Келіншегі жан жолдасымнан айырды: Досына опасыздық жасаған жігіт

30 тамыз 2023, 10:04

«Жар дегенде жалғыз досым Ерболдан айырылып қалайын деп тұрмын. Есімді білгелі сырласым да, мұңдасым да, жанашырым да болған жігіттің төресі еді. Басым айналып, есім ауысып, досыма опасыздық жасадым», - дейді Айбек есімді жігіт. Екі достың арасына Ерболдың әйелі түсіпті. Оқиғаның қалай болғанын Айбектің өзі ERNUR.KZ тілшісіне әңгімелеп берген, - деп хабарлайды Alashainasy.kz.

«Ербол екеуміз мектептен бірге келе жатқан доспыз. Бір сыныпта оқыдық. Бауырдай боп кеткен адамдармыз. Мен университетке түсіп, Ерболдың жолы болмай, ауылда қалған. Апта сайын ауылға келіп, көрісіп тұрдық. «Досым келді» деп мереке сайын ауылда отырыс ұйымдастырып, бас қосып тұрушы едік.

 

Сондай бір мерекеде Ербол мені құдашасымен таныстырды. Алима деген қыз дәл мен оқитын университеттің басқа факультетінде білім алады екен. Танысып, телефон алмасып, қалаға келгенде кездесіп жүрдік. Алиманың менде ойы барын екінші кездесуде-ақ білгем. Сол себепті сөз салып, жүре бастадық. Екі жыл бірге болдық. Бірақ артық-ауыс әрекетке бармадық.

 

Шынымды айтсам, университет бітіретін жылы Алимаға деген сезімім суи бастады. Жақсы көрмеген адамыңның бойынан кемшілік іздегіш келесің ғой, бір күні мұрны, екінші күні бойы ұнамай, ақырында мінезінен мін іздеп, ақыры ұрысып тындық. «Үйленетін қызың бар ма» деп үйдегілер «серьезный» әңгіме бастай бергесін, үйленуге тұрарлық қыз қарайын деп өз жөніме кеттім.

 

Бір күні «Мен үйленейін деп жатырмын. Қыз жаққа жолдас бала боп барасың, дайындал» деген смс келді. Сөйтсем Ербол досым өзінің туған құдашасы Алиманы алуға ниет етіпті. Ол біздің арамыздағы махаббаты білмесе керек. Өз сезіміме сенімсіз болғандықтан Алимаға да «Ербол білмей-ақ қойсын» деп айтып қойып ем. Соған қарағанда ол да тіс жармаған боп тұр ғой.

 

Не керек, межеленген күні Алиманың үйіне құда түсіп барып, досыма келіншек етіп әкелдік. Бірақ екеуміз де сыр білдірмедік.

 

Тойлары өткесін досымнан іргемді аулақ салған жөн деп шештім. Жап-жақсы отбасы боп кетті, көп ұзамай қызды болды. «Сен мені ұмыттың, ауылдағы досыңның аузы сасық болды ма, келген кезде кірмейсің» деп досым хабарласқан сайын өкпесін білдіретін. Сол себепті ара-тұра үйіне барып, Алиманың тамағын жеп тұрдым. Ербол ештеңені сезбейтін сияқты, барын алдына тосып, әйелін зыр жүгіртіп күтіп алады. Тек Алиманың ботадай көздері мені «ішіп-жеп», беймаза күйге түсіретін.

 

Бір жылдан кейін олар қалаға көшіп келді. Көшкенде де үй таппай қалғандай, дәл мен тұратын аудан пәтер жалдағанын қарамайсың ба? «Көрші болдық, енді менен қайда қашып құтыласың» деп досым мәз. «Бойдақсың ғой, біздің үйден тамақ ішіп тұрасың енді» деп қоймайды. Жұмысым көп деп сылтауратып үйіне барудан қашып жүрдім.

 

Бір күні вахтаға жұмысқа кеткен Ербол хабарласты. «Айбек, машинаң бар ғой, аптекадан дәрі алып, Алимаға апарып бере аласың ба, кішкентай ауырып, ыстығы шығып жатыр екен. Үйде бір өзі еді, баламен шыға алмай отыр» деп өтінді. Ондай кезде арам ойламайсың ғой, айтқан дәрісін алып, дереу досымның үйіне жетіп бардым. Барсам іш көйлек киіп, шашын жайып алған Алима есікті ашып тұр. «Үйге кір, әңгімем бар айтатын» деп қояр емес. Не керек, шай ішіп, өткен-кеткенді еске алдық. «Сен коньяк ұнататын едің ғой, бір рюмка ішейікші» деп қиылғасын, қарсыласпадым. Бірақ «бір рюмканың» ауылы алыстап кетті-ау. Түк білмей сол үйде ұйықтап қалыппын.

 

Таңертең тұрсам, жанымда Алима. Ауырып қалды деген қызы пысылдап ұйықтап жатыр... Тұзаққа түскенімді сол кезде білдім. Арамза Алима мені осылайша өз дегеніне көндіріп, ақыры қойныма кірген екен.

 

Қыз күнінде «ақыры үйленеміз ғой, бірге болайықшы» деп қоймаушы еді. «Ұятсыз, Ерболдың ар-намысын қалай аяққа таптай салдың, енді оның бетіне қалай қараймыз» деп едім, ұялатын Алима жоқ, «досың жарты ай вахтада, келгенде де жарытып жатқаны шамалы, енді маған не істе дейсің?» деп бетіме бақырая қарады. Не айтарымды білмей, үйінен зытып шығып кеттім.

 

Содан бері Ерболдың көзіне түсуден қашып жүрмін. «Әңгіме айтайық, стадион жаққа шықсай» деп хабарласады. Күнде бір сылтау ойлап табам. Достығымызға сызат түсірген әйелін иттің етінен жек көріп кеттім.

 

Менің тастап кеткеніме кектеніп істеді ме, әлде шынымен менде ойы бар ма, ойлай-ойлай басым қатып кетті.

 

Жүріп жүрген қызым бар, үйленіп, басқа қалаға көшейік десем, «мен бір үйдің жалғыз қызымын, әке-шешемді тастап кете алмаймын» деп көнбей отыр. Жасым болса отызға таяп қалды. Не істерімді білмеймін.

 

Досыма шындықты айтқаным дұрыс па, әлде үндемей «үйдей бәледен» құтылғаным дұрыс па?

 

 

Соңғы сағатта көп оқылған жаңалықтар осында Massaget.kz