"Жақындарым мені айыптады": Жасөспірім кезінде зорлық көрген бойжеткен

08 наурыз 2022, 18:44

Қазақстанда зорлық құрбандарына психологиялық және заң тұрғысынан көмек беретін қорлар саусақпен санарлық.  Солардың бірі - SVET қоры. Аталған қордың негізін қалаушылардың бірі, әйелдер құқығын қорғаушы, белсенді Мөлдір Албан жасөспірім кезінде зорлық әрекеттерімен бетпе-бет келгенін айтады. Ол өмірдегі қиындықтар мен сынақтарға қарамастан, өз жолын тауып бүгінде тұлға ретінде қалыптасқан қайсар ару, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі Stan.kz-ке сілтеме жасап.

Stan.kz тілшісімен сұхбатта Мөлдір бала кезде көрген сексуалдық зорлық оқиғасы мен оның салдары және мұндай травмадан қалай арылуға болатыны жайлы және Қазақстандағы инцест проблемасының өзектілігі туралы айтты.

 

Мөлдір Албан - Жаркент қаласының тумасы. Құқық қорғау саласына дейін әскери қызметпен айналысқан. Жаркент қаласының шекара қызметінде жұмыс істеген.

 

"Мектеп бітіргеннен кейін радиотелеграфистерді үйретіп, өздеріне жаңа жинақ жинап жатқан әскери ұйымға келіп, сонда алты ай оқып, барлық сынақтардан табысты өттім. Өз қалама келіп, жұмысқа тұруға арыз бердім. Сегіз айдан соң мені барлық арнайы тексерістерден кейін әскер қатарына қатардағы шенмен шақырды. Ол уақытта жасым небәрі 19-да еді", - дейді Мөлдір.

 

Айтуынша, жасөспірім кезінде көрген зорлық-зомбылық әрекеттер әйел құқығын қорғаумен айналысуға бет бұруға себеп болған.

 

"Әйелдер құқығын қорғауға бағытталған әрекеттерім 2016 жылдан басталды. Мен ол кезде осы Құқық қорғау комитетінің Алматыдағы Шекара қызметі академиясында жұмыс істеп жүр едім. Бастығыма әйелдер құқығымен айналысатын болдым деп ашығын айттым, ол мені қолдады. Осылай жұмыстан шығып, әйелдер құқығын қорғауға кірісіп кеттім.

Әрине, менің шешіміме жасөспірім кезінде және балалық шағымда өз басымнан өткен сексуалдық мақсатта жасалған зорлық-зомбылық әрекеттер себеп болды. Көптен бері өзім сияқты қыздарға қалай көмектессем деген ой мазалап жүрген болатын. Сондай-ақ, басқа мемлекеттерде және біздің мемлекетте болып жатқан акциялар, яғни #metoo #янебоюськазать #немолчи хэштегі бойынша жазылған оқиғаларды оқып, мен дайынмын деген шешімге келдім", - деп есіне алады ол.

 

Бала кездегі зорлық оқиғасы Мөлдірдің жеке өміріне әсер етпей қоймаған. Тіпті сол уақытта жақындарының қарғысына да ұшырағанын айтады.

 

"Басында жақындарым қолдамады, олардың қарғысына да ұшырадым. Бізді жерге қараттың деген айыптауларын естідім. Ақырында өз жолымнан тайынбайтыныма олардың көзін жеткіздім. Қолдаған адамдар басында аз болды. Қазір маған ешкім ештеңе деп айтпайды. Кейіннен көптеген таныс емес адамдар қолдай бастады да, бұл маған жігер берді", - дейді ол.

 

Құқық қорғаушының сөзінше, басқаларға көмектесуі арқылы өзінің де күйзелісінен арыла бастаған.

 

"Басында әрине қиын болды, жылдар бойы сол оқиғаның психологиялық салдарын байқап жүрдім. Ақырында ішкі күйзелістердің менің өміріме тікелей әсері барына көзім жеткен соң, осыдан қалай құтылам деп іздене бастадым. Психолог мамандарына қаралдым, өзім сияқты қыздар-әйелдермен араластым, проблемалардың ортақ екенін және олармен қалай күресу керек деген сұрақтарға жауап іздедім. Осылай, басқаларға көмектесу арқылы өзіме де көмектескенімді байқадым. Әрине, өзімнің бірбеткей және алға қойған мақсатыма қалай да жетем деген мінезім де бар. Алдағы кедергілерге қарамастан осылай қоғамдағы өзгерістерге бір үлесімді қостым", - дейді Мөлдір.

Мөлдір Албан құқық қорғау мәселесінде инцест тақырыбын жиі көтеріп жүр. Осы проблеманың өзектілігі туралы өз ойын білдірді. Бір қарағанда, қазақтар, Қазақстан үшін жат ұғым сияқты көрінгенімен, шын мәнінде өздеріне келіп түсетін хабарламалардың жартысынан көбі инцестке қатысты, дейді ол.

 

"Мен құқық қорғау жолына бет бұрғанда ең бірінші байқағаным, бала кезінде жақындарынан қорлық көргендердің көптігі. Одан бұрын бұл проблеманың өзектілігін байқамағанмын да, өйткені бұл күнделікті айтатын әңгіме емес қой. Психологтар мен осы біз сияқты қыздар арасында болатын әңгіме болмаса. Ең сорақысы сол, бізге жат, бізде жоқ деп айтады, бірақ бұған менің өз ойым бар. Байқауымша, бізге келіп түсетін хабарламалардың жартысынан көбі бала кезінде болған зорлық-зомбылық, және өз жақындарынан: бауырынан, туған және өгей әкесі, ағасы, атасы тарапынан көрген қорлықтар жайлы. Яғни жәбірленушінің сенген адамы, дәл осы адамнан зорлық көрем деп ойламаған кісілер болып шығады. Сеніп, кейде өздері сол адамдарға балаларын қалдырып кетіп жүруі мүмкін. Бала кезінде ондай ой баланың өзі тұрмақ, оның анасына да келмейді ғой", - дейді ол.

 

Айтуынша, өздеріне көмек сұрап жүгінетін жәбірленушілердің көбі инцест пен педофилия мәселелерімен жүгінеді.

 

"Менің есімнен шықпайтын оқиғалар әрине көп, бірақ соның ішінде ең сорақысы, жасөспірім қыз "туған әкем бала кезімнен маған тиісіп жүр, жаныма жатады, ойына келгенін істейді" деп айтқаны болды. Сонда анасымен сөйлескенде, оның өз қызына сенбейтіні менің жүрегіме батты. Сол ауданның инспекторы осындай сыбыстың барын растады. Бірақ кейін тексеріс жүргізгенде қыз да, анасы да оқиғаны жоққа шығарды, өйткені әжелері, яғни сол күдікті еркектің анасы оларға үй берем деп ауыздарын жауып қойған. Осындай жағдайдар өкінішке қарай, жиі кездесіп тұрады" , - дейді құқық қорғаушы.

 

Инцест тақырыбының өзектілігін түсінген Мөлдір осы мәселе аясында кітап жазуды шешіп, туындының жазылуына кірісіп те кеткен.

 

"Кітапта осы оқиғаларды бір жинаққа жинастырып, өзімнің және өзім сияқты сарапшылардың ата-аналарға деген кеңестерін бергім келеді" - дейді ару.

 

Мөлдір Албан жетекшілік ететін SVET (Stop Violence End Tyranny) қоғамдық қоры 2018 жылы құрылған.

 

"Оның негізін қалаушылар – мен және менің досым Кирилл Флаймен. Оның да өз себебі бар, екеуміз зомбылыққа қатысты оқиғаға куәгер болып, бір күнде қор ашамыз деген шешім қабылдағанбыз.

Қордың мақсаты – зорлық-зомбылыққа ұшыраған адамдарға психологиялық, заң тұрғысынан және кеңес беру бойынша көмек беру, зорлық-зомбылықтың алдын алу. Сондай-ақ, біз зерттеулерде қатысамыз,", - дейді қор жетекшісі.

 

Зомбылықтың құрбаны бола тұра, өзін жоғалтпай, сынақтардан өтіп, бүгінде өзін қалыптастырған тұлға Мөлдір Албан осындай деңгейге жету үшін үлкен күрестен өттім дейді.

 

"Бұл жол шынымен күрес болды. Мен 2016 жылы "иә, мен зорлықтың құрбанымын, мұнда менің кінәм жоқ, мен емес, зорлық істеген адам ұялуы керек" деп жарияға жар салдым. Басында әрине қиын болды, қазіргідей емес, жағымсыз пікірлер басым болды, бөтен емес, жақын адамдардан жаныма тиетіндей сөздер естідім. Жыламаған түндер болмаған шығар. Бірақ алдыға қойған мақсатымнан, өз жолымнан тайған емеспін. Біраз аялдап, қайта ұмтылдым. Өз айтқан сөздеріме берік болдым, шын сендім. Осылайша, қазір зорлық-зомбылық тақырыбында сарапшы болып, сұхбаттар беріп жүрмін", - дейді ол.

 

Сексуалды травма алған қыз-келіншектерге Мөлдір Албан осы ретте бірқатар кеңестерін де берді.

 

"Сексуалдық зорлыққа ұшыраған болсаңыз, міндетті түрде психологиялық көмекке жүгініңіз. Өміріңіздегі өзгерістерге ұмтылыңыз! Еркін және тәуелсіз болуға ұмтылыңыз! Көмек сұраудан ұялмаңыз! Және әйелдер бір-біріңізге қолдау болуға тырысыңыз! Әрқашан да ізденісте болыңыз, егер де сіз зорлық-зомбылықтың қандай себептерден болатынына көз жеткізсеңіз, басқа қызды я әйелді айыптауға себеп таппайсыз, өйткені зорлық-зомбылыққа кінәлі – зорлықшы және қыз-келіншектер басынан өткерген сан түрлі жағдайлар, жәбірленушінің таңдауы емес",- дейді ол.