«Махрге Айфон сұрап жақпай қалдым»:Тұрмысқа шыққанына 2 апта өткен бойжеткенді енесі ажырастырып, қуып жіберген

16 желтоқсан 2022, 13:42

Арман екеуіміз әлеуметтік желіде танысқанбыз. Ол әскери қызметкер. Танысқан соң бір-бірімізді ұнатып жүріп жүрдік. Ол өте кішіпейіл, ақкөңіл, жүрегі жүмсақ жігіт еді. Күнде кездесетінбіз. Маған гүлсіз келген күні болмаған. Солай жүргенде бір-бірімізге бауыр басып, жақсы көріп қалдық. Арада 3 жыл өткенде отбасы құрамыз деп шештік. Арманның әкесі бала кезінде қайтыс болған. Анасы жалғыз өзі өсіріп, жеткізген.

Тойға әке-шешем де келісімін беріп, аялы алақандарынан ұзатты. Бүкіл дүниемді алып, ешқандай кемшіліксіз ұзатылдым әке-шешемнің арқасында. Сол ұзатуға 4 ай дайындалдық. Ал үйлену тойымыз сәл кейіндеу болатын болды Арманның анасының дайындығына байланысты. Содан Арманның үйіне келген соң әуелі мұсылмандық некемізді қидық. Имам маһрге не сұрайтынымды сұрады. Менің ойымда ештеңе жоқ, «соңғы шыққан IPhone 14 смартфоны» деп жауап бердім. Қазір телефон алу деген проблема емес қой. Ол айфонды екінің бірі алып жатыр емес пе?! Арманға да ауыр болмасын деп ойладым. Мәселенің бәрі сол айфоннан басталды. Енем сол айфонды сұрағаным үшін қатты жазғырып, ақыр соңында үйден қууға дейін жетті.

Мені ұзатып әкелген соң Арман екеуіміз бөлек үйге көштік. Екеуімізге жаңа үй сатып алған еді. Соған келдік. Ұзатудан көп уақыт өтпей, күйеуім іссапармен басқа қалаға кетті. Енем мен жалғыз болған соң, қасыма келіп алды. Ары түртпектеп, бері түртпектеп, мені ұнатпады. Ұнатпағаны сол, менің маһрге айфон сұрағаным үшін ұлының тапқан табысының берекесін қашыратынымды айтып, «сен баламның жолына бөгет боласың, әлі үйге келмей жатып айфон сұрап, табысын далаға шашып отырсың» деп кінәлап, үйден қуып жіберді.

Арман 2 айдан кейін келді. Оған бар болған жағдайды түсіндірдім. Ол анасының сөзін сөйлеп, анасымен татулассам ғана бірге тұратынымызды, олай болмаған жағдайда ажырасатынымызды айтты. Сонымен мен енеммен келісе алмадым. Ол мені үйдің табалдырығын аттаған күннен бастап ұнатпады. Сол күйі ұнатпай кетті. Күйеуіммен осылай айфон үшін ажырасып кеттік. Мен басқа қалаға көшіп кеттім.

kyn.kz