Жоғалып табылған қыз

13 желтоқсан 2021, 02:07

Кешкісін көшеге шықсам, көршім кір жуатын машинасымен (жартылай автомат) кір жуып, оның суын көшенің қақ ортасына шашып жатыр екен. Неге екенін білмеймін, денем түршігіп кетті. Себебі жақында ғана бір әйелден естіген әңгімемнің әсерінен шыға алмай жүр едім.

«Негізі кірдің суы мен күлді адам жүретін жерге төгуге болмайды дегенді бала кезімізден естіп өстік қой, – деп бастады әйел әңгімесін. – Күл мен кірдің суы төгілген жерде жын-шайтан жүреді. Сөйтіп оны басқан адамға жабысады деп шешеміз кірдің суын әкеміз қазып қойған шұңқырға төктіретін. Күлді де ауламыздың бір бұрышына төгеміз, көктемде әкем оны тракторға артып, айдалаға тастап келетін. Осындай тәрбие көрмеген бе, менің көршілерімнің бәрі күлді көшенің ортасына төгіп, кірдің суын есіктерінің алдына шашып тастайды. Оны ойнап жүріп балалар басады, өздері де денелері тітіркенбей қалай жүреді деймін де…

Былтыр көктемде сабақтары онлайн болғасын студент қызым ауылдағы бір дүкенде сатушы болып жұмыс істеп жүрген. Жұмыстан күн бата қайтатын. Тапқан табысын бір тиынына да тиіспей маған әкеліп беретін де керегін сұрап алатын.

Қызым қақ-соқпен жұмысы жоқ, салмақты, көп сөйлемейтін, тұйық қыз еді. Бұл дүкенде карантин басталғалы жұмыс істеп жүрген. Үйде отырғанда не істеймін, үйге де ақша керек қой дегесін рұқсатымды бергенмін. Үйде де бар тірлікті қолына алып, қолқанатым болып жүрген қыз ғой.

Сол қызымның бір күндері мінезі өзгеріп келе жатқанын байқадым. Көп сөйлеп, шықылықтап не болса соған күле беретінді шығарды. Бұрын-соңды мұндай мінезін байқамағасын өзіме тым ерсі көрінді. Сөйтіп оны жұмыс істеймін деп мінезі өзгере бастапты ғой деп ойлап, жұмыс істемей-ақ қойшы десем, көп сөйлеп кетті. Мән-мағынасыз, әйтеуір бірдеңелерді тоқтамай айтып жатыр. Сосын жанында бірге жұмыс істеп жүрген қыздардың тәрбиесі дұрыс емес пе екен деп ойлап, жұмыстан шығарып алуды жөн көрдім. Өзіне айтсам көп сөйлеп, жылап кеткесін ертең әкімшілігіне барып айтармын деп жатқанмын. Таңертең тұрсам, қызым төсегінде жоқ. Шифоньерді ашсам, киімдері де жоқ, бәрін түгел әкеткен.

Дереу телефонына қоңырау шалсам, өшік тұр. Содан құрбыларына, сыныптастарына, дүкен қожайынына қоңырау шалдым. Жұмысына бармапты. Достарының ешқайсысы білмейді. Не болса да жұмысына барып, сонда бірге істейтін қыздарымен сөйлесіп көрейінші деп ойладым.

Барсам, ешқайсысы білмейтінін айтты. Бірақ бір қыз: «Әпке, қызыңызды тапқаннан кейін оқытып жібересіз бе, соңғы кездері біртүрлі болып жүрді. Өзімен-өзі сөйлеседі, күледі, апай да сізге айтам, жұмыстан шығарам деп жүрген еді», – дейді.

Мына әңгімені естігенде төбемнен жай түскендей болды. «Ертерек неге айтпағансыңдар маған? Қашаннан бері олай болып жүр еді?» – деп сұрадым жаным шығып. «Қашан екенін білмеймін. Әйтеуір жұмыстағы бір қыз байқап қалыпты. Айнаға қарап өзімен өзі сөйлесіп, күліп тұр екен. Мұны көріпті де түк болмағандай теріс бұрылып кете салыпты. Бұрын жұмысты тап-тұйнақтай етіп, бәрін орын-орнына қойып істейтін ғой. Соңғы кездері салақ болып кетті. Қай нәрсені қай жерге қойғанын білмей, ұмытып қала береді», – деді. Өзім біртүрлі болып кеткенін байқағаным түнде. Сонда бұған біраз уақыт өтіп кеткен бе?

Не керек, осылай басталды бәрі. Содан іздемеген жеріміз қалмай, үш-төрт күн дегенде тауып әкелдік. Жас қыз ғой. Үйге келе сала молдаға қарай сүйрелесек, үйден одан әрмен қашып кетер деп ойлап, екі-үш күн өткесін апарайын деп ол күні үндемедім. Қызым да жап-жақсы болып жүрді. Мінезі де бұрынғыдай. Сосын мен де күдіктене қоймадым. Әлгі қыздардың айтқандары да есімнен шығып кетті. Үйден қашып кеткенін маған өкпелегені шығар деп ойладым. Себебі осы қызымды басқа балаларыма қарағанда көбірек жұмсап, көбірек ұрсатынмын. Соған өкпелеп, үлкейгенін білдірейін дегені шығар деп түсіндім.

Екі-үш күн жап-жақсы болып жүрген қызым тағы да түн ішінде үйден қашып кетті. Ешқандай ұрыс та, ештеңе болмаған. Мен тіпті оған қарсы ештеңе де айтқаным жоқ. Тағы не болып қалды деп іздеуге шықтым. Бармаған жерім, баспаған тауым қалмады. Қызды көрдім-білдім деген бір адам болсайшы. Амалым құрығасын полицияға барып арыздандым. Олар үш-төрт күн іздеп тауып берді.

Бұл жолы үйге әкелісімен молдаға апарып дем салдырдым. Молда дем салғаны болмаса ештеңе айтпады. Үш күн дем салдырдық. Сонымен біраз күн жап-жақсы болып жүрген қызым тағы да жоғалып кетті. Тағы сабылу, аяқтан тозып іздеу, полицияға арыз беру басталды. Полициядағылар: «Қызың жынды болса жындыханаға апарып жатқыз. Сенің қызың апта сайын жоғалса, апта сайын тауып беруге міндетті емеспіз», – деп ұрысты.

Алғашқыда бұл жағдайды намыстанып, ешкімге айтпағанмын. Жоғалуы көбейіп кеткесін көмек сұрап, бауырларым мен алыс-жақын ағайын-туған, дос-жарандарымның бәріне айттым. Олар болса, қызымның бұзылып кеткенін айтып, зәремді ұшырды. Айтуларынша, қызым жеңіл жолға түсіп кеткен екен. Қолымда гүлдей етіп өсіріп отырған перзентім туралы осындай суық сөз естігендегі жанымның азабын білсеңіз ғой. Бұлай болуы тіпті де мүмкін емес еді. Көзімнен таса қылмай, бар жақсы сөзімді айтып, дұрыс деген тәрбиені беріп өсірген менің қызым ондай болуы мүмкін емес деп тәуіп, емшілерді аралай бастадым. Мықты деген көріпкелдерге суретін көрсетіп сұрасам, олар да әртүрлі нәрсе айтып, әбден қорқытты. Сол кездегі көрген қиындығымды мен ешкімнің де басына тілемеймін.

Сол барған көп тәуіптердің ішінде біреуі қызымның жаман жерді басып кетіп, пері жабысқанын айтты. Қызым қазір өз басымен емес, сол перілердің айтқанымен жүргенін түсіндіріп, бір айдай оқып көрейін деді. Мен оның айтқанына сендім. Себебі ол қызымның бойындағы, әңгімесіндегі өзгерістерді тап басып айтып берді. Одан бөлек, көшеміздің тұрғындары күл-күмірәсін көшеге төгетіндері тағы бар. Одан менің қызым ғана зардап шегіп жатса мейлі ғой. Өздері де ауырып жатқандарын түсінбейді. Екі көршім үп-үлкен боп қалған балаларының төсекке жіберіп қоятындарын айтып, қалай қойдырарын білмей жүр. Тағы екі көршім аяқтарын басудан қалған. Қарға адым жер жүрулері мұң. Талай рет айттым төгуге болмайды деп, тыңдамайды. Тым құрығанда өздеріңе жандарың ашысын да десем, бәрі мені сандырақтап тұрған жындыдай көреді. Сосын мен де үндемейтін болдым. Өздеріне жақсы болса төге берсін. Бір жаманы, ешкімге арыздана да алмайсың біз жақта. Қалада болса, бір шара көруге болар еді.

Не керек, сол тәуіп оқып жатқан кезде өзім де күніге түс көре бастадым. Түсімде бір қора ешкіні лақтарымен қосып қорадан айдап шықтым. Бірақ үлкен бір көк теке мені сүзгісі келіп, бұрышта шықпай тұр. Осыны айтқанымда тәуіп: «Алла өзіңе де сездіріп жатыр екен ғой. Сол үлкен періні шығара алмай жатырмын. Майда-шүйдесі кетті. Ол да кетеді қайда барады, оқуды үзбеймін. Бірақ қызыңды бірден жақсы болып кетеді деп ойлама. Перілері кеткесін бірдеңесін жоғалтқан адам сияқты біраз күн біртүрлі болып жүреді. Сондайда бірдеңе деп ұрсып, ескерту жасап, ренжітіп алып жүрме. Мұндай нәрсе оңай емес», – деп ескертті.

Алдымен аман-есен келсінші үйге деймін ішімнен. Әлі табылмаған. Тура сол кезде Алматыда Аяжан Еділова деген қыз жоғалып, оны хирург жігіттің бөлшектеп тастаған оқиғасы болған. Оны естігенде тіпті ұйқыдан қалдым. Жынды адам секілді не істеп, не қойғанымды білмейтінмін. Біресе құран, біресе намаз оқимын. Біресе тәспі аударып, түнімен Жаратқанға жалбарынып, қызымның аман-есен табылуын тілеп шығамын. Ертелі-кеш егіліп жылап, кейде «Жылаған көзге жас беремін» деп бір жағдайға ұрынып қала ма деп, көз жасымды тыя қоямын.

Бір айдан кейін ол тәуіп оқып бітіргенін, ішіндегі перілерінің бәрі шығып кеткенін, енді өзі үйге келетінін айтты. Бірақ оқып бітірдім дегеніне он шақты күн өтсе де қызым келген жоқ. Өзімнің де түсімде әлгі ерегісіп тұрған текені сойып тастағанмын. Жын-перілерінің кеткеніне сеніп тұрмын-ау, бірақ қыз жоқ.

Не керек, қол қусырып қарап отырам ба деп, іздестіріп-сұрастырып жүріп, тағы бір емшіге бардым. (Бұдан өзге амалым да жоқ еді менің. Туған бауырларым өзіме ұрсады жағдайымды айтсам). Ол қызымның суретін көріп, біздің үйіміз таза

емес екенін айтып, үйді тазартып оқыды. Үйің тазарғасын келеді деді. Қызды да сыртынан оқыды. Оған да екі-үш аптадай уақыт кетіп қалды.

Осы уақыт ішінде өзім де өлуге шақ қалдым. Түнімен Аллаға жалбарынып тілек тілеп отырып, қаннен-қаперсіз ұйықтап жатқан күйеуіме ашуым келетін. Қызы өлі ме, тірі ме? Қолында көк тиыны жоқ, не жеп, не ішіп жүр? Қайда, кімдермен жүр? Бұл неге соны ойланбайды? Жүйкем қатты жұқарып кеткен кезде осыны өзіне де айтып ұрсып, жылап алам. Сөйтсем ол: «Не істе дейсің маған? Бұзылып кеткен қызың», – деп айқайлайды. Жүрегім одан әрмен тілімделеді ондайда.

Не керек, жоғалғаннан тура екі ай өткенде қызым келді үйге. Бірақ бірінші оқытқан тәуіп айтқандай ақыл-есі әлі орнында емес. Көп сөйлейді, екпіндеп тұр әлі. Үндемей, ол күлсе күліп, сөйлесе сөйлеп, ішім қан жылап тұрса да бәріне шыдадым. Құдайдан дұғамды үзбей, ақыл-есі орнына келуін жалбарынып тілей бердім. Алдап-сулап, айналып-толғанып екінші емші берген тұмарды мойнына тағып бердім. Түнде өзім қасында жатамын. Сәл көрінбей қалса жүрегім алқымымнан шығып кете жаздап, жүгіріп далаға шығамын. Басқан ізін аңдитын болдым кетіп қалмасын деп.

Жоқ, қорқынышым бекер екен. Қызым жайлап-жайлап өзіне келіп, бүгінде бұрынғы қалпына қайта келді. Бірақ өзім осы оқиғадан кейін жүрегім шаншып, қан қысымым төмен түсіп кете беретінді шығарды. Қит етсе, басым айналып, көзім қарайып құлап қала жаздаймын. Әзірге бұл жайлы үйдегілердің ешқайсысына айтқаным жоқ. Алаңдамасыншы деймін. Әйтеуір қызымның аман-есен табылғанына шүкір. Жоғалған кезде қайда жүргенін, не істегенін айтпайды. Мен де ішімде қаншама жауапсыз сұрақтар тұрса да сұрағаным жоқ. «Гинекологқа тексертіп ал, өйт-бүйт» деп ақыл айтқандар болды. Бірақ олай жасамадым. Ең бастысы, қол-аяғы бүтін, ақыл-есі қалпына келді. Соған шүкір деймін. Қалғанын маңдайындағы жазуынан көре жатармыз.

Осы күні әжетханаға жалаңбас кірмеңдер, кірдің суы, күл төгілген жерді баспай, айналып өтіңдер, күн батарда көшеге шықпаңдар, тілдеріңді кәлимаға келтіріп жүріңдер деп балаларымның бәріне ертелі-кеш ескертіп отырамын. Мұндай жағдайды басынан кешірмеген адам түсінбейді. Жын-шайтан бар десең мазақ қылып күледі. Бірақ біз сенсек те, сенбесек те олар бар. Параллельді әлемде тура өзіміз секілді қатар өмір сүріп жатыр. «Сақтансаң сақтаймын» деген Құдай».

…Бұл әңгіменің соңы осылай аяқталды. Біреудің айтқан құпиясын жариялау дұрыс емес. Бірақ күл-қоқысын көшеге төгетіндерге сәл болса да ой салар ма екен деп жазып шықтым. Біреуге пайдамызды тигізбесек те, зиянымызды тигізбеуді үйренейікші.

Г. ЖАБАҒЫ.

zamana.kz