Күйеуім анасымен құрдас әйелге үйленбекші

30 қазан 2019, 20:37

Кеше бір келіншек хабарласты. Алматының тұрғыны. Қалқаманда тұрады. 5 перзенттің анасы.

32 жастағы әйелдің кенжесі 8 айлық нәресте .

Ері де 32 жаста. Шұғыла деген ықшам ауданда құрылыста жұмыс істеп жүріп, 53 жастағы әйелмен танысып, махаббаттан басы айналып қалыпты.

Келіншегі ішер асқа жарымай отыр. Күйеуі әлгі ғашығымен той жасаймын деп үйіне 6 айдан бері бір тиын бермейді.

Көпбалалы анаға құрбылары көмектесіп, жалдайтын баспананың ақшасын төлеп, әйтеуір ілдебайлап тіршілік етіп жатыр. Ол жұмыссыз, әлеуметтік атаулы көмек алмайды.

Күйеуі ғашық болған 53 жастағы әйелдің пәтері бар. Көпбалалы әке өзінің баспана тауқыметінен осылай оңай құтылыпты деп түсіндім.

Бірақ жөргектегі баласымен отырған келіншегі мен балаларын сонда кім асырау керек?

-Алимент төлемейді, енді оның өміріне араласпа, мазалама. Ол бақытты болуға лайықты деп қарындасы айқайлап ұрысып кетті. Күйеуімнің үйге қайтуына көмектесіңізші, - деп жылайды.

Ерлі-зайыптылардың өміріне араласуға хақым жоқ. Дегенмен бес бала туған әйелді де жақтамаймын.

Егер үйі таза, дастарханын жайып, дәмді тамақты үйіп-төгіп, ері жұмыстан келгенде балалары тоқ болса, ол өз отауын ешқашан тастап кетпейтін шығар.

Күнде сыланып, боянбаса да әйелдер өзіне күтім жасауға ерінеді.
Бұрын дүкендерде отбасылық өмірдің бұралаңын мысалмен өрнектеп, кеңес беретін кітаптар бар еді. Қазір қыз-келіншектер мұндай оқулықты оқиды ма?

Қазақ тіліндегі нұсқасын көрмедім. "Қырық сұрақ", " "Жар-жар" деп аталатын кітаптар дүкендерде сатылмайды.

Айтайын дегенім, таяқтың екі ұшы бар. Ер азамат балаларын асырау керек. Тәрбиелесін. Өзінің ұрпағын өсіруге міндетті. Осындай еркектерге қатал закон керек. Әкелік міндетін орындамаса жазалансын. Алимент төлемеген, бала-шағасына көмектеспеген әке немесе ананы бір жылға бас бостанлығынан айыру туралы заң бар. Бірақ алимент төлемегені үшін сотталған адам жайлы естімедім.

Бірақ жұбайлардың дауын таразыға тартқанда әйел де өзіне есеп беруі керек. Әрі аш отырмын деп айту оңай. Көпбалалы ананың атаулы әлеуметтік көмек, жәрдемақы алуға құқығы бар.

Тек құқығын білу керек. Құжаттарды жинап, аудандық әл-ауқат бөліміне тапсыруға ерінбесін.

Қазір көпбалалы аналарға берілетін жәрдем қомақты.

Жазира Бегалы

facebook.com парақшасынан