​Босанғаннан кейін күйеуіңіздің ҚАЛАҒАНЫН беріп жүрсіз бе?

26 ақпан 2022, 02:24

Жыныстық қатынас – бұл екеудің төсектес болуы ғана емес, олардың бір-біріне жан тәнімен берілуі, - деп жазды ERNUR.KZ.

Декреттік демалысқа шыққан әйелдердің көбі өзіне де, күйеуіне де көңіл бөле қоймайды. Босанғанға дейін жүктілігін сылтауратса, одан кейінгі кезеңде бай ойы енді ғана дүние есігін ашқан кішкентай сәбиінде болады. Дүниеге адам әкелу оңай шаруа емес. Мұны іші ауырып, толғақ қысып, босанған әйелдер ғана түсінеді. Көптеген себептердің әсерінен әйелдер босанғаннан кейін күйеулеріне қырын қарап жатады. Бұған негізінен ұйқының қанбауы, жүйке жүйесінің қалыпты болмауы да айтарлықтай әсер етеді екен. Дегенмен «қыздың қырық жаны бар» дегендей, олар бәріне де уақыт тауып, өмірлік жары төсекке шақырғанда еш бас тартпағандары дұрыс.

Жыныстық қатынас – бұл екеудің төсектес болуы ғана емес, олардың бір-біріне жан тәнімен берілуі. Яғни, ерлі-зайыптылар жатын бөлмеге кіргенде тек үстіне киген лыпасын шешіп, төсектес болса болды деген сөз емес. Әсіресе әйелдер осындай жағдайда ұйқыда жатқан баласын ойлап, алаңдай береді. Алайда сексологтардың айтуынша бұл мүлде дұрыс емес. Ерінің көңілінен шығып, отбасының беріктігін сақтығысы келген әйел төсекте де осыны ұмытпауы тиіс. Өйткені жас босанған әйелдер көбіне осыны ұмыт қалдырып, араларын суытып алып жатады. Төсек қатынасы екеудің арасындағы үзілмес байланыс болғандықтан да ерлі-зайыптылар қандай да бір қиындық туған жағдайда ашық сөйлескендері дұрыс. Егер де екеуі де бір-біріне сыр ашпай, томсырайып жүре беретін болса, араларына сызат түсе береді. Жас жұбайлардың жыныстық қатынас жайында сыр аша қоюлары қиын, әрине. Сондықтан да айта алмаған сөзіңізді хат арқылы немесе басқа да амалдармен білдіруіңізге болады. Сонда ғана ерлі-зайыптылар бір-бірін түсініп, төсек қатынасында ешқандай кедергі болмайды.

Байланысты үзбеу үшін...

Жыныстық қатынас – адамның күш-қуатын арттырып, өмірге деген құлшынысын оятады. Сонымен қатар, денсаулықтың мықты болуына да айтарлықтай әсер етеді дейді мамандар. Енді біз сіздерге ерлі-зайыптылар арасын жақындата түсетін 5 түрлі тәсілді ұсынбақпыз.

Өзіңізді сүйіңіз. Егер де сіз өзіңізді жақсы көрмесеңіз, басқа ешкім де сізді сүйе алмайды. Қол жеткізгіңіз келетін 100 түрлі арманыңызды ақ параққа түсіріңіз. Сөйтіп аптасына кем дегенде бір арманыңызды жүзеге асыруға асығыңыз. Бұл армандар жәй ғана өзіңіздің аңсап жүрген тағамыңыз не болмаса әдемі көйлек болуы да мүмкін. Міне, осындай кішкентай ғана армандарды орындап, бақытқа кенелуіңізге болады.

Жаман ойлардан арылыңыз. Жыныстық қатынас кезінде өзіңізді еркін ұстауға тырысыңыз. Өйткені көп әйелдер босанғаннан кейін өзгеріп кеткен фигурасына көңілі толмай, өз-өздерінен қысылатыны бар. Алайда бұлай етуге мүлде болмайды. Өз мүсініңізге риза болып, сол қалпында қабылдауға тырысыңыз. Болашақта бұдан да әдемілене түсетініңізге сеніңіз.

Сөйлесуді үйреніңіз. Жолдасыңызбен төсек қатынасы кезіндегі ойларыңызбен бөлісіңіз. Сол кезде өзіңіздің не қалайтыныңызды айтып қаласыз әрі күйеуіңіздің де ойын біліп алуға мүмкіндік туады. Өмірлік жарыңызға айта алмай жүрген сырларыңызды (төсек қатынасына қатысты) айтып, қиялыңызды жеткізсеңіз де артықтық етпейді. Сонда ол сіздің қиялыңызды жүзеге асыруға асығатын болады.

Сезімге берілуден қорықпаңыз. Өз сезімдеріңізді тек жатын бөлмеде ғана емес, басқа уақытта да білдіруіңізге болады. Жолдасыңыз үйден шығып бара жатса немесе жұмыстан келген уақытта мойнына асыла кетіп, еркелеңіз. Құшақтасып, сүйісуден де қашпаңыз. Сондай-ақ, бір-бірлеріңізге сүйіспеншілікпен, махаббатпен қарауға дағдыланыңыздар.

Бәрін бірге жасаңыздар. Екеуге ғана арналған кеш ұйымдастырып, махаббаттарыңызды жандандыра түсіңіздер. Бірге кешкі асқа барып, екеуіңіздіңде ұнататын істеріңізбен айналыссаңыздар болады. Бұл әрекеттің бәрі алыстап бара жатқан екеудің арасын жақындата түсері сөзсіз.

Дайындаған:

Жайна Тынышбек, ERNUR.KZ