Отбасы - ошақ қасы

Қайнымнан шаршадым...

  • https://stihi.ru/

    https://stihi.ru/

Тұрмыс құрғаныма 7 жылдан асып барады. Балам жоқ. Жолдасым екеуміз бұл тақырыпқа ашық сөйлесіп, дәрігерлерге барып көріндік. Кінарат күйеуімде екен. Өзі бәрін түсінеді, біледі. Менің жаныма бататыны оның көнбіс мінезі.

 

Атын атап түсін түстей алмаймын. Себебі Алматыға белгілі от басының келінімін. Байлықпен емес, біліммен аты шыққан жанұя. Үйде 5 ұл, 1 қыз. Барлығы үйленген. Барлығында бала бар. Тек бізде жоқ. Күйеуімнің бірінші әйелінен қалған қыз 20 жасқа толды. Сондықтан елдің бәрі мені бедеу деп ойлайды. Ең ауыры осы сөзді маған енем мен күйеуімнің жеңгелері емес, қайындарым айтады.

 

Бірінші жанұясымен 12 жыл оттасып, екіге кетіскен. Ол кезде де қайыным жеңгесін кіналаған екен. Қазір ол әйел қайта тұрмыс құрып, өзге біреуден бала сүйіп, екінші рет ана атанып отыр. Қайындарым да, туыстары да біледі, естіген, сонда да мойындамайды.

 

Урология институтына барып қаралғанымызда ұрықтың қозғалысы 6 пайыз деді. Содан бері де талай жыл ауысты, айлар ақты. Еш өзгеріс жоқ. Жасым қырыққа таяп қалды. Куйеуім қырықтан үш жыл асып кетті. Темекі мен арағын да тастаттырдым. Ұдайы дене шынықтырумен айналысады. Тамақты да дәрігердің кеңесі бойынша ішіп, жейміз. Қазақи емге де жүгіндік.

 

Менің қазіргі жағдайым өте ауыр. Елге қарап сөйлеуден, той томалаққа барудан қалдым.

 

Маған тіл тигізгіш бір қайным бар. Жас күнінде абайсызда біреудің баласын өлтіріп қойған. Содан ба білмеймін сөз көтере алмайтын қызба. Ақылға тоқтап, әліптің артын бақпай жатып боқтанып сөйлейді. Осы қайнымның аңдығаны мен болдым. Бірде күйеуіме бір гинеколог әйелдің телефонын ұстатып жіберіпті. Өзі екінші мәрте үйленіп отыр, келіншегі де көргені таяз бала. Келе сап аяғы ауырлағанын мақтан тұтып, көпшілік алдында ауырып қалатын әдет тапты. Барлығының көңілін өзіне аудартып, безектегендерін жақсы көреді. Оны өзі жасырмайды да. Жас бала емес, 33 толды.Үйге қонақ келсе жатын бөлмеден шықпайды. Ең жаманы үйдегілерден тығылып тамақ ішеді. Үйде ас әзірлемейді. Тамаққа қызғаншақ. Салақтығы бір басына жетеді.

 

Қайным ағасының бала таптыра алмайтынын біледі. Себебін де жақсы түсінеді. Ағасына қамқор болудың орнына, қолындағысын бермесіне қоймай сұрап жүріп алып алады. Ол аздай қалтасындағы азын аулақ тапқан тиын тебеніне дейін алып қояды. Сылтауы – несиесінің бары. Өзі полиция қызметкері. Несие кімде жоқ дейсіз. Бізде де бар. Айына 110000 төлейміз.

 

Жақында күйеуім ата-анасының үйіне барып қайтқан. Келе сап маған ашуланды. «Сен неге Асқардың досының келіншегіне звондап , біздің жанұяны жамандайсың»- деп айқайға бассын кеп. Мен де қарап тұрмадым. Қайныма қоңырау шалдырып, досының номерін алдым. Әрине күйеуім звондады. Мен қайныммен сөйлеспек түгілі бетін көргім келмейді.

 

Не болғанын білсеңіздер ғой! Жанатпен сөйлескен жолдасым (Жанат Асқардың досы, Асқар қайным) мәселенің ақ қарасына жетті де ауызына сөз түспей , маған қарайды. Өйткені, телефонның дыбыс күшейткішінен дауысын көтеріп сөйлесіп тұрған. Жанат мені танымайтын болғандықтан әйелімен сөйлесуімінің мүмкін еместігін айтты да тұтқаға келіншегін шақырып берді. Перизат амандықтан соң, мені танымайтынын, Асқардың кейде солай артық кететін қылықтары барын жолдасыма жайып салды.

 

Қайындарым менімен қанша алысып, тілдері тиіп жатса да күйеуім бірде бер рет қорғап, інілерін тыйған емес. Олар бірдеңе айтса қосылып, жабылып жүндей түтеді. Кейде мен де қарап қалмаймын. Бірде ашу үстінде қатты кеттік. Жағасынан алып, кеудесін аямай тоқпақтап «Сенің кесіріңнен кім көрінгеннен сөз естимін, сен мені бақытсыз еттің! Басқаны былай қойғанда өз кінәрәтіңді біліп тұрсан да інілеріңнің ауызын жаба алмайсын, не істеп жүрсің менің қасымда , кет те кет! Менің обалыма да қалдың, еркек боп бала да таптыра алмайсың, енді өз өзіме қол салам! », -деп жылап жібердім, ызаланғанда қалшылдап, тұтығып сөйлей алмай қалатыным бар. Қолымды сілкіп жіберіп сыртқа шығып кеткен. Екі сағаттан соң дым болмағандай қайтып кеп тұр. «Қайтесің, ит пен ит болмашы, өмір екеумізді ғой. Мен сеннен бала сұрадым ба», - деп қарап тұр. Өмірде мұндай қорланбаспын. Бала керек емес оған, пәтерде тұрамыз. Тірнектеп жинаған ақшаға үйдің қабырғасы көтерілген бойда қалды. Себебі өзі жұмыс істемейді, такси болады. Тапқанын інілері алып қояды. Өйткені олардың балаларына нан ,сүт керек, жөргек керек, әйелдеріне сырға керек. Құлақ етімді жеп қойды деп жылап кеп тұрған соң бере салады.

 

Ұятсыз қайным көкбет әйелден бетер. Ақша жоқ десе машинасын бар жылдамдықпен айдап қыр көрсетіп қорқытып алған. Жасы 42 де! Енемнің түрі анау, қолыма кел десем көнбейді. Мен саған кетсем мына екеуі (абысыным мен қайным) ұрсысады дейді. Кейде жылап алады, саған батамды беріп жатырмын, неге тумайсың деп. Байғұс енемді үйге алдырып кейде көйлек көншегін алып берем. Күйеуім соған мәз, мамама жақсы қарайсың дейді. Енеме кеткім келетінін жайлап айтып көрдім, еңірегенде етегі жасқа толды. «Мен сені жақсы көрем балам-ау, сен келсең үйімнің іші де май, сыртыда май болады. Не істесең де мен өлген соң істе», -дейді. Жүрегім ауырады. Қалған төрт келін өте татумыз. Олар да қайынағаларының қылығынан тойып біткен. Орынды орынсыз семьяларына араласады. Оны тыюға ешқайсының шамасы да жетпейді, сөздері де өтпейді.

 

Ажырасып кетейін десем күйеуімді қимаймын, екеуміз ренжіспейміз, бізді үшінші адам ұрсыстырады. Өзімді куйеуімнің қатты жақсы көретінін білемін. Оны үнемі айтып та отырады, жылы сөз бен қамқорлығынан кем емеспін. Қатты қызғанады да. Менің туыстарыммен де жақсы қарым қатынаста. Туған күндерін қалт жібермей түгел құттықтап отырады. Осындай адамгершілігін, жұмсақ жүрегі мен адами тазалығын аттап, жер ортасына келгенде тастай алмайтынымды білем. Бірақ қатты шаршадым. Тым көнбіс мінезі қажытты. Елдің бәрі мені бедеу деп бетіме басса да арашалай алмайды. Бала туралы сөз қозғай бастасам сылтау айтып қашқақтайды, машинасына отырып кетіп қалады. ЭКО жасатуға ақшам жоқ. Удай қымбат. Жеңгелерім күйеуіңді қимасаң басқадан ту деп азғырып та көрді. Өйткенше өле қалғаным жақсы емес па. Құдайдың да көзі қырын кетіп тұр бізге. Қайным түбіме жетіп тынатын сияқты. Жек көрем. Сүйреңдеп сөз қуады да жүреді. Араласпай кетейік десек ағасын өзі звондап шақырып алады да, үйде не істеп не қойып жатқанымызды түгел сұрап алады екен. Тыныш жүре алмайды. Адаммен алысады да жүреді. Екі жыл бұрын кіші келінмен өстіп алысқан. Ақыл айтыңыздаршы.

 

 

 

Талшын, Алматы

alashainasy.kz




Көрілген: 7596    Пікірлер: 0

бейсенбі, 16.09.2021, 11:55

Достарыңмен бөліс:





  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    16 Қыркүйек, 11:55
    Қайнымнан шаршадым...
    13 Қыркүйек, 14:35
    Тұрмысқа шығуға қорқам...
    9 Қыркүйек, 01:14
    Қайынағам қырындап жүр

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2021
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    2020
    2021
    қазан
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3
    4 5 6 7 8 9 10
    11 12 13 14 15 16 17
    18 19 20 21 22 23 24
    25 26 27 28 29 30 31