Отбасы - ошақ қасы

Күшік күйеу болу айып па?

  • Күшік күйеу болу айып па?

    Күшік күйеу болу айып па?

 «Елу жылда ел жаңа» деуші еді бұрынғы қазақ. Сол уақыт өлшемі кейінгі жылдары өзгеріске жылдам ұшырай бастағандай. Арыға бармай-ақ қоялық.. Соңғы 20 жылды алып қарасақ та жетіп жатыр. Біздің айтпағымыз, кезінде елдің тірегі саналған, әлсіздердің қорғаушысы, үш жұртының қамқоршысы, отбасының діңгегі саналып келген қазақ жігіттеріне қатысты болып отыр. Өкінішке орай, бүгінгі таңда ардақтап жүрген сол жігіттеріміздің кейбірі бұл қошеметке лайық болмай тұр. Әрине бұл жерде біз қалың көпшілікке топырақ шашудан аулақпыз.. Алайда күшік күйеулер қатарына жыл өткен сайын көбейіп бара жатқандығын мойындауымыз керек.


Кезінде өзге ұлт өкілдерінің басым көпшілігі қайын жұртында тұратыны туралы естіп, көргенде таңырқап, таңқалысып қалатын қазақтың бүгінгі ұрпағы, бұрынғы, һәм қазіргі орыстар секілді қайынжұртын жағалайтын болып жүр. Араларында тіпті өзінің жеке баспанасы болса да қайын жұртына кіріп алғандар да жоқ емес. Пайда үшін өз өздерін «құрбандыққа» шалған ондай отағасылар намыс дегенді шетке ысырып қойып, қайын жұртының дегенімен жүріп, айтқанына көнуге де бар.


Бұрынғы қазақ «Жаман атың болса, сатып құтыларсың, жаман қатының болса, қайтіп құтыларсың?» деп қоғам болмысын біліп айтқандай. Кейде жастар арасында «бұрынғы мен қазіргіні салыстырмаңдар!» деген керағар пікір айтатындар да бар. Олай әсте мүмкін емес. Бүгініміз бен ертеңіміз өткен күннің өлшеусіз естелігімен өлшенеді. Сол секілді адамдардың да рухани болмысын елеп-екшеп, дүниетанымдық көзқарастарын сүзгіден өткізген абзал. Олай жасар болсақ, бұл қасиеттердің түбегейлі өзгергеніне анық көз жеткізуге болады. Бұрынғы қоғамның бүгінде ізі де қалмаған. Тек қана үйленіп, үй болу салты ғана емес, тәрбиенің барлық тізгінін қазақы дәстүрмен сабақтастыра отырып тәлім берген көзкөргендер қатары санаулы ғана. Тарих ғылымының докторы Аманжол Қалыш күшік күйеу сөзіне қатысты мына бір деректі алға тартады.


«Күшік күйеу атауы бұрын да болған. Ол кездері күшік күйеуді үш топқа бөліп қарайтын. Бірінші. Күшік күйеу деп жетім баланы айтады. Екінші. Ағайын-туғандары бар болса да қалыңмал беруге жағдайы жоқ жігіттер қалындығының өтеуін еңбегімен, яки қайынжұртының малын бағып өтеп құтылатын болған. Үшінші. Кірме күйеу. Кірме күйеу деп ел кезіп, жер кезіп жүріп, ру да, сүйегі де бөтен елге сіңіп кетіп, сол жақтың қызын алған жігітті айтқан. Тағы бір жорамал: сүрбойдақ болып, ұзақ жүріп қалған жігіт ағасы айналасындағылардың ықпалымен, дәлірек айтсақ, күшпен үйлендірілгендіктен ондай жігіттерді де «күш күйеу» дейтін болған», - деді ол.


Негізінен, қазақ халқында күйеу бала қыздың үйінде тұрмаған. Жастар отау құрғаннан соң, жігіттің шаңырағына, болмаса өз алдына отау құрып, бөлек шығарылған. Сондықтан да қазақ қоғамы қайын жұртына тәуелді еркектердің ісін аса мақұлдай қоймаған. Алайда бүгінгінің ата-енелері арасында күйеу балаларын өздерімен болмаса да, қызына алып берген үйге тұрғызатындар жетіп артылады.


Гүлзира ШАЛАБАЕВА, ене:


–Менім ойымша, бұрынғы қазақ, бүгінгі қазақ деп бөлудің қажеті жоқ. Бұрынғы қазақтардың проблемасы қазіргідей емес еді ғой. Мысалы, менің екі қызым бар. Кіші қызым 19 жасында Атыраудың жігітіне күйеуге шығып,өз алдына кетті. Тіпті жылдап көрмейміз қызымызды. Ал үлкен қызымның жасы 30-ға таяп қалды. Сосын біз кіші қызыммен ақылдаса келе, үлкен қызыма жеке пәтер алып бердік. Қазір үлкен қызым бөлек тұрады. Ал егер өзі ұнатқын жігітке жолығып, ал ол жігіт қызымның үйінде тұрса қарсы болмас едім. Тіпті сол жағдай менің көңілімнен шығатындай. Мен қызымның үйіне қалаған уақытымда барып, жастардың жағдайын күнделікті қадағалап, қолымнан келген көмекті беріп отырар едім.


Соңғы кездері көп қылаң беріп жүрген жайттардың бірі – бұрын-соңды үйленбеген жас жігіттердің босаға көрген келіншектермен бас қосуы. Ол ол ма, екі-үш баласы бар келіншектерге үйленген жағдайлар да орын алуда. Құдай бетін аулақ қылсын, бірақ жуырда бір танысым ағайын-туғандарын тура осындай жағдайдың куәгері етті. Өзі үйдің кенжесі әрі жалғыз тұяқ ізбасар ұл еді. Ауылына барып «апа, үйленемін» дегенде анасының қуанышында шек болмай, ақ жаулығын аспанға атып қуанған еді. Тұлымшағы желбіреп, тай құлындай тебісіп өскен бауыр еті баласының ер жетіп, өз алдына ел боламын дегеніне шексіз марқайып қалды. Бірақ, бұл қуанышы әп-сәтте-ақ су сепкендей басылды да қалды. Неге дейсіз ғой? Тепсе темір үзетін жігіт өзінен бірнеше жас үлкен, қыздарының алды жиырма жасқа жақындаған, үш қызды келіншекпен отау құрмақшы. Шарқ ұрып шырылдаған ананың жылаған зарлы даусы саңырауды да селт еткізерліктей еді. Сөйледі, ұрысты, жамағатқа айттырды, тіпті жер тепкілеп те жылады, бірақ оны естіген баласы болмады. «Қарғамайын десем, жалмауызым, қарғайын десем, жалғызым» деп амалдың жоқтығынан келісуге тура келді. Анасы әлі күнге өкпелеген күйі өзегі өртеніп жүр. Ал дайын бала-шағаға ие болған жалғыз ұлы дайын үйде әңгіртаяғын ойнатқан әйелдің ізінен еріп, «күшік күйеу» атанды. Атам қазақтың «Қилы-қилы заман болар, Қарағай басын шортан шалар. Сиыр пұл болар, қатын би болар», - деп айтқандары еріксіз еске түседі екен осындайда.


Бірақ бес саусақ бірдей емес екенін де естен шығармау керек секілді. Неге десеңіз, Алматы мен Астана секілді қымбат қалада бар тапқан-таянғанын пәтерге беріп, өздері баспаналы болғанша балаларының аш қалмауын ойлап, қайынжұртының қызметін пайдалануға мәжбүрлі түрде барғандарда бар.


Рома КЕРЕМСЕЙТОВ, Астана тұрғыны:


–Мен мектепте мұғалім болып істейтін. Үйленгеніме 8 жыл болды. Астанаға алғаш көшіп келгенімде, айлығымның 60-70 пайызын пәтерді жалдауға кететін. Кейінгі екі жылда бес жастағы қызымызбен бірге киім кимек түгілі, тамақ табуымыздың өзі қиындап кеткен. Осыдан 5 ай бұрын енемнің бауыры Астанадағы үйінің босағанын, қаласа сол үйде тұрсын дегені сол-ақ екен еш ойланбастан сонда көштік. Қазір жағдаймыз жаман емес. Күнде болмаса да, аптасына бір рет болса да, бала-шағаммен бірге қыдыратын болдық. Егер қайынжұртым осыншалық мейірімді болмағандай менің жайым не болар еді. Иншалла алдағы 3-4 жылда өзіміздің пәтерімізді алып қаламыз ба деген дәмемізде жоқ емес.


Бұл пікірге қатысты сіз не дейсіз оқырман!!!!




Көрілген: 1655    Пікірлер: 0

сейсенбі, 13.08.2019, 12:52

Достарыңмен бөліс:

2
  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    тамыз
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4
    5 6 7 8 9 10 11
    12 13 14 15 16 17 18
    19 20 21 22 23 24 25
    26 27 28 29 30 31