Отбасы - ошақ қасы

Неке неге бұзылады?

  • Неке неге бұзылады?

    Неке неге бұзылады?

Қазір байқап отырсақ ажырасу фактілері күн өткен сайын көбейіп келе жатқан секілді. Осы ойымды растағандай ғаламтор бетіндегі бір деректерде «Қазақстанда әрбір екінші отбасы ажырасады» деп жазыпты. Мұны терістеуге де келмейтін секілді, себебі ері мен әйелі екі бөлек кеткен отбасылар өз маңайымызда да жетіп-артылады. 


Тұрмыс құруға қорқады екен


Әнеугүні шаруаларыммен бір кеңсеге бас сұқтым. Мені қарсы алған қыз ашық-жарқын, өте әңгімешіл екен. Бір жағы жұмыс істеп, екінші жағы ішіндегісін де айтып үлгеруде. Әйел адамдардың әңгімесі бір басталса төңіректі түгендеп барып тоқтайтын әдеті емес пе, сөзден сөз шыға келе ол да құрбыларының жайын жеткізді. Айтуынша, жуырда ғана бір құрбысы жүкті болғанына қарамастан күйеуден қайтып келіпті. 


«Ой, әпке, ол сол жолдасымен тұрмысқа шықпай жүріп екеуі 6 жыл қыз-жігіт болып жүрген. Жігітінің үйленбей тұрып-ақ, жақпаса болды, құрбымның бетінен шапалақпен салып қалатын әдеті бар еді. Сонда да соған көндігіп, сүйдім-күйдім деп соңынан кеткен. Енді бір жылға жетпей қайтып келіп отыр. «Күйеуім нашаға әуестеніп кетті», – дейді. Шегіп алып әйелін төмпештей берген соң бұл да шыдамады. Жігіттің де түсі сұп-суық біреу еді, қай мінезіне ғашық болғанын қайдам? Құрбымның анасы да үнемі: «Мына жігіті ұнамайды, тәуір адамға ұқсамайды», – деп айта беретін. Аналар да тым сезімтал болады екен ғой. Ақыры екі жас ажырасып тынды. Өкініп жүрген онысы жоқ, түрлі-түрлі қыздарды құшақтап, суретке түсіп, соны бұған жібереді екен. Ал құрбым болса соны көріп, қан қысымы көтеріліп кетіпті. Жақында ғана сотқа арыз берді. 


Одан бұрын да бір құрбым осылай күйеуден қайтып келген. Кішкен­тай екі қызы бар. Оның күйеуі құмар ойындарға тәуелді болғаны соншалық, қарызға белшесінен батыпты. 100-200 мың емес, миллиондаған бе­решегі бар екен. Үйлеріне сақалды біреулер келіп, әлгі құрбымды шақырып алыпты да: «Күйеуіңе айт, қарызды қайтарсын! Ескертіп қояйық, сенің қыздарыңның қай балабақшаға баратынын білеміз», – деген соң жү­регі тас төбесіне шыққан. Ата-енесіне айтса, қарызын біртіндеп төлеп бергеннен басқа қолдан келер шараның жоқтығын айтыпты. Сонымен қорыққанынан екі қызын алып, төркініне тайыпты. Ал күйеуі болса сол құмар ойындардың шырмауынан шыға алмай әлі жүр екен», – деген қыз өзінің ағасы туралы да ашық әңгімелеп берді. 


«Менің өзімнің ағам да әйелі бола тұра қыздарға көп қырындайды, – дейді ол. – Бірде соларының біреуі жеңгеме телефон соғып, ағамды сұрапты. Жеңгем түк деместен тұтқаны анама бере салған. Анам қай жетістірсін, ол қыздың ит терісін басына қаптады», – деп бір күліп алды. «Анаң дұрыс жасаған екен», – деп мен де қостап қойдым. 


«Әйтеуір жеңгем алтын, соның бәріне шыдайды. Ағамның өзі сөйтіп жүріп әйелін сұмдық қызғанады. Дү­кенге шықса жанына біреуді ілес­тіріп жібереді, болмаса мың қайтара телефон шалады. Бірде жеңгем жолға шығып, ол Шымкенттен Сарыағашқа жеткенше телефонды сөндірмей, сөйлесіп отырған. Өшіп қалса қайта қоңырау шалады екен. Таксиге өзі отырғызып, қасында кім отырғанын көріп-ақ жіберген. Сөйте тұра әйеліне сенімсіздік танытады. 


Жұмыстағы бір әріптесімнің де жолдасы дәл осындай шектен тыс қызғаншақ болған екен. Сол себеп болып ақыры екеуі екі жаққа кетіпті. Өзі еңгезердей біреу, «Сұлу болғаныңда тіпті сұмдық болады екен-ау!» – деп кейде мазақтап қоямын. Күйеуі басқа әйел алып, жөніне кеткенімен ара-тұра баласына келіп, қы­дыртып тұрады екен. Бірақ сол әріпте­сімнің қызғаншақ күйеуі қазір қасында болмаса да 7 жастағы баласы тура әкесі сияқты болып алыпты. Бірде оған денесінің ірілігін себеп қылып: «Көліктің алдына отыршы», – деп таксидің алдыңғы орындығына отырғызғанбыз. Баласы да мұның келетінін біліп, көшеде күтіп тұр екен. Таксиден түсе сала кішкентай баласы ашуланып, бас жоқ, көз жоқ: «Сен анау адамды маған папа етпекшісің бе?! Маған басқа папа керек емес!» – деп жер тепкілеп шыға келді. Оны көріп өзім таңқалдым. Кейде тіпті үлкен адам сияқты телефонның арғы жағынан: «Ақшаның бәрін қайда құртасың?!» – деп анасына ұрысып жатады. 


Әпке, міне, менің де жасым 30-ға тақады. Әлі тұрмысқа шыққаным жоқ. Жүр­міз. Өз басым тұрмыстағы қыз-келіншек­тердің түрлі-түрлі тағдырына куә болдым. Содан да болар, жігіттерге сенбеймін. Қорқамын да. Одан да осылай өз ақшамды өзім тауып, бойдақ болып жүре бергенім жақсы сияқты...» – деді. Ол қызға не деп ақыл қосарымды да білмедім. 


400 мың жалғызбасты ана, 60 мың жалғызбасты әке бар дейді 


Әлгі әңгіменің әсерінен әлі де арыла алмаған мен үйге келсем, теледидардан «Пендеміз ғой» бағдарламасы жүріп жатыр екен. Қарасам, көзіне қара көзілдірік киген әйел жыламсырап сөйлеп отыр. Оң жақ шекесі жырылған, бетінде көгерген белгілер бар. Айтуынша, жолдасынан таяқ жеген. Күйеуі үйінен қуып жіберген соң түрлі кризистік орталықтарды паналап күн кешіп жүрген келіншектің бес баласы бар екен. Ажырасып кетсе де тыныштық таба алмай отырған көріне­ді. Аңдып жүріп, көшеден ұстап алып ұрады екен. Нәтижесінде ауруханаға түскен. Ертесіне ауруханаға барып тағы да соққыға жыққан. Балаларының да әбден шаршағанын айтып отыр. Айтып отырса, өмірі өмір емес. Жағдайы жан түршіктіреді. 


Бір сәт қазақ әйелдеріне жаным ашығандай болды. Қашанда әйелді кінәлі қылғанға құмармыз. Біздің қоғамда осындай бір жақты көзқарастың қалыптасқаны қашан. Дегенмен отбасының бірлігі мен берекесіне әйел ғана емес, ері де жауапты емес пе? Адамның бір аяғы жараланса, ақсаңдап не шойнаңдап, жүрісі бұзылатыны секілді отбасыға жауапты екі адамның біреуі «бұзық» болса, ол жағдай шаңырақтың шайқалуына қашан да себепші. Қайықты бір ескекпен емес, екі ескекпен есу оңайырақ. Сондықтан әйелімен қатар ері де жанұяға деген жауап­кершілікті сезінуі керек деп ойлаймын. 


Сондай-ақ отбасының отбасы болып бекуіне ата-ененің де рөлі бар. Таяуда бір әйел кісінің қайын атасы туралы айтып жатқан видеосын көріп қалдым. Онда ол: «Келін болып түскен кез. Жаспыз. Күйеуім маған бірдеңеге дікеңдей қалды. Сонда төрде отырған қайын атам орнынан атып тұрды да: «Бері кел, балам!» – деді. «Сегіз ағасы мен әке-шешесін тастап, бұл сонау Семейден сенің артыңнан мен үшін ілесіп келді ме?! Сен үшін ілесіп келді. Енді сенің келініме осылай дікеңде­геніңді көрмейтін болайын. Өзің таңдадың. Ендеше екеуің бір-біріңді жақсы көргендеріңді, сыйлағандарыңды ғана көрсетіңдер!» – деді. Сол өмірлік сабақ болды», – дейді. Ері де: «Әке-шешем: «Мынау біреудің қызы бізді іздеп келген жоқ. Сенің артыңнан сонау жақтан сен үшін келді. Сенің де қарындасың басқа біреуге барғанда қиналып жүргенін қалайсың ба?» – деп айтатын», – деп растап отыр. 


Меніңше, жас отбасы бір-бірінің мінезіне үйренісіп кеткенше осылай екі жақтан да басу әңгімелер айтылып отыруы керек. Жанжал шыққан сәтте: «балама мынауский қыз әперем», «ішіме сыйған қыз сыртыма да сияды» деген әңгімелерден айналып өтсек, ажырасу да азаяр еді деп ойлаймын. 


Жоғарыда мен айтып өткен дүние­лердің нәтижесінен болар, міне, Қазақстан бүгінде ажырасудан оныншы орын­да тұр екен. Бұл ақпарат британдық «The Economіst» басылымының әлемдік рейтингісінде көрсетіліпті. Ға­лам­тордағы кей деректерге сүйенсек, әрбір ажырасумен аяқталған екінші некенің 83 пайызының ортақ балалары бар. 


Сондай-ақ «Қазақстан әйелдері қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің президенті Г.Байымбетова да өзінің бір мәлімдемесінде бүгінде елімізде 400 мың жалғызбасты ананың бар екен­дігін, 60 мың еркектің жалғызбасты әке атанып отырғанын айтыпты. Мұндай қарқынмен кете берсек, Қазақстанда әйелге, балаға қатысты мәселелер ешқашан толастамайтын болады. 


М. ЫБЫРАЙ.


www.zamana.kz


 




Көрілген: 1441    Пікірлер: 0

сенбі, 11.05.2019, 12:42

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    11 Мамыр, 12:42
    Неке неге бұзылады?

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    мамыр
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4 5
    6 7 8 9 10 11 12
    13 14 15 16 17 18 19
    20 21 22 23 24 25 26
    27 28 29 30 31