Отбасы - ошақ қасы

Бұрынғы әйеліммен араласып тұрамын

  • Нұрғиса Елеубеков (фото)

    Нұрғиса Елеубеков (фото)

Өмірде барлық жағдай кездеседі. Әрбір адамға өз сыңарын тауып, отау көтеру басты мақсат саналады. Мына өмірде өзіңе адал жар табу да оңай емес. Қанша жыл бойы іздеген аруыңды өз шаңырағыңның босағасынан аттатып, жұбайлық өмірді бастағаннан кейін үстіңнен ауыр жүк түскендей сезінесің. Бұл – ақиқат нәрсе. Ата-анаң, ағайын-туысың шат-шадыман күйге бөленіп, құдай қосқан қосағыңмен бірге ағаруға тілек айтады. Осыдан кейін бойдақтық өмірге қош айтысып, ерлі-зайыпты болып, отбасылық өмірдің ыстық-суығына көнуге қадам басасың. Дегенмен кейде сондай шырайы келген шаңырақтың ойламаған жерден шырқы бұзылып, кейбір отбасылар соның салдарынан ажырасып, ерлі-зайыптылардың жолы екіге айырылып жатады. Оған түрлі себептер бар десек, ең бастысы ортада бір баланың болмауы басты себеп деп айта аламыз. Мен де сондай жағдайды бастан өткіздім. Жоғары оқу орнында оқып жүргенде сүйіп қосылған жарымнан уақыт өте келе ажырасып, екеуміз екі жаққа кеттік. Оған басты себеп – ортамызда баланың болмауы.
Мен бір отбасының жалғызы едім. Ұлдан да, қыздан да біреумін. Ата-анамның менен басқа баласы жоқ. Біз үйленгеннен кейін 7-8 жыл баласыз жүрдік. Әрине, ата-анам маған "Сендердің балаларың жоқ" деп ешқашан айтқан емес. Алайда олардың немере сүйгісі келетін ниетін емеурінінен байқап қалатын едім. Бұл менің жанымның жарасына айналды. Балалы болып қалармыз деген оймен біраз уақыт ажыраспай жүріп жаттық. Дәрігерлерге де бардық. Олар екеуміздің де денсаулығымызда ешқандай ақау жоқтығын айтты. Күндіз-түні тілегеніміз бір нәресте болды. Әулиелерді де жағаладық. Осылай жүргенде дәрігерлердің бірі "Сендердің ортақ балаларың болмайды" дегендей сыңай танытты. Екеуміз басқа адамдармен жұп құрасақ, нәресте сүюіміз әбден мүмкін екен.
Біз оған сенбестік таныттық. "Бәлкім, балалы болып қалармыз" деген оймен жүре бердік. Алайда уақыт та өте берді. Ағайын арасында түрлі сыпсың сөз де шығып жатты. Біз оны да елең еткен жоқпыз. Дегенмен бір нәрестенің иісін иіскемегеннен кейін қиын екен. Бұл біздің екеуміздің да жанымызды жегідей жеді. Әйелімнің ешкімге көрсетпей, көзінің жасын сығып алатынын байқап қалатын едім. Бірақ маған ештеңе білдіргісі келмегендей күй кешті. Сонымен, біз соңғы күндерге дейін осылай жүрдік. Күндердің күнінде әйелім "Екеуміз ажырасалық, бізде бала болмайтын секілді. Өзімізді-өзіміз алдамай-ақ қоялық" деді. Мен оған қарсылық білдірдім. Қанша дегенмен сүйіп қосылған жарым емес пе? Оның мына сөзі маған өте ауыр тиді. Осылай жүрдік. Ақырында ажырастық. Жолымыз екіге айырылды. Жүрегіміз ауырды. Амал кәне, тағдырдың өзі біздің жолымызды екіге айыруды қалаған екен.
Ол үлкен қалаға кетіп қалды. Әйтсе де екеуміз алғашқы уақытта телефон арқылы байланысты үзген жоқпыз. Уақыт өте келе арамыз біршама суығандай болды. Байланыс та үзіле бастады. Осылай өміріміз өте берді. мен де ата-анамның қалауымен тағы да шаңырақ көтердім. Аллаға шүкір, бұл келіншегім де иманды жан болып кездесті. Көп ұзамай-ақ балалы болдық. Ата-анамның қуанышын айтсаңызшы. Немересінің иісін иіскеп, әбден мауықтарын басты. Одан кейін де балаларымның бірінен кейін бірі өмірге келді. Осылайша өткен дәуренімді бір сәт болса да, есімнен шығарғандай күй кештім.

Негізінде, өмірдің мұндай кезеңін естен шығару мүмкін емес. Қалай ойыңа оралмайды? Сен біреуді жаның қалап, оған ыстық сезіміңді білдіріп, жүрек қалауымен оған үйлендің емес пе? Оны қалайша ұмыта аласың? Оқта-текте соны ойланып, жан-жүрегің езіліп кететіні тағы бар. Бірақ балаларымның маңдайынан иіскеп, дүниенің барлығын ұмытқандай күй кешемін. Екінші әйелім де алдымнан кесе-көлденең өтіп көрген емес. Бұған да тәубешілік жасаймын. Жаратушы иеміздің менің маңдайыма жазғаны сол шығар. Оған ешбір қарсылық жасай алмайсың ғой.
Осылай жүре берер ме едік... Менің ауылдағы жұмыс орным қысқарды. Осының салдарынан қалаға қоныс аударуға тура келді. Тағдырдың жазуы дегенге қарсы келер кім бар? Әйелім екеуміз көшеде келе жатыр едік. Қарсы алдымнан бұрынғы әйелімнің кездесе қалмасы бар ма? Үп-үлкен қалада мұндай да жолығу болады екен-ау...
Амандастық. Жағдай сұрастық. Қасында бір-екі баласы бар екен.
– Балаларым ғой. Екінші мәрте тұрмысқа шықтым. Үш баламыз бар. Жолдасым қаржы саласында қызмет атқарады, – деді ол бізге сыр ашып.
Мен де қазіргі әйелімді оған таныстырдым. Өзіміздің балалы болғанымызды айттық.
– Тағдыр деген осы екен ғой, – деді ол күрсініп. – Бала дегенің балдай тәтті ғой. Өміріміздің мәні де, сәні де осылар...
Мен де үнсіз басымды изедім. Оның жүзіне қарағанмын. Жанарына тас толып тұр екен. Өз әйелімнің де жанарына жас үйіріліп қалғанын байқадым.
Өткен дәурен өтті. Оны қайта айналдырып келтіре алмайсың. Қазекем "Өткенге өкінбе" дейді. Менің өкініш білдіргім келмейді. Бірақ жүрек түкпірінде қалған сол бір жайлар ойға орала беретіні рас. Бұл сәттерде тәубеме келіп отырамын.
Мен сияқты талай тағдыр иелері бар шығар. Ешқайсысына ақыл айта алмаймын. Әркімнің жолы басқа. Бір перзентке зар болып жүргендер бар. Кейбір адамдар осындай өкінішін ащы судан алғысы келеді. Соның салдарынан олардың өмірі быт-шыт болып, бір сөзбен айтқанда, күйреп жататыны тағы да рас.
Өмірдің көрсеткені осы шығар. Бауырымдағы балаларымды иіскеп, барлық мұңымды ұмытуға тырысып келемін...
Мен онымен әлі күнге араласып тұрамын...

Автор: Сабырхан, Алматы




Көрілген: 3282    Пікірлер: 1

жексенбі, 02.11.2014, 10:18

Достарыңмен бөліс:

2
  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    14 Ақпан, 16:10
    Екі әйел алмаңдар!

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2020
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    2020
    сәуір
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4 5
    6 7 8 9 10 11 12
    13 14 15 16 17 18 19
    20 21 22 23 24 25 26
    27 28 29 30