Отбасы - ошақ қасы

Енем мені кедей жерден шыққан деп менсінбейтін

  • ©Нұрғиса Елеубеков (фото)

    ©Нұрғиса Елеубеков (фото)

Ануармен бір ауылда өстік. Бірақ менен 2 жас үлкендігі болған соң аралас-құраластығым жоқ еді. Тек жоғары оқу орынында қатар оқыған кезде жақын танысып, жастық шақтың бал күндерін қол ұстасып бірге өткіздік.

Отбасын құрсақ деген шешімге келдік. Содан үйленіп, алғашқы жылдарда ауылда ата-анамыздың жанында тұрдық. Тұңғышымыз Жанель ауылда дүниеге келді.

Оқу бітіріп барғаннан кейін ол ауылдағы мектепке мұғалім болып орналасты. Маған мектепте сағат жетпегендіктен үйде отырдым.

Біздің үйде менен кейінгі екі сіңлім, анам үшеуі ғана еді. Алдымдағы ағаларым өзді-өзі үй болып бөлек шығып кеткен. Біреуден ілгері, біреуден кейін тірлік кешіп жатқан қарапайым отбасымыз. Ағаларым анамның отын-суын түсіріп, кіргізіп беріп, қолдарынан келгенше жәрдемдесіп кетеді. Өз қолдарына көшіріп әкетейік деп еді, анам көнбей: «Жоқ, айналайындар, рахмет. Өзімнен әл кеткенше өзім жеке отырайын, оның үстіне қарындастарың әлі қанаттанған жоқ. Осыларды құтты орындарына қондырмай қара шаңырақтан ешқайда жылжымаймын» деп отырып алды. Бір жағынан ол да дұрыс шығар деп қойдық.

Енем о баста біздің үй-ішімізді менсінген жоқ. «Кедей тұрады, қарабайыр тірлік кешкен, ештеңе көрмеген, ол үйдің қызын алдырмаймын» деп біраз тулаған екен, қайын атам «көп сөйлеме, байлығына қарап баланың сағын сындырма» деп тыйып тастапты. Оны кейіннен абысындарымның бірінен естідім.

Бір ауылда тұрсам да, анама жиі барып тұра алмайтынмын. Әрине, барғым-ақ келеді. Бірақ енемнің қабағына қарап шыға алмаймын. Үйден аттап шықсаң, қабағы түсіп, «анауыңды қашан істейсің?», «мынауыңды қашан жасайсың?» деп шаруаны сылтау қылып жібермеуге тырысады. Соны біліп өзім де ешқайда шыға қояйын демеймін.

Ең жаманы, мен үйіме баратын болсам, менің қолыма ұстаған пакеттерімді көзімен тінтіп, «не әкетіп бара жатыр?» дегендей, мені ұрыдай көреді. Қараптан қарап өзім қысыламын. Пакет ұстамайын десең баланың керек-жарағы бар. Кейіннен қолыма мүлде ештеңе ұстамай шығуға тырысатын бодым.

Үйге барып келгеннен кейін де «Осы үйдің сабынын біреу жей ме? Кеше ғана онын әкеп қойып едім? Қайда кетеді, осы?» деп өз-өзіне айтқан болып, маған тигізе сөйлейді.

Мінезім біртоға, тұйықтау болғандықтан, ішімдегі ренішімді сыртыма шығарып айта да алмайтынмын, тек түндерде қыстығып ешкімге көрсетпей жылап аламын.

Бәрінен де жаныма қатты батқаны мына бір оқиға болды. Енем үйіне кіретін табысты өзі ұстайды. Қайсысын қайда жұмсау керектігін де өзі біледі. Бірде аудан орталығына баратын болып, жиналып жатқан. Мен ойымда ештеңе жоқ, олардың жатын бөлмелерін жинап жүргенмін. Өзі киім қоятын шкафтарын ашып, қажеттерін алып жатқан. Мен сәл ғана бөгелдім де, киінетін шығар деп шығып кеттім.

Ол аудан орталығына барып келді. Әңгіме кешкілік басталды. Өз бөлмесіне кіріп шықты, бір нәрсеге қатты алаңдаулы екенін байқадым.

«Апа, не болды?» дегенім сол еді, «Оңбаған, ұры. Алатын ақшаны алып алып, қарашы түк болмағандай сөйлеп тұрғанын» деп мені тарпа бас салды. Шошып кеткенім сондай, Ануардын артына барып тығылдым. Ол да түк түсінбей дал. Үйде қайын атам жоқ еді.

«Бұл қаншық әлгінде менің ақшаны қай жерден алып жатқанымды көрген. Бәсе, менің бөлмемде неге айналшықтап жүр деп өзім де күдіктеніп едім. Түк көрмеген, бейшара. Сол бес мың теңгеге қарап қалдың ба? Сұрасаң да беретін едім ғой» деп тантып тұр. Біреу төбемнен қойып қалғандай болды.

Осындай ию-қиюдың үстінен әкеміз түсті. Ол мәселенің мәнісін түсінген соң, әйелін тоқтатуға ұмтылды.

Алғашында «Мен ештеңеге тиіскен жоқпын» деп ақталып-ақ жатқанмын. Бір кезде «Бейшара шешең жыртығына жамау болсын деп сұраған шығар» дегенді естігенде, шыдамай кеттім. Өзіме қанша тіл тигізсе де, шыдайын деп едім. Ал анамның аты аталған соң, төзімім шырт етті. «Анама тіл тигізбеңіз. Нағыз адал адам сондай-ақ болсын», - дедім де кетуге бел байладым. Баламның, өзімнің киім-кешегімді жиыстырып, қыстың қақаған аязында үйден шығып кеттім.

Оңайлықпен ашуланбаймын, бірақ бір ашулансам, қайтуым қиын. Осыдан төркінімнің табалдырығын бір аттасам, мен қайта артыма қайрылмайтынымды да жақсы біліп тұрмын. Сондықтан қанша өзімді ұстайын десем де, ашудан дірілдеп-қалтырап келемін. Аяздан тоңып тұрмын ба, жоқ ашудан қалтырап тұрмын ба, оны өзім де айыра алмайтын халде едім. Әкем мені тоқтатпақ болып қанша ұмтылса да, қайырылмадым. Соңымнан Ануар қуып жетті. Ол мені де, баланы да тарс қылып құшақтап алып, жібермеді. Оның құшағының жылуын сезгенім сол-ақ екен, бойымды қысып тұрған ашуым көзімнен тарам-тарам жас болып ақты. Еңіреп тұрып жыладым. «Ақымақ болмашы, жаным! Анам үшін сенен кешірім сұраймын. Сенің адалдығыңа, тазалығыңа мен ешқашан күмән келтірген емеспін. Қаласаң, ертең кетеміз қалаға, бөлек тұрамыз. Тек бүгін үйге қайтшы, өтінемін. Кішкентай Жанеліміз үшін» деп көз жасымды сүртіп, бәйек болды. Шынымды айтсам, осы үйдегілердің ешқайсысын, Ануарды да, әкемізді де, тіпті алыста оқуда жүрген қайнымды да қимаймын, оларды өз отбасымдай жақсы көріп кеттім. Менің де ешқайда кеткім келмейді. Тек, тұрмысы жұпыны адамдардың бәрін ашқарақ, көрсеқызар, ұры санайтын енемнің қылығы осы жолы тым шектен шығып кетті.

Сонымен, ақыры үйге қайта келдім. Әкем ертеңіне-ақ бізді азын-аулақ жүгімізбен қалаға өзінің інісінің үйіне апарып салды. Бір аптадай сол үйде болдық та, өзімізге ыңғайлы пәтер жалдап, бөлек шықтық. Ол үйдегі кіші шешеміз ақжарқын, аузын ашса жүрегі көрінетін жан. «Қиналсаңдар қысылмай айтыңдар» деп көмектесуге әзір тұрады. Менің табиғатым сондай, ешкімге салмақ салмай, бар нәрсеге қанағат қылғанды қалаймын. Дегенмен, бірте-бірте тұрмысымыз түзелді, шүкір.

Кейін енем «Кешір, айналайын. Сол күні артық кеттім» деп бір ауыз кешірім сұрады. Кіші шешеміз «Өзі көршіге бес мың теңге қарызға бергенін қара басып ұмытып қалыпты ғой. Қазір қатты өкініп жүр сол ісіне» деді.

Өзіміз де үйлі болдық. Қайныма да қаладан үй сатып әпердік. Қазір ата-енем кіші ұлдың қолында отыр.

Енемді кешірдім, «Оны алдымен Алла Тағала кешірсін» деп тілеймін. Адамдарды болмысына емес, байлығына қарап бағалайтындарды көргенде «Осыдан әлі қаншама рет таяқ жеп, қанша рет өкінетін болады-ау» деп аяймын.

Автор: Сағила, Алматы




Көрілген: 2795    Пікірлер: 7

сәрсенбі, 01.10.2014, 09:50

Достарыңмен бөліс:

2
  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    18 Қыркүйек, 11:18
    Төркініме кетіп барамын
    17 Қыркүйек, 11:48
    Кеш оянған махаббат
    12 Қыркүйек, 10:23
    Бәрінен шаршап кеттім
    8 Қыркүйек, 18:03
    Мен бөлеме ғашықпын...

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    қыркүйек
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1
    2 3 4 5 6 7 8
    9 10 11 12 13 14 15
    16 17 18 19 20 21 22
    23 24 25 26 27 28 29
    30