Отбасы - ошақ қасы

Байдың баласы деп, сүйгенімнен бас тартқаныма өкінем...

  • https://zen.yandex.ru/

    https://zen.yandex.ru/

Жоғарғы оқу орнында оқып жүргенімде қасымдағы құрбы қыздарым керемет болып шықты. Артық ауыс қылықтары жоқ, ауылдан шыққан, ауызбіршілігіміз бір болды. Басқа бөлменің қыздары ауыздарынан арақ сасып, темекі бұрқыратып жүрсе біздің қыздардың бірі ондайға жолаған жоқ. Оқу бітіргенше түнгі клубтың табалдырығынан аттамай-ақ кеттік қой.

 

Төртеуміз жұбымыз жазылмай қайда барсақ та бірге жүретінбіз. Арамыздағы ең сұлуымыз Жанар бір жігітпен танысып жүре бастаған-тын. Жігіт те сәні келіскен, екеуі бір біріне жарасымды жұп еді. Берікбол байдың баласы, паңдығы, тәкәппарлығы бір басына жетіп артылады. Өзімбілермендігі бір төбе. Қасына бір қора жігіт ертіп жүретін ол ішімдікке де әуес-тін. Жанарға әлі де ойлансаңшы дестік. Бірақ ол сүйдім, күйдім деп Берікболдың етегінен ұстады.

 

Тойлары қаладағы ең қымбат мейрамханада, елдің есінен кетпестей ерекше өтті. Шетелден әншілер келді, өзіміздің жұлдыздарымыз да сонда өріп жүрді. Бір байқағаным жігіттің ата анасы құдаларына аса ықыласты емес, менсінбей қарағандарын анық байқадым. Әйтеуір баласы үшін амал жоқ көнгендей сыңай танытты. Аралары жер мен көктей екені көзге ұрып тұрды.

 

Сол тойда Нұржан есімді жігітпен таныстым. Берікболдың жолдасы екен. Келісті келген жігіт сол кругтың адамы-тын. Ұнап қалса да сыртқа сыр алдырмадым...

 

Сол содан Жанарымыздың жыры басталды. Үйленгендеріне бір ай толмастан олар бал айын өткізу үшін алыстағы аралдардың біріне аттанды. Жанар үнемі хабарласып тұрады. «Қыздар өң мен түстің арасында жүргендеймін. Өмірімде көрмеген ғажайыптарды көріп басым айналды. Түк көрмеген екем. Енді көзім ашылғандай...» дейтін. Ол жақта түскен суреттерін көріп аузымыз ашылды. Бәріміздің де жағдайымыз белгілі. Орта шаруадан шыққанбыз. Түсімізде де көрмеген мынадай таңғажайыптарға аузымыз ашылмай қайтсын?

 

Арада алты ай өткенде Жанарымыз көктен жерге түсті. Ыстық суықтары басылған соң, Берікбол маскасын сыпырған ғой. Түнгі клубтан шықпайтын ол шөп иіскейді дейме, шегеді дей ме әйтеуір кәйпі ұстағанда Жанарға ойына келгенін істейтін көрінеді. Мына қорлыққа Жанар амалсыз шыдап жүрді. Өйткені бұл кезде аяғы ауырлап қалған. «Ауылбайка, сақтануды да білмейсің бе, қоя тұрмадың ба» деп кемсіткен сөздерін айтып Жанар әбден жылайтын.

 

Іші шермиіп жүрген кендердің бірінде үйіне жеңіл жүрісті қыз ертіп әкеліп Жанардың көзінше жатқан ғой. Мына сұмдыққа шыдай алмаған ол енесіне еңіреп барыпты. Жұбатудың орнына енесі де есеңгіретіп «дура, ты сама виновата, баламның өмірін сен бүлдірдің» деп үйінен қуып шығыпты.

 

Мынандай сұмдықтан шын шошындық. «Байлары бар болсын, мастанып кеткен бәлелер, біреудің өмірін құртып» деп ашындық. Бірақ қолымыздан келер қайран бар ма?

 

Жағдайы жоқ ата-анасына барғысы жоқ Жанар ақыры осында жүріп босанды. Біреуміз тамағын тасып, біреуміз киімін тасып перзентханадан шығарып алдық. Берікболдың сол күйі қарасы батты. Әбден көңілі қалған Жанар хабарласқысы келген жоқ.

 

Өкінішке орай баласы жарымжан болып туылды. Мына сұмдықты өз көзіммен көріп жүрген мен Нұржаннан бойымды аулақ ұстауға тырыстым. Үнемі хабарласып, жатақхананың алдынан күтіп алатын оған әу баста көңілім кеткенмен ішім бір жылымады. «Байлардың бәрі сондай...» деген санамда бір ой қазық болып қатты да тұрды.

 

Рас мен Нұржанды сүйдім. Бірақ мына болып жатқан жағдайдан кейін «қой, бұл да ертеңгі күні Берікболдың істегенін істеп, тағдырымды талқандаса қайтем? Одан да қадірімді білетін біреудің етегінен ұстайын» деп шештім.

 

Нұржан да қайтпас қайсардың бірі екен. Мен кеудесінен итерген сайын одан бетер өршеленіп соңымнан қалмады. «Мен ондай емеспін. Байдың балаларының бәріне бірдей топырақ шашпа. Бастысы мен сені сүйемін, жылатпаймын...» деп өлердегі сөзін айтты.

 

Дипломды қолға алған күннің ертеңіне туған қалама тартып отырдым. Келе жұмысқа орналастым. Өзіммен бірге істейтін қарапайым жігітке тұрмысқа шықтым. Тағдыр таңдауымда қателесіппін. Қарапайым жандардың тірлігі де қарапайым деп жаңылысқан екем. Күйеуім кедейдің кербезі болып шықты. Қолында көк тиыны болмаса да жан баласын менсінбейді, кекетіп мұқатып отырады. Жүріп жүргенімізде бірде бір жағымсыз қасиетін көрсетпеген ол нағыз қазымырдың өзі болып шықты. Әсіресе ішіп келген күндері түнімен тегін лекция оқитыны жаныма бататын. Амалым не, бармағымды кеш шайнадым. Балалы болған соң қазыққа мүлде байландым...

 

Арада 10 жыл өткенде Алматыда қалған құрбыммен ойда жоқта жолығып қалдым. Көр-жерді әңгімелеп отырып, құрбым баяғы Нұржанның жәйін әңгімеледі. «Кезінде соңыңнан өлгенше жүгіргенде қарамай кетіп ең. Бүгінде үлкен кәсіпкер, жағдайы бақуатты. Өзіне қарапайым қыздар ұнайды-ау осы, әйелі өте жақсы адам. Үш баласы бар, бақытты отбасы» дегенде ішім өрт шалғандай ашып кетті. Бекер бағаламаған екем. Мен оны сүйіп ем ғой. Ол да. Бірақ тұрмыс айырмашылығы ғой тұсау салған. Өз бақытымды өзім жоғалтқан екем. Өте өкінішті әрине....

 

 

 

Баянсұлу, Қызылорда

alashainasy.kz




Көрілген: 4385    Пікірлер: 0

сейсенбі, 19.10.2021, 14:15

Достарыңмен бөліс:





  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    16 Қараша, 15:28
    Енем жігіт тауып алды
    16 Қараша, 09:31
    Әйелімді қимаймын...
    16 Қыркүйек, 11:55
    Қайнымнан шаршадым...
    13 Қыркүйек, 14:35
    Тұрмысқа шығуға қорқам...
    9 Қыркүйек, 01:14
    Қайынағам қырындап жүр

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2021
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    2020
    2021
    қараша
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4 5 6 7
    8 9 10 11 12 13 14
    15 16 17 18 19 20 21
    22 23 24 25 26 27 28
    29 30