Пышақ кезенген перзент...

27 желтоқсан 2021, 09:37

Естіген кезде жағамды ұстадым. Жаным түршікті. Жақын бір туысымыздың баласы әкесіне пышақ ала жүгіріпті... Ертесі үйіне бардым. Еркін есік алдында жүр екен. Көзінің алды ісіңкі. Жағы ішіне кіріп, азып кетіпті.

 

- Ассаламуғалайкум! Қал қалай, Ереке?

 

- Уағалайкумуссалам! Шүкір.

 

- Иә, не жағдай?

 

- Жағдай сол: үйде ешкім жоқ. Кішкене екі ұлымнан басқасының бәрі кетіп қалыпты... Сол жынды бала құсап сенделіп жүрмін...

 

- Неден басталды өзі?

 

- Әй, сол баяғы қу дүние!.. Мына көршінің машинасын жасап болып, үйге кіргем «шәй ішіп жылынып алайын» деп. «Неге түскі асқа шақырмады?» деген ызалы оймен кірсем, тамақ жасалмапты. Мінезім шапшаң сорлы емеспін бе? Жарылып кеттім. Дүрсе қоя бердім жеңгеңе. «Май жоқ, сол үшін жасамадым» дейді бәтшағар. «Оу, дүкеннен неғып әкелмейсің онда?» десем, «Ақша бітіп қалған» дейді. «Оу, 2-3 күн бұрын ғана берім еп ғой» десем, «Жоғалтып алғам» дейді! «Оу, онда неғып айтпайсың?» десем, «Қорықтым» дейді. «Оу, мен адам жемеймін ғой! Жасырмасай мұндай нәрсені! Ана жолы да өстіп жасырам деп, арты ұрыс-керіс болып еді ғой! Сол кезде де айтып ем ғой, «Айналайын, Кәмилә, бір-бірімізден ешнәрсені жасырмайықшы! Ары кетсе, ұрысам да қоям. Алдым боран болғанмен, артымда зіл жоқ адаммын ғой! Не болса да анығын, расын айт, ұрыспаймын!» деп» десем, бетін басып жылап қалғаны! «Шындығын айт» деп тұрғаным: алдында, бұл байғұс бауырмал ғой, ана кредит алған сіңлісінің артын жабам деп, ақшамызды соған беріп жіберіп, тағы да «жоғалтып алдым» деген. Өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам емес пе? Кейін білініп қалып, бір шу болған.

 

- Содан?

 

- Содан, «Тағы алдап тұр ма?» деп, зығырданым қайнап тұрса, сол арада келесі бөлмеден балам шыға келмесі бар ма! Көзі шатынап кетіпті! «Қойсаңызшы, әке! Қанды ішіп болдыңыздар ғой!» дейді өзінше! «Ей, ақылсынбай бар ары! Шалжиып жатып-жатып алып, енді келіп маған дікеңдемекшімісің! Құрт көзіңді!» деп, оған да бас салдым. (Менің далада тырбаңдап жатқанымды біле тұра ұйықтап жатқанына жыным келіп, бір жағынан «оятып алайын түйсіксіз немені» деп ойлап кіргем.) Сөйтсем, «Өзің құры!» демесі бар ма тұңғышымның! Қаным басыма шықты! «Не оттап тұрсың, ей, а?! Жоғал жүгір, таяқ жемей тұрғаныңда!» деп ақырып қалдым. «Өзің жоғал! Мамамның қанын ішіп біттің ғой!» дейді! Қанын ішіне тартып сұрланып алған! «Ой, мамаңның сенің..! Жоғал көзіме көрінбей! Ой, әкеңнің!» деп, «бетін қайтарайын» деген оймен қарманып, жанымда тұрған кішкене орындықты жұлып алып ұмтылдым. Қашу қайда! Сөреде тұрған пышақты ала салып маған оқталғаны! «Жарып тастаймын!» деп айғай салғаны! Алла-ай! Алла-ай! Құдай сақтады ғой! Осы кезде даладан Аманбектің кіріп келгені қандай абұйыр болды десеңші! «Өй, бұларың не-ей! Астапыралла! Өй, Құдайдан қорқыңдар!» деп арамызға тұра қалды.

Қойшы! Бір-бірімізге айтпаған сөзіміз жоқ! Бала болып ол қайтпады, әке болып мен тоқтамадым!.. Қолындағы пышағын сұқпаса да, тілімен жүрегімді тілгілеп-тілгілеп шықты да кетті! Уһ-һ... қайтіп бір орыныңда отырасың?!Мен де машинама отырып кетіп қалдым. Ары жүріп, бері жүріп, сабама түсе алмаған соң, мешітке кіріп дәрет алып, намаз оқыдым. Содан әйтеуір әрең өзіме-өзім келіп үйге келсем, шешесі мен кішкентайларды алып кетіп қалыпты... Уһ-һ... Қор болғаным-ай, Ақжан, қор болғаным-ай!..

 

Екі қолымен басын сығымдап ұстаған Еркін еңкілдеп кетті. Естігенімнен есеңгіреп қалғандай абдырап мен тұрмын.

 

- Болды, болды, Ереке, сабыр етші...

 

- Ішім күйіп барады! Бұл қалай болғаны сонда? Әй, бала деген әке ашуланғанда айылын жимай ма екен? Әкесі ұмтылса, арқасын төсемесе де, қашып кетпей ме екен, а? Не боп барады бұ жастар?! Әй, біз әкемізге қарсы шықпақ тұрмақ, бетіне бағжиып қарап көрмептік... Аллам-ай!.. Өзіме де обал жоқ! Ит мінезімнің кесірі!.. Тәрбиеден жіберген қателігім ғой!.. «Жұмыс-жұмыс», «тіршілік-тіршілік» деп жүріп, балаға қарадық па? Қарынын тойдырып, киімін бүтіндегенімізге мәз болып жүре беріптік қой... Ал, енді жемісін же! Ақымақтығың мен салғырттығыңның жемісін же!.. Жоқ әлде кезінде әкемді ренжіттім бе екен, а?.. Я, Жаратқан Ием, кешіре гөр пендеңді!..

 

Жаны байыз тапппаған Еркін біресе тұрады, біресе отырады. Аузыма сөз түспей мен тұрмын сілейіп. «Я, Алла, бәле-жалаңнан Өзің сақта! Бауырыма Өзің жар бол! Бала-шағасына иман бер, отбасымен біріктіріп, татулық-берекеңді бере гөр!..» деп ішімнен дұға жасап қоям. Еркін біраз сабасына түскен кезде:

 

- Қайда кетуі мүмкін олардың? – деп сұрадым.

 

- Білмеймін, Ақжан. Іздестіріп, тауып берші оларды. Бір бәлеге ұрынып қалып жүрмесін...

 

- Жақсы.

 

- «Мына армия дегенің де қиын-ау осы» деп ойлап тұрмын қазір.

 

- Иә-ә...

 

- «Әскерге барып, ысылып келді ғой. Енді бұрынғы балалық-шалалығын тастап, бір жағыма шығады ғой» деген ем. Байқаймын: қайта бұрынғысынан бұзылыңқырап келген бе?.. Қара күшке көп сенетін сияқты... Дөрекілік пен менмендігі артыпты... Намазын да қойып кетіпті... Әйтеуір темекі мен арақтан аман сияқты... Өзінің дегені болуы керек сияқты бұның ойынша... Ана жолы «тілімді ала қоймадың» деп, Сардарды ұзынынан түсірді. Сол кезде біраз сөзге келіп қалғанбыз... Түнімен қаңғып келеді де, түске дейін ұйықтайды. Алғашында «Еркелеп жүргені ғой, демалсын» деп мән бермеп ем. Қарасам: әскерден келгеніне екі-үш ай өтсе де, ұмтылған баланың түрін байқамадым; қайта қыдыруы мен ұйқысы молайып барады. «Қашанғы бүйтіп жүрмексің?» дегенімде, «Ойнап жүргеміз жоқ!» деп қорс ете қалған. Сол кезде-ақ тіксініп қалғам... Қазір жұмыстың табыла қоюы қиын екенін білем, бірақ әрекет керек қой!.. «Азамат болып оралды ма» десем, азғындап келген бе?.. Соның ырқынан шыға алмай кетіп отыр шешесі де. Өзімше «қатты ұстаймын» деп, ол байғұсты да жасқаншақ қылып жіберген құшаймын ғой... Басқасын күтсем де баламнан бұны күтпеген екем... Қарғап жібере жаздадым ғой әуелі! Алла-ай! Алла-ай! Шүкір етем: ондай қателіктен сақтап қалды Жаратқан Ием... Әй, құлыным-ай, күйдірдің-ау, күйдірдің! Қайтейін... Ақжан, ол сені сыйлайды. Тауып сөйлесші!

 

...Екі-үш күннен кейін тауып, сөйлестім. Думан жақты пәтер жалдап тұрып жатыр екен. Сол маңда, көшеде кездестік. Жаңбыр себелеп бастаған. Машинама қысыла келіп жайғасты.

 

- Ассаламуғалайкум, аға!

 

- Уғалайкумуссалам! Қалайсың, Қазыбек?

 

- Болады, аға. Өздеріңіз?

 

- Шүкір. Иә? Айт әңгімеңді. Не жағдай болды?

 

- Не айтатыны бар, аға? Бәрі сол батяның кесірі...

 

- Айта бер. Мен сені ұрысайын деп келгем жоқ. Жағдайдың мән-жәйін білейін, ақылдасайын деп келдім. Қысылмай айта бер.

 

- Мазаны әбден алып жіберді... «Тамақты тыныш отырып ішіп, тыныш ұйықтайық» деп кетіп қалдық...

 

- Е-ее... Әкеңе неғып жүгіріп жүрсің? Соны түсіндірші.

 

- Ой, ызың-ызың етіп қанды ішіп бітті ғой! Мамамды әбден қорқытып алған! Ұрсады да жатады!.. Ұйықтап жатқам, тағы да сол баяғы батяның айғайынан оянып кеттім. «Не боп қалды?» деп шықсам, мамам жылап отыр! Жаным ашып кетті... Алдында да сөйтіп жылатқанын көргем! Ой жынымның келгені-ай!..

 

- Содан?

 

- Содан сол! Араша түстім мамама... Мені боқтағанымен қоймай, орындықпен ұрмақшы! Сонан кейін пышақты алуға тура келді!.. Әй, ана Аманбек аға келіп қалмағанда, білмеймін не болатынын!.. Бәрі тек соның айтқанындай болуы керек оған салсаң! Біз де жігіт болдық қой! Армияны да көрдік! Олай істеуге болмайды ғой, аға! Қанды ішіп бітті!..

 

- М-мм... Мамамды қорғадым де...

 

- Иә. Маханға күн көрсетпейді ғой! Әбден басынып алған! Өйтіп қор қылмаймын мен!

 

- Е-ее... Түсінікті. Онда, Қазтай, енді мені тыңда.

 

- Иә?

 

- Бұл өмірдің сынақ екенін, Алла Тағаланың бізді түрлі жағдайларға салып сынайтынын білесің. Құран аяттарында «Сендерді жақсы-жаман күйге салып сынаймын» демей ме?

 

- Иә... – Жақтырыңқырамай, бірақ жуаси тіл қатты.

 

- Не істейміз сонда? Адам ретінде, мұсылман ретінде не істеуіміз керек?..

 

- Сабыр ету керек...

 

- Дұрыс. Сабыр ету керек және шүкір ету керек! Құранда «Маған және ата-аналарыңа шүкір етіңдер» дейді. Ол не деген сөз? «Ата-анаңды таңдай алмайсың. Сондықтан Алла нәсіп еткен әке-шешеңе разы бол! Олар қандай кісілер болса да, өзіңе тиісті міндетіңді атқар! Өйткені әркім әуелі өзі үшін жауап береді!» деген сөз... Аталарымыз не деген? Ең қиын сынақ ол кісілердің алжып кетуі ғой! Ақыл-есі орнында емес, ісінде де, сөзінде де тамтық жоқ; астына жіберіп қойып жата берсе... Қандай қиын, ә?! Бірақ аталарымыз не дейді? «Қарттар үйіне өткізіп тастап құтыл» дей ме? Жоқ!Жұмыс істемей, масыл болып алды ма?.. Жо-оқ. Рас, денсаулығы сыр беріп жүр. Бірақ осы күнге дейін бәріңді асырап келеді ғой!.. Сегіз баланы бағу оңай деймісің?.. «Ата-ананың қадірін балалы болғанда білесің» деген, кейін түсінесің, Қазтай... 

 

Бір қызарып, бір бозарған Қазыбекте үн жоқ. «Айтқанымды сіңіріп алсын» деп біраз үнсіз отырдым. Жаңбыр төгіп тұр.

 

- Енді әңгіменің төтесіне көшейік. Әкеңе жеккөрінішпен қарайтындай, ол саған не жамандық істеп еді?.. Жалпы, сенің әкең кімнен кем еді? Мас болып мазаларыңды алды ма? Біреулер құсап шешелеріңмен қосып сабаған ба еді? Өзі ләйліп, сендерді аш қалдырып па еді? Жоқ әлде екі күннің бірінде аузынан ақ ит кіріп, қара ит шығып, боқтап жатушы ма еді? Айтшы!

 

- Жоқ...

 

- Рас, мінезі жеңілдеу шығар, ашуы тыз етпе шығар? Бірақ «Жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайды» демекші, ашуға себеп жоқ дейсің бе? Әкенің қалауын емеурінінен біліп жатқан бала қайда?.. Өзіңді әкеңнің орнына қойып көрші. Балаң есейіп, ер жетіп, әскери міндетін өтеп ұшқан ұясына оралып жатыр. «Бойы өсіп, денесі толығып азамат болыпты; бір жағыма шығып, тиынымды теңге, құлынымды құнан қылады; ауыртпалығымды алып, абыройымды аспандатады» деп марқайып отырсың. «Әбден демалып алсын, бізге еркелегені ғой» деп, балаңның бір ай, екі ай түнімен қыдырап, күнімен ұйықтағанына да кеңдікпен қарадың. «Жұмыс іздеп шаршап жүр ғой, бір жерге орнықпаған соң, көңілі де орнында емес» деп, қабағын ашып сөйлеспейтінін де ақтап алдың. Бірақ, ұйқысынан тұрғанын көріп, көмекке шақырғаныңда лып етіп келе қоймаса, келгенімен кекжигені көбірек болса, ашуың келе ме, жоқ па?!.. Тұрған жұмысынан бір-екі ай болмай жатып шығып кетіп жатса, күндіз жұмыс іздеудің орнына шалжиып ұйықтап жатқанын көзің көрсе, жының келе ме, келмей ме?!.. Ал енді «қолғанатым, арқасүйерім, азаматым» деп жүрген балаң бетіңнен алып, төсіңе шауып жатса, жағаңа жармасып, пышақ кезенсе, қандай күйде болар едің, Қазтай?! Сәл ойланшы...

 

Басын ары бұрып алған Қазыбек күрсініп барып:

 

- Мен мамама араша түсейін деп ем... - деді ақталған дауыспен.

 

-  Әй, Қазтай-ай... Олай араша түспейді ғой... Әлі-ақ, Алла нәсіп етіп, үйлі-баранды болып жатсаң, көресің: әйел кісілердің өзіне тән бір осалдығы болады. «Қисық қабырғадан жаратылған» дегені сол. Бізге, еркектерге ұқсамайды олар. Ойыңнан шыға қоймағаннан кейін кейде пенделікпен қаттырақ мәміле жасап қоясың. Бірақ артынша еркелетіп, еміреніп дегендей, түзеп аласың ол қатеңді. Кейде күндіз ұрысқанмен, жүрек жарастығы, жар төсегі деген нәрселер бар, таңертеңгісін татуласып тұрып кетесің... «Ерлі-зайыптының арасына есі кеткен түседі» деп аталарымыз бекер айтқан дейсің бе? Үй болған соң, ыдыс-аяқ сылдырлайды. Бірақ сындырып алмау керек... 

 

- Бірақ, аға, өзіңіз айтып едіңіз ғой  ««Ер адамның ең жақсысы – жұбайына жақсы қарағаны» деген хадис бар» деп. Әкем болса...

 

- Әрине, мен әкеңнің кешегі қылығын «толық дұрыс» деп ақтап отырған жоқпын... Анаң екеуінің бірге өмір сүріп келе жатқанына қанша болды?

 

- Тәк... 25 жылдай болыпты.

 

- Міне, көрдің бе? Егер сен ойлағандай, өзің куә болған екі-үш жағдайдағы әкеңнің ашулы қылығына қарап ойлап қалғаныңдай, әкең нашар адам болса, қор қылып жүрген болса, осынша жыл адам бірге тұра ма?.. Бопты дейік, айына 2-3 мәрте ұрысып қалсын. Алайда 27 күн тату жүр емес пе?!.. Қайталап айтам, Қазтай, анаға олай араша түспейді. Әкесі мен анасының жарастығын ойлаған бала олай араша түспейді...

 

- Қарап тұрайын ба сонда? Әлде көрмегенсіп өтіп кетуім керек пе еді?

 

- Қажет болса, яғни сенің араласқаның от үстіне май құятынын түсініп тұрсаң, үндеме, тіпті көрмегенсі! Әрине, шатаққа араша, күнәға тоқтам керек! Бірақ, қалай? Мәселе – осыда. Арашаң араздықты арттыртпауы керек, жағдайды шиеленістірмеуі керек! Кішілікпен, өз орныңды біліп, керек болса, сол адамдардың мінез-құлқын екшеп барып араша бол!.. Өзің ойлашы: сенің сол кездегі әрекетің дұрыс болды ма?.. Сен әкеңнің орнында болсаң, балаңның сол арашасына разы болар ма едің?.. Айтшы.

 

- Жоқ...

 

- Әрине, разы болмайсың! Кіндігіңнен шыққан перзентің пышақ ала жүгірсе, қалай разы боласың?! Сен ренжіме, Қазтай. Сені ол әрекетің – араша емес, ана алдындағы перзенттік қамқорлық та емес, менмендіктің, ашуға жеңілген зор кеуденің ақымақтығы ғана! Әскерде жүріп семіріп кеткен сасық кеуденің далбасасы, жастықтың мастығы, нәпсінің өзімшілдігі ғана!..

 

Қазыбек төмен қараған қалпы қып-қызыл болып кетті. Ашудан гөрі ақылдың әсері екенін сезіп отырмын.

 

Сәл отырып, әңгіменің түйініне көштім.

 

- Жарайды, өткен өтті дейік. Қазіргі мына қылығың әке-шешеңді шаттандыратын қылық па? Бөліп алып кеткендегі мақсатың не? Анаңды жесір, іні-қарындастарыңды тірі жетім қылу ма?.. Өшіңді алып жатсың ба? Өштесетіндей не болып еді? Кімнің кінәсі көбірек: әкеңнің бе, сенің бе?.. «Әке ұрысса балаға ол да – достық, бала ұрысса әкеге жараса ма?» депті ғой Абай хакім. Ұрысса, өз әкең ұрысты! Әрі-беріден кейін, сол ұрысқа лайық болып қалғаның үшін ұрысты!..

 

Қазыбекте үн жоқ. Мойындап отыр. Шекесін ұстай береді...

 

-  Қазтай, өзің білесің: «Алланың разылығы – ата-ананың разылығында, Алланың ашуы – ата-ананың ашуында» деген ғой Пайғамбарымыз (саллаллаһу ъалайһи уә сәлләм). Біле білсең, ата-анаға қарсы шығу, оларға азар беру – үлкен күнә... Ана бір сабақта айтқан Шәкәрім атаңның өлеңі де есіңде болар: «Табылды өз бойымнан екі дұшпан, бірі – іштен болғанда, бірі – тыстан» деген.

 

- Иә...

 

- Ендеше, дұшпандарыңа жем болма! Нәпсіңе «Жөніңе жүр» де де, әкеңнен кешірім сұра... Қателік – қайталамау үшін, сабақ алу үшін беріледі... Бұны да «Алланың бір ескертуі» деп біл... Осы әңгімеміздің өзін «Алланың рақымы, мейірімі» деп түсін... Шүкір ет... Тәубаға кел... Қысқасы, әкеңнің алдына кешірім сұрап бар. Ақылың бар жігітсің ғой... «Ұлым бар!» деп мақтансын, «Азаматым!» деп мейірленсін!.. «Атаңа не қылсаң – алдыңнан сол шығады!» дегенді де есіңнен шығарма, Қазтай... Ал, жақсы, Алла жар болсын!..

 

- Жақсы... Рахмет, аға!.. – Қол алысып қоштастық.

 

Р.S. Құдайға шүкір! Татуласты...

 

 

 

Алғадай Әбілғазыұлы.

facebook.com