Бұрынғы күйеуіммен қайта некелессем бағым ашылар ма екен?

Бұрынғы күйеуіммен қайта некелессем бағым ашылар ма екен?

Құрметті «Алаш айнасы» мен сіздердің «Отбасы - ошақ қасы» айдарларыңыз арқылы оқырмандардан ақыл кеңес сұрауға бекіндім. «Егер осы жазбам сайт қызметкерлерінің көңілінен шығып жатса, жарыққа шығып, оқырмандар маған дұрыс ақыл-кеңестерін айтар» деп ойлаймын

Мен Шығыс Қазақстан облысы, Ұлан ауданының тұрғынымын. Қазір жасым 34-те. Мамандығым бастауыш сыныптың мұғалімімін. Үш баланың анасымын. Бірінші некеден бір қызым бар. Ол қызым ауылда шешемнің қолында. Оның жасы 14-те. Ал өзімнің екінші некеден бір ұл бір қызым бар. Ұлымның жасы алтыда. Қызым үш жаста. Қазір Өскеменге келіп, мектепке жұмысқа кіріп, сол ұлым мен қызымды жалғыз өзім асырап отырған жайым бар. Жуырда екінші некеден де заң жүзінде ажырастым.
Әңгімені басынан бастасам, мен осыдан тұп-тура он жыл бұрын 24 жасымды өзімнен он жас үлкен адаммен екінші рет бас құрадым. Екінші күйеуім үйленбеген. Ұлан ауданының тұрғыны болды. Екінші мәрте тұрмысқа шыққалы тұрғанда мен болашақ жарым болады деген азаматтан өткен өмірімді жасырмадым. Бұрын 20 жасымда тұрмыста болғанымды, бірінші күйеуімнен бір қызымның бар екенін, ол қыз қазір анамның қолында екенін еш жасырмадым. Екінші күйеуім менің өткенімді қабылдай алды. Обалы не керек, ол маған «қызыңды анаң тәрбиелесе тәрбилей берсін, тек менімен бас құрап, отау болайық» деуден танбады. Сөйтіп, біз бас құрадық. Қайын атам ауданға беделді кісі еді, мен келін болып түскеннен кейін аз уақыт аралығында мені аудандағы мектеп гимназиясына жұмысқа орналастырды. Күйеуім аудандағы банктердің бірінде күзетте істеді. Өзім мектепте мұғаліммін. Шағын ғана аудан орталығында жұмыс болса, алдыңда бірен-саран малың болса «ес жиып, етек жинау» аса қиын емес қой. Осылайша біз біртіндеп қатарға қосылып, алдымыздағы малымыз көбейіп, балалы-шағалы болдық. Мен бір ұл-бір қызды өмірге әкелдім. Қайын атам мен енем жақсы адамдар. Оларға қояр ешқандай кінәм жоқ.
Жасыратыны жоқ, мен келін болып түскеннен кейін бұрын некеде болғанымды, өткен өмірімді жұрттың барлығына ашылып айта бермедім. Ол жайында күйеуім мен енем ғана білетін еді. Қанша дегенмен әйел заты ғой, бір күні енем әңгіме-дүкен құрып отырып менің есік көргендігімді бір абысынына айтыпты. Міне, содан бастап қайын жұртымда мен жайлы түрлі-түрлі өсектер қаулады дерсің. «Есік көрген екен, қыз табылмағандай тексіз біреуді алды» деген сөздер желдей есіп, біресе менің жанымды жаралап, біресе күйеуімнің жүйкесіне тиіп әбден мазамызды қашырды. Той-жиындарда ортаға шығып билесем де, бір кемшілік жасасам да абысындарым «ол есік көрген ғой» деп өршеленетін болды. Тіпті мұндай сөздер тым шектен шығып кеткеннен кейін енеме «мен бір мәрте қателестім екен, екінші мәрте бақытты болу маңдайыма жазылмаған ба» деп жылап та алатынмын. Туған-тусытың мұндай сөздерінен кейін күйеуім екеуміздің арамыз біртіндеп салқындай бастады. Мен тіпті кейде реніш-өкпеден қайын жұрт қонаққа шақырған жаққа бармай қалатын да болдым. Күйеуім туыстарының өлім-жітіміне, той-томалағына көбіне жалғыз өзі барып жүрді. Артынша оның үйге ішіп келетін кездері көбейіп кетті. Сөйтіп жүргенде ол жұмысынан да шығып қалды. Бара-бара маған қолын көтеретінді шығарды. Ол ішіп келген күні жалғыз маған емес, ұлы мен қызына да маза жоқ. Үйдегі дүние атаулының барлығы ол арақ ішкен күні сынып-шағылып тынатын. Тіпті апталап болса мейлі ғой, айлап көршілерді жағалап, көрші маңайдың үйіне қонып жүрген кездерім де болды. Алақандай ғана аудан емес пе, «күйеуім ішіп жүр» дегенді ести саласымен кешкілік жұмыстан үйге келемін де ұлым мен қызымды алып бір таныс-тамырдың үйін жағалаймын. Әлгінің үйіне паналататын түрі болса сол үйдің бір бұрышына қисая кетеміз. Ертеңгісін балаларды балабақшаға апарып тастап, өзім жұмысқа кетемін. Өз әке-шешеме, күйеуімнің әке-шешесіне бір-екі мәрте жағдайымызды айтып көрген едім, ол кісілер «сендерді қосқан біз емеспіз, бізді араластырма» деді. Өзімнің шешем «бір қызыңды бағып отырмын, енді маған қайтып келуші болма» деп үзілді-кесілді кесіп айтты. Не керек, ішімдікпен алысып 10 жылым өте шығыпты. Бажайлап қарасам, қазір 34 жастағы әйел тәрізді емеспін. Әбден жүйкем жұқарған, қажыған адаммын. Кездескен құрбыларым «қартайып, азып-тозып кетіпсің ғой» деп қалай айтқандарын аңғармай қалады.
Менің шыдамымның жеткен шегі биылғы жаз болды. Өткен жазда мен екінші күйеуімнен біржола кеттім. Екі баламды алып, бір-бір қабат киім-кешегімді алып, Өскемен қаласына бет алдым. Жаз бойы балаларымды уақытша шешеме апарып тастап пәтер жалдауға ақша таптым. Қазір бір мектепте мұғалім болып жұмыс істесем, аудандық қаржы полициясында кешкісін барып еден жуамын. Екінші некеден туған екі баламды қолыма алып келдім. Ал үлкен қызымды шешем өз бауырында өсіргендіктен маған қайтып бергісі келмейді. Екі жерде жұмыс істеймін деген аты ғана. Мектептен алатын 60 мың теңгем мен еден жуып табатын 30 мың теңгем түкке жетпейді. Бір жалақыдан екінші жалақыға ептеп-септеп әрең жетемін. Пәтерақысы қысқанда тіпті жаным қиналып кетеді. Күйеуім екі балаға алимент төлемейді. Себебі қазір ол жұмыссыз. Ажырасқалы бері сегіз ай болды оның тарапынан бірде-бір рет көмек болмады. Керісінше, үлкен қызымның әкесі бірінші күйеуім осы уақытқа дейін қызынан бар көмегін аямай келеді. Соңғы екі айдың пәтерақысын да сол бұрынғы күйеуім төлеп берді. Қазір сол бірінші күйеуім қайта-қайта келіп, «балаларды екіжақтап жеткізейік, екі баланы жатсынбаймын, маған бір мәрте мүмкіндік бер» дейді. Оның осы сөзі мені қатты ойландырып жүр. Мен бірінші мәрте тұрмысқа шыққанда 20 жаста ғана едім. Ол кезде мінезім шорт кесетін, тасыр-тұсыр болдым. Бірінші күйеуім қанша табысқор болса да мен оны бағаламаппын. Оның мені еріксіз алып қашқанын бетіне басып, «оны сүймейтіндігімді» бетіне басып отырыппын. Осыдан барып біздің арамыздағы неке екі-ақ жылға созылды. Ал артынша екі жылдан кейін 24 жасымда «сүйемін-күйемін» деп өзімнен он жас үлкен азаматтың жары атандым. «Сүйіп тидім» дегендегім әлгіндей болып, бұл күйеуімнен көрмеген қорлықты көрдім. Енді міне жалғыз қалып отырмын.
Осы уақыт аралығында аңғарғаным, біздің қазақтың «бірінші бақ бақ» дегені рас екен ғой, неге мұны түсінбедім екен» деп қынжыламын. Енді қазір бірінші күйеуім қолынан келген бар жағдайды жасап, көмектесіп, қайтадан заң жүзінде некелесуге ұсыныс жасап жүр.
Құрметті оқырман маған ақыл қосыңыздаршы, не істеуім керек? Үш баланы жалғыз өзім жеткізе алмайтыным һақ. Оны мойындаймын. Ішімдікке салынған, жұмыссыз, алға талпынысы жоқ күйеуіммен де тұра алмайтыным белгілі. Бір ойым, «бірінші күйеуіңмен қайта қосыл» десе, екінші бір ойым «бойыңды аулақ ұста» дейді. Қалай ойлайсыздар, бірінші күйеуіммен қайта некелессем бағым ашылар ма екен?! Не істерімді білмей сіздерде ақыл сұрауды жөн көрдім...

Толқын, Ұлан ауданы

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста