Отбасы - ошақ қасы

Серіксіз бе едің, құрбыжан?...

  • https://javasea.ru/

    https://javasea.ru/

Сені көрмегелі қай заман?. Тіпті бұл өмірде сендей адамның бар екенін де ұмыта бастаған екенбіз-ау. Біз мектеп бітіргелі де он бес жылға таяды. Ал, сендерге он жеті жыл. Содан бері көрмеген екенбіз.

 

Ауылдастардың басы қосыла қалған сәттің бәрінде сол ауыл жайлы, ауылдастар жайлы әңгіме қылатынымыз анық қой. Сол көптеген әңгімелердің бірде-бірінде сен туралы айтылмаған екен-ау. Ең құрымаса ата-анаң, бауырларың жайлы айтылғанда мүмкін еске түсер ме едің? Олар жайлы да сөз қозғалмаған болып тұр ғой. Иә, ұмытыла бастаған екенсің. Ұмыта бастаған екенбіз. Мүлде ұмытып та кетер ме едік, абайсызда алдымнан жарқ ете қалмағаныңда...

 

Уақытымыздың соры болған осы бір желіні ақтарып отырғанда сенің суретің алдымнан шыға келді. Е, бұл жер суретке кенде емес қой. Сұлу біткеннің бар суреті осында. Солардың көптігі соншалық, оларға көңіл бөлуді, назар аударуды да қойғанбыз. Бірақ, сенің суретіңе көз тоқтатып қарап қалыппын. Неге екенін өзім де ұққан жоқпын. Әйтеуір жылыұшырап сала бердің. Бастапқыда танымадым. Суретіңе бажайлап қарап отырып, жәй ғана біреуге ұқсатқан шығармын деп шештім. Өйткені менің дәл сендей танысым жоқ еді. Бірақ кімге ұқсатқанымды тағы білмедім. Асықпай қараған сайын айқындала бастады. Көз алмай қарап отырып ақыры таныдым. Иә, бұл сен екенсің. Баяғы суретің бірден көз алдыма келді. Мектебіміздегі оқу озаттарының суреті ілінетін тақтада күліп түскен суретің бар еді ғой. Езуіңді тартып түскенсің. Сол жақ езуіңді. Шашыңды екіге бөліп өріп, қос бұрымыңды төсіңе қарай тастап қойғансың. Қос бұрымыңа қос бантик байланғаны да есімде. Опа-далапсыз тап-таза жүзің шынайы сұлулықтың көркем дәлелі еді. Көздерің ше? «Көздерің де қап-қара еді, мөлдір еді» деп өтірік айтпай-ақ қояйын. Кәдімгі қоңыр қой көзді едің.

 

Біздің ауылда сүйкімді, ақылды, тәртіпті қыздар көп болғанымен, сұлу қыздар ілуде біреу еді ғой. Сен сол санаулылардың санатында едің. Жүзіңе тіктеп қарай алмайтындардың бәрі оқу озаттарының тақтасындағы суретіңе телміріп тұрушы еді ғой. Үзіліс кезінде басқаларға қарап тұрғандай болғанымен, көбісі сенің суретіңе жасырынып қарап тұратын. Көпшіліктің көзінше қарауға батпайтын әлжуаздау балалар сабақ ортасында сұранып шығып қарап тұратын.

 

Ал, сен болсаң оқуда басың қалғандай сабақтан басқаға көңіл бөлмеуші едің. Әкең де қаталдау еді. Иттерің де қабаған-тұғын. Бұның бәрін тізбелеп отырғаным, осының бәрі тағдырға әсер ете ме деймін. Иә, сенің болашағың жарқын еді. Сені керемет әлем күтіп тұрған. Бұған өзің түгілі, біз де имандай сенгенбіз. Сен мектеп бітірген жылы әке-шешең де қалаға көшіп кеткен еді. Содан хабар болмады. Және ол заманда екінің бірі ұялы телефон ұстап, үштің бірі интернетке кіре бермейтін.

 

Ең қызығы сен де тегі ауылдастар бір-бірімен кезігіп қала беретін КазГУ, АГУ деген сияқтыларға түспей, қайдағы бір оқу орнын таңдапсың. Ол оқу орындарына біздің ауылдықтар кейіннен түсе бастады ғой. Ол кезде атын да білмейтін едік. Ең құрымаса медицина институтына да тапсырмапсың-ау. Ә, қойшы бопты, өткен өтті. Сонымен сені ұмытқан едік.

 

Ұмыта бастағанда осылай ойда-жоқта кезіктің. Жеке парақшаңа кіріп, күллі суреттеріңді ақтарып шықтым. Суреттеріңді қарап отырып, өткен өміріңнен хабар алғандай болдым. Парижге барыпсың, Лондонда болыпсың, Дубайға қоныпсың. Туркияны өз үйің бе деп қалдым. Бірақ барлық суреттерде жалғыз түсіпсің. Немесе бір топ адамдармен. Екі адам болып түскен суреттің өзінде жаныңдағы адам міндетті түрде қыз болады. Отбасылы адамдардың барлығының отбасылық суреттері міндетті түрде болады бұл жерде. Ол екі бастан белгілі. Осындағы біраз келіншектің интернеттен хабары жоқ байларының түрін әлдеқашан жаттап алдық емес пе. Тіпті құндақтағы балаларына дейін білеміз. Ал, сенің парақшаңда оның бірі жоқ.

 

Содан ойым сан-саққа кетті. Мұқағалидың жатталып қалған өлеңін күбірлеп оқыдым:

 

«Сен әлі серіксіз бе едің,

Серіксіз бе едің,

Құрбыжан?

Өтіпті-ау айлар, еріксіз жылдар жылжыған.

Жападан-жалғыз,

Жауатын күндей тұнжырап,

Жүресің, құрбым,

He істеймін саған?

Қынжылам».

 

Жауатын күндей тұнжырап деген жері саған келмейді. Сен барлық суреттеріңде көңілдісің. Барлық суреттеріңе күліп түсіпсің. Бірақ... Иә, бірақ ішкі мұңыңды қанша жасырғың келсе де жанарың оған көнбепті. Жанарыңа жалғыздықтың мұңының көлеңкесі әбден сіңіп қалыпты.

 

«Жаңа жарылған,

Жауқазын едің көктемде

Жылысып жазың өткен бе?

Лапылдап тұрған,

Жалын едің ғой өрт-кеуде,

Тәйір алғырлар,

Танымай сені кеткен бе?!»

 

Шынымен, Тәйір алғырлар сені танымай кеткен бе? Қалай танымайды, неге көрмейді? Әлде өзің маңыңа ешкімді жуытпай қойған шығарсың. Жоқ, мүлде олай емес. Сенде бәрі болғанымен тәкаппарлық деген мүлде болған емес. Әкең қаталдау кісі болғанымен, оның да менмендігі жоқ еді. Ал анаң тым мейірімді жан еді. Оларда жоқ кесапат мінездің сенде де болмағанын білемін.

 

Ақыры жеке чатта әңгімеміз басталды. Бастаған менмін әрине. Жылы жауап беріп отырдың. Мені ұмытпапсың. «Айтуға оңайдан» көргеніңді айттың. Бірді-екілі кітап шығарғанымды естіпсің. Біздің ауылдың баласы деп мақтан тұтатыныңды жеткіздің. Мен үшін осының бәрі қуанышты ғой. Бірақ өзің ше? Өзің туралы сұрақты қоюға батпадым. Жаныңды ауыртып алармын дедім. Өйткені қанша алаңғасар болсақ та, адамның аяулы жерімен ойнамау керек екенін білемін ғой. Басқа нәрсені сұрағансып барып, оның да жауабын алдым-ау. Өкінішті.

 

Өмірде мына,

Тап болар талай тосын жай,

Өмір - өмір ғой,

Өмірдің заңы осындай.

Бірі - Батыста,

Бірі - Шығыста,

Жарқ етіп, сөнген жасындай,

Өтуі мүмкін, жақсы мен жақсы қосылмай...

 

Отыз төрт жас дегенің оңай жас емес. Тұрмыстық жағдайың тәуір екен. Үйің де, көлігің де бар. Қызметте де біраз жерге барыпсың. Бұл да Шерхан атаң айтпақшы "бірі кем дүние" ғой.

 

Сендегі сұлулықтың өзімен-өзі қартайып бара жатқаны, сенің осы болмысыңның жалғыздығы жаман да, әстпесе байға тигендердің бәрі жырғап кетіпті деген де өтірік.

 

 

 

Бейбіт САРЫБАЙ,

alashainasy.kz




Көрілген: 1249    Пікірлер: 0

дүйсенбі, 22.02.2021, 18:34

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    15 Ақпан, 09:12
    Күйеу үшін күрес...
    28 Қаңтар, 23:28
    Құрбыма жаным ашиды
    26 Қаңтар, 15:51
    Өзге қызға ғашықпын

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2021
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    2020
    2021
    ақпан
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4 5 6 7
    8 9 10 11 12 13 14
    15 16 17 18 19 20 21
    22 23 24 25 26 27 28