Келін емес, күң болдым

Келін емес, күң болдым

Мен тұрмысқа уақтылы шықпай ұзақ жүріп қалдым. Оқу дедім, жақсы жұмыс пен жанұя жағдайым ол бар. Өстіп жүріп 29 жасқа толған күні ұзатылдым. Бірінші әйелі қайтыс болған еркекке өз қалауыммен тұрмысқа шықтым. Жолдасым екеуміз көп сөйлеспедік те. Ересек адамдар болған соң бас құрауға келістік.

 

Жаңа өмір маған өте қиын болды. Жолдасым таң азаннан жұмысқа кетеді де, елдің барлығы ұйқыға кеткенде келеді. Қайным студент, қайнағам үйленбеген, жалданып жұмыс істеп тапқан табысы өз темекісіне ғана жетеді. Ата-енем зейнеткерлер. Зейнетақыларын өзге қалада тұратын ұлы ұстайды. Қайынсіңлімнің денсаулығы дімкәс, көтеріліп ауырып қалатын. Бар ауыртпалық менің жолдасымда.

 

Бір таңқаларлығы қайын жұртым ауылды жерде тұрса да үйдегілердің шаруаға да тазалыққа да еш икемі жоқ екен. Шаруаға икем болмаған жерде береке қайдан болсын. Тапқандарын жеп қана күн кешеді. Жаңашылдыққа, алдыға қарай ұмтылу деген жоқ. Бос кездерінде не газет, кітап оқиды, не теледидар көреді. Ауланы жинау, отын жару, су тасу сияқты жұмыстарды жолдасымнан басқа ешкім істемейді. Түнгі он екіден кейін өзі қалжырап келіп, үйдің шаруасына кіріседі. Түкке шамам келмесе де мен жүрем бір жағында тыртыңдап. Үйге ешкім аттап баспайды. Кейін білдім, тұрмыстары төмен деп туыстары да менсінбейді екен.

 

Бір күні аяғымның ауыр екенін білдік. Жолдасым екеуміз шын жүректен қуандық. Алайда, ол қуаныш ұзаққа бармады. Ішімдегі екі жарым айлық бала түсіп қалды. Қан кетіп жатқанын жолдасыма айтып ем , ол енеме айтты. Енем оны дүкенге май мен сүт алып келуге жіберді. Бірінші жүктілігім, есепке тұрып та үлгермегенбіз. Дүкеннен алып келген заттарын шешесінің қолына ұстатып, күйеуім жұмысқа кетті. Енем болса сүтті қайнатып оған май салып ішіп алды. Мен айдалада қалдым. Қан тоқтар болмаған соң енемнің қасына бардым, «аяғыңды көтеріп жат, қан кетсе балаң сұлу болады»,-деді. Шынымен де солай шығар деп аяқты көтеріп жатайын деп ойлағанша болған жоқ ішім бүріп, даретханаға барғанымда бала түсіп қалды.

 

Үйленгенімізге қанша уақыт өтсе де менің төркініме есік төр көрсетпегендіктен үйдегілермен тек телефон арқылы ғана сөйлесетін едік. Анама айтудан ұялып, әкемнің қарындасына айттым. Ол кісі қаталдау еді. Бірден жолдасыма звондап мені қалалық ауруханаға алып кел деді. Ауруханада тексеріп көрген дәрігер менің және менің қасымда болғандардың топастығына таң қалды. Жылағаннан басқа қолдан не келеді. Намыстан да өртеніп тұрмын. Жазып берген дәрілерін алдық (әпкем сатып алып берді) та үйге қайттық, дәрігер маған емделу керектігін айтты.

 

Қашан болмасын жолдасымның қалтасында ақша жоқ болатын. Інілері алып алатын, болмаса үйдегі бір қора адамға күнде тамақ сатып алып келетін. Бір күні Алматыдан келе жатып жол жиегінде кәуап сатып тұрғандарды көріп, ет жегім кеп жылағаным әлі есімнен кетпейді. Үйленгелі 8 ай өтсе де бір ет асып жеген емепіз. Ет алатын ақша жоқ болатын. Менен ұялған күйеуім машинаны жол жиегіне тоқтатып, қалтасынан, машинадан табылған ақшалардың басын қосып 300 тенгеге 1 тал скумбрия балығын алып жеген едік. Балықты үйге апарып жейік десем «үйде адам көп, сенің аузыңа да тиіп үлгермейді, асықпай отырып жеп алшы, ақша жинап ет аламыз кейінірек» -деді. Тым көнбіс болыппын сол кездері. Үйленгелі бір нәски алмаптым да. Ауылға бара жатқан сіңлімен киімдерімді алғызып соларды кидім. Ара тұра мамам звондайды. Жағдайымның мәз емес екенін іштей сезіп, ауылға келіп кетіңдер екеуің деді. Кешке жолдасыма айтып ем бір аптадан соң барсақ барып қайтайық, оған дейін мыналардың тамақтарын алып берейін, такси болып жолға бензинге ақша табайын деді.

 

Бір жылдан соң төркініме бардым, құр қол. Ең құрығанда шешем шайына салып ішсін деп бір тал кәмпит те ала алмадым. Біз келді дегенді естіген туысқандар келіп амандасып жатыр, мамам столды жайнатып қойды. Келген, кеткендерге қызымның алып келгені, балаларға ала барыңдар, ауыз тисін деп қалталарына кәмпит салып беріп жатты. Осыны көрген күйеуім екеуміздің бетіміз от болды. Оңаша қалғанда анам суыртпақтап жағдайымды сұрады. Азып кеткенім айтпаса да түсінікті. Үйден тағып кеткен алтын сырға сақина мен алқа баяғыда жоқ болған. Қыста үйде отын қалмай ломбардқа өткізіп, отын мен көмір алғанбыз. Оны қайта алып берген адам болмады. Қалаға қайтарда бір қой сойып машинамызға құрт майына дейін салып берді. Енем мен атама деп көйлек, киімдер берді. Машинаға отырып жатқанда мамам қатқыл үнімен күйеуіме «мына қызды үйде отырғызып қоймай жұмысқа шығар, өз жағдайын өзі жасап, адам қатарына қосылсын. Мен саған қызымды тоздыр деп бергем жоқ, екі жақтап тапқан табыста береке болады, тірлік істеңдер»,-деп шығарып салды. Ауылдан келген соң көп өтпей екеуміз бөлек үйге шығып кеттік. Өйткені, мына үйде соншама адаммен бірге тұру маған мүмкін болмай кетті. Азаннан қара кешке дейін тыным таппаймын. Бүкіл шаруа мойныма мініп тұрса да сол үйдің мүшелері мынау адам екен ау демеді. Келінді күң деп түсінді. Қайын ағамның іш киімдеріне дейін жуып қоятынмен. Енді қайтем, өзі ұялмай мынаны жуа сал деп тастап тұрса. Салынғанына үш жыл өткен үйді әктемей отыра бергендеріне таң қалсам да, енемнің үйін әктеп, сырлап, тазалап қойдым да атама кететінімді айттым. Біраз үндемей отырған атам келісімін берді. Көп өтпей бөліндік. Астымызға төсейтін көрпе де жоқ. Сүмірейіп әпкеме бардым. Тұрмысқа керектің барлыған берді. Пәтер де тауып берді. Сол пәтерге ауылдан төркінімді шақырып, ата енемді алдырып құдалық жасадық. «Елден ұят болып кетті, байғұс жеңгем елдің бетіне қарай алмай жүр», - деп бәрін ұйымдастырып жүрген баяғы әпкем. Осы құдалықта анам жасауымды әкеп берді. Жолдасым қатты ұялатын менен. Бірақ, мен оған ренжи алмайтынмын. Бәрін көзім көріп тұр, қалай өкпе артам. Көп өтпей жүмысқа тұрдым, өзім айлық алған соң азық-түлікті өзім алатын жағдайға жеттім, баяғыдай етті аңсап жыламайтын болдым. Біз бөлініп кеткен соң көп өтпей қайын атам біздің қолға келіп алды. Жолдасым екеуміз жұмысқа кетеміз, ол кісі үйде қалады. Кешке атама тәтті сатып алам, ол кісі тәттіні жақсы көретін. Үшеуміз отырып шай ішеміз. Атаммен жақсы болғаныммен енеме ішім жылымай-ақ қойды. Оны атам да білетін. Екі-үш жылда жер сатып алдық. Ақырын-ақырын ақша жинай бастадық. Қайныма әйелді қолдан ұзатып әкеп, той жасап бердік. Қайнағам да үйленді. Бәрі үлкен үйде, даярға ие. Түскен абысындарыма түгелімен той жасалып, қоржын апарылды. Оны атам екеуміз реттедік. Мен сияқты өмір бойы өкініп жүргендерін қаламадым. Бірақ, солар әйтеуір бірдеңеге ренжиді де жүреді. Маған той болған жоқ, қоржын да келмеді, әне міне деп сиырқұймышақтанып кеткен соң анама алтын сақина сатып алып бердім. Келін боп түскеніме 4 жыл толғанда бірінші рет атам маған 5000 теңгеге көйлек алып берді! Қуанғанымды көрсеңіз! Көп ұзамай атам өмірден өтті. Ол кісінің бір ғана арманы бар еді. Бізден немере сүйе алмады. Беріп тұрған сәбиді дұрыс күте алмадың деді ма, Алла қайта ана болуды әлі де маған жазбай келеді.

 

Бүгінгі күні біз де ел қатарына қосылдық. Үй салдық, машина алдық, қызметіміз де өскен. Куйеуімнің бірінші әйелінен қалған қызды да ұзаттық, көп өтпей немере көрсек деп отырмыз. Күйеуімнің тусытармен түгел араласамыз. Бауырлары аяққа тұрды. Куйеуім ылғи демеп отырады.

 

Кейде өткен өмірімдегі қиындықтарды ойлап, еріксіз жылап та алам. Бірақ Құдайға шүкір. Өзіңе сенсең, Алла несібесіз қалдырмайды екен. Осы жылдарда бізде бәрі болды, ұрсы-керіс те, қуаныш пен қайғы да, ажырасып кетсем ба деген күндер де өтіп кетті. Менің бүгінгі күнгі жағдайыма жетіп отырғаным анамның арқасы. Ол кісі ешқашан болды, ажырас деген емес. Қайта, жолдасыңа көмектес, өзің тапқан адам, маған жамандап жүрегімді ауыртпа. Одан сен жақсы болмайсың. Күйеу баламның адамгершілігі бар. Қосымша жұмыс жаса, еңбектен арланба деп кейде жұмсақ, кейде қатты айтып жүрді. Қазір қайын жұрт бар мәселені менімен ақылдасып отырады, үлкен үйде той томалақ жасай қалсақ та не алып, не қоюымыз керек екеніне дейін өзім шешем. Қайындарым мен абысындарыма да рахмет тыңдайтындарына. Бес саусақ бірдей емес әрине, кейде абысындарымның арасында бой бермей тәртіп бұзып қалатындар да кездеседі. Ондайда қайындарым өздері қабырғаларымен кеңесіп алады.

 

 

 

Гүлзипа Өнер. Алматы қаласы.

alashainasy.kz

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста