Отбасы - ошақ қасы

Жігіт сұлтанының аянышты тағдыры

  • Сурет ғаламтордан

    Сурет ғаламтордан

Аяғын сылти басып, ілбіп бара жатқан, жұпыны киінген адамның тағдыр тауқыметі шаршатқан жүдеу жүзінен, нұры қашып өлеусіреген өздерінен таныс бір бейне елес бергендей болды. Ойланыңқырап барып соңынан қарадым. Иә, жаза баспаппын. Оны таныдым. Сол, соның өзі екен.


Бала кезіміз еді. Шамамен 4-5-ші сыныптарда оқимыз. Сыныптас қыздың ағасы әскерден оралыпты, қаладан келіншек ала келіпті. Қызықшылықты тойлауға кешке отырыс (вечер) болады екен. Қызықтан құр қаламыз ба, ортадан орын тимесе де дәлізде тұрып есіктен сығалаудың өзі қызық. Отырысқа «шөже қыздар» - біздер де бардық.




Сыныптасымның ағасы ептеп қызулау, көңілді күймен жарқылдап ортада жүр. Аса көрікті болмаса да аққұба өңді, көкшілдеу көзді нәзік бозбала қыздарға сүйкімді еді. Өзі қатарлы ауылдың бойжеткендері көзінің сұғын қадап, үміттеніп жүретін. Бірақ бір таңданарлығы, ол маңайына үйірілген сол қыздардың біріне де көз қырын салмастан, таңдаған сұлуын қаладан тапты. Келіншегін де көрдік. Ойпырмай, бір-біріне жарасқан мұндай жұпты бұрын-соңды кезіктірмеппін. Аппақ сүттей сүйкімді жүзіне көрік беріп кекіл шашы еркелей төгілген, бота көздері жәудіреген, сымбаты да келіскен бұл сұлуды нағыз еліктің лағы ма дерсің. Шөп-шаламның ішіндегі жалғыз раушан гүлдей құлпырып бірден көзге түседі. Айранмен жуған шаштарын желкеге түйген, ұзын көйлегінің етегі сүметіліп тобыққа түскен біздің ауылдың қыздарынан гөрі шашы иығына төгілген, қалалық сән үлгісімен тізеден жоғары қысқа юбка киген бұл бойжеткен біздің көзімізге ертегідегі нағыз арудай көрінді. Ал ағамыз болса, отырыстың гүлі, жігіттің сұлтаны дерсің. Жағасы ашық ақ көйлегі желбіреп, толқынды шаштарын сілкіп тастап, көздері от шаша қарағанда «менмін» деген кез-келген бойжеткен ток соққандай есеңгіреп, сылқ түсетін.


Біздер үшін де, ауылдың үлкендері үшін де сол ағамыздың үйлену тойы, қаладан әкелген сұлу келіншегі көпке дейін әңгіме желісіне айналып, «жыр» болып жүрді. Иә, уақыт жүрдек. Арада жылжып жылдар өтті. Біздер бойжеттік. Бір кездегі сәмбі талдай майысқан сұлу жеңгеміз толысқан, ақ борықтай әдемі әйел болды. Бірінен соң бірін домалатып, ағамыздың үйін балаға толтырды. Естуімізше, бәрі қыз бала екен. «Ұл тумадың» деп кінә артып, ағамыз ішімдікке үйір бола бастапты. Үйір болып қана қоймай, арада жылдар өте «ащы сумен» ажырамас дос болып алған. Бұрынғыдай емес, көзінің оты сөніп, шашын ақ қырау басқан. Жеңгеміз қыздарын жетектеп, қаладағы төркініне бір кетіп, бір келіп жүрді. Әйтеуір шырқы бұзылған отбасылық өмірлері ырың-жырыңмен өтіп жатты деп еститінбіз. Ақылын араққа айырбастаған ағамызбен алысып жүріп жастық жылдарын жылаумен өткізген жеңгеміз айықпас қатерлі дертке шалдығыпты. Бойжеткен қыздарын ұзатып та үлгермей сол дерттің құрбаны болды. Ал ағамыз болса, бұл кезде құлап жатып ішетін халге жеткен. Жақын-жуықтарының бәрі теріс айналып, «тірі әруаққа» айналған оның жүзін көрудің өзі ая­нышты ғана емес, қорқынышты да еді.


Арыстай азамат өзінің түбіне өзі жетті. Бұл күндері әке-шешенің көзі кеткен, туыстары «адам болуынан» әбден күдерін үзіп, іргесін аулаққа салған, ішкен арағы ақыл-есінен айырып, бейшара кейіпке түсірген ағамыздың әлгіндегі мен көрген адам нанғысыз шынайы бейнесі сол еді.


«Ащы судың» құрбаны болып, құрдымға кеткен, өзіне-өзі ор қазып, түпсіз терең шыңыраудан шыға алмай, міскін халге түскен бұл азаматтың осындай ауыр тағдыры кім-кімге де сабақ болса екен деймін. Қас-қағымда өте шығар қысқа ғұмыр адам баласына бір-ақ рет беріледі. Ендеше, жарық дүниенің азабын емес, ғажабын көруге ұмтылғанға не жетсін!


zamana.kz


 




Көрілген: 1955    Пікірлер: 0

бейсенбі, 28.02.2019, 09:52

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    11 Мамыр, 12:42
    Неке неге бұзылады?

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    мамыр
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4 5
    6 7 8 9 10 11 12
    13 14 15 16 17 18 19
    20 21 22 23 24 25 26
    27 28 29 30 31