Отбасы - ошақ қасы

Желіккен жеңгем ағамның түбіне жете ме деп қорқам...

  • Желіккен жеңгем ағамның түбіне жете ме деп қорқам...

    Желіккен жеңгем ағамның түбіне жете ме деп қорқам...

Жеңге деген &ndash қазақ халқында бір әдемі ұғым. Біреулердің аузынан «жеңге» дегенді естігенде қызығып кетемін. Өйткені өзім жеңгеден жерінген жанмын. Көңілімнің түкпірінде жүрген жеңге туралы сырымды бүгін «Алаш айнасы» оқырмандарының назарына ұсынбақпын.
Менің үлкен ағам үйленген кезде әкем қатты ашуланды. Өйткені ол келіндерінің ауылдан болғанын қалаған болуы керек. Танитын адаммен құдандалы болудың жөні бөлек шығар. Бір жағынан, әкемнің ашулануына ағамның өзі де кінәлі.
Негізі, анам ағама өзінің қайтыс болған құрбысының қызын әпергісі келген. Ол қыздың бойы кіп-кішкентай, талдырмаш қана еді. Анам тіпті ол қыздың туған күніне өзінің алтын сырғасын сыйлаған. Ол кезде алтын деген қымбат қой. Қыз да кет әрі емес-ті. Бірақ әкем ол қызды құп көрмеді. «Бойы кіп-кішкентай, тұқымымыз ұсақталып кетеді!» - деді ол.
Ағам әскерден келген соң қаланың бір қызын алып қашты. Өзі аса тани қоймайтын студент қыз еді ол. Бұған ата-анамыз алғашқыда кәдімгідей қуанды. Үйде қаражаттың жағдайы бола қоймады ма, ата-анамыз қыздың әке-шешесінің алдынан өтуге дереу бара қоймай, бір аптадай уақыттан соң барды. Үлкендер жағы аяққа жығылуға кеткенде ағамыз қалыңдығымен бірге той киімдерін сатып алып үлгеріпті. Бірақ құдалар «уақытында келе қоймадыңдар», «қызымыз оқуын оқуы керек» деген сылтауларын айтып, қыздарын сабаққа барған жерінен ұстап алып, үйлеріне алып қайтады. Бұл жайт әкеме сабақ болып, көңілінде қалып қойған шығар деп ойлаймын өзім. Ұлының онша танып-білмеген, мінезіне қанықпаған бөтен қызды алып қаша салуына кім болса да ыза болатын еді.



Екінші рет көрші ауылда бір үйлену тойы болып, қыздың құрбысын бөле ағамыз өз фермасына алып кетеді де, ағама тұрмысқа шығуға үгіттейді. Ол қыз болса: «Мен әке-шешемнен әрең сұранып кетіп едім. Оларды аттап кете алмаймын», &ndash деп, көнбепті. Осылайша, ағамның беті тағы да қайтты. Осы күні сол бір жайттарды ойша сараптап отырып, қатты таңғаламын. Ағам &ndash өте көрікті, мінезі жайлы адам. Ешкімнің бетін қайтару дегенді білмейді. Көнбіс. Өте шаруақор. Қыздар қызыққандай-ақ адам. Сөйте тұра, көлденеңнен кездескендерді алып қашуға дайын тұратыны несі? Ешкім қарамайтындай сұрықсыз болса бірсәрі.
Қазіргі жеңгем &ndash көрші ауылдың қызы. Мамандығы &ndash медбике. Ол оқу бітірген соң ауданымыздағы басқа бір ауылда еңбектеніп жүріпті. Ол ауылға ағам іссапарға барып жүріп танысқан. Тұрақты қарым-қатынас, достықтары болмаған сияқты, оны да ағам бір-екі көрген соң, жолдастарымен қыдырып барғансып алып қашады.
Обалы нешік, жеңгем үй шаруасына өте мығым болды. Үйді таза ұстады, тамақты жақсы пісіреді, ақшаға үнемшіл. Және қонақты өте жақсы күтеді.
Бала кезіңде бәрі қызық қой. Ағаңның үйленгені де қызық. Тұңғыш балалы болғаны да қызық. Басқа ештеңе миымызға кіріп-шықпайды. Жеңгемнің шашымды өріп бергеніне мәзбін.
Жеңгемнің төркіні өте жұпыны тұратын. Есімде қалғаны &ndash оның анасы марқұм, яғни, құдағиымыз өте қыдырымпаз адам-тын. Әр ауылда тұратын қыздарына ылғи қыдырумен жүруші еді.
..Бастапқыда бәрі тамаша болғанымен, екі балалы болғаннан кейін жеңгемнен шикіліктер шығып қалды. Ол кезде олар бөлек отау еді. Ағам егіс жұмыстарында болғанында бірде үйіне келсе, жеңгемнің жанында бөлеміз ұйықтап жатады. Сірә, жеңгеміз бөлемізбен бірге ішіп, екеуі бірге ұйықтап қалса керек. Содан, ағам жеңгемді ұрып, ол төркініне кетіп қалады. Екі баласы біздікінде қалды. Еміс-еміс есімде, бөле апамыз бірде анаммен сөйлесіп отырды. «Нұрлан келінді бекер кінәлайды. Бауыржан (әлгі бөлеміз, яғни, өзінің бауырын айтады) жай ғана мас болғандықтан, келіннің төсегіне келіп ұйықтап қалыпты. Оны Нұрлан дұрыс түсінбей, қол жұмсапты». Содан екі айдай уақыт өте келе, анам екінші ағаммен көрші ауылға аттанып, жеңгемді үйге алып келді. Қазір ойлап қарасам, мен анамның орнында болсам, оны өзім барып алып келмек түгіл, есекке теріс отырғызып жіберетін едім. Өйткені бір әйелдің төсегіне бөтен еркек барып ұйықтап қалыпты (тіпті, араларында ештеңе болмағанның өзінде) деген не сұмдық? Үйінде күйеуі жоқ әйелдің үйіне бөтен еркек аттап баспауы керек қой.
Кейін әкем қайтыс болып, жыл өте біз үлкен үйге аға-жеңгемді қалдырып, қалаға қоныс аудардық. Ол дағдарыс уақыты болғандықтан, ауылда жалақы болмай, жұрт жоқшылықты бастан кешті. Ағам жұмыс істегенімен, дұрыс еңбекақы жоқ. Сол себепті анам зейнетақысын алысымен азық-түлік арқалап ауылға кетеді. Сөйтіп жүргенде жеңгеміздің кемшіліктері біртіндеп ашыла бастады.
Ол кезде ағамның балалары тілдері шығып, есейіңкіреп қалған. Не болып, не қойғанын сұрасаң, айтып беретін жағдайда. Сөмкесін арқалап анам барғанда, кішкентай бауырым оған мұңын шағыпты. «Апа, сен жоқта мамам арақ ішіп-ішіп мас болып, қойларды жоғалтып алды». Сөйтсек, араққа құмар келіншектер жеңгемнің маңайына үйіріледі екен. Десек те, біз оның бәріне мән бермей жүрдік. Жылдар өте келе ағам мен жеңгем қалаға көшті.
Жеңгемде маған ұнамайтын қасиеттер көбейе берді. Мәселен, ол ақшалары бола тұра қашанда біреудің ескі жиһазын сатып алуға құмар еді. Ал жаңа киім алуға облыс орталығына барса да, модадан шығып қалған, өзіне аса жарасыңқырамайтын сұрықсыз киімдер киіп алатын. Талғам жағы тым төмен. Оның бәрін қойшы, жеңгем ылғи арақ ішіп жүреді. Мас болып далада домалап жатпаса да, бір үйдегі бір әйел нөкерлерін жиып алып үнемі арақ ішіп отырса, береке қашады екен. Ағам ақшаны қалай күреп тауып жатса да, үйлері тым жұпыны. Қит етсе жеңгем міндетті түрде біреумен арақ ішіп отырады. Кейде тіпті кіріп келген адамға білдірмес үшін құманға құйып алып ішіп отыратын. Жеңгем арақты әйелдермен ғана емес, еркектермен де қосыла ішеді. Арақ жүрген жерде сайтан жүрмей ме. Көрінгенмен құшақтасып, небір ерсі әрекеттер жасап жүргенін сеземіз.
Бұл арақты кім ішпей жатыр дейсіз. Мен де жеңгемнің ішімдікке құмарлығына селт етпес едім. Егер... ол тұқымымызды тұздай құртпаған болса. Ағамның үлкен ұлы бұзақы, қияңқы болып өсті. Жарытып жұмыс істемейді. Ылғи ішіп жүреді. Тәрбиесі сондай болса, қайтсін енді? Талай рет қияңқылық жасап, полицияға түсті. Біресе біреуді ұрып тастайды, енді бірде біреудің машинасын соғып кетеді. Соның бәрінде ағам қыруар ақшасын шашып, оны босатып алды. Кейде ағам ыза болып баласын ұрса, шешесі оның сөзін сөйлеп, ағама айтпайтыны жоқ.
Ағамның ең кенже ұлы жайқалған көк құрақтай болып өсіп келе жатыр еді. 13 жасында мерт болды. Ол мектепте жақсы оқитын, мінезі ерекше жаратылған, аса қанағатшыл бала болатын. Бойына кіршік жуытпайтын таза еді.
Аға-жеңгем пысықсып қаладағыны ұқсатып жетістіргендей, бір жылы қайтадан ауылға көшті. Кенже балалары қалада қалды. Қаңтардың қақаған аязында каникулға сол жылы ол ауылға кетті. Ағам жол жүріп кеткен. Сол күні бәрі қонақта болады. Түн ішінде бауырым қысылып, жан тапсырыпты. Сап-сау бала неге қысылды? Не болды? Бәрі күндіз оның денесі қызып ауырып жүргенін айтады. Менің ойымша, баланың қызуы көтерілген де, күндіз қонақта арақ ішіп мас болған жеңгем оның ыстығын бақылай алмай қалған. Өзім осындай қорытынды жасадым. Бауырымның жаны шыққанда анасы қасында еді. Баласы өлгеннен қатты шошынған ба, жеңгем мәйіттің жанында түнгі 3-тен түскі 11-лерге дейін ес-түссіз жатып қалыпты. Кейін көршілер терезені сындырып кіріп, оған дәрігер шақырады. Содан жеңгем есін қалаға келгенде, бір тәуліктен соң бір-ақ жиды. Есін жиюын жиғанмен, қазір ол меңіреу күй кешіп жатыр. Қалай болса солай киінеді. Үйде шаруаны өз бетінше біліп істемейді. Құдды жын соғып кеткен дерсің. Бірдеңені айтсаң ғана істейді. Тіпті өзі біліп күйеуінің төсегін де салып бермейді. Тек қана бұйырып айтып отыру керек.
Иә, бұрынғымен салыстырғанда өмірде көп нәрсе өзгерді. Ағам жүрегінен ауырады. Жеңгемнің түрі анадай. Үлкен ұлы маскүнем бе, нашақор ма &ndash адам біліп болмайды. Кіші ұлдары о дүниелік болған. Өзгермеген бір ғана нәрсе бар. Ол &ndash жеңгемнің араққұмарлығы. Бұрынғы бұрынғы ма, енді баласының өлімін сылтауратып, қайғырғансып ішетін болды. Басында қайғысы болғандықтан, ішуге қақы, құқы бардай, осы істеп жүргені заңды сияқты.
Кейде отырып алып осының бәрін ой елегінен өткіземін. Өмірінің ойран-ботқа болғанына қаңғып жүрген қызға үйленген, кейін оны бағындыра алмаған ағамның өзі кінәлі деген шешімге келемін. Жалғандікі ақыретке кетпейді деген бар емес пе. Біреулер қайғыға душар болғанда «Бұл құдайдың алдында немен жазықты болдым?» деп жылап жатады. Жеңгемнің олай жылауға да қақы жоқ. Құдай өзі бетін аулақ қылсын, оны табалайын, сөгейін деген ойым жоқ. Өлген бауырымды ойласам, жүрегім езіледі. Тірі өлікке ұқсаған жеңгем-ай, бәрін құрттың-ау... 

Автор: Замира Ілиясова, Қарағанды




Көрілген: 6348    Пікірлер: 0

жексенбі, 01.11.2020, 19:27

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    26 Қаңтар, 15:51
    Өзге қызға ғашықпын
    17 Қаңтар, 14:07
    Ойнап жүріп от бастым
    29 Желтоқсан 2020
    Құрбым қыздарға құмар...
    20 Желтоқсан 2020
    Махаббат, махаббат деп...
    10 Желтоқсан 2020
    Жігіттер сенетін 6 өтірік

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2021
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    2020
    2021
    қаңтар
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3
    4 5 6 7 8 9 10
    11 12 13 14 15 16 17
    18 19 20 21 22 23 24
    25 26 27 28 29 30 31