Күйеуім мен енемді татуластыра алмай жүрмін
Құрметті «Алаш айнасы» интернет-порталы, сіздердің сайттарыңыздағы «Отбасы – ошақ қасы» айдарындағы оқырмандардың хаттарын оқып, бүгін мен де қолыма қалам алуды жөн көрдім. Мен сіздерге көптен бері жанымды жегідей жеп жүрген сырымды ашсам деймін.
Менің жасым 31-де. Үш баланың анасымын. Ең алғаш 21 жасымда келін болып босаға аттадым. Содан бері он жылдың жүзі болыпты. Анам тұрмысқа шығатын кезімде мені келіндікке әбден даярлады. Келін болып түскен шаңырағымды сыйлауым керектігін, ата-енені қадірлеудің өзіндік жоғары қасиет екенін санама сіңірген анам еді. Өзім де «ата-анамның сенімін ақтап, ауыл-аймаққа сыйлы келін атану үшін барымды салармын» деп ойлайтынмын. Бірақ барлығы мен ойлағандай болмады. Міне, тоғыз жыл болды біз ата-енемнің шаңырағына мүлдем бармаймыз. Есігін ашпаймыз. Балаларым да, мен де, күйеуім де ол үйдің табалдырығын аттамағалы тоғыз жылдың жүзі болды. «Ауыл-әулетке сыйлы келін атанамын» деген мен қазір туған енеммен бір дастарқаннан дәм тата алмай, не ол кісіні үйіме шақырып күте алмай әуре-сарсаң болып жүрген жайым бар.
Ең алғаш келін болып түскенімде барлығы өз жөнімен, өз жолымен келе жатыр еді. Таңдауым түсіп, сүйіп қосылған азаматым да оқыған білімді азамат. Қайын жұртым да береке дарыған үлкен бір әулет. Осының барлығына іштеу тәубе етіп «бергеніңе шүкір» дейтін едім. Келін болып түскеннен кейін мен бір жыл өткен соң өмірге қыз бала әкелдім. Ол кезде бізді атам мен енем өз алдымызға еншімізді беріп бөлек үй етіп шығарған болатын.
Сонымен жас босанған анамын. Күйеуім күн ұзаққа жұмыста, мен үйде қызымды бағып бір мамыражай өмір басталды. Ана болудың бақытын сезініп әр күн сайын қызымның қылығын қызықтап жүрген кезім еді. Бір күні кешкісін тосыннан басым қатты ауырды. Дәрі ішкеніме де басылмай, күнде кешкісін басым ауырып тұратын болды. Бір ай бойы үздіксіз осылай жалғаса бергеніне де мән бермедім. Күйеуіме де басымның ауырып жүргенін білдірмедім. Күндер осылай өте берді. Маған келе-келе бірдеңелер көз алдыма елестейтін болды. Жалғыз қалғанымда біреу ту сыртымнан қарап тұрған сияқты сезіндім. Ең қорқыныштысы, сол елес күнді-түні қасымда жүретін. Мұны да күйеуіме айтуға ыңғайсызданып, бір жағы оны алаңдатпайын деп шаршағандыққа балап жүре бердім. Бірақ мұның барлығы қызым үш ай болғанда шегіне жетті. Мен түн ішінде ұйықтап жатып айғайлап оянатын, сандырақтайтын халге жеттім. Күйеуім менің жағдайымның мәз еместігін сол кезде анық сезініп, дереу ауруханаға апарды. Ондағы дәрігерлер маған «жүйке жүйесінің ауытқуы» деген диагноз қойып алты ай ем қабылдауым керектігін айтып дереу шұғыл түрде ауруханаға жатқызылдым. Сол сәттен бастап менің өмірімде үлкен өзгерістер орын алды.
Мен ең алғаш келін болып түскенімде енем маған «бір көңілім қалмасын, бір көңілім қалды ма ештеңеге қайрылмайтын адаммын» дейтін. Бірақ нақ осылай туған ұлынан көңілі қалады деп мүлде ойламаппын. «Сіз анасыз ғой, балаңызды бауырыңызға бассаңыз ол да жібиді. Үйге келіңізші» деп қанша шақырдым. Бірақ келмейді. Ал ұлына «сен тұңғыш ұлысың ғой. Ертең ол кісі дүниеден өтсе ел-жұртқа не бетіңді айтасың?! Тірісінде сыйласа алмасаң, ертең әбден кеш болады ғой» дегеніммен ол да елжіреп бара қалайын деп тұрған жоқ. Тіпті шариғат бойынша ата-ана хақысы қандай болатынын да айтып көрдім. Қарияларды да араға салдық. Бірақ не енем, не күйеуім бір-біріне иілгісі жоқ. Енді күйеуімнің туған бауырларының өзі «осының барлығына сен кінәлісің» деп маған өкпе артатын болды. Қазір басқа туыстарымыз да мені көрсе «тоғыз жыл болды анасы мен баласын бір-біріне көрсетпей отырған қандай келінсің» деп айтудан танбай келеді. Құрметті «Алаш айнасының» оқырмандары ақыл қосыңыздаршы. Осы тығырықтан шығатын жолды қайтсем табамын? Мен енді не істесем болады?
Автор: Салтанат Әзімбаева, Алматы облысы
Жұлдыз
Радиосы