Жеңгеме жаным ашиды...

Жеңгеме жаным ашиды...

Басылым бетіне шыққан әрбір әңгімеде әртүрлі тағдыр, әртүрлі сыр бар. Бірін оқып сүйінсең, бірін оқып күйінесің. Мен де жеңгемнің басындағы жағдайды сыр ғып шертсем деп едім. Жеңгеме жаным ашиды...
Асыл жеңешем менің... Асылжан десе дегендей-ақ, атына заты сай ғой... Бүгінде осындай атқа лайықты адам аз-ау... Ол келін болып түскенде біз әлі бала едік. Сегіз баланың ішіндегі ең үлкен ағам үйленгенде қатты қуанғаным есімде. Ақ орамалдың астында отырған бейтаныс жанның өзі де, жан дүниесі де аппақтай болып көрінген маған. Періште пейіліме орай расында жеңгем ары да, жаны да аппақ қардай болып шықты. Үлкен шаңырақтың алғашқы көрген қызығы өзі болған соң бәріне де төтеп берді. Таңертең ерте тұрып сиыр сауып, нан жауып, тамақ істеп, ара-арасында кір жуып - бәріне де үлгеретін. Кір киімдерді көбейтуге көп үлес қосатын біздерге де қабағын шытпайтын. Үстімізден сыпырып алып сол замат аппақ қылып жуып тастайтын. Ең бастысы, қолы майлы шықты, ол істеген тамақты бармағымызды жалап жеуші ек. Пісірген бәлішін, қаттамасын айтсаңызшы, шайнамай жұта беруге болады. Енді ержетіп келе жатқан қайныларының бәрінің көңілінен шығуға тырысатын. Айна алдында ұзағырақ тұрып, шашын қайырып жігіт болып қалған олардың бәрін де әдемілеп киіндіріп кездесуге жіберетін. Жүретін қызы жайлы сұрап, сырласып та үлгеруші еді. Бір шаңырақтың шырайын кіргізіп отырған жеңгем ағайын-туыстың да көңілінен шықты. Үйге келген қонақтың бәрін жақсылап күтіп, дастарқанды жайнатып жіберетін. Қолы ашықтығын айтсаңызшы. Қызғану деген қасиет жоқ. Ең соңғы тиыны қалса да, қиналып тұрған адамды көрсе қолына ұстатып жіберетін. Адамның бойындағы бар жақсы қасиеттің бәрі де жеңгемнің бойынан табылатын. Асыл жеңешемді сұмдық жақсы көремін. Әлі де... Жақсы адамдардың көп қиналатыны несі екен? Жеңгем екі баланы дүниеге әкелген соң, ағамның сыртта жүрісі көбейіп кетті. Үйдегілердің көңілінен шығам деп шапқылап жүргенде ағама көңіл бөлуге уақыты да болмады ма, кім білсін? Ағайын туыс ортаға алып, ағама қанша рет ұрысты да. "Мақұл, қоямын..." деп басын шұлғып бір екі ай тыныш жүрген соң арада аз уақыт өтпей "әләуләйліміне" тағы басатын. Естуімізше, бір татар әйелмен жүреді-мыс. Ақыры ағайынның айқайы да араша болған жоқ, ағам кетіп тынды. Жеңгем көп күтті. «Ол келеді, бір күні келеді...» деумен күндері өтіп жатты. Ол аралықта баяғы бозбала қайныларының бәрі де шетінен келіншек әкеле бастаған. Бірақ одан кейінгі жеңгелерімнің бірі де Асылжан жеңешемнің деңгейіне жете алған жоқ. Бірі - салақ, бірі - олақ, бірі - тілімен орақ орса да, қолынан түк келмейтін болып шықты. Бірі ойға қашты, бірі қырға қашты. Бәрі де бөлек шығып кетті. Асылжан жеңешем ғана іргесін аулақ салмай, күйеуін күтумен күндері өтіп жатты. Қанша қиналып жүрсе де, іштей қамығып жүрсе де сыртқа сыр алдырмайтын. Басқа жеңгелерім ағекесі бірдеңе бүлдіріп қойса, үйге жүгіріп келіп шу шығарып жататын «ажырасамын» деп. Соның бәріне Асылжан жеңешем байыппен қарап, келіндеріне басу айтып, «отағасың аман болсын, оның бәрі өткінші, өтеді, кетеді, қайтесің, басиеңнің басы аман болса, бәрі де болады...» деп жанашыр сөзін айтып, жұбатып жіберетін. Өзі сол бақытты сезіне алмаған соң, басқалар да бардың бағасын білсін дей ме? Әйтеуір келіндерінің бірі «ажырасамын» деп долданса, зәресі қалмайтын. «Жесір болсаң, жетісерсің, жұрттың нысанасына айналып, қой, кімнің байы май жаққан шелпектей дейсің, барын асырып, жаманын жасырсаң, жарасып кетесің, қой, ақымақ болма...» деп келіндеріне басу айтып отырғанын талай көрдім. Пайым-парасаты соншалықты жоғары, данагөй жеңгемді сондай шақта жүгіріп барып құшақтап сүйіп-сүйіп алатынмын. Уақытым жетіп, мен де ұзатылып кеттім. Бар ақылын айтып, асыл жеңгем өзі ұзатып салды. Оның айтқан ақыл сөздерін әліге дейін өміріме азық етіп келемін. Бірдеңені дұрыс істемесем, «Асылжан жеңгем қайтер еді?» деп жөнге келе бастаймын. Менің өмірімдегі темірқазығым десе де болады асыл жеңгемді... Күтумен күндері өткен жеңгем ағам қайтып келмесе де біздің босағадан кеткен жоқ. Ағам сол кеткеннен мол кетті. Інілері барып талай мәрте алып келді, бірақ қайтып кетіп қала береді. Төркіндері келіп, қанша алып кетеміз деп тепсінсе де міз баққан жоқ. «Мен бұл босағадан өлсем де кетпеймін, әуре болмаңдар» деп шығарып салатын. Үлкен ұлы ержетіп үйленді. Бүгінде немересі бар. Жақсы адамның көп қиналатыны несі деуім, жеңгем ойда-жоқта жаман аурудың шеңгеліне тұсалды. Кім ойлаған, оны осындай ауруға шалдығады деп? Атын айтуға да қорқатын жаман ауру қатты айналдырды жеңгемді. Көзі шүңірейіп, бүгінде қатты азып кетті. Күндері ауруханада өтіп жатыр. Үмітіміз әлсіз болса да, жазылып кетсе екен деп тілеп жүрміз. Баяғы кір-қоңын жуып, өзі өсірген қайныларының бәрі де бүгінде әжетіне жарап, жеңеше деп бар қаражатын көтеріп жүгіріп жүр. Егер жазылып кетеді десе, басындағы үйлерін сатып беруге де бар. Апам да анау-мынауға сына қоймайтын еді, келінінің амандығын тілеп күнде жылайды. Бірақ үмітіміз жіңішкеріп барады. Сонда да Жаратқанның бір кереметіне сенім артып тілеумен жүрміз. Асыл жеңешем менің, аман болшы, сауығып кетші ертерек...

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста