Отбасы - ошақ қасы

Өгей әкесінен қорлық көрген 21 жастағы ана сіңлісі үшін алаңдайды

  • https://azattyq-ruhy.kz/

    https://azattyq-ruhy.kz/

Жасы 21-ге енді толған елорда тұрғыны Динара – 5 айлық Мадиярдың анасы. Тұңғышын босана сала қыстың қақаған аязында далада қалған ол Нұр-Сұлтан қаласындағы Ана үйінен жылулық, мейірім мен пана тапқан. Динара бала кезінен бастап көріп келе жатқан қиындығы жайлы Azattyq Rýhy тілшісіне айтып берді.

 

Кейіпкеріміз туған сіңлісі Айданамен бірге нағашы ата-әжесінің қолында өсіпті. Себебі, жасы 4-ке келгенде олардың ата-анасы ажырасып кеткен.

 

«Әкемнің өз отбасы – әйелі, екі қызы бар, бақуатты өмір сүреді. Анамның да материалдық жағдайы жаман емес. Әкемнің алимент орнына берген үйінде тұрады. Осыдан 5 жыл бұрын екінші рет заңды некесін қидырып, тұрмысқа шықты. Өгей әкем екеуінің арасында бала жоқ. Біз кішкентай кезімізден бастап Ерейментауда нағашы ата-әжемнің үйінде өстік. 5-сыныпқа келгенде анам қолына алды. Тәулік бойы жұмыс істеп, ертесіне үйде ұйықтап жататын. Анам туралы бар есімде қалғаны осы. Алайда, екінші рет тұрмыс құрған соң қатты өзгерді», - дейді Динара.

 

Колледжге оқуға түскен Динара анасымен ренжісіп, үйінен кетіп қалғанын айтты. Себебі, өгей әкесі зорламақ болған.

 

«Айту қиын, аузым бармайды... Өгей әкем туған күнінде ішіп, мас болып келді. Сыра сататын барда істеп жүрген кезі. «Динара, сен мені әке ретінде жақсы көресің бе, әлде еркек ретінде ме?» деп сұрады. Ішкиіммен жүріп «төсек қатынасын жасап көрейік» деді. Мен шошып, қашып кеттім. Көршіміздің үйіне барып тығылдым. Анамды сонда шақырып алып, маған істеген қылықтарын айттым. Анам «тиісіп үлгермесе болды, тыныш жүр» деді. Одан кейін де неше түрлі оқиға болды. Ұятсыз смс жазатын. Анама бәрібір», - дейді Динара.

 

 

Туған анасына өкпелеген ол құрбысы арқылы танысқан жігітпен көңіл қосады. «Үйленеміз» деп уәде еткен 25 жастағы жігіт соңында алдап, аяғы ауыр Динараны тастап кеткен.

 

«Баламның әкесіне келетін болсам, ол үйленген болып шықты. Жап-жас жігіт. Оған ешкім хабарласпайтын. Маған «үйленеміз» деп айтатын. Бірақ, некелі әйелі бар екен. Олардың екі баласы шетінеп кетіпті, яғни Мадияр – әзірге оның жалғыз баласы. Бұл жігіттің анасы маған хабарласып, «аяғыңыз ауыр екен, баланы тусаңыз өзіңіз біліңіз, өзіңіз үшін туасыз» деді. Алиментке тапсырған жоқпын. Бірінші некедегі әйелімен бірге тұрып жатыр деп естідім», - дейді кейіпкеріміз.

 

Аяғы ауыр Динарадан өзінің ата-анасы да теріс айналған.

 

«Аяғым ауыр кезде мені жігітім тастап кетті, сосын ауыр депрессияға түстім. Өлгім келетін. Балама үш ай толғанда барып әрең есімді жидым. Күн көру үшін қанша жұмыс іздедім. Аяғым ауыр болған соң, ешкім алғысы келмейді. Сосын еден жудым. Босанарға 2 апта қалғанша жұмыс істедім. Жалғыз өзім пәтерде тұрдым», - деп қиналған сәттерін еске алды.

 

1 желтоқсанда (2020 жылы - ред.) торсықтай ұлды дүниеге әкелген Динара перзентханадан шыққан соң, анасының үйіне аттанады.

 

«Қақаған қыс, дала аяз. Үйдің есігін өгей әкем ашты. «Неге келдің?» деп мені қуа бастады. Анам «мынауыңды алып келдің бе?» деп, қолымдағы балам мен маған тіксіне қарады. Екеуі мені ұрып, баламның киімдерін, менің заттарымды қоқысқа лақтырып, қуып шықты. Мерекеде босанған соң перзентханада маған гүл берген. Сол «гүлді саған не үшін береді, сен некесіз тудың» деп, анам мені күннің суығында далаға қуып шықты. Қазір әлі күнге дейін менің қайда, қалай күн көріп жүргеніммен ісі жоқ», - дейді Динара.

 

 

Кейіпкеріміздің айтуынша, ол өзін өсірген нағашы ата-әжесіне де барғысы келмейді. Себебі, туыстарынан «некесіз бала тудың» деген айыпты естігісі жоқ. Туған әкесі де «өз күніңді өзің көр» депті. 

 

«2001 жылы туған сіңлім Айданаға да өгей әкем тиіседі. «Еркектерге төсі үлкен қыздар ұнайды» деген сияқты әңгімелер айтады. Анамызға шағымдансақ, бәрібір тыңдамайды, аузымызды жауып тастайды. Содан біз үндемей қоя саламыз. Өгей әкеміздің нақты ресми жұмысы жоқ. Көбіне үйде жатады. Сіңлім үшін қорқамын. Анам оның сөзін сөйлеп, тастап кетеді деп қорқып, тіпті, өзінің туған ата-анасымен де араласпай кетті. Өгей әкем маған зорлық көрсетуге талпынған кезде, мен полицияға шағымданғым келді. Алайда, олар маған «іс жүзінде саған тиіспеген соң, жаза жоқ» деді. Онда бізге заңның не керегі бар? Тіпті, жазылған смс-тер де заңмен жазаланбайды екен. Енді сіңлім үшін қатты алаңдаймын», - деді Динара.  

 

Кәмелет жасынан енді асқан шағында ана атанып үлгерген Динара теріс айналған туған анасына да, әкесіне де өкпелеп отыра бермей, ұлы Мадиярды қамқорлықпен өсіруге бар ынта-жігерімен кіріскенін айтады.

 

«Ана үйінде психологтар көмектеседі. Баламның суреттерін көрсе де, әкесі, ата-әжесі әлі келген жоқ. Атасы «немерем қалай өсіп жатыр?» деп сұрап қояды, алаңдайтын сияқты. Ал, әжесі қаталдау, жүрегі әлі жібімеді. Бірақ мен мойымаймын. Баланың бір жасына дейін берілетін жәрдемақыға, атаулы әлеуметтік көмекке өмір сүремін. Арзан жатақхана тауып, 1 айдан кейін өз күнімді өзім көремін. Болашақта баламның досы сияқты болғым келеді. Өз ойын бүкпей айта алатын мінезі ашық, еңсесі тік азамат болса екен. Біз сияқты еркелетсе ұялып, басын түсіретін, ойын жеткізе алмайтын, тұйық болғанын қаламаймын», - деп қорытындылады сөзін Динара.  

 

Айта кетерлігі, кейіперіміз тұрып жатқан Ана үйі 10 анаға арналған. Баратын жері жоқ, қиын жағдайда қалған балалы әйелдер осы жерден пана табады.

 

«Қазір бұл үйде 8 әйел бар. Оның жетеуінде 6 ұл, бір қыз бар, яғни, бұл шаңырақта 7 бала бар. Бір келіншектің аяғы ауыр. Келген аналарға 6 ай уақытша тұруға рұқсат беріледі. Ана үйінің мақсаты - біріншіден, далада қалған аналарға пана болу арқылы шақалағынан бас тартпай, әрі қарай адам қатарына қосып жіберу. Екіншіден, балаға қарауды, тамақ әзірлеуді – тұрмысқа қажетті дағдыларды үйретеміз. Егер мүмкіндік болса, күйеуімен немесе ата-анасымен татуластырамыз», - дейді Ана үйінің медбикесі Балжан Тойғараева.

 

Қазақстан бойынша 17 қалада 19 осы типтес Ана үйі бар.

 

 

 

 




Көрілген: 1858    Пікірлер: 0

сәрсенбі, 12.05.2021, 13:20

Достарыңмен бөліс:



  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    10 Маусым, 09:11
    Байлыққа қызығып,...
    31 Мамыр, 12:57
    Ана сатып аламын...
    2 Мамыр, 22:21
    Қызыма әке керек
    29 Сәуір, 11:07
    Ананың ақылы...
    8 Сәуір, 17:15
    Өгей ана

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2021
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    2020
    2021
    маусым
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4 5 6
    7 8 9 10 11 12 13
    14 15 16 17 18 19 20
    21 22 23 24 25 26 27
    28 29 30