Отбасы - ошақ қасы

Бұрынғы жігітім өзі досымен таныстырып, өзі ортамызға от салды...

  • https://businessman.ru/

    https://businessman.ru/

Құрметті оқырман, өмірде «әттең-ай!» деп өкініп өтер сәттеріміз баршылық! Ғашық болу, өткеніңе өкіну, жамандыққа кешіріммен қарау сияқты өмір өткелдерін менің бастан өткен оқиғамнан оқып, білерсіздер...

 

Мен Көкшетау қаласында мемлекеттік қызметте жұмыс істеп жүрдім. Жағдайым жаман емес. Өзімнің жеке үйім бар. Жұмысым да жақсы, жетістіктерім де аз емес. Күндердің бір күні Азамат есімді жігітпен таныстым. Ол жігіт менен төрт жас үлкен екен. Түріктердің бір фирмасында басшылық қызмет атқарады. Әңгімеміз жарасып, кездесіп жүрдік. Осылай бір жарым ай өтті. Енді бірде жігітім «менің отбасым бар, мен Көкшетауға көшіп келгеніме екі ай ғана болды, жақында отбасым Ақтөбеден көшіп келеді» деп сайрап тұр. Бір сөзінде әйелін сүймейтінін, Түркияда жүргенде бірге оқып, әйелінің аяғы ауыр болып амалсыз үйленгенін де айтты. Қатты қиналсам да жігітті босаттым, енді ара-қатынасымызды үзетінімді айттым. Жігіт «жай достар болып қалайық» деді. Оған да келістім. Достығымыз телефон арқылы қал-жағдайымызды сұраумен шектелді. Мен өз өміріммен, ол өз өмірімен кетті. Тек мейрамдарда бір-бірімізді құттықтауды ұмытқан емеспіз.

 

Бір күні жігіт маған телефон шалып: «Көкшетаудан сатып алатын үй іздеп жүрмін және банкте танысың бар ма?» деп сұрады. Ойымда еш нәрсе жоқ, банктен таныс тауып, үйін сатқалы жүрген құрбы қызымды таныстырдым. Жігіт маған хабарласып, түскі асқа шақырды. Өзінше алғысын жаудырып:

 

Сен өте жақсы қызсың! Сені алған жігіттің бағы бар шығар! Сені бір күні досыммен таныстырармын, &ndash деді. Ойымда еш нәрсе жоқ, ол сөзге көп мән бермедім.

 

Біраз уақыттан соң мені жұмыс орным Алматы қаласына он күнге кәсіби біліктілікті арттыру курсына жіберді. Алматыға келіп орналасып, курсқа барып жүрдім. Алматыда ешкімді танымаймын. Күнделікті маршрутым - қонақ үй мен курс өтіп жатқан орталық. Аяқ астынан досым Азамат жағдайымды сұрап, телефон шалды. Алматыда екенімді айттым.

 

Кешке сабақтан келіп, теледидар қарап жатыр едім, телефоным безілдеп қоя берді. Таныс емес нөмір. Тұтқаны көтерсем, ар жағынан ер адамның жағымды дауысы:

 

Мен Азаматтың досы &ndash Жанболат боламын. Сіз Сара боласыз ғой. Азаматтың досы &ndash біздің дос, Сізді Алматыда қыдыртсам қалай қарайсыз? &ndash деді.

 

Біз кездестік. Қонақ үй алдына жаңа маркалы машинамен ұзын бойлы, өңі кәріс ұлтына келетін жігіт тұр. Бірден ол да, мен де ұнатқандаймыз. Менде де бір жігіт қарайтындай әдемілік бар еді. Негізі, кез келген қыз кездескен жігіттің өзіне ұнайтынын ұнамайтынын жүрек арқылы сезеді ғой. Тіпті сөйлесіп те керек емес, бірден ұғасың! Міне, менде дәл сондай сезім. Сонымен жақын танысып, бір-бірімізге қатты бауыр басып кеттік. Тіпті махаббат пайда болды. Бір-бірімізді қимай әрең қоштастық. Жанболат тіпті өз қаражатына мені ұшаққа салып жіберді. Жанболатпен өткізген он күн мен үшін өмір бойы ұмытылмас өмірімнің ең тәтті күндері болып жүрегімде қала берді. Жанболат &ndash оңтүстік аймақтан. Білімді жігіт екен. Педагогтар отбасынан. Жеке бизнесі бар.

Ғашығыммен қимай қоштасып, Көкшетауға оралдым. Күні-түні ғашықтық смс хабарламалары. Осылайша бір ай өтті. Азамат та хабарласты. Алғысымды жаудырып жатырмын, Жанболаттай азаматпен таныстырғанына. Кезекті бір сөйлескенде Жанболат мені Көкшетауға іздеп келетінін айтты. Сүйіктімді күтіп алуға дайындалдым.

 

Жанболат Көкшетауға келді. Мен барлық сый-сияпатты көрсетіп жатырмын. Кешке бір ресторанға алдын ала тапсырыс беріп қойғанмын. Есіме Азамат досы түсіп, Жанболат досын көрсін, мауқын бассын деген ниетпен Азаматқа хабарластым.

 

Кешке ресторанға Азамат бізді іздеп келді. Керемет бір отырыс болды. Біз Жанболат екеуіміз Азаматты ұмытып, өз алдымызға мәзбіз. Рестораннан соң Азаматты үйге қонаққа шақырдық. Бізбен еріп үйге келді. Бірақ көңіл-күйі бір түрлі. Жанболат дәретханаға кеткенде, мен Азаматқа тағы да алғысымды жаудырып жатырмын. Азамат маған «Жанболатты керемет күтіп жатыр екенсің, бұрын мұндай қонақжайлылығыңды көрмеп едім, өмірі мені үйіңе де қонаққа шақырмап едің», - деді. Ол сөзіне еш мән бермей, «Жанболатты сүйем ғой, сүйген адамыңа не жақсылық жасасаң да артық емес. Сүйгеніңнің тілін таба білу керек», - деп қоямын күліп. Жанболат та Азаматқа таныстырғанына алғысын жаудырып жатыр.

 

Осылайша Жанболат Көкшетауда үш күн болып Алматыға қайтты. Ал Азамат сол күйі Жанболатқа Көкшетауда хабарласпады үйіне де қонаққа шақырмады. Жанболат кетер кезде мені он алтыншы желтоқсанға қарсы Алматыға қонаққа шақыратынын, ата-анасымен таныстырғысы келетінін және барлық жол қаржысын өзі көтеретіндігін айтты. Сонымен мен Алматыға баруға жиналып жүрдім. Баруға екі күн қалғанда Жанболатқа телефон шалсам, телефон тұтқасын көтермейді. Бір күн телефонды алмады. Бірдеме болып қалды ма деп Азаматқа телефон шалсам, «жоқ білмеймін, хабарласпадым» деді. Осылайша келесі күні тағы хабарластым. Жанболат тұтқаны көтеріп, маған:

 

Жай достар болып қалайықшы, - деді.

 

Не болса да көзіммен көріп біліп қайтайын деп, Алматыға ұшып бардым. Қонақ үйге орналасып, Жанболатқа телефон шалсам алмайды. Күні бойы хабарластым жауап жоқ, ақыры кешке телефон тұтқасын көтерді. Бар айтқаны:

 

Сара, сен мені тірідей өлтірдің, жағдайымды несін сұрайсың, - деді. Ақыры ол келесі күні маған келетінін айтты. Азаматтан келген бір жамандық барын жүрегім сезсе де не болса да көрейін деп ойладым.

 

Жанболат келді. Бұрынғыдай емес селсоқ. Мен де жүгіріп құшағына ұмтылуға батылым бармады. Бар кінәнің өзімде екенін сезгендеймін. Сөйлестік.

 

Бар айтқаны:

 

- Мені мазақ қылғыларың келді ме? Азамат екеуің не ойларың болды! Мен сені сүйіп едім. Менің де еркектік намысым бар, - деді.

 

Сөйтсем, Азамат Жанболатқа хабарласып, «Сара менің қызым болған. Арамызда махаббат болған», - деп айтыпты. Мен үшін енді бәрібір еді. Үміт жоқ. Тек Жанболат өте жақсы азамат болғандықтан, оны шынымен сүйгенімді айттым. Бірақ ақталғам жоқ. Болған іс болды. Ешкімді кінәламаймын. Жанболатты түсінетіндігімді, жігіттік намысын қор қылғым келмейтіндігімді және тағы бірдемелер айттым, есімде жоқ. Сол күйі үнсіз жылап «Сендей азаматтың өмірде бар екенін білгеніме ризамын!» деп қоштасып кетіп қалдым.

 

Бөлмеге келіп өзімнен өзім өкіріп жыладым. Өкіндім. Азаматтың қылығына ыза болдым. «Неге таныстырды, не ойын ойнағысы келді? Мен неге таныспай тұрып ойланбадым ол туралы» деген ой тұрды миымда. Өмірде әлі де Қодарлар, Бекежандар бар екен ғой. Жанболаттай азаматтың көңілін қалдырғаныма катты налыдым. Одан ұялдым. Кеш еді. Біраз уақыттан соң есік тоқылдап, ашсам Жанболат тұр. Менің қатты қиналатынымды білген болуы керек, сол үшін жарты жолдан қайтып келіпті. Мені жұбатып отыр. «Сен ондай әлсіз қыз емес едің ғой», деп қояды. Мен ештеме демей үнсіз жылай бердім, жылай бердім...

 

Оянсам таң атыпты. Үстелде Жанболаттан бір жапырақ хат. «...Мен саған уәде берген едім Алматыны аралатамын деп, сол уәдемді орындағым келеді, пойызға да өзім шығарып саламын». Ештемені ойлағым келмейді. Іште енді Азаматқа деген ашу-ыза. Көкшетауға барып, бетіне қарап бірдемелер айтқым келеді.

 

Жанболат келді. Маған қаланы аралатып жүр. Менде ешқандай көңіл- күй, аралуға зауқым жоқ. Оның да көңіл-күйі бір түрлі. Көзінен байқалады. Жолда кетіп бара жатқанда анда-санда менің қолымнан қатты қысып қояды. Екеміз үнсіз жүрекпен сөйлесіп отырмыз. Мені ұят өртеп барады. Кешке Жанболат мені пойызға әкелді. Кетер кезде қолына өзім жазған хатты ұстаттым.

 

«Өмірде сендей азаматты танып-білгеніме ризамын. Өткенді ойламай махаббат майданына мас болып, сезімге ерік беріп, оғаш іс жасағаныма кешірім сұраймын. Өзімде де сені бір көргеннен ғашық боламын деген ой мүлдем болған емес. Досыңа да өкпе жоқ, оның да өзіндік себептері бар шығар. Оны да ісіне кешіріммен қаралық. Сендей азаматтың мен үшін жақын досынан айырылғанын және кез келген досының алдында еңсесі биік, аяғын алшаң басып жүргенін қалаймын. Бақытты бол, бақытты болуға лайық жансың...».

 

Қоштасар уақыт келіп өмірімде ең бірінші рет ер жігіттің солқылдап жылағанын көрдім. Өзім де жыладым. Мен құшағына қатты қысып, құлағыма былай деді:

 

&ndash Кешіремін бе кешірмеймін бе әлі білмеймін. Кешеден бері сен мені өзіңе одан сайын ғашық қылдың! Мен сені тағы да іздеп келемін...

 

Шынымен де бір жыл өткен соң Жанболат мені іздеп келді. Азаматпен бірге Көкшетауға жұмыспен келіпті. Азаматқа айтпай менімен жасырын кездесіпті. Оны да кейін білдім. Бірақ, менде оны әлі сүйсем де арамызда бір от тұрғанын қаламадым. Сезімге шектеу қойып, бақыт тілеп шығарып салдым...

 

 

 

Автор: Сара Алтай, Көкшетау

alashainasy.kz




Көрілген: 2047    Пікірлер: 0

сәрсенбі, 27.01.2021, 15:18

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    15 Ақпан, 09:12
    Күйеу үшін күрес...
    28 Қаңтар, 23:28
    Құрбыма жаным ашиды
    26 Қаңтар, 15:51
    Өзге қызға ғашықпын

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2021
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    2020
    2021
    наурыз
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4 5 6 7
    8 9 10 11 12 13 14
    15 16 17 18 19 20 21
    22 23 24 25 26 27 28
    29 30 31