Күйеуімнің осы бір ұятсыз әдетін қалай қойдырам...

23 ақпан 2022, 17:00

 Кейде басыңдағы мәселеңді кімге ашып айтарыңды білмейсің. Оны қалай түсінеді деп именесің. Ұят та жібермейді. Кейде сыртқа ашып айта алатын, ашып айта алмайтын нәрселер де болады. Мен де басымдағы осынау мәселені кімге айтарымды білмей шаршап кеттім. «Алаш айнасынан» әр түрлі тағдыр иелерін оқып, мен де басымдағы өз мәселемді көпшілікпен бөлісуді жөн көрдім. Аты-жөнім де құпия қалса екен. Айтайын дегенім, менің күйеуім порно сайттарды өте көп көреді.

 

Алғашқы кезде жай әуестік шығар деп ойлайтынмын. Бұрын ара тұра әртүрлі порно дискілерді де үйге әкеліп тұратын. Бірақ «осының не» деп көрмеппін. Ал соңғы кездері қолы қалт етсе порносайттарды ақтарып отыратынын, тіпті кейбір бейнекөріністерді сайттардан, телефонының бірлігін құртып арнайы жүктеп алатынын байқап жүрмін. Қолы қалт етсе отыра қалып порносайттар ақтарады. Ұрыс шығарып та көрдім. Арасында қызғанып та қаламын. Бірақ бәрібір бұл жаман әдетін тастар емес. Журналдан «порно суреттер мен бейнекөріністерді көп көрген адамның психологиясы өзгереді» дегенді оқығалы тіпті дегбірім қашты. Жасырып қайтем ашықтан ашық «неге көп көресің» деп ашық әңгімеге шақырып та көрдім. Бірақ жарытымды жауап бермейді. Бұрын «жай сайт ақтарып отырсам жылтыңдап шыға береді, сосын қарай салдым» деп жауап беретін, қазір жиі ұсталып қалатын болғалы «онда тұрған не бар» деп жауап беретін болып жүр. Бір құрбыма шет жағасын айтып көріп едім, «ондай сайттар күйеуіңді бұзады, тыйым сал» деп қорқытып қойды. Бірақ ұрыс шығарсаң ұқпайды, қазір тіпті ұрланып кіретін болып жүр.

 

Алдың күні түнде үйдің жұмысымен шаршап ерте жатып қалыппын, түннің бір уағында тұрсам ұйықтамай әлі телефон ақтарып отырғанын көрдім. Тіпті телефонының ішіне кіріп алыпты, менің оянғанымды да байқамады. Білдіртпей қарасам түннің бір уағына дейін ұйықтамай тағы порносайттар ақтарып отыр. Ескерте кетейін өмірде кәдімгі еркек, еркектік қабілеті де қалыпты. Сонда неге порносайттарды жиі ақтарады? Түсінбеймін. Бұл қандай да бір психологиялық ауру емес пе деп қорқамын, тіпті бұзылып кете ме, басқаға кетіп қала ма деп қорқамын. Бірақ порносайттарды ақтара беретін күйеуімді тыятындай ештеңе жасай алар емеспін.

 

Жақында кейбір елдердің порносайттарға тыйым салып жатқанын естідім. Неге біздің де елімізде порносайттарға тыйым салмайды? Олардың дискісінің сатылуына неге жол береді? Тіпті порносайттардан жүктелетін бейнекөріністердің бағасы да удай. Талай телефон бірлігінің түбіне жетті. Тіпті телефонын тартып алып, ғаламторға кіре алмайтын жай телефон ұстатып та қойып көрдім, сөйтсем біреулерден жүктеп алыпты, «уатсаппен келген» деп ақталып қояды. Құрметті оқырман ақыл қосыңыздаршы, жасөспірім бала шаға емес, 30-дан асқан, ересек жігітке түсіндіре алмай-ақ қойдым. Жаман әдетін қалай тыюға болады? Бұл қандай да бір психологиялық ауру емес пе?

 

 

 

Марал, Алматы қаласы

alashainasy.kz