Отбасы - ошақ қасы

«Екі қатын алып», шіреніп жатпақ ойы бар

  • «Екі қатын алып», шіреніп жатпақ ойы бар

    «Екі қатын алып», шіреніп жатпақ ойы бар

Таяуда бір досымыздың үйінде қонақта болған едік. Сол үйдегі келінге бір әдемі қыздың көмектесіп жүргенін көргенбіз. Туыстарының бірінің қызы болар деп ойлағанбыз.

Қыз емес, азаматтық некедегі әйел екен

Әйелдер бір-бірінен сұрастырып, әлгі қыздың досымыздың баласының сыныптасының азаматтық некеде тұратын әйелі екенін біліп алыпты. «Азаматтық неке деген болады екен ғой. Кешегі қыз қыз емес, Қайраттың баласының сондай некедегі әйелі екен. Бірнеше жылдан бері бірге тұрады дейді, балалары жоқ екен», – деді әйелім үйге келген соң таңқалып. Мұндай жайлар туралы бұрын да естіп жүргендіктен мен бұған аса елең ете қоймадым. Тек: «Әке-шешелері біледі ме екен?» – деп сұрадым. «Баланың да, қыздың да әке-шешелері біледі екен», – дейді әйелім. Қыз бұрын тұрмыста болмаған, жігіт бұрын үйленбеген көрінеді. Мен осыған таңқалдым.

Жастар азаматтық некеде тұрып жатқан болса, оны әке-шешелері білетін болса, жетіскен екенбіз! Сонда жігіттің де, қыздың да ата-анасы үшін бәрібір болғаны ғой. Жастар бірін-бірі заңды жұбайым деп сезінбесе, ата-аналары бір-бірін құда-құдағи деп танымаса, бұл не болды сонда? Бұрын отбасын құрып, ажырасқан, енді «екі жарты – бір бүтін» болып тұрып жатқан адамдар болса, жөні басқа. Ал жап-жас адамдардың азаматтық некедеміз деп бірге тұрып жатқанын тіпті де түсіне алмадым.

«Он үште – отау иесі» деп ұлын бұғанасы қатқаннан отбасын құруға тәрбиелейтін, қызының болашақ келін, ана болатынын құлағына сіңіріп өсіретін қазақта мұндай бұрын-соңды болып па еді? Некесіз бірге тұрмақ түгілі, қыздың оң жақта отырып жүкті болып қалуын сұмдық масқара көретін еді жұрт. Ел арасында сирек те болса кездесіп қалатын өз етегіне ие бола алмайтындар мен жеңіл жүріске бейімдерге құлаққа тұрпайы естілетін ат қойылып жататын. Ал енді заңды некесіз бірге тұрып жатқандарды кім деп атауға болар еді? Өздері «азаматтық некедеміз» деп ойлағанымен оларды жұрт бәрібір де ерлі-зайыпты деп қабылдамайды емес пе?

Баяғыда Батыс елдерінде азаматтық неке деген болады екен деп естуші едік, адамдар сөйтіп те өмір сүре береді екен-ау деп таңқалатынбыз. Сол енді біздің елге де келіп сіңіп жатыр екен. Кей ата-аналар балаларының сондай некеге тұруына да көндігіп жатқан сыңайлы. Олар мұның соңы қайда апарып соғуы мүмкін екенін неге ойламайды?

Азаматтық неке деген – екі адамның өзара келісіп бірге тұруы. Бар болғаны сол ғана. Олардың бір-бірінің алдында ешқандай да міндеті, жауапкершілігі жоқ. Ұнаса бірге тұра береді, ұнамаса екеуі екі жаққа кете салады. Одан әрі қарай ол өмір бойы жалғыз өтпейді ғой, жолы болып, тағы біреумен кө­ңіл қосар. Сонда ол не өмір бол­ды?

Ал азаматтық некеден бала туы­ла қалса не болады? Ол некесіз туған боп саналмай ма? Ондай ба­ланы қазақта «шата» деп атайды. Некесіз туған баланың өмірде жүзі жарқын боларына кім кепіл? Осындай некедегі ер мен әйел келіспей қалып, екеуі екі жаққа кетсе ше, бала кімде қалады, алиментті кім төлейді? Олар мүлікті қалай бөліседі? Қысқасы, естіген «жаңалығым» көкейде осындай жайсыз ойларды туындатты.

«Екі қатын алып», шіреніп жатпақ ойы бар

Өзіне жайлы болып жатса адамның не істегісі келмейді дейсіз? Ар-ұятты, жақсы-жаманды, обал-сауапты білетін жан болмаса, қазір кей адам ештеңеден де аяқ тартпайтын болды ғой. Мені толғандыр­ғаны – отбасылық құндылықтардың сақталуы. Толық, заңды отбасы болып, ерлі-зайыптылар өмірдің ыс­тық-суығын бірге көтерісіп өткенге не жетсін! Өмірдің сондай соқпағынан өткен апа-көке, ата-әжелеріміз аз ба? Солардың өмірінен сөзсіз ғибрат аласың, сүйсінесің, сондай болғың келеді. Ал азаматтық некеде тұрып осылай қартайғандар бар ма екен? Бар болса, біз осындай жағдайға азаматтық некенің арқасында жеттік деп айта да алмас-ау.

Ендеше заңды некенің адамшылығы да, артықшылығы да осында – адамдардың бір-біріне сенуінде, бірге жүріп қиындықтарды жеңуінде, «кішігірім мемлекетті» орнатып, нығайтып, сақтай білуінде, оның игіліктерін бірге көруінде емес пе? Ата-аналарымыз өмірінің мәнін содан көріп келді ғой. Өкініштісі, кейінгі кездері осындай берік қалыптасқан отбасылық құндылықтарға сырттан келіп жұққан болымсыз жайлар көп кесірін тигізіп жатыр. Жаңағы айтылған азаматтық неке деген де соның бірі, оның қазақты кереметтей бір ұшпаққа шығарып жібермесі айдан-анық нәрсе ғой.

Қазаққа кесірін тигізіп жатқан тағы бір нәрсе – дін жолындамын дейтін кейбіреулердің әйел баласына тым жоғарыдан қарауы, оларды талақ етуі. Яғни «өйтуге болмайды», «бүйтуге болмайды» деп көздеген мақсаты белгісіз біреулердің тыйым салған нәрсесін еш ойланбай тәрк ететіндер де көбейіп отыр. Бұған қатысты да талай әңгіме есті­­генбіз. «Отбасы болған соң ыдыс-аяқ сықырламай тұрмайды» деп шаңы­рақтағы кішігірім түсініспестіктерге кешіріммен қарап, күліп еске алатын қазақтың бүгінгі кей баласы от­­басында әйелі бетіне ренжіп қарау­ға болмайтын қожаға айналған. Әйел еркектен төмен тұруы керек, жұмыс істемеуі керек, көпшілік жерге бармауы керек… Осындай «керектердің» шеңберінен шыға қалса, бітті, оған «талақ» дейсің. Осылай үш мәрте қайталанса, бір шаңырақ астында тұруға болмайды. Сонда адамгершілік қайда қалды, кешірімшілдік қайда? Отбасы осындай арзымайтын кикіл­жің­нен-ақ күйреп қала беруі керек пе?

Таяуда ауылға барғанда бір әңгіме естіп күйінгенім бар еді. Еш жерде жұмыс істемейтін біреу әйе­лінің табысын, бала-шағасына төле­нетін жәрдемақыны ішіп-жеп алаңсыз жүр. Бірнеше жылдан бері солай. Табақтай бетінің майы шығып, семіріп алған, талтаңдап жүреді, кісімсіп сөйлейді. Жасы қырыққа жетпеген сол біреу адам жалдап, есігінің алдына «времянка» салдыр­ған. Әйелін соған көшірмек көрінеді. Неге? Тоқал алмақ екен. Оған әйелін психологиялық жағынан әбден даярлап, көндіріп қойғаны сонша, «бәйбішесі» қарсы тұруды ойына алуға да қорқады. «Мұсылманшылықта төрт әйелге дейін алуға рұқсат етілген ғой. Отағасы өзі шешеді», – дейтін көрінеді. Қарсы бірдеңе десе, талақ етеді деп қорқатыны анық. Өйткені екеуі де өздерінше дін жолын ұстанады.

Бұл жерде біз дінді кінәлап отырған жоқпыз. Еркектің шамасы жетсе, төрт әйел алуына да қарсы болмаспыз. Мәселе сол еркектің кім, қандай адам екендігінде емес пе? Адам жұмыс істемей, еңбек етпей, жатып алып табысты қайдан табады, отбасын, болашақ тоқалын, одан туатын балаларды қайтіп асырайды? Соған қарағанда, бұл жерде есеп әйелдің өзі табыс табуында жатқан сияқты. Жалпақ тілмен айтқанда, «екі қатын алып», шіреніп жатпақ ойы бар. Ал ол әйел табыс таппаса ше? Онда оған есебін тауып талақ жариялау да түк емес шығар.

Ажырасқандар неге көбейіп кетті?

Бізді ойландыратын тағы бір мәселе – кейінгі кездері ел арасында ажырасқан әйелдердің көбеюі. Бұрын ілуде біреуін көруші едік, қазір жиі көретін, ондайлар туралы көп еститін болдық. Бұған да аса таңдана қоймайтын болдық.

Бүгінде осындай ажырасқан әйелдердің көбі бұрынғы күйеуінен алимент өндіріп ала алмай жүр. Енді бірі заңды түрде рәсімделген алиментті ала алмайды, себебі оны төлеуі тиіс адам қашып жүр немесе айлық жалақы мөлшерін төмендетіп көрсетіп, өзінен туған баланы қажеттіден қаққысы келеді. Ішіп-жемі қалай, әкесіз баланың жан-дүниесінде не болып жатыр, денсаулығы қалай – оған бас қатырмайды.

Ерінен ажырасқан әйелдердің басым көпшілігінің тұрмыстық жағдайы өте нашар, көбі жұмыссыз, пәтер жалдап тұрады. Қажетін алып киінбек тұрмақ, ұнатқан тамағын істеп, тойынып, сүйсініп ішуге де жағдайлары жоқ. Жалғызбасты ана ретінде заңды кезекке тұрып, баспаналы болуға қолы жетпейтіндері де аз емес. Мешіт, базар төңірегінен қайыр сұрап отырған сондай жандарды көргенде жүрегің езіледі.

Ал осы ажырасу деген неден шығып жатыр? Неге ол көбейіп кетті?

Мән беріп қараңызшы, ол кеше ғана пайда болған жоқ қой. Әсіресе биыл тойланғалы отырған ел тәуел­сіздігінің 30 жылы ішінде көбейіп, көз үйренген құбылысқа айналды. Бұған бір жағы тұрмыс тауқыметтері себеп болған шығар, бірақ оның одан басқа да көзге көрінбейтін, жария болып айтыла бермейтін себеп­тері бар сияқты.

…Қысқасы, отбасы, неке саласына түбегейлі бір әлеуметтік зерт­теу керек-ау деген ой келеді. Зерттеп, «ондай екен», «мынанша екен» деп есеп беріп қоя салмай, шаңырақтың шайқалмауына, толыққанды, дәстүрлі отбасының сақталуына қызмет ететін шараларды қолға алу керек. Өйткені мемлекет сол «кішігірім мемлекеттерден» құралмай ма? Ендеше біз неге бұл жаман құбылыстарға немқұрайды қараймыз, неге оның себебін анықтап, жаппай таралуына тосқауыл қоюға тырыспаймыз? Кең-байтақ жерімізде халық аз, кей облыстарда жұмыс күші жетіспей жатыр. Қытай елшісінің бір кездері «Аз халыққа осынша жер берген Құдайдікі әділетсіздік қой» дегені туралы ақпарат құралдарында жазылғаны белгілі, Ресей саясаткерлері өткенде солтүстік өңірлерді біздің жер деп қоңырсытқанын тағы естідік. Сондайлардың аузына құм құю үшін бізде адам саны өсуі керек қой. Ол үшін дені сау, елім, жерім дей­тін отбасылар болуы керек. Ал қара басының қамын күйттеп, жанына жайлы нәрседен басқаны ойламайтын, болашақтың алдында ешқандай да жауапкершілік сезінбей­тін, мойнына еш жауапкершілік алуды қаламайтын адамдардан сондай от­басы құрады деп үміт күтуге бо­ла ма?

Т. ТҰРАН.

zamana.kz




Көрілген: 1083    Пікірлер: 0

дүйсенбі, 08.03.2021, 23:23

Достарыңмен бөліс:



  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    2 Мамыр, 22:21
    Қызыма әке керек
    29 Сәуір, 11:07
    Ананың ақылы...
    8 Сәуір, 17:15
    Өгей ана
    29 Наурыз, 12:42
    Баламның әкесі басқа

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2021
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    2020
    2021
    мамыр
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2
    3 4 5 6 7 8 9
    10 11 12 13 14 15 16
    17 18 19 20 21 22 23
    24 25 26 27 28 29 30
    31