Кореяда жұмыс істеп жүрген Әйгерімнің әңгімесі

Кореяда жұмыс істеп жүрген Әйгерімнің әңгімесі

Ол жақта да шымкенттіктер көп екен 

«Асан қаласына өткен жылдың тамыз айында келдім, – дейді Әйгерім. – Мұнда танысым болған соң жұмыс табуда бұл елге өтудегідей қиындыққа кезікпедім десем де болады. Қазақстаннан Кореяға виза жоқ, сондықтан ол жаққа бір айға баратын турист ретінде өттім. Мұнда аяқ басқаннан кейін кері қайтатын билетті сатып жібердім де, қасымдағы танысыммен жалдамалы пәтер іздей бастадық. 

Тамыз айында Корея Шымкент­тегідей ысиды екен. Тек ылғалдылық мөлшері өте жоғары. Дәл моншада жүргендей терлетеді. Жауын жиі жауады. Ал қысы қатал. 

Құрбымның кәрісше аздап, ағылшынша әжептәуір тілі бар. Оның үстіне еті тірі. Бар-жоғы екі күннің ішінде «Ванрум» деп аталатын жерден бір бөлмелі пәтер таптық. «Ванрумның» иесімен әуелгіде алты айға келісім-шартқа тұрып, миллион вон (300 мың теңге) кепілдеме (пуджымгы) төледім. Оған қосымша алдын ала бір айлық пәтерақымды тағы алды. Барлығын есептегенімде 400 мың теңге кетіпті. Ал содан бері ай сайын пәтерақы мен коммуналдық төлем үшін 100 мың теңге төлеп келе жатырмын. 

Алғашқыда қаладағы қонақүйлердің біріне тазалыққа жауапты маман ретінде жұмысқа қабылдандым. Ол жерде жеті айға жуық жуып-шаю жұмыстарын атқардым. Кейін сүрткіш майлық, көлік бөлшектерін, шұжық шығаратын зауытқа жұмысшы болып қабылдандым. 

Зауыттағы айлығым жақсырақ. 500-600 мың теңгеге шамалас жалақы шығады. Есесіне мұнда азық-түлік, киім-кешек өте қымбат. Тіпті қара судың өзін сатып алып ішеміз. 

Уақыт өте келе қарапайым сөздерді, тілдесуді үйреніп алдық. Басшымыз зауыт жұмысшыларын түрлі жұмыстар­ға бөледі. Бірде сүрткіш жасасақ, бірде көлік бөлшектерін қорапқа саламыз, кейде шұжық жасап, шапқылаймыз. 12-14 сағатқа дейін жұмыс істеуге үйреніп те қалдым. Жұмыс уақыты қатаң, таңғы сағат 8-ден кешкі 11-ге дейін тер төгеміз. Зауыт басшысы қарапайым, парасатты кісі болып шықты. Қалай тер төге еңбек еткенімізді қаласа дәл солай сый-құрмет те көрсете біледі. Туған күн иелерін арнайы құттықтап, ұжымды ұйыстырып отырады. Сонысына қатты риза болдым. 

Мұнда қазақтар аз емес. Тараз, Көкшетау, Қарағандыдан, әсіресе Шымкенттен келгендер өте көп. Жерлестеріммен танысып жатқанда менің де шымкенттік екенімді білген біреуі: «Шымкенттіктер скоро Кореяны да жаулап алғалы тұр», – деп қалжыңдаған еді. 

Тексерісі аз жүретін бірнеше қалада Шымкенттен келген аға-інілер, әпке-сіңлілер тұрып жатыр. Ара-арасында бір-бірімізді іздеп, сәлемдесіп жатамыз. Көңілді басқасулар жасап, осы елдегі жағдайды айтып, пікір алысамыз. Отанымызды, отбасымызды сағынып, шер тарқатамыз. 

Маған қарындасым деп қарайласып тұратын ағаларымды да айта кеткім келеді. Жұмысын істеп, отбасына ақша жіберіп, бес уақыт намазын осындағы мешітке барып оқып жүреді. Оларға қарап, сүйсінемін, сыйлаймын. 

Әйелдерге жалақы төмен төленеді 

Корея мемлекеті адам өмірін жоғары қояды. Денсаулықты сақтау, қалыпқа келтіруге медицинаның толықтай шамасы жетеді. Қоғамдық орындарда адамдар бір-біріне дауыс көтеріп сөйлемейді. Егер ашуға булығып, ұрыс үдей бастаса, иықтарын сүйкеп-сүйкеп кетеді. Ашуын олар осылай жеңеді екен. 

Қала көшелерінде жүрсеңіз, бей-берекет «бипылдаған» көлік дауысын да естімейсіз. Байқаусызда «сигнал» басып қалсаңыз, сізге жүрегі, жүйкесі ауыратындардың денсаулығына залал келтірді деп айыппұл салады. 

Мені қатты таңдандырғаны – мұндағы дүкен сатушыларының алушыларға ілтипаты. Егер алушының бірнәрсеге көңілі толмай жатса, тіпті айғайласа да сатушылар басын иіп, кешірім сұрап тұра береді. 

Асандықтар қыз баласына ерекше қамқор екен. Түнделетіп жүрсең де ешкім тиіспейді. Төріне оздырып, қашанда жылы қабақ танытып жат­қаны. Бір сөзбен айтқанда, халқы асқан кішіпейіл. Бұзақылық жасау деген атымен жоқ. Бірақ соған қарамастан оларда ерлермен теңдей жұмыс істеп жатқан нәзік жандыларға айлықты аз төлейді. Мені сонысы қынжылтады. 

Қыздары есеппен тұрмыс құрады 

Жұмысты уақытпен санаспай ат­қара беретін Корея елінде жігіттер өте кеш отау құрады. Оған себеп – бұл елдің қыздарының талғампаздығы. Бойжеткендер де тұрмысқа шығуға асықпайды. Оқуын оқып, жастық қалыптарын сақтап, бет-жүздеріне ота жасатып алаңсыз жүреді. 

Сөз салған ер-азаматқа баспанасы, көлігі, жалақысы қомақты қызметі болса ойланбай-ақ шаңырақ аттай береді. Қыздардың есеппен күйеуге шығатынын бұл жақтың жігіттері білсе де аталған талаптардың үдесінен шығуға барын салады. Үйлену тойына бұл елде кемі 20 мың доллар жұмсалатын көрінеді. 

Кореяда сұлулыққа қатты мән береді. Ерлер әйелдермен бірдей боянып, ота да жасата береді. Тері түсі қара кісіні төмен санаттыға жатқызып, ол адамның әдемі болуы үшін кеңестер айтып, операция жасатуға асықтырады. Ата-аналар ұл-қызының кәмелетке толған туған күнінде сыйлық ретінде ота жасатуы үшін қаржы береді. Перзенті нені қаласа, соны жасайды. 

Аса қатты боянатын халық дүкеннен киім аларда қысылады екен. Себебі ұнатқан жейде не көйлекті дүкен сатушылары опа-далап жағылып қалуы мүмкін деп киіп көруге бермейді. Сондықтан ойша әлгі киімнің мүсініңізге жарасатынын қиялдап аласыз немесе бетіңізді жуып келіп, өлшеп көресіз. 

«Көке-жәке» деген жоқ 

Халқы өте ойшыл саналатын мемлекет білім мен ғылымға күш-қайраттан басқа қаржыны да аямайды. Мектеп оқушылары мен студент­тер азанды-кеш оқудан бас алмайды. Көп ізденеді, жасап көруден, ойлап табудан қорықпайды. Он екі жыл мектепте аса ыждағаттылықпен оқыған бала емтиханнан сүрініп, оқуға түсе алмай қалса өзіне қол жұмсап, өмірімен қош айтысатын көрінеді. Өйткені мұнда «көке-жәке» деген жүрмейді. Жемқорлыққа жол жоқ. 

Осында келген бір жыл ішінде Иесан, Сеул, Тэсо, Тэгу, Чунчон, Чинчон, Пусан, Кенжу атты қалаларға достарыммен қыдырдым. Табиғаты керемет. Жап-жасыл. Естелікке суретке түсетін жерлері көп болғанымен «селфи» жасауға рұқсат берілмейді. Кадрға жергілікті тұрғынның біреуі түсіп қалса, олар арызданады. Біздің елдегідей «шырт» етіп түсіріп кете алмайсың. Суретке түсерде ұялы телефонның немесе фотоаппараттың арнайы дауысы шығуы керек. Тіпті клубтарда да видео, фото жасау қатаң бақылауда тұрады. 

Ұшындырған оқиға 

Қазір менің итальян, орыс, өзбек, кәріс ұлтынан достарым бар. Олармен айына үш рет қана берілетін демалыста бірге қыдырамыз. Бірге мейрамхана, клубтарға барамыз. Ойын­дар ойнаймыз, ас ішеміз. Сондай отырыстарда талай рет кәрістердің дастархан басында кекіріп, «жел жіберіп» отырғанының куәсі болған едім. Олар мұны табиғаттың жаратылысы, қалыпты жағдай деп түсінеді екен. Итальяндық Джулия құрбым екеуіміз ұшынып та қалдық. Осыдан кейін Корея мемлекетінің салт-дәстүрге берік, мә­дениеті бай деген ойымнан айнып шыға келдім. 

Кореяға алғаш келгенімде базарда тұрған қауынды көріп, жегім келді. Сатып алып, үйге апара сала бір тілімін ауызға салған едім, қияр жегендей болдым. Еті де сондай, дәмсіз. Шіркін, жылқының етін, өзіміздің жеміс-жидекті сондай сағындым. 

Визасы бар өзбектерге ісіміз түсті 

Жуырда Оңтүстік Корея еліміздің азаматтары үшін визасыз режимді алып тастауы мүмкін дегенді естідім. Өйткені Асан, Сеул, Пусанда заңсыз жүрген қазақстандық мигранттар көбейіп кеткен дейді. Сондықтан Кореяның көші-қон полициясы отандастарымызды қуып, тіпті қамап жатқан көрінеді. Ал әуежайда тексеріс күшейіп, талап та қатайған. 

Байқағаным, Оңтүстік Корея еліміздің азаматтары үшін нан табуға таптырмас жер екен. Сондықтан мұнда жоғары жалақы үшін кәрістерге жалданып жұмыс істейтін қазақтардың саны көбейіп келеді. Олар айына 3 мыңнан 6 мың доллар, яғни екі миллион теңгеге дейін айлық алады екен. 

Тағы айтпағым, мұнда өзбек аға­йындар еркін жүреді. Корей тілін меңгеріп алған, қолдарында визасы да бар. Бұл кісілерге бірнеше рет ісіміз түскенде жалынғандай болып, шаруамызды тындырған едік. Осыдан кейін Өзбекстан үкіметіне риза болыс­тық, хал­қына қай жерде жүрсе де жағдай жасап қойған екен». 

...Міне, бүгінде Кореяда жұмыс істеп жүрген Әйгерімнен біз осындай әңгімелер естідік. Бірақ біз жұртты ол жаққа барып жұмыс істеуге шақырмаған болар едік. Оған бүгінде туыстары мен сыныптастары: «Кәріс қыздарына ұқсап қалыпсың. Сол елдің бір жігіті алып қалмай тұрғанда елге қайт», – деп жиі айта бастаған көрінеді. «Қалып қоймасам да біраз жыл осында болмақпын. Ал кәріске келін болу ойымда жоқ», – дейді Әйгерім. 

Дана ҚҰДАЙБЕРГЕНҚЫЗЫ

www.zamana.kz

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста