Ол кезде бар болғаны 17-де едім: балам түсіме жиі енеді

Ол кезде бар болғаны 17-де едім: балам түсіме жиі енеді

Мен сіздерге көптен бері жанымды жегідей жеп жүрген сырымды ашсам деймін. Тастанды бала көбейіп кетті деп қазір жұрттың бәрі қыздарды жамандауға үйреніп алған. Алайда қыздар сол сәтте қамқор болар ешкімді таппаған соң сондай әрекетке баратыны өтірік емес қой. Мұндай жағдай жас күнімде менің де басымнан өткен.

Менің жасым 39-да. Үш баланың анасымын. Екі ұлым, бір қызым бар. Отағасы екеуміз қарапайым еңбекпен нан тауып бала-шағамызды ешкімнен кем қылмай жеткізіп келе жатқан жайымыз бар. Үлкен ұлым жоғары оқу орнында оқиды. Ал қалған екі балам мектеп қабырғасында жүр. Бүгін менің «Алаш айнасы» оқырмандарына айтар жан сырым бәлкім біреулерге ой салар, біреулердің жиіркенішін тудырар, білмеймін, әйтеуір сіздермен ой бөліскім келді.

Қазір мен қырыққа тақап қалдым. Бірақ бұдан 22 жыл бұрын істеген әрекетім менің жанымды жиі мазалайды. Мен де жас болдым, мен де кезінде махаббатқа мас болдым. Тіпті ойлап отырсам мектептегі құрбыларымнан ерте есейіппін. 9-шы сыныпта оқып жүрген кезімде сыныптас құрбыларым әлі де ойын баласы болып, ойынға қанбай жүргенде мен сылаңдап бой түзей бастадым. Әрине, сөз жоқ, менің тіземнен келетін қос бұрымым, әдемі мүсінім, шыттай болып тап-таза болып жүретінім, сабақтан тыс уақытта әдемі-әдемі көйлектерімді киіп алып ауылдың шеткі жағындағы әпкемнің үйін (қасақана жігіттердің көзіне түсу үшін) бетке алатыным, осының барлығы елдің назарын аударды.

Мен сабақты аса жақсы оқымадым. Мектептегі үлгерімім орташа болғанымен, кешкілік мектепте ұйымдастырылатын би кештерінің сәні болдым. Өзім көрікті болғандықтан әке-шешем де мені елден ерекше қылып киіндіргенді қалады. Елдің қыздарында жоқ әдемі көйлек, әшекей атаулының барлығы менде болды. Мен қос бұрымымды екіге өріп алып көшеге шыққанда ер-азамат атаулы сыртымнан сұқ көзін қадайтын. Әрине, шешемнің ойынша мен өз ойын іркіп жеткізе алмайтын, ұяң, ибалы қыз болып өсіп келе жаттым. Бірақ мен жұрттың назарын аудару үшін кей-кездері ұяңдықты ысырып қоятынымды ол кісі біле бермейтін еді...

Мен тоғызыншы сыныпта тәмамдап, оныншы сыныпқа көшкен жылы ауылда өзімнен төрт жас үлкен жігітпен жүрдім. Бастапқыда өзімнен үлкен, мектепті бітіргеніне төрт жыл болған жігіттің маған сөз салғанына кәдімгідей мақтандым. Құрбыларымның арасында мұны масаттанып тұрып айтып жүрдім. Күндіз мектептемін, кешкісін сол жігітіммен кездесіп жүрдім. Үлкен жігіт келгеннен кейін біздің үйдің маңына басқа жігіттер жолай да алмайды. Осылай үш-төрт айға дейін жай ғана кездесіп жүрдік. Артынан біздің қарым-қатынасымыз тіптен салмақтана түсті. Мен оныншы сыныптың 3-ші тоқсанында жігітіммен төсек қатынасына түсе бастадым. Алғашында қарсылық білдіргеніммен, бәрібір үлкен жігіт мені құрығына түсірмей қойсын ба?! Уақыт өте келе біз кәдімгі ерлі-зайыпты адамдардай бола бастадық. Кешкісін ол келмей қалса мен кәдімгідей алаңдайтын, мазасызданатын болдым. Осылайша елеңдеп, алаңдап жүріп бір жылдың өте шыққанын да аңғармадым. Бұл кезде біздің ара-қатынасымыз біраз адамға белгілі болып қалған. Мектептегі мұғалімдердің мені атарға оғы жоқ. Талай қыздар жиналысында мәселем қаралған. Былайша айтқанда мектепте әбден сүйкімім кетті. 11 жылдықты бітіріп, тезірек осы мектептен кетіп қалуды ғана тіледім. Ендігі бір жылға шыдау, сырт көздің гулеген сөзі, құрбыларымның алшақтауы, сыныптастарымның өз орталарына мені қоспауы, мұның барлығы мені әбден мезі еткен.

Жігітім екеуміз бұрынғыдай емес, елдің сөзінен қашқақтап, менің шешемнің қаһарынан қорқып анда-санда бір кездесетінбіз. Сөйтіп, жүргенде тағы бір жылға жуық уақыт зу етіп өте шықты. Біз үшін мектеп бітіруге даярлық басталды. Сондай бір қызу дайындықтардың бірінде мен қатты ауырдым. Құсып, басып айналып, әбден мазам кетті. Осылай бір-екі ай өтті. Әбден жүдеп салмақ тастағанымды байқаған шешем, бір күні мені шақырып алып мән-жайды сұрады. Мен «еш жерім ауырмайды, тек ұйқы басып, құсамын, тәбетім жоқ» дедім. Бұл 17 жасқа енді толған кезім еді. Шешем бірден «жаман ауру боп қалмадың ба» деп шошынып, ертесінде мені емханаға тексеруге апарды. Келесі күні біз өткізген сараптамалық-талдаулардың шыққанын айтып, дәрігер үйге телефон шалып, бірден емханаға келуімізді ескертті. Алқын-жұлқын дәрігердің алдына барсақ, әлгі кісі маған «сен құрыпсың ғой» дегені. Түкке түсінбеймін. Сөйтсем, үш жарым айлық мерзімде менің аяғым ауыр екен. Шешемнің түрін көріп «мені асып өлтіретін шығар» ойладым. Екеуміз үйге дейін үн-түнсіз келдік. Менің зәре-құтым қалмаған. Кешкісін жігітіммен кездесіп, айтуым керектігін ғана ойлап келемін. Шешем үйге келді де екі бүктетіліп жатты да қалды. Әкем естісе не боларымды ойласам, тіпті жаным жай таппайды. Зарықтырып кешті де батырдым, ол келмеді. Келесі күні тағы күттім, тағы келмеді. Ақыры бір досын араға салып оны шақырттым. Келген бетте мән-жайды айтып едім, үндемей тұрды да, қалаға кетіп бара жатқанын он күннен кейін қайтып келетінін, бәрі жақсы болатынын айтып кетті. Он күннен артық күттік, бірақ ол сол кеткеннен оралмады.

Осы мезетте шешем мені ел көзінен жырақтатып әкетуді ғана ойлады. Сосын әкеме бір-екі малды сатқызып, мені «оқуға апарып түсіремін» деген желеумен бір күнде ауылдан алды да кетті. Қалаға келіп біраз дәрігерлердің есігін қақтық. Ол тоқсаныншы жылдардың кезі еді ғой. Медицинаның әлеуеті анау айтқандай емес. Бірде-бір дәрігер маған жасанды түсік жасауға келіспеді. Енді не істеу керек?! Шешем мені қаланың бір шетіндегі татар әйелдің тамына орналастырды да, өзі ауылға қайтты. Ауылдағыларға «қызым оқуға түсті» деген екен, әрбір ай сайын менің келіп халімді біліп тұрады. Үйіп-төгіп азық-түлігімді әкеліп тастайды, татар әйелге мені қарағаны үшін қосымша пұлын төлеп кетеді. Осылай жүргенде айы-күнім жетіп, өмірге ұл бала әкелдім. «Мен босанды» дегенді естіп алып-ұшып шешем жетті. Ол кезде есімді жиып, баламды бауырыма алып бір-екі күн емізіп те үлгерген едім. Екінші күні шешем келді де, дәрігерлерге қолындағы барын беріп менімен кездесті. Кездескен бетте маған «баланы осында тастаймыз» деп түсіндірді.
Мен ешқандай қарсылық танытпадым. Ертесінде өз қолыммен баладан бас тарту хатын жазып, баланы тастап перзентханадан шықтым. Бастапқыда «мен үлкен қателік істедім ғой» деген ой мені тіптен мазалаған жоқ. Шешем екеуміз ол кезде бұл құпияның ешкімге жария болмауын ғана ойладық. Осылай жылдар өте берді. Мен қалаға әбден бейімделдім. Жаймен педагогикалық колледжді тәмамдадым. Мұны бітірген соң қаланың мектептерінің біріне жұмысқа тұрдым. Артынан ағылшын тілі мамандығын меңгердім. Тұрмысқа шықтым. Қазір мектепке сыйлы ұстаздардың бірімін. Әрине, барлығы бірден жақсы болып кеткен жоқ. Мен де талай қиындықты басымнан өткіздім. Отағасының мінезімен менің мінезім үйлеспей ажырасып қайта қосылған күндеріміз де болды. Әйтеуір отбасылық қиындықтардың біразын еңсердік. Қазір ұлым жоғары оқу орнында екінші курс студенті. Қызым биыл 11 сыныпты тәмамдайды. Кіші ұлым тоғызыншы сыныпта оқиды. Үш баламның әрбір жетістігіне қуанып, соларға барынша дұрыс тәрбие беруді қалаймын.


Дегенмен, соңғы жеті жылдың ішінде 17 жасымда істеген қателігім жиі мазалайды. Кезінде тастап кеткен балам түсіме жиі енеді. Тіпті кейде «шеше, мен ғой бұл, тастанды балаң» деген дауысы құлағыма жаңғырып тұрып алады. Қазір соңғы үш жыл бойы ұйқыдан да қалдым. Ауырмайтын жерім жоқ. Шешемнің көзі кеткен. Ол кісі бірнеше жыл бұрын бақилық болды. Бұл құпияны білетін жалғыз менмін. Күйеуім мұндай құпиямның барын мүлде білмейді. Уақыт өткен сайын мені ар азабы жиі мазалап жүр. Мен осы ар азабынан құтылу үшін тастап кеткен баламды іздегім келеді. Бірақ күйеуімнен, үш баламнан қорқамын. Олар менің бұл жайымды түсіне ме? Қаншама жыл іште сақтаған күнәмді оларға қалай айтамын? Үш балама өздерінің бір анадан туған үлкен ағалары бар екенін қайтіп жеткіземін? Сәл болса қызғанып шыға келетін күйеуім мұны естісе қандай әрекет жасайды? Осындай сауалдар мазалағанда «мен бұл күнәмді өзіммен бірге ала кетермін» деп те ойлаймын. Солай ар азабынан құтылмаған күйі тозақта күйермін бәлкім деп қиналамын. Осындай сәтте не істерімді білмеймін? Жүйкем әбден тозып бітті. Ешқандай айла-шарам жоқ. Осылай өле-өлгенше жанымды жеп өтемін бе? Не істеуім керектігін тіпті білмеймін. Бар білетінім, әттең, сол кездері осынша азаптанатынымды білсем нәпсімді тыяр едім ғой.

Құрметті оқырман, тіпті 20-30 жылдан кейін балаларын тауып алып жатқан адамдар да бар ғой. Не істеуім керек? Әлде бұл құпияны сол бетінше жабық қалдыруым керек пе? «Жабулы қазан жабулы күйінде қалсын» дейін десем, түсімде ылғи тастанды баламды құшақтап жүремін. Оңаша қалғанда ол менің сыртымнан қарап тұрғандай болады. Әбден қиналып біттім. Кейде қара терге малшынып барып таң ата бірақ ұйықтаймын. Маған ақыл қосыңыздаршы, бұл ар азабынан қалай құтыламын?

Автор: Әдемі, Алматы облысы

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста