бір жағынан, «саған істегенін өзіне істемін, өлтіремін» деп кіжініп жездеп жүр.
Бірақ мен оны сонда да жамандыққа ішім қимай тұр. «Жоқ, оған ештеңе демей-ақ қойыңыздар. Ол мас, есін білмейді ғой» деп ақтап жатырмын. Ал әлгі бөтен әйел туралы тіс жарған жоқпын. Оны естісе, туыстарым тіпті өршеленіп кетеді ғой. Оның үстіне ертең қайта татуласамыз, оны жаманатты қылып қайтейін.
Бірақ осы жолы әпкем мені жібермеді. Іздеп ол да келмеді. Ертеңінде екі әпкем өзара келіскен болуы керек, мені басқа ауылдағы емші апаға алып барды. Ол кісі мені көрген бетте «Туу, балам-ай, маңдайыңның соры ашылмаған біреу екенсің. Сені өле-өлгенше ажырамайтын етіп дуалап тастапты ғой. Дуа асыңмен бірге денеңе сіңіп кетіпті. Оқыған неміс кемпірі екен. Мен қайтара аламын ба, жоқ па, білмеймін. Шамам келгенінше көрейін» деді. Мұны естіген мен тіпті шошып кеттім. Сол жерде апаға да, әпкелеріме де ұрсып «Сендер мені ажырастырайын деп әдейі істеп жүрсіңдер ғой. Мен өлсем де ажыраспаймын» деп әлгі үйден бетпақтанып жүріп шығып кеттім.
Осы жағдайдан кейін мені таяқтап жатсын, басқа жағдай болсын, әпкелерім менің өміріме кіріспейтін болды. Қанша өлімші етіп сабап жатса да, үйден аттап шықпайтын болдым, себебі енді әпкеме барсам, «осыны тілеген өзің болатынсың, енді несіне келдің» дейді ғой?!
Сонымен ойлап қарағанға азапты, бірақ мен үшін шыдауға болатын азапты күндер артта қалып, қос ұлым ер жетті. Ұлдар есейген сайын күйеуімнің қол көтеруі азайды, тіпті қол көтермейді десем де болады.
Бірақ көңілім енді тынышталды-ау дегенде, бұрынғыдан бетер азабым басталды.
Кіші ұлдың да араққа үйірсектігі байқала бастады. Бірте-бірте көшеде төбелесіп, біреудің мұрнын бұзып, басын жарып, істі болды. Әке-көкелеп жүріп, беретінімізді беріп, қамаудан шығарып алдық.
Ауылда жұмыс жоқ, сол үшін де зерігіп ішетін шығар, бұны қалаға жіберейік деп қалаға жұмысқа жібердік. Ол жақта да тыныш жүрмей, күйеуі бар әйелмен әуейі болып, оны күйеуі біліп қойып мұны аяқмай соққыға жығып, ауруханада жатқанында бірақ білдік.
Одан жазылып шыққасын, мұны тұрақты жұмысқа орналастырмасақ болмас, деп білдей бір мекеменің күзетіне кіргіздік. Ол жерде де береке таппады. Күзет кезегінде ішіп кетіп, мекемені қараусыз қалдырғандығы әшкереленіп, тағы да жұмыстан шығып кетті.
Қойшы, әйтеуір кіші ұлдың жыры бітпеді.
Мүмкін үйлендірсек жындылығын қояр деп өзінің қалаған қызына үйлендірдік.
Әкесінің жас күніндегі қалпынан айнымай қалғанын енді байқадым, келінді күнде төмпештейді де жатады. Ол да біреудің аялаған баласы емес пе, менің жаным ашиды. Екеуінің араларына түсемін. Сөйтіп жүргенде талай рет ұлымның маған да қолы тиді. Өз балам ғой, қайтемін, оған да көндім.
Бірақ келінім қашанғы шыдасын, жиі-жиі үйіне кетіп қалады. Мен барып жалынып-жалпайып қайта алып келемін. Қазір төрт балалы болды, бірақ әлі күнге сол әдетін қойған жоқ.
Қазір «Ұлың көшеде арақ ішіп жүр екен», «Ұлың жас балалардың жанында ішіп отыр», «Ұлың пәленшенің үйіндегі тойда тәлтіректеп жүр» деген сөздерін естісем, жүрегім шым етіп, қан қысымым жоғарылап кететін болды. Әкесіне «Бар, ертіп келсеңші» десем, оған түк әсер етпейтіндей «Қайда барады дейсің, келеді ғой» деп бүк түсіп жатады да қояды. Қашан ұл келіп, төсегіне жантайғанша, жаным шығардай әзер шыдаймын.
Соңғы кезде жүрегімнің ұстамасы да ұстап қалатын болып жүр. Дәрігерге қаралып едім, «Елуге толмай жатып, жүректі сонша қартайтып жіберіпсіз ғой» дейді қалжыңдап. Біреуге қалжың, біреуге қайғы.
Баяғыда апаларымыз «Байдың азабын көрдік, енді баланың азабын көрсете көрме» деп Тәңірден тілеп отырушы еді. Соның мәнісін енді түсіндім. 

Автор: Гүлнар, Қаскелең




Көрілген: 2068    Пікірлер: 0

бейсенбі, 29.10.2020, 20:46

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    17 Қазан, 22:10
    Баланың киесі ұрады

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2020
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    2020
    қараша
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1
    2 3 4 5 6 7 8
    9 10 11 12 13 14 15
    16 17 18 19 20 21 22
    23 24 25 26 27 28 29
    30