Екі бала туған әйелге төсек ләззатын ұқтырған еркек

Екі бала туған әйелге төсек ләззатын ұқтырған еркек

Ол әңгімесін бастады.

Маралдың мен тұратын пәтерге қарсы орналасқан жалдамалы екі бөлмелі «тетя Машаның» пәтеріне көшіп келгендеріне бірнеше ай өтіп, жасымыздың шамаластығына қарамастан бұлай ашық сырласып отырғанымыз бірінші рет. Ол өз өмірінен сыр шертті.

...Бес жыл бірге оқығанда егіз қозыдай бірге жүріп, күйіп-сүйіп қосылған Бекжігітпен 10-жыл бірге өмір сүріп, дүниеге екі сәби әкелгенмен, дәм-тұзымыз жараспай ажырасып кеттік. Бұрын ешкімді менсінбей, «махаббат деген адам өмірінде бір-ақ рет оянатын сезім»-деген ұстанымның жетегінде жүрген мен жолым болмағаннан кейін бетім әбден қайтып қалды. «Махаббат» атты теңізге жұбыммен шомылуға үлкен әзірлікпен келген мен өмірдің үлкен соққысын алдым.

Өмірде мен үшін Бекжігіттен басқа жігіт те, еркек атаулы да болмайтындай еді. Сөйткен жұбайлық өмір мен сүргендей болса, өмірден еркексіз өтейін дегенмін. Сондықтан болар, еркек деген сөзді естісем болды, бір жабайы хайуанның атын естіп, көз алдыма қорқынышты бейнелер келетіндей. Түр-басым келіскен, өз ісіме пысық әйел болған соң ба, әйтеуір «үйленемін», «маған күйеуге шық, балаларыңа әке орнына әке болам» дегендер де, я болмаса «ойнап күлейік, өмір деген ертең - ақ бір күндей болмай өте шығады, өкініп қаласың»-деп пәлсапа соғатындар да кездесті. Жұмысым банкте болғандықтан ба, жұмыста да алдымыздан өтетін адамдардың көбі еркектер еді. Қонақтық пен туған күн кештерінде немесе мейрамдағы отырыстарда біреулердің тұла бойымды бастан-аяқ көзімен тінтіп, я еркек көзімен сынай қарағанын сезсем, сол жерден сылтау айтып, тезірек жылыстап кетіп қалуға тырысамын.

Осылай балалар деп, жұмыс деп жүргенімде күйеуіммен ажырасқаныма да зу етіп төрт жыл өте шығыпты. Жасым отыз беске толғанмен маған 26-28 ден артық бермейді. «Уақыт бәріне емші» деген шын екен, күйеуімнен көрген қорлығым ұмытыла бастады. Түн баласы азапқа түсе бастадым. Әсіресе, махаббат, еркек пен әйел қатынасы туралы кітаптар оқып, телевизордан түнгі сеанстарды көрсем... төсегімде қырық аунап ұйықтай алмаймын. Өмір бойы әкеммен тұрып, оған тас қорғандай арқа сүйеп келген шешем де, мені күйеусіз өліп қалатындай көріп, «әйел қырық шырақты деген, бір шырағың сөнсе басқасы бар, бетіңнің әрі барда сенімді біреуді тауып ал. Айналаңда жігіттер шыбындай үймелеп жүр, балалар саған қолбайлау болмайды, өзім бағып өсірем»-деп, «шыбынша үймелегендердің екі-үшеуінің жақсы жақтарын жеткізіп, тек мен тиген жағдайда қиналмай-ақ, түзеліп кететін кемшіліктерін айтып, жілікше шаға бастайды. Бір балаға зар болып жүрген дос келіншегім Қарашашта «жоқ бекзаданы күткенің жетер, жерге түссеңші. Ана жынды байсымағың басыңды ешкімге қарамайтындай дуалап қойған ғой»-дейді. Жігіттермен әзілдесіп, ашық-жарқын отырамын, одан әріге бара алмаймын, одан әріге бару үшін басты бір нәрсе жетпейді, ең аяғы жан-тәнім мен дене құрылысымды қайта жасап шығу қажет сияқты. Төсек жәйлі ойласам, көңілім құлазып сала береді. Менің жанымды кім түсінсін, ең жақын адамдарымда түсінбейді деп оңашада күрсінемін. Менің де ойнап-күлгім келеді, бір рет жолым болмады деп, өзімді әйел ретінде «жерлеп» тастамай, сүйгім келген, сүйікті болғым келген. Біреудің сүйіктісі болсам, еркек құшағында ләззат алып, оған да ләззат беріп, денем балқып жатса ғой, шіркін- дегенмін.

Күйеуіммен алғаш қосылғанда ұзындығы үш метр, ені екі метр пәтерде уақыттың қалай өткенін білмей, жан-тәніміз қосылып, бір адамға айналып, жан ләззатымен тән ләззатына тоймай, күннің қалай атып, кештің қалай батқанын білмеуші едік. Бір-бірімізге керек нәрсе екіншіміздің бойымыздан табылатын. Еркек пен әйел қатынасының әліппесі бір бөлек те, ол туралы терең әңгіме бір бөлек екен. Еркек пен әйел қатынасы туралы терең әңгіме дегеннің өзі де, өмірде кездесетін нәрселердің жартысын да толық суреттеп, жеткізіп бере алмайды екен. Неге бізді мектептің жоғарғы кластарында жұбайлық өмірге үйретпейді екен деймін. Кішкентайымыздан тамақ ішуге, киім киюге, үсті басымызды таза ұстауға, оқуға, жұмыс істеуге үйретеді. Ал, адамға ең керек нәрсе жұбайлық өмірге, еркек пен әйел қатынасына үйретпейді, тіпті тыйым салынған нәрсе секілді сұрасаң, біреулері «әлі саған ерте» десе, екіншілері «ол әркімнің жеке салатын дара соқпағы»-дейді. Ол соқпақты әркім өзінше салады, ол ғылым болса оны әркім өзінше оқып үйренеді, біреуі кітаптан, біреуі көшеден, біреудің айтқанынан, оған дағдыланатындар да біреуі жабайы түріне, біреуі әдемісіне, біреуі ерте, біреуі кеш үйренеді екен. Өз соқпағын табамын деп, адасып, қателесіп жатқандар қаншама? Менің қолымда билік болса, күйеулерімен тату-тәтті тұрып жатқандарды да, 20-жастағы әйелдерді бір бөлек, 30- дағыларын бір бөлек, 40-тағыларын бір бөлек үйретіп оқытса, тәжірибе алмасса, туындаған сұрақтарға бірге жауап берсе, көп мәселе шешілер еді. Еркек пен әйел арасындағы түсінбеушіліктер болмас еді, ажырасулар да аз болар еді. Балалар әкелері бола тұра тірі жетім атанбас еді-деп ойлаймын. Көп проблема түсініспестіктен, түсіне алмаудан, түсініскісі келмегендіктен туындайды емес пе? Жеңгенің, әпкенің, ененің ақыл-кеңестерімен шектеліп қалмау керек. Себебі, бір үйдің, бір ауылдың әйелдеріне ұят көрінетін нәрсе, екінші үй мен екінші ауылдың әйелдеріне ұят емес, қалыпты жағдай болып көрінуі мүмкін. Бұл мәселеге де кеңірек, бір ауыл, не, бір облыстың шекарасында емес одан да кеңірек қарау керек секілді.

Менің күйеуіммен ажырасып кетуіме себеп - мен оны бес жыл бойы қаншалықты сүйсем, он жыл бірге тұрған уақыт ішінде жақын біле келе соншалықты жек көріп кеткенмін. Біздер кездесіп, бірге қыдырып жүрген кезімізде ол маған тек жақсы жағынан көрінуге тырысқан. Мен де оны тек жақсы жағынан көруге тырысыппын. Ал, екінші себеп арамызда еркек пен әйел арасындағы «гормонияның», яғни, үйлесімділіктің жоқтығынан да еді. Онымен төсекте әйелі болғандықтан, амалсыздан жұбайлық міндетімді өтеу үшін жатамын. Ол өз қызығымен өзі болып жатқанда, мен оның бір қажет затының міндетін атқарып, ештеңеге араласпай, «жұмысын» қашан бітіреді екен, тез бітірсе екен деп жататынмын. Кейде «тезірек ұйықтап қалса екен»- деп, үй шаруасын істеп жүріп аламын. Бірақ, ол ұйықтамайды, оның айтуынша «артық энергияларын» шығарып алмай ұйқысы келмейді екен. Одан қалса, түнде де, таңертең де мазалайтынын қайтерсің.

Дүниеге бірінші сәбиім келгеннен кейін төсек мәселесі маған тозақ секілді көрінді. Еркек десе, артынан төсек мәселесі қылтиятынын білетін маған біреуді тауып алу қайдан? Еркектердің бірі жақсы көретінін, үйленгісі келетінін айтса, кейбірі мені тоқал ретінде алып, «бөлек отау» жасайтынын, ақшадан да, басқасынан да кемдік көрмейтінімді айтып шаршады. Соңынан кейбіреуі неткен «салқын» әйелсің деп, теріс айналса, күдер үзбеген кейбіреулері «үш-төрт жыл осылай тып-тыныш етегіңе намаз оқып жүресің бе?» деп, «дені сау, өзі сұлу әйел әншейін ішкі мұңын сыртқа шығармай жасырады да»-деп аяушылық білдіргендей болады. Өмір, табиғат заңы өз дегенін істетеді ме, әлде өзімдей дос құрбыларымның сөзі қамшы болды ма, мен «біреуді» іздеуге бел шеше кірістім.

Үйленемін дегендердің бірімен бірінші рет төсектес болып едім, ертеңіне ол мені меншіктеп алып, «мен сені ұнатамын, төсекте де ұнайсың, үстіңе бір түсті көйлектер киіп жүр, мен көйлектеріңнің «клеткасын да», «полоскасында» да ұнатпаймын» - деді. Менің қандай түсті көйлектерді ұнататынымды да сұраған жоқ, оның үстіне бір түсті көйлектерін әкеліп тастағандай сөйледі. Оны осыдан кейін ұнатпайтынымды да, төсекте де ұнамайтынын айтқан жоқпын. Тек «хош, бол, енді хабарласпа» - дедім. Енді үйленемін дегендерді қойып, (олар мені меншігіндегі заттай көретін секілді, тіпті олардың талғамымен киінуді де талап етпек, ал мен өз басымның ерікті болғанын қалаймын) «ойнап-күлейік»-дейтіндерді көрейік дедім. Олардың бірі Әбекең «ресторанға барамыз, әдемі киініп отыр, алып кетемін»-деген соң, барымды киіп шыққанда, ол «Нағыз Қыз Жібектің өзі болыпсың ғой»-деп, ризашылығын жасыра алмаған.

Қымбат шетелдік машинасымен бір ресторанға апарды, онда шу көп екен, музыкасы да кілең орысша деп, екіншісіне апарды. Әбекеңнің де танымайтын кісісі жоқ екен, мұнда да алғашқы ресторандағыдай біреулермен жапырласып амандасып жатыр. Онда қымбаттығына қарамай, тамақ мәзірі мәз емес екен деп, ақыры ортанқол кафеге отырдық. Бірнеше жұма онымен «дружить» етіп жүріп, төсектес болғанда, қырыққа толмаған кәсіпкер жігітке сезім де, әйел де керек емес, тек сұлу нақсүйері, не екінші әйелі бар деген атақ қана керек екенін түсініп, онымен де біржола қоштастым. «Шыбынша үймелегендердің» ішіндегі екеуінен көңілім қалғанмен, үшінші бойдақ, ажырасқан еркектен «мен саған не үшін керекпін, байы жоқ әйел болған соң коллекция үшін керекпін бе?» деп, төтесінен сұрадым. Ол да жігіт екен мәймөңкілемей берген тура жауабынан шалқамнан түсе жаздадым. «Мен секстің әр түрімен айналысқым келеді, видеолардан көргендерді істеп көрсем деймін. Еркек пен әйел төсекте бір-бірінің қалағанын істеуге әзір болса ғана, төсек қатынасының мәні ашылады»-деді. Мен мұндай пікірге келіспейтіндіктен, экспериментке бара алмайтынымды білдірдім. Еркек пен әйелді төсек қатынасына апаратын жол, меніңше, өзі-өзінен, еш әзірліксіз, оянған сезімнен кейін табиғи түрде пайда болу керек сияқты.

Сөйтіп, аз уақыт ішінде үш еркектің атын сызып тастап, жақсы еркектер әйелдерінің қасында, ешкімге қажеті жоқ жаман еркектердің маған да қажеті жоқ деп, өзімнің интимдік өміріме мораторий жариялап, алаңсыз тірлігіме кірістім. Тіпті, еркек, жігіт дегенді бойымнан да, ойымнан да өшірген секілді едім. Енді тек бар ойым жұмыста болады, карьера жасаймын - деп бекіндім. Бірақ, бәрі құдайдың қолында деген рас екен.

...Жылы күздің жексенбісі еді. Балаларды мамама апарып тастап, үйді әктеуге кіріскенмін. Кешқұрым әрең бітіріп, қатты шаршап тұрсам да моншаға баруым керек болды. Оның кешкі сағат онға дейін істейтінін білемін, әрі үйден алыс болмаған соң, әрі, кір денеме таза киім киемін бе деп, сол күйі кір киіммен бара салдым. Үстімде әктен ағал-жағал болған кофта, төменгі жағымда трико, шалбар, басымда кепештеп байлаған көнетоз ақ орамал. Моншаға келіп, ентігіп ішке енсем, кезекте бірталай адамдар отыр екен. Моншаның бірнеше жеке кабиналы, душы бар, соған билет алып, менде бос орынға жайғастым. Қарсы бетте төрт-бес еркек кезекте отыр. Үстімдегі лас киімімнен ыңғайсызданып, төмен қарап отырсам да, біреудің мені бақылап отырған көзқарасын сездім. Неге екенін қайдам, сірә, лас киімнен ұялған болуым керек, бұл не қылған адам деп басымды көтеріп қарауға да батылым жетпеді. Ішімнен өзіме ренжіп, әншейіндегі «аттылыға жол, жаяуға сөз бермейтін» өжеттігім қайда кеткен деймін. Кезегім келгенде ешкімге көз салмастан душқа кіріп кеттім.

Рахаттанып, душқа тиесілі 45 минут шомылып, шашымды сәл кептіріп, есік алдына шықсам түн тастай қараңғы екен. Кісі аяғы басылған көше қорқынышты. Көзімді қараңғыға сәл үйретіп алып, бір аялдамадай жердегі үйіме асықтым. Қатты шаршағандықтан ба, әлде көше асфальтының ойдым-ойдым жері кінәлі ме, бір кезде сол аяғым кілт етіп, оңбай құлап түстім. Көзімнен жас ыршып кетті. Қараңғыда ешкім көрмеді деп, қуансам да, екінші жағынан тұра алмағаным жақсы емес еді. Бір-екі минутта басыма сан түрлі ойлар келді. Ешкім білмей жатып қалсам қайтемін, біреулер ұрынса қайтемін деп, уайымдадым. Бар күшімді жинап тұра беріп едім, жан дауысым шығып кетті. Осыдан соң, жақын жердегі аялдамадан біреудің сұлбасының маған қарай бет алғанын байқадым. Бойымды қорқыныш биледі. Жақындай бере тартып келе жатқан темекісін аяғымен басып өшірді. Өзімше намыстанып түк болмағандай бір аяғыма бар күшімді салып тұра беріп едім, «қозғалмаңыз» деген ақырын болса да нық, әмірлі дауыс естілді. Не ойларымды білмей, айналамды қолыммен сипалап тас іздедім. Не болса да қорғанып бақпақпын. Жақындаған ол менің ойымды түсінгендей, «қорықпаңыз, сол аяғыңыз ғой, кәне оған күш салмай тұрып көріңізші»-деп мені демеп тұрғыза бастады.

Бүкіл жан-дүниеммен оның бет жүзін көрмесем де, бұл адамның моншадағы кезекте мені көзімен бағып сынай қарап отырған еркек екенін сездім. Қалай қолтығымнан демесе де менің жүре алмайтыныма көзі жетті ғой деймін. Тұратын жерімді сұрап алып, қол дорбасын маған ұстатып «мойнымнан мықтап ұстап ал» - деді де көтеріп алды. Өзімді ет жеңді болмасам да, біраз салмағым бар деп есептейтін мен басқа шара жоқтықтан ба, әлде маған бейтаныс жанның аяқ астынан келген қамқорлығы ұнады ма, айтқанын екі етпедім. Ол алқына дем алып, адымдап жүріп келеді. Өз ойларыммен алысып келе жатқанымда «енді қалай қарай жүреміз?» деген дауыс естілді. Даусы бар ғой, ондай дауысты естісең, айналаңның бәрінде бей-жай мамыражай тірлік орнай қалғандай әсер етеді. Адамның дауысының соншалықты әсер ететінін бірінші рет көріп тұрмын.

Бір аялдамадай жерге көтеріп келген адамның алдында енді мен ыңғайсыздандым. Үйге кіріңіз, шәй ішіп кетіңіз деп, бір жағынан аурудан, бір жағы ол сөздерді әншейін тек бергі жағымнан сыпайлық сақтап айтқаным үшін өзімнен өзім ұялып зорлана күлімсіредім. Ішімнен қайдағы шәй деймін. Үй іші астан-кестен. Мұрын жарған әк иісі маған ұнағанмен оған ұнамауы мүмкін. Бойым бейтаныс жанға үйренейін деді ме, енді мен оған зер сала қарадым. 43-45-дегі бойы еңгезердей, тіп-тік еркек. Көздері адамға бір түрлі мұңды қарайды, көзқарасы адамды тереңіне тартып әкететіндей. Тек бетінің көлемді жерін ала орналасқан мұрны да өзінше жарасымды орналасқан. Істеген жақсылығы үшін рахмет айтып, ақша немесе бір шөлмек арақ ұстатып үйден шығарып салу керек деп ойладым. Менің жалғыз екенімді білсе, кетпей отырып алса қайтемін? Тағы ойына не келерін кім білсін деп ойладым. «Жақсылығыңыз үшін рахмет. Менен қайтпаса құдайдан қайтсын, сигарет аларсыз» - деп, мың тенге ақша ұсындым. Оған тәуірлеу арақ, не импортқа шығатын бес жұлдызды «Қазақстан» коньягы келетінін білемін. Ол болса «Жақсылықты құдай үшін, я ақша үшін жасаған жоқпын»-деп дүңк ете қалды. Одан кейін үй-ішін барлап үлгірсе керек, «жалғыз болсаң, мен ешқайда кетпеймін»-деді. Шошып кетіп: «О не дегеніңіз, қайтыңыз, үйіңізге қайтыңыз» деп едім, «Сені бұндай күйде жалғыз тастауға болмайды. 1-2 сағаттан кейін не болатынын кім біледі?»-деп қосып қойды, менің бір әкем ба, ағам ба секілді өзі. Аты Досбол екен.

Қорықсам да сыр бермеуге тырыстым. Қозғала алмай отырмын. Менің айтуыммен ол залдағы диванға өзіне төсек салып, маған балалардың бөлмесіне төсек салып берді. Еңбектеп жүріп, жастық астына үйдегі ең үлкен өткір пышақты жасырдым. Сол күні ол таң атқанша қасымда болды. Өзі ештеңе сұраған жоқ. Менің сұрақтарыма қысқаша жауап берді, бірақ, өзінің жеке басы мен жанұясы туралы ештеңе айтпады. Менің қарсылығыма қарамай, аяғыма камфора майын өз қолымен жағып берді. «Сіңірі созылған ғой, екі-үш күн қозғалма, ештеңе етпейді, бірақ, рентгенге түсіп, тексеру артық етпейді»-деді. Мені таңдандырғаны оның маған әйел деп қарамағаны еді. Оған мен сәл-пәл ренжіп те қалғандай болдым. Иә ағам, иә інім секілді. Таң атқанша қасымда туысымдай отырып шықты да, таңертең көршімді шақырып беріп, «сау бол, енді құлама» деп, жәй ғана шығып кетті. Ішімнен «импотент» деп ойладым. Сол себепті маған қауіпсіз көрінді, кетіп бара жатқан оның артынан «келіп тұрыңыз» - деп айқайлап үлгердім. Маған кездескен, не мен білетін еркектермен салыстырғанда өзіме сол «импотент» деген теңеуім дұрыс секілді болды. Менің есімде оның мұңды көзқарасы мен бөтен, бір көрген әйелге жақын туысына жасағандай жақсылығы ғана қалды. Иә, сосын шамамен 4-5 аялдамадай жерде тұратынын айтқаны есімде.

Арада бірнеше айдай уақыт өтті. Балаларымды мамама апарып, дос қызымның туған күніне барғалы жатқанмын. Бұл уақытта тағы бір «шыбынша үймелегеннің» атын сызып үлгердім. Есік қоңырауы қағылғанға ашсам, моншадағы танысым, Досбол екен, жұмыс бабымен ұзақ уақыт іссапарда болыпты. Аяқ астынан батылданып, «туған күнге бірге барайық» - дедім, жанұясы туралы ештеңе айтпаса да, әлде бір ішкі түйсік арқылы әйелсіз тұратынын сезгенмін. Оның үстіне істеген жақсылығы да менің тарапымнан өтеусіз қалған. «Бармаймын, аяғың жазылды ма, мүмкін бір жерге барып отырармыз дегем, тек жағдайыңды білейін деп келдім» - деп қайтуға жиналды. Мені аяқ астынан не шайтан түрткенін білмеймін, дос қызыма көрші үйден телефон соғып, бара алмайтынымды айттым да, онымен бірге баруға келістім. Кафеге бардық. Ол ақ арақ ішіп отырды, мен өзіме қызуы 11-12 градустан аспайтын, қызыл, қою тәтті шие шарабын алдырдым. Әр нәрсені бір айтып көңілді отырдық. Одан үйге келіп шәй іштік, музыка қойып биледік. Маған онымен бірге болу ұнайтын секілді.

Бір кезде ол «Марал, бір жерге барып демалайық»-деді. «Демалайық» дегенді қалай түсінуге болады? «Демалып отырған жоқпыз ба?»-деп, ұсынысына сұрақпен жауап бердім. Нені меңзеп тұрғанын ішім сезіп тұр, бірақ, мойындағым келмейді. «Сен бәрін түсініп тұрсың ғой Марал, өтірік айту, өтірік қылымсу қолыңнан келмейді. Ол сенің табиғатыңа жат. Ал түсінбей тұрсаң айтайын, сендей қылықты әйелдің қасында өзіңді ұстау өте қиын, сенімен төсекте бірге болғым келеді»-деді нықтап. Мәссаған, деп ойладым іштей, ал керек болса. Мен оған еркек секілді қарамап едім, алыс бір туысым секілді есімде қалған. Өткендегі істеген жақсылығын бұлдап тұрғаны ма деп те ойлап үлгірдім. Ойыма келгенді асығыс айта бастадым

- Сізбен бе? Мен сізді сүймеймін, сіз де мені сүймейсіз. Мен сізді бар болғаны екінші рет қана көріп отырмын - дедім тамағым құрғап.

- Иә, сүймеймін, ол туралы ойлаған да жоқпын. Бірақ, сенімен бірге болғым келеді. Мұндай тілек дейсің бе, құштарлық дейсің бе, маған келмегеніне көп болып еді. Ал сенің менімен бірге болғың келетінін көзің, жан-тәнің бәрі айтып тұр. Тек аузың ғана басқаша сөйлеп тұр, адамдардың аузынан шыққандарының тоқсан пайызы өтірік, сенің айтып тұрған сөздерің сол тоқсан пайыздың ішіне кіреді-деді. Жақсы психолог қой мынауың. Жанымда арпалысқан ашу-ыза ма, кеудемде көтерілген әлде бір толқындарды баспақ болып, ішімнен «нахал» дедім де, оның айтқандарына мән бермеген болып, музыканы ауыстырып бұрыла беріп едім, ол артымнан келіп тұр екен. Бетпе-бет келіп қалдым, ыстық демі өртеп барады, тап басып айта алмаймын, әйтеуір бойында әйелді иліктірердей күш бар. Ол құшақтай алып, ерніме жабысты, тұла бойым ток жүріп өткендей дір ете қалды. Әйел деген отыз бес жаста да он сегіздегідей күй кешеді екен деп ойладым. Аздан кейін ыстық пеш қасында отырғандай сезініп, көздерім жұмылып, аяқтарым басудан қалып, буындарымның былқ-сылқ етіп ырқымнан шығып бара жатқанын аңғардым. Екеуімізде бір-бірімізді сүймейміз, сонда қалай төсекте бірге болмақшымыз деген ой санамды жаулап алды. Алдындағы еркектер ең болмағанда мені сүйетін секілді еді, оларын біреулері ұзақ , біреулері қысқа уақыт сездіріп жүретін. Ал мынау болса тас төбемнен түсіргендей «сүймеймін, ол туралы ойлаған да жоқпын»-дейді ғой, ал, керек болса! Сексті еркек пен әйелдің арасындағы (ең болмағанда бір жақты) сезімнің соңғы шегі деп есептейтін маған, бұл қылықтарымыз өте ерсі көрінгенмен, маған неге жағып бара жатқанын білмеймін. Жан–тәніме билігімді жүргізуден де қалып бара жатқан соң, «мейлі, құдай бір өзі кешірсін»-деп бір көптен аңсаған ләззаттың құшағына батып бара жаттым. Ол мені соғыссыз алған жауындай, сол жеңісінің церемониясын ұзаққа созғысы келгендей, аялай аймалаған күйі сүйе берді.

«Соршы»-дегендей тілін де тықпаламай, не кейбір еркектердей жұлып алардай сормай, еркін, әдемі, жұмсақ сүйеді екен. Мен бір би білмейтін жас биші секілдімін, ал, ол әдемі бір бидің бар қыр-сырын жетік білетін мұғалім секілді, өзіне тән махаббат би алаңына, жоқ, жоқ екеуміз де бір–бірімізді сүймесек қандай махаббат болушы еді, секс дейміз бе, әйтеуір еркек пен әйел арасындағы қатынастың би алаңында мені дөңгелетіп бара жатты. Бір қатты сусап келіп, мөлдір бұлақтан құныға су ішіп жатқандаймын. Бір мөлдір бұлақтың зәмзәмін құныға жұтудамын. Айналам дөңгелеген ғажап дүние. Көгілдір, жасыл сәулелерге толы, мені тереңіне тартып барады. Есімді сәл жинаған сәтте «неғып мені шешіндірмейді, әлде өзім бастап шешінуім керек пе?» деген ой жылт етті.

- «Марал, жүр киін, кеттік»-деген сөзді естігенде шын дүниеге қайта оралдым. Ол ентігіп тұр, шаштары қобырап кеткен. Мұңды көздері, тұнжырай қарамай, жалт-жұлт етеді. Осыдан бес, әлде он минут, әлде жарты сағат бұрынғы Досбол емес, басқаша күйге түскен. Оның бойынан жиырма бестегі жігіттің екпіні де, өз күшіне сенімділігі мен, өз ісіне деген мығымдылық та, мені көздерімен ішіп-жеген еркектік құштарлық та, атмосфераны жайлап алған, жанасқан нәрсесін ертіп жіберердей қызулық та бар және көздерінен бір іштей арпалыстың отын да шалып қалдым.

- Неге басқа жерде? – дедім оның құшағынан ажырағым келмей.

- Мен шалбар киіп жүрген еркек емеспін бе, сені төсекке шақырған мен, сондықтан иә менің үйіме, иә қонақ үйге барамыз.

- Жоқ, жоқ, осы жерде, маған сенен басқа ешнәрсенің де, ешкімнің де керегі жоқ –дедім, ұйқылы-ояу жандай. Бір минутта жаңағыдай ләззатты шақтан ажырағым келіп тұрған жоқ. Менің ернім оның еріндерін өзі іздеп тапты. Отыз беске келгенше еркекті өз бастамамен сүйгенім осы шығар. Ал қолдарым ақылдың тыйым салғанына қарамай, оның көйлегінің түймелерін ағыта бастады. Оның қай кезде астымызға көрпе төсегенін қайдам, мені аймалауын жалғастырып шешіндіре бастағанда, ішімде арпалысып жатқан екі сезімнің бірі жеңіп, әлсіз қарсылығымды да қойып, оның әрекеттерін үнсіз қоштаумен болдым. Денем жанып-күйіп бір белгісіз әлемге тап болғандаймын. Япыр-ау, мені де пәленбай жыл күйеуде болған әйел дейді-ау. Ал мынадай ғажап әлемге, тәтті кезеңге тап болуым бірінші рет. Өзімнің еркімнен тыс оның бұлшық еттерін сыйпалап, төсінен аймалап жатқанымды сеземін, өзіме өзім ұқсамай кетіппін ғой-деп ойладым. Мас адам секілдімін, бірақ, екі-үш сағат бұрын ішкен әлсіз шараптың қызуы баяғыда кетіп қалған, арамызда ең болмағанда бір жақты да сезім жоқ, оны екеуімізде мойындағанбыз, сонда неге маспын деймін? Шынымен мен оны жақсы көріп қалғанмын-ау деймін. Адамды білмей тұрып жақсы көру мүмкін бе дейді? - екінші ойым. Мынау сорлы денемнің еркіме көнбей, неге былқ-сылқ ете қалғанын түсінбеймін. Аузыма біреу тәтті әкеліп дәмін жаңа тата бергенде, қайта тартып алардай шыдамсызданамын. Неге бастамай жатыр, менің тілегімді түсінбегені ме? Мұндай кезде қимылыңа бақылау жасамайсың ба, әлде ұят деген бір жаққа кетіп қалады ма, әлде табиғат заңының алдында адамдар әлсіздігін мойындайды ма, менің қолдарым еріксіз оның денесін сыйпалай бастады. Менің қолдарыма бүкіл жан-тәнім ғана емес, бүкіл табиғат, айналамдағы қызылды-жасылды ұшқындар мені өртеп, жалынға орап, талықсытып жатқан әлде бір күш-барлығы қосыла менің қолдарыма әмір еткендей. Оның бар күші сыртына шығып тұрған мүшесі менің сезімге мас болғанымды күтіп тұрғандай, сексті аңсаған тәніме жақындап, бірер секундтардан кейін, екеуіміз бір адамға айналып кеттік.

Бұндай да рахат болады екен-ау! Мен оншақты жыл әйел болып, бір еркекке бірнеше жыл әйел болып, үш еркекпен бір реттен болғанда еркек пен әйел қатынасының мұндай тілмен айтып жеткізе алмайтын ғажайып тәтті жақтары болатынын неғып білмегем, көрмегем, сезбегем, оқымағам? Алпыс екі тамырым иіп, селдеген сезім бүкіл жан-тәнімнің еш қалтарыс қуысын қалдырмай қамтып алып, бұрқ-сарқ қайнауда. Өмірімде бірінші рет миым да бос болып, ешқандай проблеманы ойламай, тек қана әйел болдым. Ол екеуіміз ғажайып бір әлемде жүргендейміз. Тек ғажайып әлем және еркек пен әйел ғана бар, екеуіміздің жан-тәніміз бірігіп кеткені сондай, ажыраса алар емес. Ол маған көбірек ләззат сыйлағысы келеді, ал мен оған қалай ыңғайлы, жақсы болады деп ығына жығылудамын. Ондай әрекетті мені өлтірем деп қорқытып, бұйырып та, көп ақша беріп те істете алмас еді, ал бойыңды өртеген әлде бір селдеген сезім, есіңнен айырып, не істеп не қойғаныңды білмейді екенсің. Ол менің ең бір жақын, ең бір аяулы адамыма айналған.

Есім кіресілі-шығасылы, көздерімді ашуға шамам жеткен кезде, оның жіпсіген маңдайына, кең кеудесіне, спортпен айналысқанының әлде айналысатынының куәсіндей бұлтыңдаған бұлшық еттеріне, шырайланып, күлімсіреген жүзі мен жұмулы көздеріне көзім түседі. Осы ләззатты сәттің ұзаққа созылуы оған ғана байланысты екенін сезінгендей, бойынан күші кетерде білінер-білінбес тоқтата қойып, екеуміз енген ғажайып әлемнің келесі бір қызығын көрсетеді. Арасында «ақ сазаным-ау бұлқынған», «Маралым–ау, сені бала туған әйел деп кім айтады, құлын мүшең бұзылмапты»-деп, құштарлана аймалай түседі. Мен де сандырақтап, аузыма түскен нәрселерді айтқым келеді, бірақ айта алмаймын. Ұят секілді. Оған деген ризашылығымды, оны жақсы көріп кеткен сезімімді жасыра алмай, ол сөздер аузымнан еріксіз шығып кеткісі келеді, бірақ, шығармауға тырысып жатырмын. Дәрігерлер мен психологтар айтатын еркек пен әйелдің арасындағы гармония, әйел бастан кешетін бірақ, әлі өз басым кешіп көрмеген ғажайып күй «оргазм» деген осы шығар - деп ойлаймын.

Құдайым-ау, өзің кешір, әйел атанып, бұрын көрмеген ләззатты ешкімді жақсы көрмей, не еркектің өзіме деген сезімін сезінбей, еш дайындықсыз, бір-ақ сәтте бастан кешіріп жатқаным, өңімде емес түсімде секілді. Түс болса түсім ақ болсын, тек аяқталмаса екен, ең болмағанда созыла түссе екен деймін. Досболдың қимылымен бірге бойыма бір күш құйылып жатыр. Ол күш менің өмірді сүйе түсуіме, өмірде тек проблемалар мен қиындықтар, иә даңғаза қызықшылықтар ғана емес, ешқандай ақша сатып әпере алмайтын, ешқандай байлық бере алмайтын тәтті ләззаты ғұмырға бергісіз, әрі осындай ақылға сыйғысыз ғажап сәттері де болатынын дәлелдеп, «көр», «ізде», «дәмін тат», «ие бол»-деп, итермелегендей болады. Қанша қиыншылықты бастан кешсем де, өмірді сүюші едім, енді өмірге одан сайын ғашықпын. Досбол маған ләззат сыйлаған сайын мен өзімнің әйел екенімді жете сезініп, мен де оған тек әйел бере алатын ләззат сыйлағым келеді.

Бұл сәттерде мен оның қандай тілегі болса да орындауға әзір едім. Бірақ, ол ештеңе айтпады да, өтінбеді де. Мен осындай «оргазм» дегенді екі-үш рет бастан өткізгеннен кейін, ол мені біресе үстіне шығарып, біресе алдына алып шырқ көбелек айналдырды. Оның қолдары кәдімгі ертектердегі айтылатын сыйқырлы таяқша секілді еді. Төсіңді аймалап, сәл қысыңқырағаны да, денеңді соншалықты бір нәзіктікпен, жылылықпен әрі өзімсіне сыйпағаны да, өзінің қимылдарына икемдегені де-бәрінен шебер еркектің қолдары сезіледі. Оның кезекті қимылынан, тұншықтыра ерніме жабысып, дауысының бір-екі рет оқыс шығып, аяқтарымды әнтек, шалт қимылмен қозғағанынан ақ, бойындағы қуатын шығара бастағанын сездім. Өзінің шымыр, ет жеңді денесімен менің әппақ денемді жаба сылқ ете түсті. Менің махаббатсыз, сезімсіз секспен айналысқан күнәмді ешкімге, керек десеңіз анау терезеден жүзіп бара жатқан айға да көрсеткісі келмегендей жауып жатыр. Сөз арасында айтып қалған 90 кг салмағын қауырсын құрлы көріп жатқан жоқпын. Басым да, денем де жеп-жеңіл, сонау жалын шашып тұрған он сегізіме қайта оралғандаймын. Неге екенін білмеймін қуанышым қойныма сыймайды. Мен оның термен жабысқан шашын саусақтарыммен тарамдап, менің аймағыма өткен мүшесін жібергім келмегендей, топ-толық сандарымның арасында, ішкі мүшелерімді көмекке шақырып, «кетпей-ақ қойсаңшы, сенің орның осы жер ғой» дегендей, қысып-қысып қоямын. Ол да «ы-ы-ым», деп сүйсіне дауыс шығарып қояды.

Жыл мезгілі көктемнен жазға ауыса бастағанда тамаша бір кез болады. Сол кезде орман арасындағы бір алаңқайда жатсаң, неше түрлі шөп иісі аңқып, мұрын жарады. Ал күн көзінің жаңа қызу алып, келе жатқан беті, сол кезде көк шалғынның үстінде көзіңді аша алмай, маужырап, әлде бір ғажап күйге енесің. Оның жүзі дәл сондай болып жатыр, маужыраған жүзінде қуаныш пен әлде бір бақыттылықтың сәулесі ойнап тұр. Ал менің жаным мен тәнімнен де қуаныш пен бақыттың лебі есіп жатыр. Мен осындай күйге күн сайын, сағат сайын, минут сайын түскім келетінін түсіндім. Ол менің үстімнен жәй ғана аударылып түсіп, жәй ғана өбе бастады, ендігі қимылы тіпті өзгеше.

Бұрқ-сарқ қайнаған құштарлық та, алып ұшқан сезім, сумаңдаған нәпсі, көп уақыттан бері еркек құшағын көрмей сусыған іңкәрлік-бәрі сабасына түскен, тек еркек пен әйелдің бір-біріне деген ризашылығы, тояттану, мастану және өзіңнің әйелдік, иә еркектік болмысыңды сезіну ғана ауада қалықтап тұнып қалған. Мен осы екінші рет көріп отырған адамыма екінші рет қарыз болғанымды түсіндім. Оның «әйел ретінде оянбаған әйел екенсің» дегені маған көп нәрсені ұқтырғандай. Ол он жыл әйел болып, екі бала туған әйелге еркек пен әйел арасындағы төсек ләззатын ұқтырған алғашқы еркек болды.

- Бір жауды жеңіп келген батырдай риза болып жатырсың ғой-дедім. Айтқым келгені басқа еді. Мен оны ұнатып қалғанымды түсіндім, бірақ, оны өзім мойындағым келмеді, тіпті олай ойлауға да қорықтым. «Әрине, сендей оянбаған, әрі қызу қанды әйелмен болу оңай дейсің бе?» –деді. Мен екі бетім дуылдап отырып оған шындықты айттым. Онымен бірге болуымның басы да, соңы да осы шығар, енді көрмеймін - деп ойладым. Ол шындықты айтпақ түгел өзім де мойындағым келмеген. Оның үстіне еркекке айтуға қалай дәтім барғанын білмеймін. Көздерімді алақаныммен басып жатып, баяу бастағаным есімде. «Мен сенімен бүгін төсекте алғашқы рет, болсам да бұл түннің ләззаты бірнеше айларға, мүмкін жылдарға жететінін білемін. Мен бұндай күйді ешқашан кешкен емеспін, күйеуіммен де, басқалармен де (осы жерде артық ашық кеткенімді біліп, мүдіріп қалдым) сенің не сыйқырың бар? Өзімді де түсіне алар емеспін, бұрын төсек қатынасын тек еркектерге арналған нәрсе деп ұғатын едім, енді басқаша екенін білдім, қарамашы, ұяламын-деп, оның кеудемде жатқан басын құшақтап, шаштарын ұйпалақтаумен болдым. Ол мені құша түсіп, «сенің жан-тәніңнің құпия кілтін тапқанмын ғой»-деп бауырына баса түсті. Біраздан соң екеуіміз ғажайып дүниенің құшағына қайта ендік. Ол менің құшағымда ма, әлде мен оның құшағындамын ба, әйтеуір құшақтасып жатып тәтті ұйқыға кетіппіз.

Ертеңіне тұрғанда оның менің көздерімдегі «мен іздеген еркек сенсің» деген тұнып қалған сырды оқымасын деп, көздерімді алып қашып, оған тіке қарамауға тырыстым. Екі рет көре сала құшағына құлағаным, махаббатсыз, сезімсіз, секспен айналысып, енді оған деген сезімімді жасыра алмай үздіге қарап тұрсам, ұят-ай, масқара ғой, не деген жеңілтек әйел еді демейді ме? Ештеңе сездірмей, салқын қоштасып қалам деп ойладым. Ал өзім, бүгін үйленейік десе де, жалаң аяқ қол ұстасып кетейік десе де әзір едім!. «Шіркін-ай, артымнан жылдап жүгірген анау «шыбынша үймелегендердің» -бірі неге ол емес» - деп қапаландым. Ол тұрып киініп, жуынып келіп, шашымнан сыйпап отырды.

- Марал, сен мені кешір - деді даусы тұтыға шығып. Ол маған бір үкім, бірге өткізген түніміздің ләззатын бұзатындай бір нәрсе айтқалы тұрғандай, бойымды қорқыныш биледі. Ондай тәтті шақ неге тез өтеді деп, ойлағанша болған жоқ, оның дауысы алыстан талып естілді.

- Мен өзіме ешбір әйелді жақсы көрмеуге, сүймеуге уәде бергенмін. Керек десе әйел біткеннен кек алуға бекінген едім. Менің жүрегімде жара бар, жас жара, қаны әлі сорғалап тұр. Мен сүйген әйел мені 20 жыл бойы алдап келіпті. Пәк, қыз болып шықпаса да оны кешіріп, үлкен жүрек пен селдеген сезіммен сүйіп едім. Ал, бірақ, он сегіз жыл бойы өз балам деп келген баланың өзімдікі емес екенін тосын білуден артық қайғы бар ма? Бұдан артық не сорақылық болушы еді, бұл әйелдер тарапынан болатын ең ауыр қылмыс емес пе? Баламның ауыр операциядан шыққанына қарамай, ештеңе түсіндірмей, үйден шығып жүре бердім. Сол кеткеннен мол кеттім, әйелім бәрін түсінді, ештеңе демеді. Баламның менікі емес екені сол операция кезінде анықталған. Бала қанының группасы менің де, әйелімнің де группасымен сәйкес емес. Менде қазірде бейтаныс адамды бір көргеннен қандай адам екенін танитын қасиет пайда болған. Сен таза мөлдір бұлақ секілдісің, сенің жаныңды жаралағым келмейді, қош бол. Сенімен қоштаспасам, сені сүйіп қалуым мүмкін. Маған уақыт керек. Мен сенен емес, үлкен сезімнен қашып барамын, мен енді ешкімді сүйгім де, жүрегім мен жанымды қинағым да келмейді! Хош.

...Ол есікті жаппастан шығып кете берді. Артынан тұра жүгіргім келген, ойыма келген әлдебір нәрселерді айтқым келген. «Қасымда қал» дегім келген. Саған маңдайы торсықтай ұл туып беремін дегім келген. Қиын сәттерде оның мойнына асылып, қорғанышым барын сезініп, құшағында тұрып шағынып жылап алғым келген, қуаныштарыммен бөліскім келген, ол жұмыстан келгенде анамның «үйренгенің өзіңе жақсы, істегенің бізге жақсы»-деп үйреткен тамақ түрлерін алдына қойғым келген. Соңғы кезде қойып кеткен қасы-көзімді сәл бояп, әдемі иіс су жағып қасында жайнап жүргім келген... Бірақ, оның бірін де айта алмадым, әлде айтқым келмеді, әлде тыңдайтынына сенімді болмадым...

Ол кетісімен есікті жауып, неге екенін білмеймін қатты жылап қала бердім. Еркектердің өздері түгіл көлеңкелерін де көргім келмейді, аттарын да естігім келмейді. Мен Досболды бір жерден шыға келеді ме деп әлі күнге күтіп жүрмін. Моншаға барған сайын оның көзқарасын іздеймін. Қиналған сәттерімде де оны іздеймін, қол ұшын созып, бір қалтарыстан шыға келетіндей. Түндерде де кірпіктерім айқаспай, тек соның құшағын аңсаймын. Балаларымның әкесі де сол болса деймін. Айлар өтіп жатыр, одан күдерімді үзгім келеді. Өзіме өзім күн сайын есеп бергенде «біз махаббатсыз, тек секспен айналыстық қой» - деп жұбатпақ боламын. Сол түннен бері кеудемде пайда болған жалынды өшіре алмай өзіме-өзім ызаланамын. Бірақ, бір нәрсені анық сездім, маған одан басқа ешкім де керек емес. «Шыбынша үймелегендермен» болмақ түгілі, сынамақ түгілі, аттарын да естігім келмейтін болды. Досболдың бір келетінін жан дүниеммен сезіп, әр күнімді үмітпен қарсы алып жүрмін. Келмесе, іздеймін, оны табуға белімді бекем буғанмын. Ол төрт-бес аялдама жерде тұрамын деген, білдірмей кездейсоқ кездескен боламын. Оны сүйетінімді қалайда ретін тауып білдіремін. Сүйетінін айту тек жігіттерге ғана тән бе? Оны айтуға тек еркектердің ғана құқы бар ма? Сүйетініңді білдіру қылмыс емес қой. Мен Досболды тауып, «біз бір-біріміз үшін жаралған жандармыз» - деймін. Оны іздеп тауып қосылатынымызға сенімдімін. Сәл кештеу болса да біздей жандардың бір-бірін жолықтыратыны қандай бақыт.

Р. ҚАМИДУЛЛАҚЫЗЫ

Abai.kz

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста