Отбасы - ошақ қасы

Сол оқиғадан кейін қыз атаулыға жолағым келмейді

  • https://xn--k1afadd0cwc.xn--p1ai/

    https://xn--k1afadd0cwc.xn--p1ai/

Бүгін "Отбасы - ошақ қасы" айдарын бірінші рет оқып ем, қилы-қилы тағдырлар ойландырып, өзімнің басымнан өткенді жазуға итермелегендей. Мен негізі әңгіме айтуға, жазуға шорқақ адаммын. Бірақ, басымнан өткен оқиға әлі күнге дейін жанымды күйзелтеді.

 

Қалай ғана бір алаяқ қыздың арбауына алданып, шырмауына түстім деп ойлаймын. Мына жерде жазылған оқиғалардың барлығы өмірде болғанына сенімдімін. Өткені бұл - өмір, қилы тағдырлар көп. Көбіміз ашылып айта бермейміз. Әр адамның жан-дүниесіне үңілсең бір кітап, өмірлік сабақ болар оқиғаларға толы.

 

Мен Солтүстік Қазақстан облысынанмын. Петропавл Ішкі әскерлерінің Әскери институтын тәмәмдадым. Диплом алған соң жолдамамен Астанаға жұмысқа келдім. Қала шетінде орналасқан ішкі әскер қалашығында офицермін. Өзім әскери қалашықта жұмыс орны берген пәтерде тұрамын. Әсери жұмыс күні-түні казармада өтетін болғандықтан, жеке бас өмірге қарауға мұрша жоқ. Астанаға ауысқаннан бері, жеке бас өмірімде еш жаңалық болмады. Кейде қолымыз босай қалса, агентті ашып таныстармен сөйлесіп, бір жасап қаламыз. Достарыммен бірге мен де агентпен қыздармен таныса бастадым. Кездесетін уақыт жоқ, сөйлескенге мәзбіз.

 

Бір күні агент арқылы маған бір қыз авторизация жіберді. Суретіне қарасам өте сұлу қыз екен. Қуанып кетіп, қабылдадым. Осылайша Ақботамен жақын танысып кеттім. Агентке де сол Ақбота үшін кіремін. Атына заты сай, сөзі де келісті қыз болып шықты. Сонымен сәті түсіп Ақботамен кездестім. Өзі Шымкенттің қызы екен. Бір фирмада офис-менеджермін деді. Бақыттан басым айналып, сол қызға ғашық болып қалдым. Күні-түні ойлайтыным Ақбота. Күнде кешке суретіне қарамай ұйықтаған емеспін. Арман деген шіркін, керемет қой. Өзімше болашағымды жоспарлап тастадым. Іштей «жолы болған жігітпін» деп қоямын, мынандай періштені қолыма қондырған. Ол да Есен деп үзіліп тұр. Жазда үйленбек ойым бар екенін де айтып салдым ата-анама. Күні-түні махаббат хабарламалары. Махаббат қанат беріп, жұмысымды да бар ынтамен атқарамын.

 

Кеш түссе досымның машинасына отырып алып, қалаға Ақботамен кездесуге асығамын. Демалыс күндері кино, кафе. Алғашқы сүйісу де орындалды. Мен Ақботаға бауыр басып кеттім. Уақыты келіп, сүйіктімді, достарым үйге қонбайтын болғандықтан, қонаққа шақырдым. Қызым келісті. Дастарханды дайындап, үйді реттеп Ақботаны күтіп алдым. Сол күні Ақбота екеуіміз ерлі-зайыптылардай бірге қондық. Түнімен ұйықтаған жоқпыз. Құшағында аймалап сүйген қызы жатса жігіттің ұйқысы келсін бе?

 

Осылайша біраз уақыт өтті. Бір күні сүйіктім ағасының Алматыға кеткенін, мені үйіне қонаққа шақырғысы келетінін айтты. Ойымда еш нәрсе жоқ, мәз болып тортым мен гүлімді алып, Ақботаның айтуымен Еуразия сауда үйінің маңында орналасқан мекенжайды тауып, сүйіктімнің үйіне жеттім. Екі бөлмелі қарапайым үй екен. Бір байқағаным, сүйіктімнің мен келеді деп дайындаған дастарханын байқамадым. Мен әкелген тортты жеп, шәй іштік. Махаббат буына масайып, ұйықтап кетіппін. Түнгі сағат екілер шамасы. Жанған шамның сәулесінен оянып кеттім. Көзімді ашсам екі жігіт тұр біз жатқан бөлмеде. Ақботам жоқ. Сүйіктіме бірдеме болды ма деп атып тұрдым.

 

- Короче, братишка, сен білесің бе, не істедің?

 

- Сендер кімсіңдер өзі, не керек? Мында не істеп жүрсіңдер?

 

- Мен Алтынның ағасымын (Алтын деген кім деп ұқпай тұрмын). Сен менің қарындасымды зорладың. Қазір полиция шақырамын. Сол кезде көремін сайрағаныңды офицер жігіт, - деді қарқ-қарқ күліп.

 

Ойыма мынау менің әскери адам екенімді қайдан біледі деген ой сап ете қалды. Ар жақ бөлмеден Ақботам келе жатыр. Құдай-ау түрі не деген сұсты еді. Менің нәзік, күнәсіз Ақботам қайда?

 

- Ия, сен мені зорладың! Мен қазір полицияға шағым жазамын. Іс насырға шаппасын десең, ағаммен келіс. А так, не болатынын білесің ғой! Жұмысыңнан да қуыласың! - деп тұр шімірікпестен.

 

Сөзге келместен бірден ұқтым не болғанын. Бұлар топтасқан осындай алаяқ жолмен ақша табатын қулар екен ғой. Тіпті есімі де Ақбота емес.

 

- Сонымен "күйеу жігіт" не істейміз? Әлде полицияға хабарлайын ба?

 

Ойымда сан-саққа кетті. Қалайда бұлардан құтылу керек. Бұларға керегі ақша. Өзімде биыл ғана жұмысқа тұрғандықтан бир тиыным жоқ. «Міне, ал» деп бере қояр кім бар?

 

Байқағаным, бұлар өз істерін білетін әккі қулар. Осы іске қатысты Заңды бес саусақтай жік-жігімен, статьясымен соғып тұр. «Төрт жыл казармада жатып, курсант болып босқа оқыдым ба? Ата-анам не болады менен үміт күтіп жүргенде. Не болса да іс насырға шаппай тұрғанда сұраған ақшаларын тауып беріп, құтылайын» дедім. Басым қатты. Ұйқы шайдай ашылды. Түн ортасында кімге телефон шаламын? Ақыры келісіп, ертеңгі сағат түскі бірге дейін айтқан соммаларын тауып беремін дедім.

 

Қызықты қараңыз, тіпті бейне камера да табыла кетті. Менің жалаңаш төсекте отырғаным, қыздың жылап тұрған бейнесін түсіріп әлек. Өздерінше алдын ала сақтанған қамдары. Сараптама да жасатамыз деп қояды қыз мені қорқытып. Олар бұл іске алдын ала дайындалған екен. Ақбота менің сеніміме кіріп, осылайша өз "құрбанын" дайындаған екен.

 

Үйден атып шығып таксиге мініп қалашыққа келіп, достарыма болған жайды айттым. Дос деген осындайда керек қой. Әскери ортада бір-біріміздің қиындықтарымызды бірігіп көтеріп үйренгенбіз. Барлығына хабарласып жатырмыз. Айтылған ақшаның жартысын ғана жинадық.

 

Сыныптас досым бар еді, бір мекемеде жүргізуші. Сол машина алсам ба деп жинап жүрген ақшасы бары есіме түсті. Досыма барып барлық жағдайды айттым. Өзі отбасылы еді. Бір сөзге келместен жинаған ақшасынан берді. Сөйтіп айтылған уақытта ақшаны апарып, бір бәледен құтылдым.

 

Айтқанға оңай, сол кездегі ақша іздеп, шарқ ұрып, есім шыққаны есіме түссе, қыз атаулыға жолағым келмейді.

 

Қазір сол досымның машина аламын деген ақшасын несие алып қайтарып бердім, өзім әлі сол несиені жауып жүрген жайым бар.

 

Ал үйлену туралы ойды біраз уақытқа шегердім. Миым тынығып, жұмыс істеп, несиемді жауып, жан-дүниеме "Ақботаның" салған жарасын жуып-шайсам деймін. Ақботадай "сұлудан" құтқарған, көзімді ашқан өмірдің сынағына тауба. Түрі - періште, жан-дүниесі - шайтан "Ақбота" хор қызы кейпіне еніп, енді тағы кімді құрбандыққа шалар екен? Осыдан кейін қыздарға сеніп көр! "Ойнап жүріп от басқан" мен сияқты азаматтың тағдырын қайталамай, болашақ жар таңдауда абай болыңдар, Азаматтар!

 

 

 

Автор: Есен Дауыров, Астана

alashainasy.kz




Көрілген: 2577    Пікірлер: 0

дүйсенбі, 11.01.2021, 11:22

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    2 Наурыз, 18:34
    Өз әйелім соттатты
    15 Ақпан, 09:12
    Күйеу үшін күрес...
    28 Қаңтар, 23:28
    Құрбыма жаным ашиды
    26 Қаңтар, 15:51
    Өзге қызға ғашықпын

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2021
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    2020
    2021
    наурыз
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4 5 6 7
    8 9 10 11 12 13 14
    15 16 17 18 19 20 21
    22 23 24 25 26 27 28
    29 30 31