Отбасы - ошақ қасы

Қыздар, сүйдім-күйдім демей, бай жігітке тиіңдер...

  • https://ok.ru/

    https://ok.ru/

Кейде қоғамдағы «қыздардың бәрі бай жігітке ұмтылады, байлықты жақсы көреді» деген сыңайдағы пікірлерді көріп күлкім келеді. Байлыққа ұмтылғанның несі жаман? Біздің кезімізде біреудің артық дүниесі болса есебін алып, бай болғанды күндеп әбден санамызға бай болуды жаман жағынан көрсетіп тастады. Содан кейін қыздар да келген жігіттің қалтасына қарауды білген жоқ.

 

Сондай есеп қисаптан ада күйде тұрмысқа шыққанның арқасында міне 25 жылдық отбасылық ғұмырым әлеуметтік жағдайдың таршылығын көрумен қалай тез өтіп кеткенін аңғармай қалдым. Бірнеше жылда 50-ге де келеміз.

   

Не қызық көрдім деп артыма қарасам, ешқандай! Айдан айға болмашы айлықты сарыла күту, одан қалды сәл шыдасаң жоқшылықтан арылатындай емексумен күндер өтіпті. Ал сәл де болсын, жігітінің, қайынжұртының қалтасына қарағандар бүгінгі күні 50-ге кеп қалса да жасырақ көрінеді, балалары да беделді жоғары оқу орындарында білім алуда. Өздері де үлде мен бүлдеге оранып күн кешуде.

 

Ал «сүйдім, күйдім» деп көзсіз ұмтылған біз секілділер, қысқа жіп күрмеуге келмей күй кешуде. Жоқшылықтың, жетіспеушіліктің ізі бетіндегі әжімдерінен-ақ аңғарылады. Рас, ол кезде жас болдық, айтылған насихаттың түрі анау, бай болғандардың барын түгендеп, жек көрінішті қылып көрсетуге ұмтылу болғаннан кейін ойланып қадам жасамадық. Қысқа ғұмырымның осымен өтіп кеткенін ойласам ішім удай ашиды.

 

Бәрін қойшы балаларыма дұрыс білім де алып бере алмағандықтан, дұрыс мамандана алмаған балаларымның да күні осылай өтетінін ойласам не істерімді білмей кетемін.

 

Сондықтан қыздар тұрмысқа шығар алдында жігіттің әлеуметтік жағдайының дұрыс болуына, қайынжұрттың қуатты болуына назар аударсаңыздар екен. Оған алыстан мысал іздеудің қажеті жоқ. Өз өмірім ғана мысал бола алады. Махаббат, сезім дегендердің бәрі өткінші. Бүгін бар, ертең жоқ. Айналып келгенде сезімнің бәрі басыңа тартсаң, аяғыңа жетпейтін, жылына бір рет жаңа көйлек ала алмайтын жылдардың тасасында қала береді. Қу кедейшіліктің арқасында 1-2 рет бет жыртысқаннан кейін-ақ сезімдердің селкеуі шығады.

   

Жасырып қайтем кезінде еті тірі, өмір сүруге епті, әкесі лауазымды қызметкер жігіттер де сөз салды. Бірақ сол жастықтың желігімен назар аудармадық. Махаббат деп жүріп 23 жасымда институт бітіре сала тұрмысқа шықтым. Жолдасым да, менің де мамандығым мұғалімдік еді. Оңтүстік Қазақстан облысының алыс ауданында 12 жыл тұрдық. Алғашқы екі қыз, бір ұлым сол жақта дүниеге келді. Кейін ауылдың жағдайы күрт нашарлап, ауылдан жаппай халық көше бастағанда мектептегі бала саны азаюына байланысты біздің ауылдың мектебін көрші ауылдың мектебіне қосты. Жолдасым қысқарып қалды. Ішкілікке салына бастады.

   

Менің азғантай жалақым, үш баланың киім кешегі түгілі, ішіп жеміне де жетпейтін. Жолдасым қиын кезеңде сүйеу болудың орнына, ішкілікке салынғаны тіпті жаныма батты. Ауыл әйелдеріне еріп, оқу жылының каникулдарында сауда жасауға да шығып көрдім. Ауылда ешкімде дайын ақша жоқ болатын ол кездері. Қарызға таратып беріп, саудаға салған ақша айналымға да келмейтін. Жолдасым ішкілікке салына бастаған соң, амалсыз ауылдан алып қашып, Алматы қаласына көшіп келдік. 8 жылдай пәтерден пәтерге көшіп жүріп, төртінші балалы болып, 45-ке келген соң қаланың шетінен жер алып, кішкентай үй тұрғыздық.

 

Бұл екі ортада балаларым да ержетті. Үлкен қызым колледжден соң, оқытпақ түгілі қолдан ұзата алмайтынымызды түсінді ме, тұрмысқа шығып кетті. Екінші қызым да колледжден соң жұмыс таппай, базарға қасыма саудаға шықты. Мына заманда колледждің білімімен қызметке тұру да оңай емес екен. Ал университетке 400-500 мың төлеп оқытуға шамамыз келер емес. Ұлдарды қойшы, қыздарымның біреуіне ең болмаса жоғары білім алып бере алмағаным жаныма батады. Қызыма мүмкіндігінше қалталы адамды серік етуді құлағына құйып келемін. Жолдасым... барынан жоғы. Қалаға келген соң да мұғалім бола алмай қара жұмысқа салынды. Кейде тапқанын ішеді. Өзім ауылдық мектепте кітапханашы болып істеймін. Кейде бәрі өз қолымда еді ғой деп өкінемін. Сондықтан қыздар, өздерің бай болмасаңдар да, бай жігітке тұрмысқа шығуға тырысыңдаршы. Бәлкім қазақтың жігіттері де бай болуға ұмтылар ма екен?!

 

 

Ләйлә Амангелдиева, Алматы қаласы

alashainasy.kz




Көрілген: 1007    Пікірлер: 0

дүйсенбі, 15.11.2021, 09:17

Достарыңмен бөліс:





  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    21 Қаңтар, 01:49
    Қашып кеткім келеді
    12 Қаңтар, 10:33
    Нәпсіге ерік беріп...
    27 Желтоқсан 2021
    Пышақ кезенген перзент...
    21 Желтоқсан 2021
    Бұл махаббат па...
    20 Желтоқсан 2021
    Досымның әйелімен...
    15 Желтоқсан 2021
    Сүйем деді, күйем деді
    13 Желтоқсан 2021
    Жоғалып табылған қыз
    12 Желтоқсан 2021
    Қорлығына шыдай алмадым
    16 Қараша 2021
    Әйелімді қимаймын...

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2022
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    2020
    2021
    2022
    қаңтар
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2
    3 4 5 6 7 8 9
    10 11 12 13 14 15 16
    17 18 19 20 21 22 23
    24 25 26 27 28 29 30
    31