Отбасы - ошақ қасы

Екі оттың ортасында қалдым...

  • http://kasparovserchess.blogspot.com/

    http://kasparovserchess.blogspot.com/

Құрметті «Алаш айнасы» интернет-порталы, сіздердің сайттарыңыздағы «Отбасы &ndash ошақ қасы» айдарындағы оқырмандардың хаттарын оқып, бүгін мен де қолыма қалам алуды жөн көрдім. Мен сіздерге көптен бері жанымды жегідей жеп жүрген сырымды ашсам деймін.

 

Менің жасым 31-де. Үш баланың анасымын. Ең алғаш 21 жасымда келін болып босаға аттадым. Содан бері он жылдың жүзі болыпты. Анам тұрмысқа шығатын кезімде мені келіндікке әбден даярлады. Келін болып түскен шаңырағымды сыйлауым керектігін, ата-енені қадірлеудің өзіндік жоғары қасиет екенін санама сіңірген анам еді. Өзім де «ата-анамның сенімін ақтап, ауыл-аймаққа сыйлы келін атану үшін барымды салармын» деп ойлайтынмын. Бірақ барлығы мен ойлағандай болмады. Міне, тоғыз жыл болды біз ата-енемнің шаңырағына мүлдем бармаймыз. Есігін ашпаймыз. Балаларым да, мен де, күйеуім де ол үйдің табалдырығын аттамағалы тоғыз жылдың жүзі болды. «Ауыл-әулетке сыйлы келін атанамын» деген мен қазір туған енеммен бір дастарқаннан дәм тата алмай, не ол кісіні үйіме шақырып күте алмай әуре-сарсаң болып жүрген жайым бар.

 

Ең алғаш келін болып түскенімде барлығы өз жөнімен, өз жолымен келе жатыр еді. Таңдауым түсіп, сүйіп қосылған азаматым да оқыған білімді азамат. Қайын жұртым да береке дарыған үлкен бір әулет. Осының барлығына іштеу тәубе етіп «бергеніңе шүкір» дейтін едім. Келін болып түскеннен кейін мен бір жыл өткен соң өмірге қыз бала әкелдім. Ол кезде бізді атам мен енем өз алдымызға еншімізді беріп бөлек үй етіп шығарған болатын.

 

Сонымен жас босанған анамын. Күйеуім күн ұзаққа жұмыста, мен үйде қызымды бағып бір мамыражай өмір басталды. Ана болудың бақытын сезініп әр күн сайын қызымның қылығын қызықтап жүрген кезім еді. Бір күні кешкісін тосыннан басым қатты ауырды. Дәрі ішкеніме де басылмай, күнде кешкісін басым ауырып тұратын болды. Бір ай бойы үздіксіз осылай жалғаса бергеніне де мән бермедім. Күйеуіме де басымның ауырып жүргенін білдірмедім. Күндер осылай өте берді. Маған келе-келе бірдеңелер көз алдыма елестейтін болды. Жалғыз қалғанымда біреу ту сыртымнан қарап тұрған сияқты сезіндім. Ең қорқыныштысы, сол елес күнді-түні қасымда жүретін. Мұны да күйеуіме айтуға ыңғайсызданып, бір жағы оны алаңдатпайын деп шаршағандыққа балап жүре бердім. Бірақ мұның барлығы қызым үш ай болғанда шегіне жетті. Мен түн ішінде ұйықтап жатып айғайлап оянатын, сандырақтайтын халге жеттім. Күйеуім менің жағдайымның мәз еместігін сол кезде анық сезініп, дереу ауруханаға апарды. Ондағы дәрігерлер маған «жүйке жүйесінің ауытқуы» деген диагноз қойып алты ай ем қабылдауым керектігін айтып дереу шұғыл түрде ауруханаға жатқызылдым. Сол сәттен бастап менің өмірімде үлкен өзгерістер орын алды.

 

Мен ауруханаға жаттым, күйеуім үш айлық қызымен жалғыз қалды. Тек қана анасының омырауын еміп өсіп келе жатқан қызым, емізік салса аузына да алмай, шыр-шыр етіп қанша күн жылайды. Менің емделуге жатқанымды естіп енем де дереу алқын-жұлқын ауылдан жетеді. Түнде қызым ұйықтаған кезде бесіктің бір жағында енем жатса, екінші жағында күйеуім жатып, екеуі ортаға алып қызды осылайша бағып қарай бастайды. Қызым жыласа әкесі қоса тұрып қарасып, барлық жағдайды қызына жасайды. Менің алты ай бойы емделетінімді, оның үстіне шыққаннан кейін де күтім керектігін естіген енем, бір күні қызымды ауылға алып кетпек болады. Сөйтіп, енем қызымның барлық киімдерін жинап, ауылдан атамды шақырып, немересін алып ауылға аттануға қам жасайды. Менің қызым ол кісілердің тұңғыш немересі, бір жағынан «жастар ғой келінім шыққан соң да күтінсін» деген де ойы бар. Ауылдан атам келгеннен кейін екеуі отырып, ұлдарымен сөйлесіп «немеремізді бізге бер, біз бауырымызға салып өзіміз алайық, қызымыздың барлық киімдерін дайындап қойдық. Сен алаңдамай келін шыққанша жұмысыңды істеп, тірлігіңді жаса» деген екен. Сол сәтте күйеуім: «Далада шашылып жатқан балам жоқ. Егер осы жерде қарап жүргеніңізге қиналсаңыз, есік әне, бара беріңіз. Мен қызымды сіздерге бере алмаймын» деп шарт кетеді. Бұл сөзді естіп енем атама «кеттік» деген бір ауыз сөзді айтып есікті тарс жапқан. Содан бері тоғыз жыл өтті атам мен енем біздің үйге келмейді, не біз олардың үйіне бармаймыз. Мен балаларды алып барайын десем, күйеуім сол күні үйде айғай-шу шығарады. Қанша ағайын, дос-жарандар да жиылып айтты, бірақ енем де, күйеуім де бір-біріне иілгісі келмейді. Тіпті қазір ағайындарымыздың дені болған жайтқа мені кінәлайтын болып алды. Өткенде бір жиында үлкен кісілердің біразы «еркек бас болса, әйел мойын. Азаматыңа жөн-жобаны дұрыс көрсетіп отырсаң ол қайда барушы еді шешесінен безіп» деп тілдеп те жіберді. Бірақ күйеуімнің илігер түрі де көрінбейді. Ал енем «тұңғыш немеремді өзіме бермедіңдер» деп жібір емес. Қазір сол қыздың өзі тоғыз жаста. Одан кейін екі ұлымыз бар. Ата-енем сол екі ұлды да көрген емес. Немерелерінің маңдайынан иіскеп, қолдарына да алып көрмеді.

 

Мен ең алғаш келін болып түскенімде енем маған «бір көңілім қалмасын, бір көңілім қалды ма ештеңеге қайрылмайтын адаммын» дейтін. Бірақ нақ осылай туған ұлынан көңілі қалады деп мүлде ойламаппын. «Сіз анасыз ғой, балаңызды бауырыңызға бассаңыз ол да жібиді. Үйге келіңізші» деп қанша шақырдым. Бірақ келмейді. Ал ұлына «сен тұңғыш ұлысың ғой. Ертең ол кісі дүниеден өтсе ел-жұртқа не бетіңді айтасың?! Тірісінде сыйласа алмасаң, ертең әбден кеш болады ғой» дегеніммен ол да елжіреп бара қалайын деп тұрған жоқ. Тіпті шариғат бойынша ата-ана хақысы қандай болатынын да айтып көрдім. Қарияларды да араға салдық. Бірақ не енем, не күйеуім бір-біріне иілгісі жоқ. Енді күйеуімнің туған бауырларының өзі «осының барлығына сен кінәлісің» деп маған өкпе артатын болды. Қазір басқа туыстарымыз да мені көрсе «тоғыз жыл болды анасы мен баласын бір-біріне көрсетпей отырған қандай келінсің» деп айтудан танбай келеді. Құрметті «Алаш айнасының» оқырмандары ақыл қосыңыздаршы. Осы тығырықтан шығатын жолды қайтсем табамын? Мен енді не істесем болады?

 

 

Автор: Салтанат Әзімбаева, Алматы облысы

alashainasy.kz




Көрілген: 4283    Пікірлер: 0

сейсенбі, 10.11.2020, 13:28

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    26 Қаңтар, 15:51
    Өзге қызға ғашықпын
    17 Қаңтар, 14:07
    Ойнап жүріп от бастым
    29 Желтоқсан 2020
    Құрбым қыздарға құмар...
    20 Желтоқсан 2020
    Махаббат, махаббат деп...
    10 Желтоқсан 2020
    Жігіттер сенетін 6 өтірік

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2021
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    2020
    2021
    қаңтар
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3
    4 5 6 7 8 9 10
    11 12 13 14 15 16 17
    18 19 20 21 22 23 24
    25 26 27 28 29 30 31